Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6566 0 пікір 28 Желтоқсан, 2010 сағат 05:40

Тұрағұл Абайұлы: Ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отырушы еді...

...Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем кіші жамағат алғанда бастапқы бәйбішесі өзінен екі-үш жас үлкен еді, «ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады» деген шығар. Екінші, жалпы, қолы жеткен, әлі келмеген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылдыланғандықтан да шығар. Мен әкемнің отыз екі жасында, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруа­сын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақытты өзіне абақтыдан кем көрмеуші еді. Сыпайылыққа салиха әдептіленіп, аяғының басқанын аңдап, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға да, уақытқа да риза емес еді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қытықсыз келетұғын адамды аңсап, сағынып, ондай адамы келгенде баласы я туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.

...Мен әкемнің кіші жамағатынан туған тұңғыш баласымын. Әкем кіші жамағат алғанда бастапқы бәйбішесі өзінен екі-үш жас үлкен еді, «ұлғайған кезімде өзімді күтуге қолайсыз болады» деген шығар. Екінші, жалпы, қолы жеткен, әлі келмеген адамға екі қатын алмақ ғұрып сықылдыланғандықтан да шығар. Мен әкемнің отыз екі жасында, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, салбырап, шаруа­сын істеп отырмаушы еді. Маған десе, малай, малшы, қызметкер қатынның да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап-қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақытты өзіне абақтыдан кем көрмеуші еді. Сыпайылыққа салиха әдептіленіп, аяғының басқанын аңдап, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға да, уақытқа да риза емес еді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қытықсыз келетұғын адамды аңсап, сағынып, ондай адамы келгенде баласы я туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді. Менің бала кезімде әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе, ашуы да тез келгіштігінен ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат сықылды, ойнаған болса да қорқынышы кеуделерінен кетпей, қымсынып отырушы еді.

Ұйқысы шағын, жалпы халықтан кеш жатып, ерте тұру - жалпы әдеті. Төсегінің алдынан қалың постель төсетіп, оның үстіне көрпе салғызып, бір жағынан үлкен жастық қойғызып, көйлекшең, басқа киім кимей, жастығына шынтақтап, кейде бауырына басып отырушы еді, қағаз шайдан басқа шай ішкен емес, қантсыз шай ішкенін көргенім жоқ. Бірақ ол қант алдында жатады. Көп жегіш емес. Таңертеңгі шайына кейде жұмыртқа қостырып құймақ құйғызады, кейде самса пісіртетін, жеке бауырсақпен іше қоймаушы еді. Шайын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салушы еді.

Қазақ ойнайтын ойындар - дойбы, қарт сықылды ойындардың бәріне де ілгергі қазақтың ойыншылары ретті ойнаушы еді, сөйтсе де мен білген кезде салынып, қызықтап ойнайтын ойыны тоғызқұмалақ еді. Қай-қайдағы тобықты ішіндегі ойыншы шалдар келіп, ай жатып, ойнап қайтушы еді. Сондай ойыншы шалдарының дәулеті нашарлары кейде соғымдық қой, тай, тайынша алып, я атқа мініп қайтқаны да болды. Көбінесе ол шалдардың қыстыгүні келіп жатқышы - Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Қойбердісі, Мақыштың Ысмағұлы дегендер секілді.

Таңертеңгі шайды ішкен соң, менің әкем көйлекшең күйінде, басында тақиясы, бауырына ақ жастығын басып, құмалағын ойнап жатады. Күндіз келген ел арасының ретті адамдары да ойынға кірісіп кетеді, құмалақ кезек тимегендер, я ойнай білмейтіні, балалар өз алдына дойбы, я қарттың дүкенін ашады. Құмалақта әкемді жеңген адам көргенім жоқ.

Біздің қазақтың уақытқа байлығынан бір әдеті - бір жерге жұмыспен барса, барған жұмысын барған жерден айтпай, не қонып, не түстеніп, енді аттанарында ғана айтады. Менің әкем елдің бұл әдетіне қарсы еді. Алыс жерден келген сыйлы адам болмаса, ел арасының адамынан келген жерден жұмысын сұрап, бітіріп, «енді отыра бер» деп өзі алаңсыз ойынына, я кітабына кіріп кетуші еді. Егер келген кісі сұраған жерден жұмысын айтпай, елдің әдетіне салып тығынып қалса, оған ыза болып, енді ол «айтарлық кезегім келді» деп жұмысын айтпақшы болғанда, «бағанағы сұрағанымда неге айтпадың» деп ұрсып, кейде сөзін тыңдамай да қояды. Сұраған жерде жұмысын айтқан кісіге ырза болып қалады. Біздің елдің адамы бұл мінезіне үйренгендігінен, «неғып жүрсің?» деп сұраған жерден жұмысын айтатын болды.

Шаруа жағына көзінің қырын сирек салады. Күндіз-түні босатпайтын елдің жұмысынан қолы да тимейді. Шаруаның үш түрін ескеруші еді: жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып, ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ержетіп кеткені бар ма - соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, я айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды, қой мен түйені де сеніп алған қойшы, түйешісінен ғана сұрайды, әйтпесе, өзі «мынау менің түйем», «қойым» деп бірін де танымайды, сиырды жиған кісі емес, «сиыр қар теппейді, жаз болса, үйдің маңайын былғайды» деп, ол кездегі біздің елдің байларының бәрі де жимаушы еді.

Қалаға барғанда үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес, ондай шаруасына ие қылып қойған жолдасы алып-сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да, атшысының қалтасында жүреді. «Ақша бітті» десе, «қайда ұстадың» деп есеп алу жоқ, қайтадан ақша та­уып береді. Қалада жатқанда қасаптың етін жемей, қолынан малын сойғызып жеуші еді.

Түн болғанда әмсе біреуге ертегі айтқызып, я өзі айтып отырғыш әдеті бар еді. Біреуге айтқызғанда бұрын естімеген кісіше ынтасын сала тыңдап, әбден айтып болған соң айтушының адасқан жері болса, айтып береді. Қазақ ертегісінде естімеген, білмеген ертегісі кем шығар, «қазақтың ертегісінен бұрын қай жерлерде жүргені, көршілесі, күндес елдері кім екені, қарекеті не екені, елдің арманы, білімнің қандайлық кезінде шығарғандығы көрінеді», - деуші еді. Жас кезінде парсы жұртының ертегілерін: «Йәмшіт», «Қаһарман» сықылды кітаптарын да көп оқыса керек. Өзім көргенде «Мың бір түннің» кітабын оқып, алғаш біздің елге «Мың бір түнмен» таныстырған кісі менің әкем еді. Орыс кітабындағы Густав әмір сықылды әңгіме кітаптарды оқып елді таныстырды, біздің ел «Мың бір түннен» жалығып, орыс романдарына әуестеніп кетті.

Жалпы ғадетінде ақылынан гөрі махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіңкіреп отырушы еді. Бірақ құдайдың өзіне мол берген өткір сезімінің арқасында, айтпасақ та, не ойлап, разы яки наразы болып жүргенімізді бүлк еткізбей сезіп қоюшы еді. Көңіліне билеткіштігі сондайлық, жас баланы әлпештеп шақырғанында ұмтылып келсе, қатты қуанып, «қаны тартып біліп тұр» деп рахаттанады. Егер шақырғанына жатырқап келмей қашса, өкпелеп, ашуланып қалушы еді. Мысалы, біздің үйіміз бөлек ауыл болған соң, әкеміз көбінесе қала-далада болып, үйде болғанда мол дәулеттегі бәйбішесінікіндегі топта болып, біздің үйге сирегірек келгендігінен Мекаил деген менің інім бір келгенде тосаңсып, шақырғанына бармаса, көтін жаңа басып отырған жас баланың үстіне су құйып, ұрып еді.

Менің балам Жебірәйілді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанында шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда далпылдап ұмтылып еді: - Қаны тартып, жүрегі сезіп тұр, - деп қатты рахаттанып қалды. Мен: - Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсің, әншейін ақымақтығынан ұмтылады ғой деп едім, - Сен білмейсің, - деп мені тыйып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды. Менің өзімнің де бес ауыз сөзді болса да білгеніме әкемнің осындай алыстан үміт қып қуанатұғын көңілі себеп болды, өйтпесе мұнан да әрі шірік болып қалғандай едім.

1889 жылы менің он төрт жасымда үлкен шешемнен туған Райхан деген апамды Найман, Серікбай баласы Құдайбергенге беріп ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кеткенде әкем мен екеуміз ғана үйде қалдық. Бұл әкемнің белсеніп ғылым жолына шыққан жылы екен. Артынан абайлап қарасам, әкемнің әмсе үйде отырғандағы киіп отыратұғыны - баяғы көйлек, штаны, басына тақиясы, оның сыртынан тысқа шыққанда кие салатын сап етер ақ елтіріден істелген көк сәтеннен тыстаған көк бөркі. Анда-санда еті салқындаса жамылатұғын сары тоны бар.

Таңертеңнен кешке шейін, көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: Бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де. Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды.

Бір Алдоңғар деген ұрыны «ұрлығыңды қой» деп қасына көшіртіп алып, «теңіңе қосамын» деп әлгінің бір Меңке деген әйел баласын асырап алған. Сол бала шайын құйып береді. Әлгі әйел балаға оңашада үйретіп қояды: «мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, «солай ма, Меңке?» дермін, сонда сен «солай де» - деп. Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар келіп қонақ болғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөйлеп-сөйлеп келіп: «солай ма, Меңке?» десе, Меңке «солай» дейді, сонда әлгі қонақтар: «Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы», - деп таңырқап қалысады. Кейде сөйлеп болған соң: «Осы сөзімнің жалғанын тапсаңыздар, көк бөркімді берейін», - дейді, онысы - қонақтың қытығын тоқтататұғын ойыны.

Мен сол жарты айдың шамасындай уақытта жазған өлеңдерін жаттап, айтқан сөзін жалықпай тыңдап отырсам керек, менің соныма-ақ қатты қуанып, ырза болып, жолау­шылар келгенде соларға мені: «Мынау адам болады екен. Менің сөзімді ұғып, жалықпай тыңдады» деп мені мақтады. Мен әкемнің аузынан шыққан сөзді пайғамбардың аузынан естігендей сеніп, адам болады екенмін деп, сол жылы бастығымыз Шәкәрім қажы болып ақиқат олай емес, былай деп таласып жататын санды шәкірттің қатарында болдым.

Жасында ашу мен махаббатты қатар қолданғандығынан, қатын-балалары да, ауыл-ауданы да, бір жағынан, жылы махаббатты жомарт мінезін сүйіп, бір жағынан, жазатайым болса, ашуланып кететұғын мінезінен қорқып жүретін еді. Әкемнің осы екі мінезінің күштілігінен шығар, менің шешем күндестігін көрсете алған жоқ. Балаларының ойына да «күндестің баласымыз» деген ой келмеген.

Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді, бұл жұмсартуды өзі еңбек қылып тапты. Әкесі қажының қайтпайтын суық мінезін сөгіп отырушы еді.

«Қорықпақ пен сүймек от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, содан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды» деп, көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ та, тыйып-қақпай, еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: - «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анасынан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе, солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады. Сендердің менен жақсы көріп, барғыларың келіп тұрған жақсы құрбыларың қайсы?» деп, ондай жаман адамдардың мәжілісінен әйел баласындай қорғаштап, тыйып өсіргісі келді.

Бір ғадеті, жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді, өзі екі-үш жыл салтанатын келістіріп, құсбегілерін, мергендерін сайлап құс салып тұр. Балаларының әрқайсысына құс салғызды. Бірақ, ұзақ уақыт құсшы болғанымыз жоқ. Біреудікін алып, біреуге сапырып отырады. «Екі жүз елу құс шамалы қолыма келіп кеткен шығар. Тулақтың шолағындай құс көргенім жоқ» деп айтып отырушы еді. Сол кісінің осындай сапырған мінезі біздің елге жұғып, бір ел бірінікін-бірі алып сапырылып жатқыш. Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп, ат пенен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді. Ендігі тарылып бара жатқан заманның қалай ауысарын кім біледі. Біздің Шыңғыстан басқа тобықты Шыңғыстай емес, әйтсе де, басқа елден гөрі, олар да бере алмай қалғанды ұят санады. Бір жылы жайлауда біреудің бір қоңыр қасқа атын бес құлынды биесін беріп алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде бес түйесін беріп, Қуқұла деген, Қаракесекте атағы шыққан атты алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп, бір болымсыз адамға бере салғыш еді.

Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты, мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді. Жасында жылқы бағып отарға шығыпты, мен білгенде жалпы қазақтың байларынша ертелі-кешті малын аралап, жерін шауып, мал үшін атқа мінбеуші еді. Көбінесе үйде отырғандықтан ба, я жанын күтемін дегендіктен бе, жазу жазғандықтан ба, жанын ертерек еріншектік, кәрілік иектеді ме, әйтеуір жалпы халықтан көп ерте аттан түсіп шау тартыпты.

Мен әкемнің топта билікке тартысып, яки айтысып сөзін сарқа сөйлеп суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жерінен қысқаша түйем сөзді ақырын айтса - тоқтаса қалушы еді. Менің әкемнен басқа разы іздеп, жүгінетұғын адамды көргенім жоқ. Жалпы өзіміздің елдің жақсысын абайласам, алдына келген даудан мүмкін қадарлы өзінің досына пайдалы жағынан қапы қалдырмай билік айтады. Жалпы ұрылар айтады: - Абайдың алдына өтірікпен бара алмаймыз, жанымыз қалса, шын сөзіміздің арқасында қалады, - деп.

Менің әкемнің ұрыдан алатұғын парасы - шын сөзі еді. Мыңжасар Қобылан баласы деген атасынан бері қарай неше шабылып, айдалса да ұрлығын тастамаған бір кәрі ұры айтады: - Жас кезінде Абайдың сұраған малының шынын айтып шыншыл атанып, абыройлы ұры болып жүргенімде құдай атып, бір өтірік айтқаным бар.

Қаракесек жағынан бір топ жылқы алдық та, осы малды кім де болса да айтпалық десіп, жолдастарымыздың бәрі түгел төбеге тас қойып анттасқанбыз. Жоқшы келген соң, Абай мені шақыртып алып сұрады. Қыстың суық күнінде суық су құйып қинаса да, айтпай тістеніп отырғанымда:

- Әй, әкеңнің аузын... не оттап отырсың, пәленше жолдасың әлдеқашан айтқан, пәленін пәленге, түгенін түгенге таратыпсыңдар, - деп қоя бергені. Сөйтсем, ана иттер айтып қойған екен...

Қалаға барғанда мен білгенде үш адамның үйінде жатты: Қабыл деген шала қазақ, Сүлеймен деген ноғай, Мәуіті деген қазақ үйінде. Бұл үшеуінің де қатындары пысық, асты тәтті қып пісіре білетұғын ауқаты нашар адамдар еді. Байдың үйіне ақы берсе жатпайды: - Ой, тәйірі-ай, расходымды көтереді екен деп байдың қабағына қарап, аңдап басып, абайлап сөйлеп, күшік күйеу сықылданып жатармын ба, - деуші еді.

Мен жоғарыда жазғанымда айтқанмын: - Әкесінің мінезін баласы жазбақ қолайсыз, - деп. Сондағы менің ойыма келгені - баласының көңіліне әкесінің қылықтары ғана түсіп, жаман мінезі түспейтін сықылды. Мен қандайлық әділ көзбен қарап жазайын десем де, «жасында кәрлі еді, жанын күткіш, ертерек шау тартып, еріншегірек тартты» демесем, басқа мін таба алмадым, мұным әкемді мақтаймын дегенім емес, бар білгенім-сезгенім осы-ақ.

Енді, Долгополовтың менің әкеме айтқан сынын жазайын. Бұл Долгополов - бірінші ме я екінші ме, государственный думаға Одесса қаласынан депутат болып сайланған адам. Докторлыққа экзамен беріп жатқанда саяси айыбы болып айдалып, Семейге келген кезінде менің әкеммен таныс болып, сексен бесінші жылы жаздай біздің ауылда болған. Бір күні менің әкем сөйлесіп оты­рып: - Менің балаларымды сынашы, - депті. Сонда Долгополовтың айтқаны: - Сенің балаларының адамға қарасы түзу, зерек, жақсы балалар. Бірақ, сенің мына сән-салтанатыңды, дәулет-дәуреніңді көріп отырып жақсы бала бола алмайды. Ғылымға ет ауыртып еңбек қылмаса, қолға түспейді. Сенің балаларың оншалық етін ауыр­­­тып, еңбек қып неғылсын. Еңбексіз-ақ өзі - хан, өзі - би. Сенің ауылыңның төбесі көрінбестей алысқа кетсе, сонда адам болады, -  депті.

Содан соң: - Өзімді сынашы, - депті менің әкем. Сондағы Долгополовтың айтқан сыны: - Сен басың алтын адамсың, бірақ үйренген әдет-салтың жаман. Таңертең төсектен тұрасың, біреу әкеп киімдеріңді киіндіреді, арқаңа шапаныңды жабады, есікті ашып тысқа шығарады, қайтып келген соң тағы да есікті ашып үйге енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, құманмен суды қолыңа құяды. Ас келсе, шайыңды құйып береді, етіңді жапырақтап береді. Ұйықтамақ болсаң, төсегіңді салып, өзіңді біреу шешіндіріп жатқызып, шақшаңды бір жағыңа, мұрын орамалыңды бір жағыңа тығып, үстіңе көрпеңді жауып салады. Өзің үшін өзің не қыласың? Әрнешік ұйықтап көресің, - депті. Осы Долгополовтың аз ғана сөзі менің әкемнің бірқатар әдетін, салтын көрсетер деп жаздым.

Кенже інісі - Оспан сырты аусар, аңғал, көңілі сүйген кісіге көл болып төге салатын, көңілі сүймеген адамды үйінен сүйреп тастайтұғын адам болса керек. Құдайберді ағамызбен «әкеме көнбедің, күндестік ойладың» деп, жасында менің әкем де араз болып келіп, өлерінің алдында екі-үш жыл бұрын татуласқан екен. Осы екі-үш жылда бұрынғы араздық жоғалып, қатты, қызықты туысқан болыпты. Әкем: «Қайғы жас жүрекке қатты батады екен, Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлім көрмедім», - деп (Құдайбердіні Бәкем дейтін) айтып отырушы еді. Мағауияның өлгендегісін өлшеп айтқан жоқ, бұрынғы Оспан мен Ғабдырахимнің өлімін өлшеп айтып еді. Ысқақтың үш сайлауынан кейін Бәкемнің орнына беремін деп, жиырмадан жаңа асқан Шәкәрім қажыны болыстыққа сайлатыпты. Шәкәрім қажы болыс болған соң, астыртын ел құрап, әркіммен анттасыпты. Келесі сайлауда Оспанды сайламақ болған екен, оған ел де, Шәкәрім қажы да қарсы болып, достары, құдасы бұзылып, Күнту дегенді болыс сайлаған жерде бірақ біліпті. «Ел бұзылды, сені алдап жүр», - деп Ысқақ келіп айтса, Ербол деген бір досын шақырып сұрапты, ол: «Жоқ, Абай, Ысқақ бекер айтады» десе, сеніп отыра беріпті, өзі азырақ сырқат екен...

Менің әкемнің көбінесе ағайын-туысқандарын жамандай сөгіп айта беретұғыны өзінің Ырғызбай деген табының  елден ерекше нашарлығынан болған секілді. 91-жылы Оспан мен Оразбай жамандасып, араз бола бастап, тағы да отырғызбай кетті. Басында екеуін ұғыстырмақшы болып арасына жүріп, ақыры болмай жауласқан соң, інісі Оспанның сөзін қуаттап, Оспан жаққа шығып алысып кетті. Сол бізге ұстаздық қылып отырғанда біздің жүрегімізге «Мал құмар, мансап құмар адам - адам емес» деп егеді. Бұл сөздер дәл өлеңінен де көрінер. Мысалы, «Мәз болады болысың...», «Малға достың досы жоқ малдан басқа...» деген сықылды әр өлеңінен абайлап қарасаңыз көрінеді. «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек...» деген өлеңді айтқанда, ел билеген адамды мақтап отыр ма? Боқтап отыр - солары секілділері көп.

Елді меңгеріп, елдің індет-міндетін де, жаудың азабын да жеке көтеріп алған інісі Оспан 92-жылы өліп, Оспан арқалаған азап - жеке басына түсіп қалды. Сондықтан, кейінгі өлеңдерді әр уақытта жазып тастай берген. Көбінесе өлеңді қыстыгүні жазушы еді. «Бойы - бұлғаң, сөзі - жылмаң» деген өлеңді 92 жылы Оспан өткен жылы, қыстауға қонғанда жазып еді. Бұл өлеңнің аяғы - «кешегі Оспан, бір бөлек жан» деген өлең.

Оспан деген кенже інісі өлген соң, артында қалған баласыз үш жамағатын - Ысқақ, Тәңірберді үшеуі алған. Үлкен үйдегі келіні Еркежанды менің әкем алып, үлкен үйге кірген.

Еркежанды алған жылы волостной сьезд қылуға елге шыққанда Қыздар атты бір құрдасы олақтау адам еді. Бейне бір менің әкем ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген адамша қалжыңдаймын деп айтыпты: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойып, тойыныпсың ғой», - деп. Сол Қыздардың қалжыңына ыза болып, мына өлеңді жазған, бірталай өлең еді, ертеңінде Қыздар жалынып сұрап, отқа салып жібереді. Бір-екі рет оқығандағы жаттап алғандығымыз осы-ақ: «Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең...». «Болды да партия, Ел іші жарылды» деген өлеңді де Қыздарға шамданғанынан айтып жіберді. «Антпенен тарқайды жиылса кеңеске» деген өлеңдері де сол 94-жылғы съездегі билердің мінезінен айтқан.

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Ал сенейін, сенейін», «Жүрегім нені сезесің?», «Жақсылық ұзақ тұрмады», «Қарашада өмір тұр», «Жасөспірім замандас қапа қылды» деген өлеңдерін Оспан өліп, бар бейнет басына мезгілсіз, ықыласы қайтып, қажыған кезінде түсіп, досы да, туысқаны да бұлданған-құбылғанын көріп, сол 92 жыл мен 93 жылдың ішінде жазған еді.

Менің әкем өзі еліне, ағайын, туысқанына арнап айтқан сөздері де жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі. Жалпы қазақтың дерті бір дерт болған ғой, бүгін абайлап қарасақ, елдегі қазақтың дерті оқыған азаматтарынан да арылмаған секілді. Қазақ азаматтарының әлденеше тобында болдым, талас шықса-ақ табымен бөлінеді. Ол баяғы елдегі біздің науқасымыз, қастықпен бөлінсе аралас болып, ата жігі көрінбес еді. Қастығын ұстаған тас­тай лақтырып тастап, жеңген жаққа шығып, «Өзбек - өз ағам, сарт - садағам» деген баяғы кәрі мінездің қалпы құрып па? Мен бұл жерде өз басынан ойлап шығарған өлеңдерінің мына кітаптағыларын реттеп, қай мезгілде, не себепті жазылып кетті екен деген сөзге жауап орнына жаздым. Басқа аудармаларының қай жылдары жазылғаны бұрын кітабында айтылған. Крыловтың аудармаларын 94 жылы Недоров деген уезной елге келгенде әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін аударғанын естіп, менің әкеме айтты: «Сіз Крыловты аударсаңызшы, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой», - деп. Содан кейін Крыловты аударып еді...

Менің әкемнің ашуын өзі еңбек қып азайтып еді дегеніме бір себеп төменгі сөз:

Біздің қазақ сорлы мансапқа таласпай жүре ме? 1898 жылы сайлау болғанда бұрынғы Мұқыр атанған елдің сайлауына менің әкем барған. Оразбай дәулеті асып, дәурені Тобықты ішінде жүріп, Оспан мен екеуінің араздығы Оспан өлген соң, менің әкемнің басында қалған.

98-ден 99-ға қараған қысында Оразбай: «Меккеге жүрерде бітелік, ризаласалық», - деп кісі салған соң әкем: «Жарайды, алған-берген ешнәрсе жоқ» деп, Семейде еді, Жақия қажының үйінде бас қосып, Меккеге жүрмекші Оразбайға ризалығын берді. Артынан елге барған соң Медеу деген баласы жанжалдағы елдің бас адамдарын жол-жобасымен әкемнің алдына алып келіп, бітім болды. «Абай алған жол-жобасы үшін бітім қылды» деп ешбір тобықты айта алмас.

99 жылы областной землемер болыс болыстың арасына меже салып, гран жүргізгенде бұрынғы Мұқыры болысындағы Жігітек, Бөкенші деген екі тап ел әкеммен ежелгі жау болып келе жатқан. Әкем сол араз ағайынның басты-басты адамдарын, ақсақал, қарасақалын шақырып алып: «Қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген, енді жаулықты ұмыталық, мен жаулық қылады екен демеңіздер», - деп шын жүрегін көрсетіп, қойнын ашып жіберіп еді, олар да бұрынғы жаулықты соншалық ұмытты. Содан кейін төрт жыл өтіп бесінші жылдың басында менің әкем дүниеден қайтып, артына мен қалғанда әкемнің әруағын сыйлап, шын достығын көрсеткен ел осы араз ағайыны болды.

Оразбай секілді әкемнің жаулары мені «бейшара жетім ғой, енді бұған тиіп неғыламыз» деген жоқ. Қандай жаулығын қылса да, сол достарының арқасында жалғыздық көргенім жоқ...

 

«Аңыз адам» журналы, №5. 2010 жыл

 

0 пікір