Жұма, 3 Мамыр 2024
46 - сөз 6781 0 пікір 6 Наурыз, 2015 сағат 09:01

Әміржан ҚОСАНОВ. Немцовты неге атты?

Ресейлік көрнекті саяси қайраткер Борис Немцовтың өлімінде көзге түсе бермейтін бірнеше астар бар. Оның бірқатарының бізге де, яғни Қазақстандағы саяси болмысқа ұқсастығы әрі болашақта тигізер әсері де жоқ емес.

Алғашқы астар – тарихи-идеялық. Кезінде ең жас губернатор болып, басқа бір Борис – президент Ельциннің командасына енген ол іс жүзінде оңшыл, либералдық көзқарастағы саясаткер ретінде танылды. Және сол бағдарламалық позициясына адалдық танытып өтті. Басқалар секілді не солға, не оңға ауыса салып, табансыздық танытпады. Ельцин кезеңіне де айтар сын көп, әсіресе, экономиканың олигархияландыруына қатысты біраз ащы пікір айтуға болар еді. Бірақ қалай дегенде, саяси жүйе сол кезде біршама бостандыққа ие болып, қоғамда пікіралуандығы орын алды. Ал қазір болса, жағдай мүлдем өзгеше, Ресейде либералдықтың иісі де шықпайды. Путин баяғыда басқа бағыт алған. Соның ішінде қарсы пікір айтушыларды басып-жаншып, міне, керек десеңіз, атып тастаудан да тайынбайтын саяси жүйе орнатылды.

Көпа адам белгілі бір шенеуніктің оппозицияға кетуін оның жекебас шешімімен («жұмыстан кетіп, ренжіп, өзі істеген үкіметті сынай бастағанын қарашы!") байланыстырады. Бізде билік пен оппозиция арасындағы идеялық айырмашылық туралы көп айтыла бермейді. Меніңше, Немцовтың таза либерал ретінде қазіргі жүйеге қарсы шығуының бір себебі осында жатыр.

Келесі астардың, расында, жекебастық сипаты бар екені рас.

Немцов кезінде «Ельциннің мұрагері» ретінде танылғаны рас. Ол туралы ресейлік БАҚ ашық жазып жүрді де. Бірақ, «Құдайды күлдіргің келсе, өзіңнің жоспарыңды айтып берші» деген нақылды да ұмытпау керек сияқты. Кремльдің ішкі интригалары мен талас-тартысының нәтижесінде мұрагер боп, бұрын ешкім танымайтын, чекист Путин шыға келді. Ельцин тарапынан бұл көп адам күтпеген қадам еді.

Ал кез келген мұрагер өзіне балама тұлғаның көзін жойғысы келетінін тарих танытып отыр емес пе? Сондықтан да мықты харизмаға ие, елге танымал, терең білімі бар (Ресей ғалымдары кезінде Немцовты тамаша әрі болашағы мол физик ретінде мойындағаны белгілі), келбеті келісті әрі бойы биік қарсыласын ВВП жайдан-жай қалдырмасы әмбеге аян ғой...

Үшінші астар Кремль маңайындағы жемқорлыққа тікелей қатысты. Немцов Путин және оның ең жақын достарының бір күннің ішінде қалай миллиардер боп кеткені туралы зерттеу жүргізіп, кітаптар жазған адам. Ол үшін тек қана тиісті ақпарат емес, адами батырлық та керек еді. Борис болса, сол батылдықты танытты. Қолына дәлелдерін алып, Кремльдің көзін шұқып, қандай былыққа батқанын көрсетті! Ондай ерлікті ресейлік бас билік көтере алмады.

Келесі астардың геосаяси белгісі бар. Бұрын өзіміз сыйлап жүрген кейбір ресейлік оппозиционерлер Ресейдің Қырымды аннексиялауы мен Донецк пен Луганск облыстарындағы сепаратистік күштердің қолтығына су бүркуін қолдап шағы келгені рас. Ал Немцов болса, осы тұста өзін Украина жағында екенін ашық жариялап, Кремльдің басқыншылық саясатын айыптады, соған қарсы шықты. Бұл да болса, Кремльге жаға қоймағаны бесенеден белгілі.

Меніңше, Немцовты аяусыз атып тастау бір сәтте орын алған жоқ. Путиндік үгіт-насихат құралдары қаншама жыл бойына ел ішіндегі оппозицияны қаралаумен келеді. Ұра берсе, Құдай да өледі. Тек қана ресейлік телеарналарды көретін көрермен біраз уақыттан кейін шын мәнінде барлық оппозиция «тек қана АҚШ Мемлекеттік департаментінен ақша алып, солардың құпия тапсырмасын орындайды», «олар Ресейдің жаулары», «әсіре майданшылдар» деген ойға келері рас. Қоғам санасын осылайша улаған Кремль ел ішінде балама пікір айтушыларға деген төзгісіз ахуал қалыптастырды. «Билік – жақсы, оппозиция – жау» деген көзқарасты ресми идеологияның іргетасы етіп қалады. Міне, нәтижесінде осындай қылмыс орын алды.

Ал осы аталған белгілер Қазақстанда жоқ деп кім айта алады?!

Кез келген авторитарлық жүйе өз ішіндегі оппозицияны көре алмайды, көргісі келмейді. Мейлінше тұқыртып, басып-жаншып тастауға тырысады. Саяси күрестің барлық айла-амалын пайдаланады: қаралайды, арандатады, соттап, түрмеге жабады. Авторитарлық жүйе күшейген сайын ондай күрес ушыға түседі де, оның шарықтау шегі - өз сыншыларын өлтіруге әкеп соғады.

Қазақстанда да, Ресейде де билік бұрын да өзінің саяси қарсыластарын қарсы оқ атқан. Қарап отырсақ, бүгінгі Ресейде бұл дәстүр өз жалғасын тауып жатыр. Оның себебі де белгілі – Батыс санкциялары көрші елдің экономикасын әлсіретіп жатыр, ел ішіндегі наразылық ұлғаюда. Бұл тұста оппозицияны қолдаушылар көбейе түсетіні белгілі.

Бізді де болашағы бұлдыр, саяси тұрғыдан өліара шақ күтіп отырған секілді. Ең бастысы – постназарбаев кезеңіндегі бас билік үшін күрес ерекше асқына түседі, осы кезде топаралық тартыс өзінің шарықтау шегіне жетеді. Бір Одаққа кірген Ресейдің саяси тәжірибесін қайталаудан Құдай сақтасын!

«Ашық алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, №8, 05 наурыз 2015 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 652
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 421
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 387
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 390