Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 8925 0 пікір 19 Ақпан, 2015 сағат 03:49

САРЫАҒАШ ОҚИҒАСЫНАН СОҢ...

«Азаттық» тілшісі тұрғындары бір жанжалдасып барып басылған Сарыағаш ауданы Жартытөбе округінің ауылдарын аралаған еді. Округ халқының саны көп болғанымен, этникалық сипаты жағынан негізінен қазақтар мен тәжіктерден құралады. Екі ұлт та диқаншылықты кәсіп еткен.

«БІЗ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘЖІКТЕРІМІЗ»

«Көктем шыға көкөністерін Қазақстанға таситын Өзбекстан диқандарымен бәсекелесу біз үшін өте қиын» дейді жергілікті жұртшылық. Ол үшін климат өте жылы болуы керек. Ташкент қаласының телемұнарасы көрініп тұратын Сарыағаш ауданының шеткі түстік өңірінің климаты ғана көкөністі жылыжайда пісіріп, базарға ерте шығаруға қолайлы. Сарыағаш диқандары Қазақстанның басқа өңірлерінде өспейтін лимон да егеді. Шымкент, тіпті Астана мен Алматы қаласының көшелеріне егілетін кейбір гүл түрлері де осы ауылдардың жылыжайында өсіріледі. «Дәл біздегідей диқаншылыққа жайлы климат Қазақстаның басқа өңірінде жоқ» дейді ауыл тұрғындары.

Ынтымақ ауылындағы жылыжайлардың бірі.

Жылыжай егумен бұрын негізінен тәжіктер айналысса, соңғы үш-төрт жыл ішінде қазақтар да белсенді түрде жер игеруге көшкен. Өйткені, Қазақстан тарапынан егістіктің әрбір сотығына беретін субсидия көбейген. «Азаттық» тілшісімен сөйлескен Ынтымақ ауылының тұрғыны Сейітжан Байқұлов басқа жұмыс орны аз болғандықтан ауыл жастары жылыжайда ғана жұмыс істейтінін айтады.

- Бірақ қыруар еңбекті талап ететін жылыжайда көбі істегісі келмейді. Өзі егетін қазақтар да, жылыжайын жалға беретін қазақтар да бар, - дейді ол.

Ынтымақ ауылының тұрғыны, мектеп мұғалімі Жарылқасын Исмаилдың айтуынша, жер үлесін алып, жылыжайды кәсіпке айналдырған, сөйтіп әлеуметтік жағдайын жақсартқан қазақтар көбейіп келеді.

 - Бірақ диқаншылық – тәжіктердің ата кәсібі болғандықтан, олардың өнімді бізден көбірек алатыны рас, - дейді ол.

Ынтымақ ауылындағы мектеп мұғалімі Жарылқасын Исмаил.

Оның сөзінше, Жартытөбе ауылдық округіндегі тәжік диаспорасы 1950 жылдары Қазақстанның Бостандық ауданы Өзбекстанға берілген кезде қазіргі Жартытөбе ауылына көшірілген.

- Ол кезде жұмыс қолы жетіспеді, сондықтан колхоз басшылары Бостандық ауданындағы тәжіктерді үгіттеп, бар жағдайын жасауға уәде беріп шақырып алды. Ынтымақ, Бостандық ауылдарының тәжіктері содан бері осы ауылда диқаншылықпен тұрақты түрде шұғылданады, - дейді ол.

«Азаттық» тілшісімен сөйлескен Ынтымақ ауылында тұратын этникалық тәжік Абдуманап Бахрам өздерін сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған этностармен салыстырмауды сұрайды.

 - Біздің аталарымыз Өзбекстан аумағына берілген Бостандық ауданынан көшіп келген. Арғы бабаларымыздың ол жерге қашан келгені есімізде де жоқ. Сондықтан біз де өзімізді Қазақстанның толыққанды азаматымыз деп санаймыз, біз Қазақстанның тәжіктеріміз, - дейді ол.

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін Абдуманап Бахрамның ұлы мен қызы қазақ мектебіне барады. Тәжік мектебіне барса, оқу бітірерде ҰБТ-ға қатыса алмайды, демек, әрі қарай осы жылыжайда жұмыс істеуден басқа жол қалмайды. Сондықтан диқан балаларын қазақша оқытқанды қалайды.

КӨШЕТ ТҮГІЛ БАС ҚАЙҒЫ

Ынтымақ ауылының басқа тұрғындары секілді Абдуманап Бахрам да есігінің алдында жылыжай егеді. Қазір қыста еккен қызанақ пен қырыққабат көшеттерін енді даладағы үлес жеріне салған жылыжайына апарып отырғызу амалын жасап жатыр.

- Көкөністің әр күні есептеулі. Дәл қазір үйдегі жылыжайдан көшетті шұғыл шығаруымыз керек. Таяудағы оқыс оқиғадан (ақпанның 5-і күнгі жанжалред.) кейін барлық жұмысымыз тоқтап қалды. Енді көшеттеріміз өсіп кетті, өнім де ойдағыдай болмайды, - дейді ол.

«Азаттық» тілшісі жылыжай егумен шұғылданатын бірнеше қазақпен сөйлескен еді. Олардың сөзіне қарағанда дүрбелеңнен кейін егіс науқаны кідіріп қалған.

- Көрші ауылда тұратын тәжікке көшет ақшасын алдын ала төлеп қойған едім. Бірақ олар көшет отырғызбақ түгілі, өздері басымен қайғы болып кетті. Ал менің даладағы жылыжайым көшетке қарап тұр, - деді аты-жөнін айтқысы келмеген Жартытөбе ауылдық округінің қазақ тұрғыны.

Сарыағаш ауданының әкімі Бұқарбай Парманов ауданда тұрғындарға жер учаскелерінің жетіспейтінін айтады. Оның сөзінше, 1990 жылдары колхоз-совхоздар тараған кезде жергілікті тұрғындарға жер үлестірілген. Одан беріде тұрғындар саны күрт көбейген. Тек 2014 жылы Сарыағаш ауданында 9 мыңға жуық бала өмірге келген. Ал ауданда 330 мың тұрғын бар.

Ынтымақ пен Бостандық ауылдарында екі күн болып қайтарда Сарыағаштан Шымкентке дейін таксимен жеттім. Алдыңғы орында отырған жас жігіт «қазақ-тәжік қақтығысын» қолмен қойып, көзбен көргендей баяндап, айналамдағыларды ұйытып тастады: оның айтуынша, тәжік жігіт өлтірген қазақ жігіттің әкесі де қайтыс боп кетіпті-міс. «Ол кісімен сөйлескеніме бір-ақ сағат болды» дегеніме сеніңкіремеді. Осындай гу-гу, басқа жерді былай қойғанда, Сарыағаштың өзінде көп. «Қалың жігіт Сарыағашқа аттаныпты» деген ақпарат та кеше ғаламторда жүрді.

АУЫЛ АДАМДАРЫНЫҢ ІШІНДЕ ҚЫЖЫЛ БАР

Меніңше, бұл оқиғаны екіге бөліп қарау керек. Біріншісі – кісі өлімі. Екіншісі – тәжіктердің үй-мүлкінің жаппай өртелуі. Кісі өлімінің детальдарын құқық қорғау органдары әлі толық анықтайтын шығар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жылыжайын жалға беріп, ақшасына келісе алмаған екеудің арасындағы кикілжің себеп болған. «Қазақ болғаны үшін өлтірген» деген әңгіме жоқ. Бірақ қаза болған жігіттің жаназасы шығар-шықпаста-ақ, интернетте «уа, қазақтар, қайдасыңдар!» дейтін қан қыздыратын сөздер тараған. Аудан әкімі, полиция, өрт сөндірушілер бәрі сонда барған. Оқиға болмай тұрып. Кешкі 6-лар шамасында жергілікті ашулы қазақтарға іргелес ауылдардан жастар келіп қосылғанда, полиция оларды ұстап тұра алмаған. Жиналған топ әп-сәтте жолында кездескен алғашқы тәжіктің көлігін гаражынан шығарып, үйімен қоса өртеген. Әрі қарай осылай жалғаса береді. Ондаған көлік, ондаған үй. Түнгі 12-ден өте жан-жақтан ОМОН келгенде өздері де тарауға айналған. «Таяқ жепті, ОМОН-дар сойып сапты» дегенді естімедім. Үй өртеген жастар қамалмаған. Соған қарағанда жағдайды ушықтырмай, осымен жылы жауып қоюы мүмкін. Немесе кейінірек үш-төрт адамды жауапқа тартуы да ғажап емес.

Әлдебір сұмдықты сезе тұра қауіпсіздік шараларын жасай алмаған, елге мән-жайды түсіндіре алмаған биліктің шалалығы да бар. Әлгі ОМОН-дар сау етіп келген күннің ертеңіне ішіндегі көлігімен қоса өртенген тағы екі үйді көрдім. Белгісіз біреулер кешкі апақ-сапақта гу еткізген. Оқиғаның алдын ала алмаған билік іле-шала нақты ақпарат таратудың орнына интернетті өшіріп, ауылда темірдей тәртіп орнатуға көшкен.

Жұрттың зәресін алып ары-бері жөңкілген полиция, ойда жоқта келген тілшінің артында салақтап жүрген «үш әріп», фотоаппарат пен камера ұстаған журналистке үш автоматты тура кезеп, көліктен түсіріп алып, жоқты-барды тергеген спецназ... көрінгеннің үйінде тамақ ішіп, демалып жатқан ОМОН-ның бастықтары, мектеп ауласына палатка тігіп, ауылдың қыз-қырқын, қатын-қалашына пияз бен картоп аршытып жүрген ОМОН-дар. Қазіргі көрініс осындай. «Тағы қайталанбасын» дейтін шығар. Бірақ олар кетеді, ауыл қалады. Қайталанбасына кепілдік жоқ. Өйткені, ауыл адамдарының ішінде қыжыл бар. Әртүрлі әділетсіздікті сезеді, заң жолымен шеше алмайтындарына көзі жеткен. Кісі өлімі соған түрткі болды да шықты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, тәжігі мен қазағы аралас бұл ауылдарда бұрын да осыған ұқсас бірнеше оқиға болған. Бірақ кісі өліміне жетпеген, ымырамен біткен. Кейбірі полицияның аузын майлап құтылып кеткен-міс. Қазақтарды ашындырған бір себеп осы. Тағы бір себеп – «тәжіктердің бай тұратындығы, жерінің көптігі». Жері көп болған соң өкіметтен алатын субсидиясы да көп. Жері көп болған соң теплицасы да көбірек, пайдасы да молырақ. Тәп-тәуір көліктері, үйлері бар. Қазақтарға субсидия аздау, тәжіктерге молдау тиетін көрінеді. Оқыс оқиғадан кейін шұғыл жеткен облыс әкіміне ашынып айтқан арзаларының бір парасы осылай. «Қазақтар 10 пайыз берсе, тәжіктер 20 пайыз откат беріп, субсидияны көбірек алады екен» дейтіні тағы бар. Рас па, өтірік пе, білмеймін. Білетінім: сол ауылдың да, ауданның да, облыстың да әкімдіктері – тайлы-таяғына дейін түгел қазақ. Жерді де, субсидияны да беретін солар. Бұрын қазақтың есесі кетіп, тәжік қылмыскер жазадан құтылып кетсе, істі жауып отырғандар да (бірі сот, бірі прокурор, бірі полицай) – қазақтар.

САРЫАҒАШТЫҢ ЖЕРІ – СОЗЫЛА БЕРЕТІН РЕЗЕҢКЕ ЕМЕС

Мен түсірген видеода («Азаттық» радиосының сайтында жарияландыред.) өрттің салдары көрсетілді. Өртенген үй-мүлік – қылмыскерге еш қатысы жоқ тәжіктердікі. Оқиғадан зардап шеккен қазақ байқамадым. Байқасам, бірінші соны көрсетер едім. Айтпақшы, әкімдік қызметкерлері де сондай адам іздеп таба алмады. Болса алақайлап айтар еді. Әуелі қазақтармен сөйлестім. Жасы да, кәрісі де ештеңе көрмеген, білмеген. Тәжіктер де солай. «Тек жүрсең тоқ жүресіңнің» кері. Совет өкіметі 70 жыл халықтың санасын қалай жаншыса, бүгініміздің де жетісіп тұрғаны шамалы. «Айтпа, құрып кетесің» деген ой сіңіп қалған. Сұрау бізден, айтпаса өздерінен. Ал камераға сөйлегендер – үй-мүлкінен айырылғандар ғана. «Өртенген мүліктеріңді айтып қалыңдар» деп жатқан билік жоқ. Қайта «айтпаса екен, еш ақпарат шықпаса екен» дейді.

Ынтымақ ауылының тұрғыны Әділжан Хасановтың өртенген үйі мен екі көлігі.

Тәжіктің де аузынан ақ май ағып отырғаны шамалы. Үйлері сырт қарағанда әп-әжептеуір көрінгенімен, ішіне кірсең – жартысы гараж, жартысы – сәкіге арналған орын. Ертеден отырықшы ұлттың үй-жайға ұсынықты екені байқалады. Есігінің алды – жылыжай-теплица. Жыл он екі ай тоқтаусыз көкөніс егеді екен.

Түгін тартсаң майы шығатын Сарыағаштың жері – созыла беретін резеңке емес. Халық көп. Өсім де көп. Лайым көп болсын. Бір ауданда 330 мың адам бар. 2050 жылға дейін бәрін жоспарлаған билік осыны ұмытыпты. Енді оңтүстіктен солтүстікке көшуді ынталандыратын жаңа заң қабылдамақ.

Бәзбіреулер кіжінгендей, қазаққа келгенде өзге ұлттың жоғын жоқтап, ынтымақшыл, бірлікшіл бола қалатындардың қатарынан емеспін. Бірақ көзсіз, сауатсыз, әсіре ұлтшылдықты да қолпаштай алмаймын. Өйте берсек, ерінбегеннің бәрі сынайтын ресейлік скинхедтерден айырмамыз не? Бар ашуын тәжіктерден алған ауыл жігіттерін түсінемін. Нақақтан кеудесін бастыратын қазақ жоқ ол жерде. Бірақ тәжіктермен бірге тұратын – біз емес, солар. Тартысады, табысады, кетпенді бірге шабады ертең. Ол жерде өзің тұрмасаң, фейсбукте аттандай берудің, меніңше, қажеті жоқ.

Жер иесі екенімізді сездіргіміз келсе, сауатты ұлтшылдықпен, бейнеткештігімізбен бәсекелесейік. Тіпті шыдамасаң, сенің тіліңде сөйлеп, сенің қуанышың мен қайғыңа ортақтасуға мүмкіндігі бар аз ұлыспен емес, «қабырғалы елміз» деп тіліңнің өрісін тарылтып, талтаңдап жүргендердің кеудесін бас. Сотқа бер, арыздан.

P.S. Субсидиядан өзге де, тәжіктен басқа да Сарыағаш қазағының проблемасы шаш етектен. Жүдеу ауыл, ойдым-ойдым жол. Қаусаған көлікте кетіп бара жатып, ЕХРО өткізу үшін Африканың «артта қалған» елдеріне 150 миллион доллар беруге уәделескенімізді ауыл қазағының біле қоюы екіталай екеніне қуанасың. Билік үшін Қазақстан дегеніміз – Сарыағаш, Созақ, Арал, Тарбағатай, Жәнібек, Тайпақ, Егіндікөлдің түкпір-түкпірінде өз қотырын өзі қасып жатқан қазақтар емес, мелдектеген Астана мен Алматыға айналып кеткенін бұ қазақтар біле бермейтіні қандай жақсы. Әйтпесе мына оқиғадан соң қиын болар еді...

Асылхан МАМАШҰЛЫ

(Фотосуреттер - автордыкі)

Дереккөз:  http://www.azattyq.org/

 

РЕДАКЦИЯДАН: Дереккөздегі репортаждың түпнұсқа тақырыбы – «Жер емген Сарыағаш». Автордың фейсбуктегі түсіндірме жазбасын (кейінгі екі тақырыпша) сәл ықшамдалған репортажбен біріктіре бергенді жөн санадық.

0 пікір