Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 9609 0 пікір 24 Наурыз, 2015 сағат 12:05

НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ОБРАЗЫ. ОЛ ҚАНДАЙ?

Егер әлемдік көркемөнер аренасына барлай қарасаңыз, Еуропа мен Америка елдерінің тарихи аңызға айналған ғажайып батырлар ерлігін баяндайтын туындылары тарих қойнауында қалды. Ф.Купер, М.Рид романдары бойынша түсірілген кинокартиналар да аға ұрпақтың жадында. Гойко Митич сомдаған өжет, айлакер үндістер, Арно́льд Шварцене́ггер, Сильвестр Сталлоне, Дольф Лундгреннің рэмбо, ковбойлары, мексикалық аңыз-батыр Зорро қайтпас та елжанды ерлердің бейнесінде елестетеді. Өткен ғасырдың 1960-жылдары Италия спагетти-вестерн көркем фильмдерін ойлап тауып, он жыл ішінде  600-ден астамын шығарған екен. Бірақ олардың да дәурені өтті десек те, зымыран уақыт экшн-туындылардың әлі де өміршеңдігін аңғартып отыр.  Жыл сайын әлемде 500-ге тарта осындай кинотуындылар прокатқа жіберіледі екен. Батыстық     өнер сайыпқырандары өнерге өзек боларлық материалдар өз елдерінде таусылғанын мойындаса да, қол қусырып қарап отырған жоқ.

Енді тың дүниені Орталық Азиядан іздей бастаған сыңайлы. Әсіресе, көшпелілер, мына біздердің кешегіміз,  тарихтағы номадтар ғұмыры қызықтырады. (Қазақтың «Көшпелілер» картинасына түскен шетелдік кино жұлдыздарының бір мақсаты осында жатыр) Бұл тегін емес. Бізде шынымен-ақ, төрткүл дүниені таңдай қақтыратын тың материалдар көзі бар. Ол кино басқыншылардың тырнағына іліне қоймаған - қазақтың фольклорлық, эпостық, тұрмыс-салттық жырлары, аңыз-әңгімелері. Әсіресе ноқтаға басы сыймаған, тауқыметті, шытырман тағдырлы, тарихта болған бахадүр-батырларымыздың ғұмыр-қарекеті. Айталық, дала рыцарлары - Торғайдағы Кейкі, Нарындағы Құныскерей, Же­тісудағы Жақыпберді сияқты оғландар. Осы сияқты айрықша тұлғалар туралы көркем, драмалық шығармалар, ғұмырнамалық-деректі әңгімелер жазылған, әлі де жазылуда. Мысалы, құралайды көзге атқан мерген «Амангелдінің көзі мерген, Кейкінің қолы мерген» деген артында сөз қалған Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлының (1871-1923) көркем тұлғасы кезінде Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасында, М.Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» кітабында, А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романында, Серік Тұрғынбекұлының «Кейкі батыр» тарихи дастанында азды-көпті көрініс тапты. Ал Кейкі хақында Әубәкір Қылышбайұлы көп құнды дүниелер жазды. Жорналшы-қаламгерлер Сабыржан Шүкірұлы, Ахметжан Байжан, Хамитбек Мұсабаев, Мақсұтбек Сүлейменов және басқалары. 

Бірақ... бәріне де тән ортақ осалдық, тіпті тұтастай қазақ көркем әдебиетіне жетпейтіні – кейіпкерде басқада жоқ өзіндік амал-айла, өзіндік қадыр-қасиет, өзіндік түр-тұлғалық сурет. Кесек-кесек болмыс-бітістер жоқтың қасы. Жалпылама сипат, жадағай баяндау басым.

Айталық, марқұм А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романындағы көркем тіліне, бейнеленген табиғат, ел көріністеріне тәнті боласыз. Бірақ, романда Кейкі батырдың мергендік өнері жоқ. Кейкі көтерілісшілердің мергендер жасағын қалай, қайтіп, басқарған, жиі-жиі барлауға қалай  шыққан? Күйік қопасындағы соғысты, Торғай қаласын қоршау кезінде және Доғал шайқасындағы ерекше ерен ерлігінің жасалуын, тактикалық көрінісін таба алмадық. Егер батырдың өзгеше мергендік технологиясы, яғни мергендік әдіс-тәсілі, айла-амалы бүге-шігесіне дейін жазылған болса, бұл туралы әлдеқашан триллер кинотуынды түсірілген болар еді. Дәл осындай басты геройларға қатысты штрих, детальдардың, айшықты фигуралардың, оқыс әрі шынайы бітімі бөлек тартыстардың (конфликтілердің) июі қанбағандықтан, жетіспейтіндігінен, шала-шарпылығынан қазақ әдебиетіндегі туындылардың дені киноға, сериалдарға тартылмай, жаратылмай жатыр.

Бұл ащы болса да шындық. Дәстүрлі қазақ көркем әдебиетінің басты ерекшелігі – баяндау. Бейнелеу, сөзбен сурет салу - бар, бірақ аз («Абай жолы», «Көксерек», «Қан мен тер» , «Менің атым Қожа», т.с.с).  Бәлкім, рухани-психологиялық баяндау - бұл ұлт әдебиетінің өзіндік болмысы дерсіз. Бірақ көркем әдебиет жарысында бұл жеткіліксіз екендігін жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басы дәлелдеп отыр. Өзіміз ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп отырған қазақ классикалық көркем әдебиетіміздегі тұлғаларымыз біртекті болғандықтан есте қалмайды.     Ешкімге ұқсамайтын нағыз нар қазақ деп қай кейіпкерді дәлелдеп бере аласыз? Осы сауалға келгенде үлкен де, кіші де күмілжіп қалатынын несіне жасырамыз?..

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

Қостанай.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 569
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 294
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 316
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 328