Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәйекті 9543 0 пікір 24 Наурыз, 2015 сағат 12:14

БАЛУАН ЖӘКӨ

Таңертең   ауыл  шетіндегі  меншік  табын  жиналатын  тақырда   бүгін  де   айқай-шу  екен. Арық  аласа  торының  белін  майыстырып  мінген  иықты   сиыршы, ат  үстінде  өзінің  ұзын  бойын  жасырғандай  мықшия  түсіп,  сиыр  қосушыларға   әлденені  айғайлай  түсіндіріп  жатыр. Екі-үш  орыс  әйелі  қолдарындағы  шыбықтарын  безеп  дау  айтуда.  Екі жақтың  да  бірін-бірі  тыңдап  жатқаны шамалы.

 –  Осы дүлейден  басқа сиыршы құрып қалғандай…

–  Он же  глухой, мне кажется, и по-своему  не  очень-то  понимает…

– Уж, не понимает, просто прикидывается – деп тарай  бастады.  Арық  торыны  бүйірінен  емес,  ұзын  сирақтың керзі етікті өкшесімен ішінен тебініп  сиыршы ары беттеді. Менің  ойым – ертеден  таныс  осы кісіге  сәлем  беру  еді, бір сәтсіз уақытта  шыққан  сияқтымын.  Есіме  баяғыдағы  бала  кез  түсе  берді...

...Көктемнің жазға ауысар  шағы. Ауылдан  үш  шақырымдай  жеке  қыстаудағы  шопан үйінде  үлкен  той. Былтырдан бері  өз алдына жеке отар алып  тірлігін  жасап жүрген  Орынбасар   жуықта   келіншегі  босанып,  ұлды болған, соның –  шілдеханасы.  Бала қырқынан  шығып,  қарыншашын алғанша,  көз тиеді – деп  тойды осы шамаға  Орынбасардың шешесі  белгілеген.

Әсіресе, шешейдің  шұқшия  қадалғаны –  былтыр күзде  арғы  беттен  өтіп, елге келген  ағайындардың жайы.

– Жат  жерде  жабы  боп  өскен  туысқандар  елім-жұртым  деп  жеткенде,  суық  қабақ  көрсетіп  шеттетпей  ішімізге  тартайық, тезірек  кірігіп  кетсін, солардың  бірін  қалдырмай шақырыңдар. Бір  жағы  келгелі  біреуіне  дәм  татырғанымыз  жоқ, білмегендіктен емес,  жаз-жайлау, қыс-қыстау  малшының  күйбің  тірлігінен – деген.  Асылы,  шешесінің  сөзіне  Орынбасар  қарсы келуді  білмейтін, әкесі  соғыста  хабарсыз  кетіп,  анасы  аузына  тістеп  өсірген,  бұл үшін  одан  ақылды  жан жоқ  болатын. Бақытына орай  келіншегі де  енесінің  қабағын бағатын болып  шықты...

...Қойшының  ұзын  там   үйінің  бір  қабырғасына жапсарластыра  киіз, брезент  ұстап  құраған  қалқаның іші  гу-гу, қыс  бойы  шалғай қыстақта  бұйығып  жатқан  малшы  қауым  бір жасап,  бүгінгі  мерекеге  шын  қуанышты,  олардан  іргедегі  ауылдан  келген  тракторшы, шопырлар да  кем  түсер емес . Осы  дудың бір  әредігінде:

 – Бәйбіше,  –   деген  қою  дауыс  саңқ  еткенде,  жаңағы  гуіл  неге  екені  белгісіз, сап  басылып, жұрт  түгелдей, алдымен  Орынбасардың  шешесіне, содан кейін  төр  жаққа қарады. –  Бәйбіше? – деген дауыс  иесі –  сақалы  бурылданған,  бет  пішіні  келісті  жас ортасынан  асқан кісі  тоқтамай  сөйлеп  кетті.  – Мынау  бүгінгі  қызыққа  сіз  шақырып,  біз келдік,  қуанышқа  ортақпыз, құтты  болсын.  Естіп  жатырмыз,  жалғыз  ұлдан  кейінгі  төлбасыңыз  екен, бауы берік,   ғұмырлы  болсын.  Беремін  десе  жаратқанның  алды  кең,  үбірлі-шүбірлі  болуға  жазсын  сіздерге  – деп   сәл  тоқтады  да. –  Кешегі  балапан  басына   тұрымтай  тұсына   кер заманда  арғы  бет  ауып, тарыдай  шашыраған  елдің  тұқымы  едік  біз, бүгінде,  Аллаға  тәубе,  туған  жердің топырағын  басып, туған  елмен  қауышып, сол  елдің  отын  оттап, суын  сулап  жатқанымызға да  біраз  болды.  Енді  мынау  жан-жақтан  жиылған  қауым  бірін-бірі біліп жүрсін, мен  ар  жақтан келген  азаматтарды  таныстырып  қояйын – деп сәл кідіріс жасады. Осы кезде  мұндай  ұзын  сөзге  үйренбеген, оның  үстіне  бағанадан  бері  дастарханда  тіреліп  тұрған ағы бар, қызылы  бар, қолсырасы  бар түрлі  ішімдіктің біразын  жапырып  үлгерген  «бергі»  беттің   адамдары  гу  ете  түсті:

–  Е, міне  жөн сөз,  ақсақал  төгілтті.

 –  Ескінің  көзі  ғой,  тура  түптен  тартты  заңғар.

–  Е, мұндай  кісілер  біздің  жақта   бүгінде  жоғалды  ғой.

  –  Маладес  шал, пірәмі, төшкіге  ұрады.

– Шуламаңдаршы, сөз  тыңдатпадыңдар  ғой, тіпті – десіп  басылғанда,  жаңағы  сөз  иесі  жаңа қонақтарды  таныстыра   бастады. Көбі – Абақ  Керей  балалары  екен, бір-екеуі  Өр  Найманнан  тарайды, үлкендері  арғы  бетке  бала  күндерінде  өткен, жастары сол  жақта  туып  өскен, барлығы  Шыңжаң  районының  Дөрбілжің  қаласының  маңындағы  ауылдардан. Түп  тегі  Тарбағатай  тауының  күнгейі.  Арғы  бетте көбі  негізінен  малды  кәсіп  еткен, бірен-саран қызметке  араласқандары  да  бар, жастардың  кейбіреуі  үлкен  оқуда  оқыған, бітіріп  үлгермеген...

– Ал,  онда  таныстық  үшін  ішіп  қояйық  –  деп босаға жақтан  барылдаған  Мырзаны  жанындағылар  түгел  жабылып  басып  тастаған соң, той бір  мамыражай  қалыпқа  түсіп, байсал  тапты. Жұрт  емен-жарқын  әңгімелесіп,  бірін-бірі  қалжыңмен  кеу-кеулей бастады, бұл  қазір  жаяу  айтыс  басталады  деген белгі  еді.  Біздің  жақта, қай  заманнан екені  бимәлім, жиын-тойда  ән  салу  емес,  айтысу үрдісі, оның  ішінде де  ең  бір «демократиялық» түрі  дамыған.  Кім-кіммен  айтысқысы  келсе,  соған  қарап  бір  ауыз  қара  өлең  айтса  жетіп жатыр, айтыс  басталды  дей  беріңіз,  бірнеше  жұп  қатарынан  айтысуы  да  мүмкін, ешқандай  шектеу  жоқ, бәрінің  сөзі  таусылғанда,   ішінен  суырылып  бір  ғана  жұп  қалады,  қалған  жұрт  солардың  айтысын  тамашалаумен  той  аяқталады.  Бүгін  сол  үрдіс ойламаған  жерден бұзылды. Дастарханның  ортадан  төмендеу  тұсында  отырған  кеуделі,  қызыл  шырайлы  жас  жігіт  жұртты  сілтідей  тындырып,  ән  бастады. Көптің қайран  қалғаны – ән  салу, оның  ішінде  ер  адамның  ән  салуы  бір жағынан  болса, одан кейін ән – тосын, ең  кереметі  –  жігіттің  әуезі  бөлек  ерекше  дауысы.  Үн  анау  бір көтеріліп, бір  басылған  кең  кеудеден  шыға  ма,  жоқ  тамақтан  әлде  таңдайдан  ба, болмаса  бәрінен  бір  уақта  шыға  ма, айырып  болмайсың,  әйтеуір, бір  сиқыр  бойды  жайлап, жанды  уатады. Ән  аяқталғанда  дастархан  басы  есеңгірегендей  тына  қалады  да,  сәттен  кейін  бұзған  араның  ұясындай  гу  ете  түседі. Тағы- тағылаған  сұраумен  жігіт  ұзақ  ән  салды. Көзін  төмен  салып, сәл теңселе  түсіп  шырқағанда,  бұрын  мұндайды  патефоннан  не  жылына  Алматыдан  бір келетін  әртістерден  ғана  естіп  жүрген  қалың  топтың  әнге  сусындағаны  осы  шығар. Жанында отырған  иықты,  аққұба  өңді  жігіт  ұзын  бойын еңкіш  ұстайды  екен,  арасында  өзінің  қоңыр  дауысын  қисынды  қосып, әнді  әдемі  әдіптеп  отыр. Кезекті ән  алдыңғылардан  өзгеше  екен,  туған  жерінен  шалғайда  жүрген  жігіттің  сағынышы  мына  орындауда   адамның  жанын  жеп,  жүрегін  езіп жібергендей. Қос  дауыс  «Адасқан  өрісінен,  уәйдай,  біз  бір  үйір-ай...» – деп  қоңыраулатып, қоңырлатқанда,  бағанағы  қызу көңіл  су  сепкендей басылып,  әркім  өз ойының  жетегінде томсарды, ауыр үнсіздікті  «ү-ү-һ-һ,  қайтейін-ай» деген  мосқал  әйелдің  терең күрсінісі  бұзды. Дастархан  басын  бір түсініксіз  ыңғайсыздық  жайлады.

...Әй,  ұлдар,  – деді  осы  кезде  бағанағы  ақсақал,  аты – Байтоқ   екен, –  Жұрттың  еңсесін  көтеретін бір әндеріңді  салыңдар да  аяқтасаңдар  да  болар. Қызықтың  да  шегі бар, асыра  сілтемеңдер.

Әнші  жігіт, Түлек  көршісіне, – Баламескі  – деді ақырын.  –  Оған  домбыра керек  қой –  деді  ұзын  жігіт. – Жанжігіт  аңтарылып,  бұл  жақта  домбыраны  сирек  ұстайтынын  білетін  сияқты.  Бұл  жерде  де  Орынбасардың  шешесі  көрегендігін  жасаған,  тойдың  алдында  ұлы  мен  келініне  берген  көп  тапсырманың  бірі – ауылдағы  Сағынтайдың  әкесінен  қалған  домбырасын  сұратып  алдырып  қою  болған. Мүмкін, жаңа  қонақтардың  арасынан  шертетіндер шығып  жатса  деген оймен. Орынбасар үйден  төсектегі  жиюлы  жастықтардың  артына  тығып  қойған  ескі  қалақ  домбыраны  алып  келді.

Жанжігіттің  ұзын  қолдарында    мүлде  ойыншық  сияқты  көрінген домбыра  бастабында  міңгірлеп, шыртылдағанымен,  сәлден  соң  икемге  келе  бастады. Шанақтан  жылдам, ойнақы  әуен  төгілгенде,  бағанадан  Жанжігіттің  жанында  қимылсыз  тұрған  Түлек   құлақ  тұндыра  ысқырып  жіберді  де екі  қолын  басынан  асыра  көтеріп, бір  бүйірлеп  жылжып-жылжып  емес-ау, сырғып  жөнелді.Домбыраның  қағысына  қос қолдың саусақтарын шартылдата  қосып,  дастарханнан  әрірек  кішкене  алаңқайды  бір айналып, табанын  жерден  сәл көтеріп, одан  жерді тепкендей  жалған қимыл  жасап, екі  бүйіріне кезек теңселіп, бір  еңкейіп,  бір  шалқайып  қонақтарға жақындай  бергенде,  домбырасын  секірте безілдетіп  мына  жақтан  Жанжігіт  қосылды. Биге  шыққанда  ұзын  да  еңкіш  бойы  сымдай  тартылды, домбыраны  біресе басына, біресе  иығына,  кейде шыр  айналдырған күйі Түлектің  қатарына  анандай  жерге  барып  бір тізерлей  отырды,  осы  кезде  Түлек билей  жүріп,  ащы  шыңғырған  дауыспен:  Пар  ат шектім  сабанға  Бір  ат  тарта  алмағанда  Мәтүр  қызлар йыр йырлайды  Йалғыз  йата  алмағанда деп  шырқағанда, қайырмасына  күңгірлеп  Жанжігіт  қосылды.   Екі  жігіт  әндетіп  жүріп  ұзақ   биледі, неше  түрлі  аң-құстың  қимыл-қозғалыстарын  келтіріп, кемпір-шал  жүрістерін, ұялшақ  қыз  бен  жасық  бозбаланың  қылығын салды. Ең  қызығы, осының  бір де біреуінің  сөкеттігі  жоқтығы,  бәрі  де  жарасымды, бәрі де  жөнімен...

Дәм  мен  қызыққа  бөккен  көпшілік, ас  қайырылғаннан  кейін,  шәйдің  алдында  аяқ  жазбаққа  сыртқа беттеді.  Әдетте  мұндай  тойда  қонақтардың  біразы, әсіресе  үлкендер  жағы  еттен  кейін  той  иелеріне  рахметтерін  айтып  тарай бастайтын-ды, бүгін  ондай  жоқ. Той  қызығын  қай-қайсысы  бойына  сіңіре  түскісі  келгендей  әншейінде  қарамайтын  шәйді  желеу  етіп, қайтуға  асықпады. Ду-ду  әңгіменің негізі  жаңа  қонақтардың  өнеріне  саяды, үлкен  әйелдердің  көпшілігі  шеткерірек  тұрған  Түлек  пен Жанжігітке  жақындап барып,  самбырлай  сөйлеп тәңір жарылқасындарын  жаудыруда.  Екі-үш  жігіт  шет  жақта  алысып  жүр.  Тағы  бір-екеуі  үритсоқтап  аналардың  қолтығына  су  бүркуде.

 – Әй,  шаңдатпай  анау  жаққа  барып  алысыңдар. Өнерлерің  тасып  бара   жатса,  ортаға  шығып  күреспейсіңдер  ме  былай...  – деп  үлкендердің  бірі  зекіп  еді.

–  Күрессек  күресеміз,  онда  не  тұр – деді  алысып  жүргеннің  бірі  қарсыласын  қоя  бере  сап, бері  қарай  сыздана  бұрылып.

– Өй,  мынау  шын күрескелі  тұр-ей, ей, трәктірістер, шығарыңдар іштеріңнен  жаннан  безген  біреу  болса,  біздің  малшы  қауымның  түйе  балуанына – қызуы  әлі  тарқамаған Мырза  барылдап  ортадағы  қалың  топтың  ішіне  кірді. – Не, көк  темірдің  ішінде  қыстан  қоқшақтап әрең  шығып  едіңдер, жілік  майларың  толған  жоқ  па  әлі... Екінің  бірі, иә  кісілеріңді  шығарыңдар  ортаға,  иә  бәйгемізді  шаппай беріңдер  –  деп  өзеуреді.

– Үй, мынау тігілмеген  бәйгені  қанжығасына  байлап үлгерді  ғой, Байекең  бұл  тойға  балуанын  ертіп  сайланып-ақ  келген екен, басқаларыңның   жүлдеден  омырауларың  іспесін – деп құрдасы Әзімбек қарқылдай күліп  еді.

 –  Күлжиян  тәтем  ұлды  боп  жатқанда   бәйгеге  бір  тоқтыны тікпейді  дейсің  бе.  –  Мырза  Орынбасардың  шешесі  жақты  меңзеп  –  соны  қазір мына  көкеңнің саржалына  өзің  өңгеріп  бересің  күлкің  көмір  болып.

– Е,  міне жігіттің  сөзі, мынаның  арты  нығыз,   бет  қарататын  түрі  жоқ  – деп  тағы  біреулер  шоқты  көсей  түсті.

– Әй,  Назарбек, шықшы  мына  барылдақтың  балуанына, бес жыл  физкультурныйда  текке  оқыдың  ба, мынаны  әуліктіріп  тұрасың  ба  – деп  енді  мүйіздеуге өзі  ілініп  бара жатқан  Әзімбек ышқынып. Назарбек  үлкен  жарыстар  болмаса, мұндай  ауылішілік  алыс-жұлыстан  алыс  жүретін  әдетімен,  тобығын  тайдырып  алғанын  сылтауратты. Енді  көпшілік  шынымен қызына  бастады. Әуелде  ойыннан  басталған  бұл  алыс, ерегісте бөлектене  қалуға  қашанда  дайын қазақ  үшін  шын бәсекеге  айнала  бастады. Жұрт  бірін-бірі  тыңдамай  гулеп  кетті.

 – Ей,  Киікбай,  – деді  Мырза   бағанағы  күреспек болған  жігітке, осы  шуды  баса  дарылдап ортаға  шық  та, өзің  таңда   кісіңді,  шықпаса  әңгіме  жоқ, бәйгені  әкетеміз, болды... Шу  саябырси  қалды. Киікбай  көп  тосқызған  жоқ,  топты  жарып  барды  да  арт  жақта  тұрған  Жанжігітті көрсетті.

– Мен  мынаумен  күресем,  ұзынның  құлағаны  жақсы – деді  қысқа  мойнын  ішіне  тартып, қабағының  астынан  бұқакөздене  қарап. Бейғам  тұрған  Жанжігіт  абдырап  қалды. Жаңағы  дуыл  да  сап  басылды. Қалай  дегенмен  қонақ  жігіт, бірден жағасына жармасу  қолайсыздау  болғаны  шын  еді. Оған  қарап жатқан  Киікбай  жоқ, Жанжігітті белден  ала  түсті.  Ол да  енді  кешіксе, қапы  қалатынын сезді де, сол  қолымен қарсыласының жауырынынан, оң  қолымен  ішінен тіреп, аяқтарын  артқа  тастап  сіресіп үлгерді. Киікбай  алғашқы қарқында  ала  алмағанына  ыза  боп,  енді  Жанжігіттің  бойын  тіктеуге күшін  салды, бір  сәтте  оның  да  реті келгендей,  белден  қатты  сығып  өзіне  қарай тартқанда,  ұзын жігіт қайқайып, шалқалай  берді, енді  Киікбайға  сырттан  шалса  жетіп  жатыр,  қонақ  кескен  теректей  сұлап түспек, көптің де  күткені  осы  еді. Киікбай  да  солай  істеді, сөйтті  де... әуеде  көтеріліп  барып,  айнала  беріп  шалқасынан  дүрс  ете  түсті,  шаң  бұрқ   етті...  Жанжігіт  оны  қолынан  тартып  тұрғызды. Мұндай  сұмдық  шапшаңдықты  бұрын-соңды  көрмеген  көпшіліктің  де, Киікбайдың  да есі ауып  қалғандай,  әшейінде  біреуден  жығылып  қалса  «қапым  бар» – деп  өзеуреп, қайта  күреспей  тынбайтын  өлермен, бұл  жолы  сол  әдетінен  тайып, сілейіп  тұр, әлде  қатты  жығылып, тынысы  тарылып  қалды ма?..

Орынбасардың  шешесі – Күлжиянның  сұңғылалығы  дәл  келді,  осы тойдан  кейін  арғы беттен келгендермен  арада  бір түсіністік  орнағандай, оның  тағы  бір  себебі  совхоздың  ұшы-қиыры жоқ  мың  сан  шаруасы  да  болар. Қиынға  төзімді, басшыға  талап  қоймайтын  бұл  ағайындар  үлкенді-кішілі  бастықтарға  да  қолайлы  болды,  қайда  жұмсаса  сонда  барады, басқаларды  кеңірдектесіп  жүріп  зорға  жұмсаса,  бұларда  үн  жоқ, ай  жүреді, жыл  жүреді, шаруа  біткенде  төбесін  бір-ақ  көрсетеді... Осылай төрт-бес  жыл  да   зулап  өте  шыққан. Жанжігіт  те  етке  мал  айдады,  қой  қырықты,  шөп  маялады,  маты  басты.  Маты  демекші, арғы  беттен  келгелі  екінші  қыста   Ертістің  жағасындағы  қалың  қамысты  шауып, оны арнайы  станокқа  сап  нығыздап, одан кейін  жұмсақ сыммен  көктеп  қамыс  тақта  (маты ) жасап  жүргенде,  бір  тосын  жай болды.  Маты  совхоз  құрылысына  таптырмайтын  арзан  да  берік  материал,  жергілікті  тұрғындар  үйдің  қабырғасын  осыдан  ұстап,  төбесін  де  осымен  жабады. Сондықтан  да  қамыс  бар  совхозға  керек.  Біздің  ауылдың  кісілері  матыны  жағада  қона  жатып  басады,  басқа  совхоздар  шабылған  қамысын  бірнеше  трактор  боп  келіп, тіркемелеріне тиеп алып,  өз  жақтарына  апарып   дайындайды.  Бүгін  де  солардың  бір  тобы  қамысты  тау-төбе  тиеп  алып,  қайтар  алдында   тамақтарын  ішіп,  жылынып  алуға  қара  қосқа  кірді.  Ауыз  үй, төр  үй  деп аталатын  екі  бөлмесі  қазандық  пешпен  бөлінген  қара  қостың  ауыз  үйіндегі  ұзын  стол  басына  қауқылдай  сөйлесіп  бес-алты  кісі  жайғаса   бастады. Үй  иесі  боп  саналатын  Самай  бір  қолтық  қамысты  екі  бүктеп   жанып  жатқан  қазандыққа  тықты  да, қазаннан  майшолпымен  сүзіп  буы  бұрқыраған  балықты  үлкен  жайпақ  табаққа  түсіре  бастады.  Осы  кезде  сырттан  кірген  Доске  мен  Жанжігіт  те  шешініп,  қолдарын  шайған  соң  дастархан  шетіне  жайғасты.  Бар  мәзір – буы  бұрқыраған  екі  жердегі  балық, қалың туралған  нан,  үлкен  аяқтарға  құйылып,  төрт-бес жерден  қойылған  сорпа  болса  да,  пейіл-кең,  қонақтар  өз  дорбаларын  ашып,  шошқаның  үлкен  кесек  сүр  майы  мен  пияз, сарымсақ   қосты.  Іштерінде  бір-ақ  орыс  болса  да  түгел  орысша  сөйлейді. Жанжігіттің  осында  келгелі  бір жылдан  аса  уақыт  өтсе  де  үйрене  алмағаны – осы  орыстың  тілі  мен  шошқасының  майы.  Қазір  де  алдына   қойған  сүр  майға  тіксіне  көз  қиығын  сап,  өзі  ұқпайтын  өзге  тілдегі  әңгімеге  назар  аудармай,  табан  балықтың  бір  кесегінен  қылтанын  бір-бірлеп суырып,  тазалап  аузына  апарып  еппен  шайнап  отыр.

 –  Саған  айтып  отыр  –  деп  Самай  бүйірінен  түрткенде  селк  етіп, жан-жағына  қарап  еді, төр жақтан  біреу:

 – Не, кереңсің бе, әлде, қытайсың  ба? – деп  гүр  ете  қалды.  Жанжігіттің  әсте  көтере  алмайтын осы   «қытай» деп  табалаған сөз  еді.

– Жоқ, орысша  білмейтін  қазақ  едім,  асқаның – орысшалағаның  ба?  – деп  атырынып  шыға  келді.

 – Ә, тілің  бар  екен,  по-моему  даже  ұзын  сияқты, қысқартып  берейін  бе? – Гүрілдек  дауыс  иесі  бері  қарай кеудесімен  бұрылды.

– Өзі  берген  тілді  құдай  өзі  қысқартар  керек  десе. Сен  бекерге  апшыма.

–  Құдайыңды  ұмытқан  екенсің, танытайын  ба ? – Осы  жерде  гүжілдекке  қарсы  отырған  кәртеңдеу  орыс  қолындағы  бөтелкесін  шайқап:

–  Ауэс,  тару  задерживаешь,  народ  на  тебя  смотрит – деді. Жаңағы  гүрілдек  алдындағы  орысқа  бір, одан  бағанадан қолында  ұстап  отырған  крөшкеге  бір  қарап  ап,  ыдысты  басына  бір-ақ  төңкерді де,  бет-аузын  тыржитып,  пияз  иіскеді. Орыс босаған  ыдысқа  бөтелкеден  өлшеп  құйып  жағалата  бастады.  Қос  иелеріне  ұсынған  жоқ. Ас  ішіп жылынған  жолаушылар  бір-бір темекіден  тартып  ап,  киініп  сыртқа  беттеді. Жанжігіт  енді  байқады, Әуес  шынында  да  зор  екен.  Күпәйкенің  сыртынан  ұзын  сулықты  киіп  алғанда  төбені  тіреп, есікке  симайтындай көрінді.  Құлақшынның  бауын  тамағының  астынан  байлап  жатып, бұған көз  қиығымен  қарап

– Ұзынтұра, – деді, бүгін  Әуестің  қолы  тимегеніне  құдай  де,  келесіде  мені  айналып  жүр.  Жанжігіт  үндемеді... Қараңғы түсе  жағада  ызғырық  қатая  бастағанда,  екі  жігіт  бүгінгі  шығарған  матыларын  текшеге  жиды  да  қосқа  кірген-ді.  Самай  сарқамысты  өртеп  жағып, аядай  екі бөлмені  жып-жылы  ғып  қойыпты.

– Ал, қолдарыңды  шайып  отыра  қалыңдар,   сырбазға  бір  бүйірден  тиіп  берейік, бұйырса.

 –  Дауысың  ажарлы,  ауың  майлы  болған-ау  бүгін,  сырбаз  жегізбек  болғаныңа  қарағанда,  Доске  ризалығын  сабырмен  білдіріп.

–  Осы  Самаштың   арқасы   ғой  біздің  кісі   қатарында   жүргеніміз. Совхоздың   қойын  білмеймін,  екеуімізді  қыстан  күйлі  шығарар  амандық  болса  бұл  ерің – деп  Жанжігіт те  қостап  жатыр  мына  жақтан.

 – Әй,  ауыздарыңның  салымы  да, әйтпесе, ауға  жоян  екі  сазанды  мен  ноқталап  қойды  дейсіңдер  ме,  одан  да  тез  отырыңдар  дастарханға. Самайдың күндегісі  осы, жұмыстың  басында  шабылған  қамысты  құшақ-құшақ  тасып,  станокты  айналдыра  жеткілікті  ғып  үйіп  тастайды  да,  қамыс  жағадан  әрірек  құрған  ауын  қарайды,  күнделікті    балығын  алып,  артығын  қарға  көмеді,  «на   черный  день» – дейді  өзі  онысын. Тамақ  дайындау, пешке  от  жағу  да  осының  мойнында.  Өмірі  жағада  өскендіктен  бе, әлде  өзі  икемді  ме, балықты бітеудей  қуыра  ма, қақтай  ма, жоқ   қуырдақ  жасай  ма,  әйтеуір  қолынан  бәрі  келеді.  Бүгінгі  сырбазын да  алдымен  қазанға  суды  аз құйып,  қайнатып, оған  бөлінген  сазандарды  батырып,  бір  бұқтырып  ап,    отты  бәсеңдетіп,  қамыс  жанып  біткенде  қазандық  пештің  табына  сорпасы  сарқылғанша  ұзақ   ұстаған.  Майын  бойына  сіңіріп,  сартап  боп  пісетін  осы  тағамды  жағалау   жұрты «сырбаз» деп  атайды. Кешке  дейін  суық  сорған жігіттер  табаққа  енді  қол  салып, ұсақ  сүйегі  түгі  қалмай  еріп  кеткен  ауызда  үгіліп  тұрған  май  сазанды  көмейлете  бергенде,  Самай бұрыштағы  жүктің  арасынан    жасыл  бөтелкені  суырып  ап,  столға  қойды.

 – Үй,  мынаны  қайдан  таптың?

 – Бүгін  мейрам   жасадың  ғой,  ненің  қуанышы  деп  қосарлана  жарысқан  екеуіне.

–  Тізем  қақсаса  жағайын  деп  тығып  жүр  едім – деп  кемпірдің  дауысына  салып, –  «Особая  московскаяны» ішейік, бағанағылар  сияқты  ащы  «Перцовканы»  сіміре  бермей. Үшеуі  асықпай  отырып  бір жартыны  да,  бір  табақ   сырбазды  да  тауысты,  әңгіме  таусылған  жоқ.

...Әуеспен  бекер  байланыстың  – деді  Доске.  «Прибойдың» күлін  қаңылтыр  құтыға  қағып  отырып.  –  Ол  қиын  адам. Сау  күнінде  одан  кең, одан  ақкөңіл  кісі  жоқ. Ал, аузына  бірдеңе тисе болды  құтырынып  шыға  келеді,  одан кейін  оны  тоқтату  жоқ,  сөзге  сенгіш, бағана  жанындағылар  сені  айтып, «анау ұзын сенімен  айқасам – дейді»  – деп  қалжыңдаған  болып  еді, сол  жетті, саған  ұрынды, сен  де  шақ  ете қалдың,  қайта  бұл  жолы.  Әуесті  не тоқтатқанын  білмеймін, әйтпесе  бір  сойқанның  болары  анық  еді. Тегінде  онымен  байланысып  береке таппайсың...

– Өзі  ғой  бірінші  бастаған, әйтпесе,  нем  бар  алғаш  көріп  отырған  кісіде.Мен бетіне  қарап  сөз  айтқам  жоқ, өздерің естіп отырсыңдар,   Жанжігіт  ақтала  сөйледі.

– Ақталмай-ақ  қой, білеміз Самай сөзді  жалғады. – Пәле  неде  десеңші  одан да, пәле Әуестің  балуандығында,  балуан болғанда  кезінде  Алматыңның  өзіне  дейін барып, жүлде  әкелген пері, үйінде күміс  медаль ілулі  тұр  сонда алған, өзім  көргем. Қазір  енді, әрине, бұрынғыдай  емес, сонда  да  бұл  маңайда  онымен  тіресетін  жаннан  безген  ақкөз  жоқ,  бүгінде.

 – Ал, сонда  менде  несі  бар?

– Как  несі  бар,  сен  қызықсың-ей,  Киікбайды  жықтың  ба,  Бекқазыны  жықтың  ба,  ел  «күрес» – дегенде  Шәймұрат  саған  қарсы  шықпай  қойды  ма, ЗИЛ-дың моторын  жалғыз  салдың  ба, осы  аз  дейсің  бе бағанағы  сияқтылар  осыны  Әуеске  жеткізбеді  дейсің бе?   – Сонда  маған  не  қылмадың  дейді?

– Түүһ, мынау  менің  миымды  шоқып  бітірді  ғой, әбден. – Самай  құрдасы Жанжігітке  қашанда  еркін  сөйлейтін әдетімен.  Енді  сенімен  күреспеген  кім  қалды,  әһә,  сол қалды, иә,  Әуес, енді  жетті  ме,  өй,  сенің  анау  төбені  тіреген  басыңа  жеткенше  қайда  – деп  қолын  түңіле  сілкіген  Самайдың  қылығына  үшеуі  де  күлді.

– Жарайды, жігіттер,  дем  алайық деген Доскенің  сөзінен  кейін  ұйықтауға  жатқанымен,  Жанжігіттен  ұйқы  қашты. Көз  алдынан  бүгінгі  уақиғалар  өте берді. Әуестің  бағанағы  түрі елестеді  есіне  Бекқазының  қылығы  түскенде,  күлкісі  келді... Бұған  бригадир  Қапар  көмір  түсіріп  алуға  трактор  берген,  содан  Жанақтың  жанына  сығылысып  отырып  Құйғанға  келсе, біраз көлік  кезекте  тұр  екен. Бұл  да  көмір босататын  арық  сары  кісіге  қағаз  жаздырып  алған соң,  кезектің аяғына  тракторын қойғызып,  өзі  шеткерірек  шығып  аяқ-қолының  сірескенін  жазып  жүрген.

 –  Жігітім, – деп  артынан  біреу  гүр еткенде,  селк  етіп  жалт  қарады.  Қойманың  қоршауының  ортасындағы  үйшіктің шалқасынан  ашық терезесінен  біреу  жасыл  фуражкалы  басын  шығарып,  қол  бұлғайды. Бұл  жақындап кеп  сәлем  бергенде, ол  басымен  есікті  нұсқап:

 –  Заходи – деген, бүйірдегі аласа  есіктен  бүктетіліп  әрең  кірген  бұған  орнынан  тұрды  да, – Бекқазы, проще  Бека – деп  қолын  ұсынды. Жанжігіт  енді  байқады, мына  адамның  пошымы  бөлек  екен,  бойы  қанша  болса,  ені  сонша  сияқты, жап-жалпақ, жұп-жұмыр,  тұтасып  жатқан  бір  алып  дене, сөзі  де,  қылығы  да  елден  ерек.

 – Как  зовут, атың  кім ? –  орысша-қазақша  сұрап  алды да, значит, Жако... Слушай, Жако, денең  бар  екен,  уважаю,  менімен  күресіп  байқасаң  қайтеді, обещаю, борьба  будет  честной  –  деп  маңдайында  екі  балға  айқастырылған  жапсырма  темірі  бар  жасыл  фуражкасын  шешіп  столға  қойды.  Жанжігіт  енді  байқады,  мына  дәудің  басы  да  денесіне  сай  қазандай  екен, мойын  жоқ, иыққа  қондыра  салғандай   дөңгелек   жалпақ  бетте  екі  қысық   көзден  басқаның  бәрі  молынан  пішілген. Жанжігітке  жас  мөлшері  қырыққа   таяп  қалған  бұл  жігіт  ағасы  ұнады.

–  Ну  что,  решайся,  көрейік  айқасып  –   деді қайтадан Бекқазы  мұның  үндемегенін  келіспегенге  балап.

 – Мен  көмірге  кеп   отырмын  ғой , күрескелі  емес,  Жанжігіт  шын  қысылды.

 – За   уголь  не  беспокойся,  ылғи  кесегін  тиетіп  берем,  Бека   словами  не  бросается,  любойдан  сұра.  «Жакоға»  шегінер  жер  қалмады.

 –  Қайда  күресеміз?

–  Вот  это –  правильный  базар,  маған  жүректі  жігіттер  ұнайды,  кеттік. Алға  түсіп  ап  тарта  берді.  Жалпақтығынан   ба,  жалғыз  жүргенде  аласа  сияқты  көрінеді  екен. Көмір  қоймасының  алдында  бір  топ  кісі  тұрған,  әлгілерге:

 –  Бәрің  жүріңдер,  біз  Жако  екеуіміз  күресеміз,  сендер  болеть  етесіңдер – деп  гүжілдеп  еді, кезек  тосып  тұрғаны  бар,  ерігіп  әңгіме  іздеп  тұрғаны  бар, бір  топ  кісі  бері  қарай  дуылдай  ошарылды.  Бекқазы   қоршауды бойлай біраз  жүріп  кеп, кең  құмдауыт  алаңқайға  тоқтады,  Жанжігітке  алаңқайды  қолымен  нұсқап.

– Вот  наше  поле  брани,  то  есть,  майдан  даласы –  деп  қарқылдап  күлді  де,  қоршау  бағанының  түбінде  жатқан  ескі  темір  астауды  аударып,  астынан  бір түйіншек  суырды.  Жазып  еді, онысы  ұзын  енсіз  сұрып  екен.

–  Бұл – біздің  экипировка,  мә,  тақ –  біреуін  бұған  лақтырды  да, енді  біреуін  шиыршықтап  ап беліне  байлай  бастады.  Жанжігіт  Бекқазының  сабырына  таң  қалды.  Өзі, өзі  ғана емес  талайды  байқап  жүр,  күреске  түсерде  сыртқа  білдірмеуге  тырысқанымен, қобалжиды,  тіпті, күресті тамашалауда  да,  ширығады,  мынада  соның  бірі  жоқ, алғашқы  көрген  қалпы.  Ортаға  шықты да  жанына  келген  бұған.

– Поястан  ұстаймыз, сонсоң  начнем  – деді  сол  гүжілдеген  қалпы.  Жанжігіт  ширығып,  өзінің  машығы – оң қолды  іштен, сол қолды  Беканың  жауырынынан  асырып  белден  салды,  Бекқазы  екі  бүйірден  ұстады. Екеуі  де бір  сәтте  сіресе  қалды.  Жанжігіт  сол  жағына  бұрыла  беріп, бар күшті  беліне  сап,  екі  қолмен  шірене  жоғары  тартты,  ол  осылай  тартқанда  талайдың  аяғы  жерден  көтеріліп, тіпті  көтерілмегенде  де табанынан  бүр  кетіп қалатын  да  бұл  сол  аяқпен  тобықтан  қағып, оң  бүйіріне  ауа  берген  қарсыласын  жұлқа демеп  жіберіп  шалқасынан  түсіретін. Ол  тіпті  сонау  бала  жігіт күнінде  арғы  бетте  Бұланбай  балуаннан  үйренген  кәнігі  әдісі  еді... Бірақ, Бекқазы  екі  аяғынан жерге  көміп  қойғандай  қозғалмады, қозғалғаның  не, өз кезегінде  Жанжігітті  жерден  жұлып  ала  жаздады,  жұлып  та  алар  еді, бұны бойының  Бекқазыдан  әлдеқайда  ұзындығы  сақтап  қалды. Оның  дертедей  аяқтары  жер сызғанымен,  Бека  әдіске сала  алмады. Екеуі  де  бірін-бірі   аңдумен  біраз  жүрді. Жанжігіт  қолын  белбеуді  саумалап  жүріп  қарсыласының  бүйіріне  сырғытып  алды.  Бекқазының   әдісі  шамалы  сияқты,  шабуылдайтын  түрі  көрінбейді. Жанжігіт  тағы  жұлқи  тартып  сол  жамбасқа  алды,  Бекқазы  оң жағына  бар салмағын аударып  сіресе  қалды, Жанжігіт  шалт  айналып  оң жамбасқа  алды,  бұл – жалған  қимыл  еді, Бекқазы   сеніп қап  сол жағына  ауа  бергенде  Жанжігіт  те  бұл жолы  солға   жалт  етіп,  оң  аяқпен  тобықтан  қағып  үлгерді. Теңдігін  жоғалтып  алған  Бекқазы  қырындап  құлай  берді, Жанжігіт оның  оң  иығын  басып  үлгерді.  Екеуі  ұстасқан  күйі  құлады, бірақ Бека  жауырынымен  түскен  еді... Жанжігіт  күрескенде  айналаны  ұмытып  кететін-ді. Бұл  жолы  да  у- шу  боп  тұрған  он  шақты  адамды  жаңа  көргендей  таңдана  қарап  түрегелді, Бекқазыға  қолын  беріп  тартып  тұрғызды,  ол  мұны  құшақтап

 –  Молодец!  –  деп  ентіге  гүжілдеді, сөйтті  де  екі  иінінен  дем  алып  тұрған  мұның  оң  қолын  көтеріп,  жиналғандарға  бұрылып. – Победил  сильнейший  –  деп  айғайлады. Жұрт  дуылдасып  тарай бастады,  Бекқазы  бұған:

 –  Пошли  –  деді  де  етектегі  тау  боп  үйілген  көмірді  бір  шетінен  кеулей  тиеп  жатқан  шағын  экскаваторға  жақындап, қол  бұлғады, Жас орыстың  жігіті  трактордан  секіріп  түсіп  бұлардың  жанына  келді.

–  Ванек, вон  МТЗ эшку  видишь  – деді  Бекқазы  Жанақтың  тракторын  нұсқап  –  оформишь  его  по-нашенски.

 –  Понял,  дядь  Бека – жігіт  тракторына бұрылды.

 – Кеттік  – Бекқазы  енді  қатар-қатар  тізілген  ұзын қоймаларға  беттеді. Шеткі  қоймада  төбеге  дейін  тіреп  жем  бе,  тұз  ба  қап жинапты.

– Қазір  күш  сынасамыз – деді  де, Бекқазы  қойманың  арғы  түкпіріне  қарай  Санат  –  деп  айғайлап  еді.

–  Мен  мұндамын  –  арт  жақтан  біреу  тасыр-тұсыр  асыға  жетті.

– Ой-б-о-о-йй,  екі  алыптың   айқасын  көріп  ес  жия  алмай...  Тура  жер  солқылдады  ғой  тіпті... Мұны  көрген  де  арманда,  көрмеген  де  арманда...

–  Санат, бізге  тяга  дайында,  смотри,  өзің  судить етесің.

– Ләппәй,  тақсыр,  Санат  қуанып  кетті.  Айн  момент.  Жанжігіт  әлі  ештеңе  ұға  қойған  жоқ.  Санат  арғы  бір  қуыстан  істік  темірге  текшелеп  тізілген  көп  кірдің  тасын  алып  келді.

–  Нешеден  бастаймыз – деді  Бекқазыға.

 –  Үш  жүз.   Санат  бұрыштағы  үлкен  таразыға  әлгі  тастардың  бірнешеуін  іліп  жіберді  де.

  – Бастаңдар  –  деді  әмірлі  үнмен... Бекқазы  таразының  үстіне  малдас  құрып  отырды  да,  екі  шетіндегі  тұтқадан  шірене  тартты. Жанжігіт  байқап  тұр, таразының  астыңғы  жақтауда  тігінен жатқан  жалпақ  ұзын  тілі  сарт  етіп  төбеге  тиді  де  қайта  құлап  түсті.

–  Вес  взят –  деп  хабарлады   Санат  салтанатпен: –  Следующий  на  помост. Бекқазының  орнына  Жанжігіт отырды,  енді  байқады  таразының  ортасы  қозғалмалы  төртбұрыш  темір екен, тұтқадан  тартқанда  ол төмен түсіп, тілді көтереді  екен.  –  Салмақ  – бұрынғы, үш  жүз  килограмм  Санат  саңқылдап  тұр. Жанжігіт  те  таразы  тілін  төбеге  тигізді.  Екеуі  осылай  кезек  тартып  салмақты  төрт  жүзге  жеткізді. Жанжігіт  жаңа  ұға  бастады,  мына  ойын  бастабында  қарапайым   көрінгенімен, бұған  да  тәсіл  керек  екен,  алдымен  арқаны  түзу  ұстап,  қолды  шынтақтан  бүкпеу қажет, тартқан  кезде  салмақты  денеге  тең  бөлуге  тырыспақ  керек екен. –  Тағы  елу  қос  –  деді  Бекқазы  кезекті  салмаққа  отырып жатып.  –  Вес  рекордный –  деп  хабарлады  Санат. Жанжігіт  Бекқазының  таразымен  тұтас  құйылғандай  пошымына  қарадай  қызықты. Бекқазы   жалпақ   жауырынын  жазып, кең  иығын  шалқайта  ұстап, созыла  тартты, қысқа  жуан  мойнының  тамырлары  баланың  саусағындай  боп  білеуленіп  шыға  келді, ақсары  жүзі  күреңітіп кетті.  Таразы  тілі  сәл көтеріліп  екі  жаққа болмашы теңселіп  тоқтай қалды да, бір сәтте  шапшаң  жылжып төбе  темірге  сарт  етті.  Қанша  барын  салғанымен  Жанжігіт  бұл  салмақты  тарта  алмады. Ол  Бекқазының  дүлей  күшіне, соған  лайық  ер  мінезіне  риза  болғаны  сонша,  қайта-қайта  құшақтап  арқасынан  қаға  берді...

       ...Күзде  үйге  от  жаға  бастағанда   әйелі  айтты: – биылғы   әкелген  көмірің  керемет, алдында   білмей  бұрынғыша  бір  шелекті  бір-ақ  салып  ем,  плитаны  айырып  жіберді, қазір  жарты  шелек  салсам  болды, қызуы  таң  атқанша  кетпейді – деп...

Содан  бері  үш-төрт  жыл  өткенімен,  Бекқазы  баяғы  қалпы.  Бұл  жылына  бір  рет  көмірге  барады,  ол  гүжілдей  қуанып,  құшақтай  қарсы  алады. Содан  маңындағыларға.  –  Бұл  –  Жако,  менің   досым,  өте  мықты  жігіт,  бір  рет  даже  мені  жыққан.  Один  раз  даже  самого  меня  сборол – деп  қазақша-орысша таныстырады.  Жұрттың  талайы  ол  күресті  өз  көздерімен  көргенінде, әйтпесе  жыл  сайын  неше  естігенінде  шаруасы  жоқ. Бұның  көлігін  таңдап  тиелген  жылтыр  кесек  көмірге  сірестіріп  береді,  болды. Содан  кейін... тағы  бір  бейтаныс  біреуге  « ...менімен  күресіп  байқасаң  қайтеді»... Сол  баяғы  әдет.  Жанжігіт  Бекқазының  осынысын  ұқпайды. Мұның  түсінігінде  күрес-өнер.  Оны  тіпті  арғы  бетте  жүрген  балаң  жігіт  күнінен  Бұланбай  ағасы  санасына  сіңірген.  Бұл  білгенде  «аттың  арқасы  кетеді» – деп ылғи  арбамен  жүретін.  Бұланбай  күресті  қойған  кезі. Бірақ, заманында  аты  Үрімші  аймағына  дүркіреген   алып  балуанды  білетін  сыйластары  көп  еді,  күреске  қызығатын  жастар  пір  тұтатын.  Жанжігіттің  содан  құлағында  қалғаны  «... Күрес  өнер  болмаса,  Шәуешек  пен  Үрімшінің  арасына  Қожыке  домбырашы  мен   Рәт  балуанның  аты  неге  қатар  жайылды.  Ол Алла  бойға  дарытқан  қандай  да  бір  қасиетті  ұстай  білгеннен, ұстай  білмегендердің   соры  қайнайды. Күштіге  күші  асқан  қайтсе  де  бір  жолығады,  өмірі  жығылмаған  жан  болмайды,  сондықтан  беттерің  жүріп  тұрғанда   төстеріңді  ұрмаңдар, намыс сыналатын  жерде  ғана  күшейіңдер, ол –  күресті  сыйлағандарың... »  Ағаның    сөзін  Жанжігіт  осы  күнге  дейін   ұстануға  тырысып  келеді.  Ал,  Бекқазынікі  басқа. Күреске  жақын  жүргендіктен,  Жанжігіттің  де  құлағы  балуандар  туралы  әңгімеге  түрік  жүреді, сонда  білгені  –  Бекқазының  осы  толайым  сауда  қоймасынан  тысқары  шығып  басқа  жерде  бір күрескенін  ешкім  көрмепті  де  естімепті. Соған  қарап  оны   жүрексіз  не  жалған  атаққа  құмар  деуге  болмайды,  міне,  Жанжігіттен    бір    жығылғанын  неше  жыл  өзі  елге  жайып  келеді.  Қорқу, жасқану  дегенді  мүлде  білмейді,  күш  керемет,  әдістен  де  кенде  емес. Бұл  шындаса   талайды  шайлықтырары   анық,  ал,  істеп  отырғаны-әлгі,  тек  орталық   қойманың   ноқталы  балуанындай,  осында  ісі  түсіп  келгендерден  өзіне  қарсылас  іздейді.  Жанжігіт бір  рет  осыны  Бекқазыдан  сұрағанда,   ол: –   Борьба  для  меня  –  самоутверждение  –  деп  қарқ-қарқ  еткен.  Жанжігіт  бұл  кезде  орысша  біраз  үйренгендей   боп  қалған,  сөзін  мөлшермен  түсінді, мәнін  ұқпады.  Ал, Әуестің   жөні   бөлек,  Әуес  күрес  үшін  туған  жан.  Алғашқы  көргенде  шәлкем-шалыс  келген  екеуі  кейін  өзара  түсінісіп,  ағалы-бауыр  болып  кеткен  сыңайлы. Бұларды  ең  алдымен  жақындастырған – екеуінің  де  күреске  деген  адалдығы  мен  құрметі. Одан  кейін,  Әуестің  ылғи  да  кесек  турайтын  ер  мінезі  мен  Жанжігіттің  үлкеннің  алдын  кеспейтін  кішіпейілдігі. – Бауырым,  –  деген  Әуес  бір  жолыққанда –  екеуіміз  көрген  жерде  жалпылдап  алыса  кетпейік,  былай  келіселік,  келесі  жазда  ауданда бәйгеден  бастап  жаяу  жарысқа  дейін  нетүрлі   сайыс  өтеді  екен,  бұл  бірталай  болды  тоқтап  қалған,  енді  қайта  жаңғыртпақ, сонда  белдеселік, ақырғы  бәсекеге  ден  сау  болса  екеуіміз  шығармыз-ақ,  бұл  бөскен  емес,  шындығы  сол,  соған  дайын  бол.  Кім  жеңсе  де  күшті  жеңеді, күрес  жеңеді, ешқайсымызда  өкпе  болмасын.  Ал,  жарысқа  кіруді  маған  таста,  өзім  жөндеймін.  Жанжігіт  үнсіз  келіскен. Содан  бері  әркімнен  сұрастырып  білгені –  орасан  күшті  Әуестің  басты екі  әдісі  бар, – бірі   қарсыласын  жерден  жұла  көтерген  бетте  үйіріп  әкетіп,  жамбасқа  салып  ұру, екіншісі – кеудеден асыра  қондырып  ап, шалқалай  беріп,  бүйірге  құлау. Дұрысы,  бұл  әдістерге  түсіп  қалмаудың  амалын  ойлау,  әйтпегенде,  қарсы  әдіс  жасау,  әй,  қайдам...  Міне  бұл  Әуестің   сау  кездегісі,  ал,  ішіп  алғандағысын  құдай  басқа  бермесін...  Ең  ғажабы,  мұны  оның  өзі  де  біледі  екен,  біле  тұрып   өзіме  ие  бола  алмаймын,  артынан  өкінгенің  неге  сеп  –  деп  отырып,  бір  әңгіме  айтқан:

–  Жақын  інім  үйленетін  болып,  келінді  алып  келуге   бас  құда   боп  бардым  көрші  ауданның  бір  ауылына деген.  –  Ол  жақта  да   біздегі  сияқты, тойдың  алдында  құдаларды   жеке  күтеді  екен.  Біз –  екі  құда, екі  құдағи,  олар – жеті-сегіз  кісі, дастархан  басында  алғашқы  таныстықтағы  сыпайылықты  сақтап  отырғамыз,  таныстық  үшін бір-екі  көтергеніміз  болмаса, әңгіме де  әлі  мал- бастан    аспаған.  Төрдегі  менің  жанымда,  малдас  құрып   отырғанда тура  төбедей   құж  қара  жайғасқан  болатын.            Әлгі   бұрыннан  қызу  ма, жоқ, әдейі  істеп  отыр  ма,  өзуреп мені  жекелеп  іш  те,  іштің  астына  ала  бастады.  Өзің  білесің  ғой, ағаңның  ішуден  қайтпайтынын, бірақ, осы жолы  мына  дәумен  ішуден  тартындым. Бір  жағынан  құда боп  отырмын, екінші  мына  дәудің маған  өктемдік  жүргізе  бастағаны  ұнамады.  – Әй,  мына  сват  азырқанып  отыр ғой,  әкеліңдер  сипаманы  – деп  әмір  етті  құж  қара, байқаймын, басқалар  бұдан  ығатын  сияқты, әлде  бір  шатақ  шығып  кете  ме  дей ме, ешкім  мұны  тізгінінен  тартатын  сыңайы  жоқ. Үй  иесі – бауыздау  құдамыз  басталмаған  бір  бөтелке  мен  қырлы  стақанды әкеп  қойды.  Жаңағы  дәу  бөтелкені  түбінен  бір  ұрып тығынын  атқытты  да  стақанды  шіпілдетіп  толтырды, сөйтті  де  алақанымен  ыдыстың  бетін  бір  сипап  маған  ұсынды. Менің  шыдамым   осыған  ғана   жетті.  –  Мен  ешкімнің  сілекейі  мен  шуашын  ішіп  көргем  жоқ, ішпеймін   –  дедім  тіке  қарап.  Бас құдағи – өзімнің  жақын  апайым   ақырын  бүйірімнен  нұқыды.  – Онда...  Менің  атым  –  Тасқара, боп  жүрмеңіз  масқара.  Әкел  тағы  бір  стақанды  оған  да  толтырып  құйды  да – ал,  менен қалыспай  ішесің – деп  өзі сипаған ыдысты  көмекейіне   құя  салды,  мен  де  сөйттім. – Құда, – деді  Тасқара   содан  кейін.  – Мойның  жуан  екен,  жұлып  алайын  ба?  –  Сіздерден  адам  алып  отырып  бір  тұтам  мойынды  аясам  кім  болғаным, жұл  да  ала  бер.  Ол  тізерлеп  тұрып  ап  менің  басымды  алай  бұрады,  былай  бұрады,  ештеңе  шығара  алмай  орнына  отырғанда,  – Құда,  енді  кезек  менікі  шығар,  бірақ,  мен  сен  құсап  дастарханды  ойрандамаймын,  жүр  далаға,  нені  қалай  жұлуды  көрсетейін  саған – дедім. – Сап, сап,  құда,  мөлшерлеген  жерімнен  шықтың,  Әуес  балуан  боларсың, сірә ?  –  Тасқара  енді  басқаша  сөйледі –  жаңа  құрыштай  мойыныңнан  байқап  едім... Қойшы, содан  бәрі  жақсы  боп  келінді  алып  қайттық  қой. Ал,  мен  сол  қылығым  үшін  кейін  кірерге  тесік  таппадым  ғой, шыным  осы,  бауырым,  жердің тесігі  болса,  ойланбай-ақ  кіріп  кетер едім, біреудің  әрекесіне  еріп,  туған  құдамның  дастарханын    таптап, қызығын ойрандай  жаздадым  ғой  шынында. Осыдан кейін  ел сыртымнан  «әумесер  Әуес»  десе  қай  бетіммен,  кімге  ренжігендеймін. Жанжігіт-ау, бұл  ит мінез  бен  ит  арақ  қосылып  ап, жаман  ағаңды  талай  жауырыннан  түсірді ғой – деп зорлана  күлген  болды. Ылғи  да  көптің алдында  айдыны  биік  Әуестің  сонша  күйзеліп,  шын  таусылғанын  бұл  бірінші  рет  көрген  сол  жолы. Осындай  торығуды  өткен  күзде  Байтоқ  ағасынан да  байқаған...  Тағы  да  Самай  екеуі  Жанақтың  тракторының  тіркемесіне  совхоздың  ұрасынан  толтырып  отырып  сәбіз  тиеп  бөлімшенің  саулық  отарларын аралауға  шыққан.  Сәбіз –  күйекке  түсетін  қошқарлар  үшін. Жанақтың  қасына  жолдағы  бір  қойшының  интернаттағы  баласы  үйіне  қайтып  барады  екен, сол отырды  да,  бұл  екеуі  тіркемедегі  сәбіздің  үстіне  жайғасты.  Күздің  қара  суығы,  жол  ұзақ,  жамбастарына   мұздай  сәбіз  батып,  берекелері  бек  кеткен  соң,  Самай  айғайлап  тракторды  тоқтатты. Бала  кабинада  қалып,  Жанақ  дорбасын  ала  түсті.  Үшеуі  тіркемені  ықтап  отырып  көп  айналмай  бағанағы  бірігіп  алған   бір  бөтелкені  тез  тауысты  да  орындарына  жайғасып  сапарды  жалғай  берген. Мотордың  қызуымен  жып-жылы  болған  арақ   ішті  жылытқан  сияқты, бастабында  жүректі  айнытқанымен, бірте-бірте  аяқ-қолға  қан жүгірді.  Жүріс  те бағанағыдай  емес,  жайлы  сияқты...  Бұлар  бірінші –  баланың  әкесі  Сағидолданың  қорасына  түсірді  сәбізді. Ол  қалбалақтап  шайға  шақырды.  Бір  бөтелкесін  құйып  баласын  алып  келгендерге  әлінше  сый көрсетті.  Бойы  жылынған  Самай  енді  орныға  бастап  еді,  Жанақ  асықтырып отырғызбады.  Бұларға  сәбізді  үш  отарға  бөлу  тапсырылған.  Соңғы  бөлікті  осында келгелі  бері  үлкен  ұлы  Биғалиды  көмекші ғып  бір  отар саулық  бағып  отырған  Байтоқ   ақсақалға  түсірді. Содан  кейін  ақсақалдың  шақыруымен  Биғалидың  келіншегі  жасап  қойған  дастарханға  отырды. Аздап  картоп  қосып  етін  мол  ғып  қуырған  майлы  қуырдақ  күні  бойы  суық  сорған  бұларға  бап  болды.  Ар  жағына  ел  қонған  Самай  өздерімен  шамалас  Биғалиға   ымдап  еді,  ол  ақырын  басын  шайқады.  –  Дәм   алыңдар,  балалар,  жол ұзақ,  жеткенше  тоңасыңдар  –  деді  Байтоқ   ақсақал.  Үшеуі  рахмет  айтып  дастарханнан   кері  ысырылды. Ылғи  да  байыз  таппай  бірдеңе істеп  жүретін  Жанақ   жарықта   фарды  қарап  алайын  деп  киініп,  Самайға   сен  де  жүр  деді.  Солярка  құйып  алмақ  болып  Биғали  да  ере  шықты.  Қозғала  берген  Жанжігітке  Байтоқ   қал дегендей  басын  изеді.  – Аналар   асыға  қоймас  енді, жаңа  Самайдың  ымдағанын  мен  байқамады  дейсің  бе,  бері  отыр. Бұл  жақта  осы  күнге дейін  мен    ұқпаған бір  нәрсе,  бас-жамбас  тартсаң  да,  әлгі  аты  өшкірдің  бір  бөтелкесі   тұрмаса  дастарханың  кемшін  боп  тұрады  екен.  Жаңа  жаныңдағылардың  қоңылтақсып  отырғанын  сездім...  Біздің  ұл  да  құрдастарының  алдында   қипақтап  отырды. Менен  батпайды,  әйтпесе...  Жастарды  қойшы,  той-томалақта   кемпір-сампыр  біткен  «осы  үйдің  қызығында  неге  ішпейсің, әлде  ішкің  келмей  ме?»  – деп  кеу-кеулегенде  қайда  барарыңды  білмейсің. Өздерінің  ең  жақсы  мәтелі  –  «Шошқаға  да  бір  мейрам...» Не  шаруаның  бәрі   бір  жартысыз  шешілмейді, не  бір қызық   «жуылмаса»  сәні болмайды.  Бұл  қазақтың  басына  ашаршылық  та  түсті,  қуғын-сүргін  де  тамырын  қиды, соғыстың  тауқыметі  бір  басқа,  осының  бәрінен  сүлдерін  сүйретіп  шығып,  енді  аяғына  тұрдым   дегенде,  арақ  деген  індет  жайлай  бастапты  қазір.  Баяғыда   оба  сүзектен  неше  ауыл  бүтіндей  құрып  кеткенін  үлкендер  еске  алып  күйзелуші  еді кей-кейде. Қазір  мынау  заһар  бүкіл  елді  улап  жатыр. Ең  қиыны  әркім  осы  мерезді  өзіне қуана  жұқтырып  отыр  ғой.  Ал, ол  болса  ішке  кіріп  ап  үңгіп  жеп  жатыр-ау,  жеп жатыр. Бұл қалыпта  енді  бір  отыз  жылда  қазақтың  аты  өшіп  бітер  ме  екен, қайтер  екен. Ең  қиыны, жастар  осыны  туғаннан  көреді, осылай  болу  керек  деп  өседі, анада  ауылға  барғанда  көшеде  әлі  қалыптаспаған  дауыстарымен  шарылдап  өлең  айтып келе  жатқан  үш-төрт  қыз  бала  жанымнан  өтті.  Мектепке  бара  қоймаған  шығар әлі, қолтықтасып, көздерін  жұмып  ап  шырқап  келеді, не  айтып келеді  екен  деп  құлақ  салғанымда,  жүрегім  мұздай  болды  ғой  «Стаканы,  бокалы  Қылқылдатып  жұталы»  – деп шұбыртып  келеді  әлгі  балалар.  Ол  шіркіндер  не  айтқанын  өздері  де  ұқпайды  ғой әлі,  бірақ,  тілі  шыққаннан  құлаққа   сіңісті  болғаны  жаңағы  өлеңсымақ  болса, оларға  не  жорық. Міне  сендер  де  кештеу  қосылсаңдар  да   топқа  кіріпсіңдер,  Биғали  мен қасында  отырғаннан  зорға  жүр.  Ол  екеуіңді  қойшы,  көптен  бөлінбейміз  деп  жүрсің дер  ғой  өздеріңше,  ана  Түлекті  айтсаңшы,  басқа  қонған  бақты  басқа  тепкен  емес  пе  мына  қылығы.  Арғы  бетте  жүргенде,  Шәуешекте –  Данаш,  Үрімшіде  осы  Түлек  емес  пе  еді  елдің  аузында  жүрген. Бүгін  Данаш  қайда,  Түлек  қайда.  Менің  Бұланбай  құрдасым  неге  шау  тартқан  шағында  арбамен  ел  аралап,  өздеріңді  күреске  баулыды, осыны  ойладың  ба  сен  бір  уақ.  Рас,  жаңа  орта, жаңа  елге  келдік, қиындығы  көп,  тіпті  сөйлесудің  өзі  қиын. Бұл жақтың  кемпір-шалына   дейін  бірер  орысша  қоспаса,  сөзінде  құн  болмайтындай. Кеңседен  бір  қағаз  алу дегенің бір қиямет, балаларды  орысшаға береді.  Орысшасыз  ертең  нан  сұрап  жей  алмайды  дейді  өздері, оны  естіген  бала  оңа  ма,  көбі  қазірден  қазақша  білмейді,  сонда  ертең  кім  сөйлейді  бізше... Е-ее, қайсы  бірін  айтарсың, әйтеу, сен  сөз  тыңдай  білесің,  содан  кейін  ішті  бір  босатып  алайын  деген  ғой  менікі, жастар  түгіл  тұстастардың  түрі  әлгіндей,  кең  көсіліп,  еркін  әңгімелесудің  өзі  де  арман  болды  бүгінде...  Жанжігіт  ұрланып  Байтоқ   ағасының  жүзіне  қарады,  ағасы  қартайып  кеткендей  көрінді, соған  өзін  кінәлідей  сезініп,  ыңғайсыз  қозғалақтады...  Сыртқа  шыққанда  Самай, немене,  шал  мораль  оқып,  политически  подковать  етіп  мыйыңды  су  қылды  ма,  жарайды, ертеңнен  бастап  түзу   жолға  түсесің,  қазір  мынаны  тартып  жібер,  әйтпесе  үйге  жеткенше  қатып  қаласың  да  сенің  түзелгеніңді  көре  алмай  қаламыз.  Шал  отырғанда  үйде  құя  алмайсың, ренжіме,  алып  қой – деді  Биғали  да.  – Тездет,  жүрелік  – деп  асықтырды  Жанақ. – Бірақ,  байқа, тұншығып  қалма, таза  спирт.   –  Чистый медицинский. Тоқсан  алты  градус. Биғали  угощает  қошқарлардан  жырып, шалға  көрсетпей – деді  Самай. –  У-у-һһ деп  деміңді  резко  шығар  да, аузыңа  құя  сал, ішіңе  барған  соң, деміңді  жайлап  ал,  әйтпесе  шашаласың,  спирттің  техникасы  осындай, үйрен. Жанжігіт  сөйтті  де  қатты  да  қалды.  Не  ары,  не бері  дем  ала алмайды. Бір  уақта  зорға  тыныс алды,  көзінен жас  парлап  қоя  берді, өне  бойын  бір  ыстық   жалын  шарпып  өтті де  бір  рахат  күйге  түсті. – О, молодец,  міне  үйрендің,  енді  менің  тонымды  астыңа  сал  да тележкада  ықтап  жата  бер, мен  кабинаға  отырамын. «Түйенің  үлкені  көпірден  таяқ  жейді»  Тракторға  сыймаған  өзіңнен  көр – Самай  дүр-дүр  етеді. Тоқсан  алты  градус  шынашақтай  бейшараны   буға  айландырып  жіберер  біраздан  кейін  мына  екпініне  қарағанда. ...Жігіттер  тіркемеге  қалың  қып  салған  шөптің  үстінде  алдыңғы  жақтауды  ықтай, Самайдың  шолақ  тонын  жамылған  Жанжігіт  өзін  келердегіден  әлдеқайда  жайлы  орналасқандай  сезінді. Әрине,  жаңағы  «тазаның»  қызуы  және  бар. Өзінің  ашылып  сөйлемейтін,  бірақ, артынан  бар  әңгімені  ойша  қайталап,  іштей  пікір  айтатын  әдетінше,  Байтоқ  ағасының  айтқандарын  еске  алды. Мұның  ойынша,  орысша  сөйлегеннің   несі  айып.  Есесіне  соны  білмегендіктен  қор  боп  жүр  ғой  өздері. Ал,  тілді  шала-шарпы  білгендердің  не  қазақша, не  орысша  емес  сөйлегендері  құртады  ғой  бәрін. Кішкене  балалардың  арақ  туралы  айтқан  өлеңдері,  әрине,  жақсы  емес,  бірақ,  ес  кіре  келе  қояды  өздерінен  өзі,  бәріміздің  де  тіліміз  бәдік  өлеңдермен  шыққан,  қазір  еске  түссе  ұяласың,  тіпті. Ал,  арақ   дегеніңіз  өзі  құйылмайды  ғой  аузыңызға,  осыны  іше  жүріп  елдің  алдына   шығып,  көпке  сөзін  өткізе  алатындарды  да  көріп  жүрміз  ғой,  шаманы  білгенге  бұдан  келген  зиян  шамалы  ма  деймін.  Ал,  Түлектікі,  әрине,  қате.  Үлкен  қателік.  ... Түлек  бұл  жақта   тез  танылды.  Айналасы  әншіні  хан  көтеріп  әкетті.  Ауданға  жұмысқа  алды. Түлек  автоклубпен  жүріп  бар  жерді  аралады,  тыңдағанның  құлақ  құрышын  қандырды.  Өзі  де  құрметтен  кенде  болмады.  Жұрт   сыйлап  құйды,  бұл  жұртты сыйлап ішті.  Сөйтіп  шалқып  жүргенде,   көрші  аудан  «Түлекті  аз  уақытқа  бізге  беріңдер»  – деп  қолқа  сапты  біздің  басшыларға.  Олар  «халық  театры»  атағына  үміткер  екен.  Соған  «Қыз  Жібекте»  Шегенің  әнін  айтатын  лайықты  әнші  таппай  қиналып  отырған   жайлары  бар көрінеді... Бастығы  бұны  Түлекке  жеткізеді, Түлек , әрине,  бірден  келіседі. Сонымен  қойшы, ауданнан, облыстан  өтіп ауылдың  театры  Алматыдан  бір-ақ   шыққан ғой,  онда  лауреат, «халықтық»  деген  атақтарды  олжалайды. Ал,  Түлекке  құда  түсушілер  тіпті  көп  болады. Түлек  солардың  ішінен  «жаңа  оқу  ашып  жатырмыз,  күзге  таман  оқушылар  қабылдаймыз,  сені  өзіміз  шақыртамыз, міндетті  түрде  кел» – деген  ақ  басты  ағаның  ұсынысын  жөн  көріп,  өзі туралы  керек  деректі  түгел  береді, Данашты  іздеген  екен, ол  концертпен  елге  шығып  кетіпті.  Сонымен  елге  абыройлы  оралған  Түлек  бұрынғы  тірлігін  жасап  жүріп  жатады.  Айтылған  шамада   шақырту  да  келеді. Түлек  «Алла, оңғар »  – деп  жолға  шығады.  Содан...  –   Автобуспен  Жаңғызтөбеге   жетіп,  енді  Алматыға  пойызға  билет  сататын  жерді  іздеп  келе  жатыр  едім, «Ойбо-о-й-й, Тү-ү-ле-е-ек»  – деп  біреу  боздап  бас  салмасын  ба?!.  Қапелімде сасып  қап,  сонсоң   бажайлап  қарасам, кім  дейсің  ғой,  өмірі  таппайсың,         Шәйім,  кәдімгі   өзіміздің  ұйғыр  Шәйім  бар  емес  пе,   соның  дәл  өзі.  –   Қойшы-ей,  ол  қайдан  жүр –  деп  Жанжігіт  қуанғаннан  аузына  басқа  сөз  түспей  абдырап  қалған.  Абдырайтын  да  жөні  бар.  Шәйім   бұл екеуінің  бала  күннен  бірге  өскен досы.  Бұлар  бері   өткенде  Шәйімнің  әке-шешесі,  туған-туысқандары  бар  біраз  ұйғыр  жан  басы  арғы  бетте  қалып  қойған.  Үш  дос  жылап  зорға  айрылысқан.   Содан  хабарсыз  жүргенде  Шәйімнің   жолдағы  стансадан  шыға  келуі,  шынында  да  «ашық  күнде  ай  көрдімнің»  кері  болды  Жанжігітке. –  Содан  Шәйім екеуіміз  құшақтасып  ап   ал,  боздап   көріспейміз  бе.  Одан   кейінгісі   өз  алдына    бір  үлкен  әңгіме.  Оны  кейін  асықпай  отырып  айтам  өзіңе.  Қысқасы,   Шәйімдікінде  бір  жұма  жатып,  есімізді  жиған  соң,  мен  Алматыға, ол  мені  шығарып  сап, жұмысына   тартпаймыз  ба...  Содан   Алматыға   жетіп,  әлгі  оқуды  іздеп  тауып  барсам,  емтихан  өтіп  кетіпті,  әлгі  ақбас  аға  мені  ертіп ап,  неше  есікке  кіргенмен,  ештеңе  шығара  алмады,  бәрінде  «уақыт   өтіп кеткен, тәртіпті  бұза  алмаймыз» – деген  бір  сөз.  Ақыры,  әлгі  ағамыз  ыза  боп  өзіме  ұрысты  «не  деген  талапсыз  едің – деді – Алла  саған  осынша  дауыс  бергенде, кішкене  сана  қоса  неге  бермеді  екен – деді. Ал,  ұйғырыңды  тапқан  екенсің, осыдан  қайтар  жолда  барсаң, оған  дейін  оның  Қытайға  қайта  көшіп  кетер  дедің  бе» – деді.  Содан  бір  уақта  «қайран  қазақтың  есіл  өнері, есерлер  қор  қып  құртады-ау  түбі  сені » – деп  шашын  уыстап  жұлып  отырып  қалғанда,  өзім  шошып  кеттім, шал  оқыс  боп кете ме деп. Әлден  уақытта  –  Кандидат  болуға  қалайсың? – деді.   Менің  ұқпағанымды  байқап  түсіндірді. Сөйтсе,  кандидат  сабақты  елмен  бірдей  оқиды  екен,  бірақ, оқушы санатында  жоқ,  стипендия, жатақ   жоқ,  кейін  біреу-міреу  шығып  кетіп  жатса, соның  орнына  кіруі  мүмкін.   Ол   маған  келмейді  екен –дедім. Сонымен,  қайттым  ғой –  деді  Түлек. ...Жанжігіт  не  дерін  білмей  тосылып  қалды. Мұндай  мүмкіндік  бола  ма  енді  қайта,  жоқ  па,  кім  білсін. Түлекке  ыза  болды,  жерден  ап жерге  салғысы  келді, бірақ,  одан  не  өнеді,  жау  кеткен  соң  қылышыңды... –  Енді   автобазадан   шопыр  оқимын – деді.   Түлек  сәлден  соң  – мынау  жұмыс   қол  болмайды  екен  маған.  – Сонда  не  қол  саған  Жанжігіт    осы  жерде  шарт  сынды  –   Оқуға  бардың,  қол  болмады,  жұмысқа  кірдің,  қол  болмады, ертең   бір  ескі  мәшінді  жүргізе  алмай  тағы  қол  болмады  демексің  ғой,  осы  берекетсіздігіңнен  не   таптың   сонда,  айтшы, кәне?!.  Сені   ана жақта   ошарлы  ел   әнші  болады  деп  үміт  етті,  мына   жақта   басқалар  бара  алмайтын   оқуға  жіберіп  асты-үстіңе  түсті,  сен  соның  бәріне  түкіріп,  қол  болмайды  екен   деп  жүрсің.  Неге  әлгі  кісінің  айтқанын тыңдамадың,  неге   кандидат  бол  десе   болмадың.  Бірер  жыл өзің   шыдасаң,  мұнда   үй-ішің   ел  ішінде  бірдеңе  етіп  күн  көрер  еді  ғой. Небір  қиындыққа  төзіп  едің  ғой,  сонда   Алматыда   бір  жыл  оқу  оқып,  арасында  жұмыс  істесең,  жалғыз  басыңды  асырай  алмайтын ба?.. –  Ей-ей,  тоқта,  бәтіреке,  сенің  қолыңа   Түлек  түспей  қор  боп  жүр  екенсің  де,  өмірі  буулы  ауызың   бүгін  ашылып  төгілдің  ғой-ей.  Менің  орнымда  Шәйімді  сен  көрсең  қайтер  едің, ә,  шыныңды  айтшы  қайтер  едің.  –  Түлек  ойламаған  жерден  ұстады, Жанжігіт  тосылып  қалды.  –  Мен  де  сөйтер  едім,   деді  біраз  үнсіз  отырған  соң.  О-о һ,  міне  шыныңды  айттың, Шәйім  де  сөйтер  еді, әйтпесе,  біз  «Үш  дос»  атанбас  едік. Егер  мен  сонда  Шәйімге  қайрылмай  Алматыға  тарта  берсем,  сен  не  дер  едің, ә ?!  Ақылға, есепке  салсаң – сенікі  дұрыс,  менікі  қате,  ал,  көңілге  келсек,  сенікі  қате, менікі  дұрыс.  Сонымен –  итжығыс,  қайта  күресеміз  бе? –  Түлек  жауын  жеңгендей  астамси  күлді,  Жанжігіт  те  еріксіз  жымиды.  –  Ал,  енді  мен  тергейін – деп  Түлек  үдей  түсті –  Баяғыда  бәріміз  күресіп  жүргенде   Бұланбай  ағамыз  сені  неге  ала-бөле  баулыды?  Сен  сонда  сорайған  бойың  мен  шитиген  қол-аяғыңнан  басқа   немен  ерекшелендің?  Сол  кезде  Бұлекең  «балуандық та  мыңда  бірге  қонатын  киелі  өнер,  ұстай  біл» – деп  бәріміздің ішімізден  саған  ғана  айтты. Неге?  Сен  ұстанып жүрсің бе  сол  өсиетті?  Маған  жөн  айтқанда  сондайсың,  өзіңе неге қарамайсың бір  уақ?  Жанжігіт  үндей алмады. Дауласса  уәжі  көп  еді,  бірақ, Түлек  мұның  іші-сыртын  тура  өзіндей  көре  біледі.  Жанжігіт  оның   сөзін  амалсыз мойындады. – Жарайды, жетер,  біраз  шаптық,  енді  тоқтайық – деді. Түлек   оны  жанды  жерінен   ұстаған-ды... Тіркеменің  үстінде  ұзақ жолда   Жанжігіттің  көз алдынан  көп  жайлар  тізбектеліп  өте  берді. Міне, ішінде  Түлек  бар,  Шәйім  бар,  өзі  бар, бір топ  бала  екіге бөлініп  алысып  жатыр.  Ойынның  ережесі – жығылған  ойыннан  шығып  қалады да,  жыққан  өз жағының  алысып  жатқандарына  көмекке  барады, яғни, қарсы жақтың  мықтысына  екеулеп, кейде үшеулеп  жабылуға  болады. Ең  соңғы  қарсылас жығылған  соң,  жеңген жақтың  жеңімпаздарының  саны  анықталады, жыққандар  нешеу болса,  сонша  рет  жеңгендер  өзара  аударыспаққа  шығады,  жеңілгендер  сонша  рет  оларға  «ат»  болады.  Міне,  Жанжігітке  Шәйім  мен  Пітәш  жабылып  ала  алмай  жүр. Түлек  Жұманды  жықты  да   жүгіріп  кеп  Жанжігітің  артына  жата  кетті,  ана  екеуі   жабылып  итергенде,  Жанжігіт  Түлекке  шалынып  құлады. Жанжігіттер  осылай  күйрей  жеңілді.  Жұман,  Пітәш, Шәйім  үш  рет  Жанжігітке  кезек  мініп  аударыспаққа  шықты. Екі  бүйірінен  әрең  дем  алып  тұрған  бес  «аттың» жеңімпаз  бес  батыр  қансорпасын  шығарды... Міне, шағыл  төбенің  басына  қарай  бір  қора  бала  өрмелей  жарыса  жүгіріп  келеді,  міне  олар  екі  қолмен  кезектеп  тас  лақтырып  жүр,  міне,  Бұланбай  ағаларын  айнала  қоршап  әңгіме  тыңдап  отыр.  Балуан  өзі  аралап  келе  жатқан  ауылдардағы  балалардың  қандай  жаңа  ойындар  ойнайтынын, олардың  ережелерін  ұғындырып  отыр... Міне,  бозбала   жігіттер  сүндет  тойда  күресіп  жүр... Міне,  неше  ауылдан  сайдың  тасындай   іріктелген  атпал  жігіттер  наурыздамада   Дөрбілжіңге  жиналып,  ең  мықтыны  анықтауда. Міне, ішінде түйе  балуан   атанған   Жанжігіт  бар, отыз  шақты  жігітке  Бұланбай  төреші  жарысты   қорытып  отыр.  Алдағы  қыркүйекте   құрман  айтта   Үрімші  өңірінің  мықтылары  жиналады  екен,  соған  әзірлікті   бастау  керек,  кім  баратынын  уақыты  келгенде  өзі  айтады.  Одан  озғандар  амандық   болса,  келесі  жазда   Шәуешектің  балуандарымен   белдеседі. «Рәт  балуан   осы  ұлыжіңгір  бәсекеде  озған,  сонда  Қожыке  оған  арнап  күй  шерткен,  менің  кезімде  мұндай  үлкен  сайыс өтпеді,  сәті  түссе, сендер  бақ   сынайсыңдар, қапы  кеттім  демейтіндей  дайындық   керек...».  Бұланбай  балуанның  бұл  жоспары  жүзеге  аспады.  Елдің   ішіндегі   бұлғақ   осы  жазда  тіпті  күшейді  де  күзге  салым   алғашқы  лек  туған  елге  бет  қойды...  Шекара  сәл  уақыт  қана   ашық  тұрды  да   соңынан  тарс  жабылды.  Арғы   бетте    қалған  елден,  ағайын-туғаннан  хабар  алу  шорт  кесілді. Кімнің  қайда  екенін  білмей  пұшайман  болған  бұлар.  Сөйтіп  жүргенде...  Ертістің  суын  тағы  көтерген,  мидай   жазықта   көз  жетпейтін  алапты  түгел   қаптай  су  жайылып  келеді. Бұлар  Мыңшұқырда  шөп  шауып, жарты  айдан  кейін  бір  күндік  демалысқа  ауылға  келе  жатқан.  Алыстан  жарқырап  жатқан  су  ма, сағым   ба,  тіркеменің үстін  лық  толтырып  отырған  шөпшілердің  әңгімесі  де  бағанадан  осы  жайында  еді. Жанжігіт  бұрын  да  естіген,  Ертісті  төменгі  жағынан  бөгеп,  судың  деңгейін  көтерген  де, сол биіктен  құлайтын  судың  күшін  электр  қуатына   айналдырады екен.  Алғашында   осы  қуатты  шақтап  көріп,  соңынан  кезең-кезеңімен  күшейте  бермек.  Суды  бөгер  алдында  жағалау  ауылдарының  бәрін  көшірген,  олардың  дені  Ертістен  аулақтау  иен  жатқан  Байшолақ   жазығына  қоныстанып, осы  өздері  келе  жатқан  жаңа  ауылды   құраған.  Бас-аяғы   төрт-бес   жылдың   шамасында   үш  жүздей  түтіні  бар  жаңа  мекен  бой   көтерген.  Бүгінгі  жайылып  келе  жатқан  су  сол  кезекті  бөгеу  болар.  Бұлар  жайылмаға  жеткенде  амалсыз  тоқтады. Бұрынғы  жолдың  сорабын  су  басып  кеткен,  енді  суды  жағалай  айналмамен  жүру  қалды.  Бағанадан  ашық  күннің  астында,  ашық  тіркеменің  үстінде  трактордың  артқы  дөңгелегінен  үзбей  ұшқан  шаңды  қауып  қажыған  жұрт  трактор  тоқтай  сала  жапатармағай  тіркемеден  абыр-сабыр  түсіп, суға  лап қойды.  Жастаулары  жүгірген  бойда  шешініп,  таяз  суды  шалпылдата  шапқылап, тереңді  іздеп  талай  жерге  кетіп  қалыпты,  үлкендері  жағада  беті-қолдарын  шайып, жалаңаяқ   су  кешіп  бір  ырғап  қалды. Біраздан  кейін  сергіген  жұрт  бірін  бірі  итеріп,  кейбіреуін  жабыла  итеріп  суға  құлата   бастады.  Су  десе  зәресі  ұшатын,  бұған  дейін  бұлақтан  үлкен  су  көрмеген  Жанжігіт  ақырын  сытылып,  арт  жаққа  шықты.  Ондағысы –  ана  Самай, Жанақ  сияқты  жындылардан  қауіптенген түрі. Сөйтіп  сырттай  бақылап  тұрған  бұның  көзіне  анандай  жерде  ары  қарап жеке  тұрған  бейтаныс  біреу,  соған  қарай  баспалап  бара жатқан  Қажыбай  түсті.  Қажыбай  да  арғы  беттен  бірге  келген,  бұдан  жеті-сегіз  жас  үлкендігі бар. Кім  көрінгенмен  айтысып-тартысып,  жасына  қарамай  алысып-жұлысып  жүретін  ашық  жігіт.  Қазір  анау  танымайтын  кісіні  суға  атпақшы-ау  өзінше,  бөтен  адамнан  ыңғайсызданбайды  да,  бұл  ағам.  Жанжігіт  соларға  қарай  жүрді, сөйткенше  болған  жоқ,  Қажыбай  қуана  айғайлап  бейтанысты  артынан  қаусыра  құшақтап  суға  қарай  итере  берген  еді, Жанжігіт  бүйірден  байқап  келеді,  анау  Қажыбайдың  қос  білегінен  шап берді  де  алға жұлқынып  қалып  еді, Қажекең   лоқ  етіп  ананың  арқасына  жабыса  берді, сол-ақ  екен  бейтаныс  оң  табанмен  артындағы  кісіні  тобықтан  ілді  де  оңынан  солға  қарай  бұрала  қалып  еді,  Қажыбай  бұрылыста  аударылған  арбадай  айнала  беріп  төңкеріліп  барып  суға  құлады. Маңайдағылар  шу  етіп,  таяз   суда  ауыр  киіммен  тыпырлай   үйелеп  жатқан  Қажыбайды  қаумалай  мазақтап  қарқ  болды.  Бейтаныс  бері  бұрылғанда  бағанадан  дүдәмәлданып  тұрған  Жанжігіт  – Сартай,  Сары... – деп   ышқына  айғайлағанын  өзі  де  аңдамай  қалды.  Ол  да   бір  сәт  бұған  аңтарыла  қарады  да,  екеуі  қатар  жүгіріп  кеп  құшақтаса  кетті.  Бұл –  Дөрбілжіңде  Жанжігіт  түйе  балуан  атанғанда,  Қабадан  кеп жүлдеге  іліккен  Сартай  балуан  еді...  Екеуі  де   алғашқыда  «Өй,  сен  қайдан,  сен   қайданнан»  аспай  бір-бірін  қуана  сілкілей  берді. Біраздан  соң  қалыпқа  келіп,  жай  сұрасуға  жарады.  Сартай  көрші  ауданда  екен.  Арғы  беттен  бұлардан  кейін  өтіпті.  Бұл  екі  аудан  үш-төрт  жыл  бұрын  қосылып,  биыл  қайта  бөлінген.  Сартайлар  сол  бөлінудегі  ауыс-күйіс  малдарды  алуға  келіпті. Әр  бөлімшеден  тоқты-торым  жиыпты,  бүгін  малдың  басын  толтырып  ауылдарына  бет  алып  бара  жатқан  жайлары   бар.  Жанжігіт  «қонақ   бол»  – деп  жата  жабысса  да,  Сартай  отарларының  үлкен екенін,  серігі  екеуі  ғана  екенін,  әр  жерден  жиылған  жас  малға   бір  адам   ие   бола  алмайтынын  айтып  кешірім  сұрағандай  қинала  келіспеді.  Реті  келгенде  өзі  «келіншегіңмен  біздің  жаққа  келіп  қонақ  болыңдар»  – деп  қиыла  шақырды. Жанжігіт сөз  арасында  «күрес  қалай» – деп  қалды  да, орынсыз  сұрағына   өзі  өкінді,  өйткені,  «күрес  қалды  ғой  бізден,  Бұланбай  ағамыздың  үмітін  ақтай  алмадық» – деген  Сартайдың  жүзінде  үлкен  торығу  бар  еді.  Бір  сәт  орнай  қалған  ауыр  ыңғайсыздықты  мына  жақтан  айғайлай  жеткен  Қажыбай  бұзғанда,   Жанжігіт  іштей  қуанды.  – Ей,  жиен,  нағашыңды  суға  тұншықтырғанда, алмаған   қырық  серкешіңді  кім  төлейді  дедің, ә?  Тым  құрығанда  батып  бара  жатқанда   қол ұшын  бермедің-ау,  жиен  ел  болмас  деген  осы  да – Қажыбай  даурыға  сөйлеп  келіп,  сықса  да  кеппеген  су  киімімен  Сартайды  құшақтап  бетінен  сүйді.   Ол  да   қуана  қауышып –  Артымнан  баспалап кеп  бас салатын  нағашыма   басқа  не  істеймін?..  Есеп  сенікі   дұрыс,  жиеніңді  суға  батырсаң,  қырық  серкештен  құтылам  дегенің  ғой – деп  дауласып  жатыр.  Қажыбай арғы  беттің  амандығын  сұрап, Сартай  өзі  кеткенше  көрген  білгенін  айтып,   үшеуі  тағы біраз  әңгімелескен  соң, құшақтасып  қоштасты.  Тіркеменің  үстінде  Жанжігіт  су жағасында   жалғыз  қалып  бара жатқан  Сартай  көрінбей  кеткенше  ұзақ   қарады,  жүрегі  сазып,  көңілі  құлазыды...

  Қалың   ойдың   құрсауынан   трактор  ауылға   кіргенде   әрең  босаған  Жанжігіт  тіркемеден  сүлеленіп  зорға  түсті.  Суық  сорды  ма,  ой  қажыды  ма,  жоқ,  арақтың  қызуы  бітті  ме  белгісіз...

...Биыл  көктем   ерте  шықты  да  науқандық  қарбалас  әзірліксіз  күрт  басталып  кетті.  Егіншілер  кісісін,  техникасын  жеткізе  алмай  жатқанда,  қой  төлдей  бастап,  бөлімше  басшыларының   бастары  шарадай  болды,  олар,  тиісінше,  өздерінің   бригадирлері  мен  мамандарын  бидайдай  қуырды,  бригадирлер  бірін-бірі  түтіп  жей  жаздады, қол астындағыларына  бүйідей  тиіп,  тасқаяқтай  қағыстырды.  Қашанда  сорлыға  шоқпар  бұрын  тиетіні  белгілі,  зардаптың  үлкенін  әдеттегідей  Жанжігіт  сияқты  «қара  жұмысшылар»  шекті.  Бүгін  трактордың  тіркемелі  соқасында  отырса,  ертең  шөп  тиеп  жатады,  бүрсігүні  жас  төлдерді  бөлетін  шарбақ  таратып  жүреді  қыстауларға, одан  арғы  күні, осылай  жарты  айдай  сандалған  оны,   ақыры,  бөлімшенің  ең  қиырында  отырған  Мақтайдың  отарына   сақманға   жіберіп  тынышталды-ау  бастықтар.  Әлдебір  дуалы  ауыздан  шығып  елге  «Колыма» аты  таралып  кеткен  бұл  қыстау  шалғайлығына   қоса  орталық  жолдан  көп  қиыс  та  еді. Мұнда  жіберілген  жан  жұмыс  толық  бітпей  оралмайтын-ды.  Сонан  да  бастықтарға  «Колымаға»  кісі  жіберу,  жай  адамға  «Колымадан»  қайтып  оралу  азаптың  азабы  болатын.  Жанжігіт  мұнда  келген  күннен  қарбаластың  ішіне  кірді  де кетті.  Күндіз  өрістегі  отардан  туған  қойларды  қозысымен  арбаға   тиеп қыстауға  тасиды,  арасында  іргедегі  маяны  бұзып  туған  саулықтарға  шөп  шашады,  моторды  тамызып,  ұзын  бетон  науаларды  суға  толтырады,  одан  қайтадан  өріске  шабады... Осындай   сүргінмен  жүргенде  бір  күні  Жанақ   «Колымаға»  бір  тіркеме  жем  мен  тұз  әкелді. Оған  қоса  бір  жайсыз  хабар  әкелді. – Әуес  үш  жылға  айдалып  кетіпті. Жанжігітке  төбесінен  жай  түскендей  болды  бұл жаманат.  Есі  шыққаны  сонша,  Жанақтың  сөзін  тыңдамай  «Неге, не  үшін...» – дей  берді  қайта-қайта.  Жанақ  неше  қайталағанда  ұққаны,  жағдай  былай  болыпты...

...Найман  Ақтайлақ  би: «Әр  ауылдың  кемі бір  батыры,  бір  ақыны,  бір төресі, бір  молдасы  болсын. Олардың  шығыны –  ауылдың  есебінен» – деп  кесім  айтқан  дейді.  Бұл сөз  қаншалықты  рас,  оны  бір  Алла   біледі,  бірақ, байқасаңыз  осы  аталған  «тұлғалар»  бүгінге дейін  әр  ауылда  бар  сияқты.  Мысалы, бір  үйге  басқа  жақтан  құда  кеп  түсті  дейік,  әлгі  үй  мәжіліске  міндетті  түрде  сөз  ұстайтын  ауылдың  белгілі   бір  адамын  әдейілеп шақырады. Ол  ұтымды  сөйлеп,  келіссөзді  бастан-аяқ  жүргізуге  міндетті. Бұл  – ауылдың  ақыны  деп  қойыңыз.  Оның  басқа  да  толып  жатқан  міндеттерін  тізуді  уақыт  көтермейді.  Сол  сияқты  төренің де, молда  мен  батырдың  да   өз  орындары  бар. Осындай  бір  ауылдың  қос  «батыры»   шеттен  келер  жау  жоқ,  ауылдастарына   қыспақ   көрсетумен  жүреді  талай  уақыт. Қыспақтың  бас  мақсаты – арақ  алғызу,  одан  кейін  өздерінің  кім  екенін  басқалардың  есіне  ұдайы  салып  отыру.  «Ел  ішінде  бір  тентек ...» –деп  қанша  жауырды  жаба  тоқығанымен,  көпшілік  қажи  бастаған  кезде,  осы  көктемде  ауылға  арық  тазалаушылар  келеді.  Бұлар  өзі – бульдозері, экскаваторы,  скрепері  бар,  сүйретпелі  тұрғын  вагоны  бар  недәуір  қосын  ауылдың   шетіне  жайғасады. Бәрінің  алдында     үйдей  жалғыз  тілді  соқа  сүйреткен   С -  100   деген  алып   трактормен  Әуес  жүреді.  Бас  арықтарды  тазалау   жыл аралатып  ерте көктемде  атқарылатын  ауқымды  шаруа.  Арық  табанының  өсіп  кеткен  қабатын  қыру, арнасын  кеңейту,  жиегін  қомдау  жұмыстары  су  салғанша  бітуі  керек.  Бұл  жақта  егістік  түгел  суармалы  болғандықтан,  мұндай  шараларға  баса  назар  аударылады  ылғида.  Бригада  осы  ауылдан  қарама- қарсы  екі  жаққа  он  шақырымнан  тазалауы  тиіс  екен.  Әуесті  бұл   аймақта  танымайтын  кемде-кем.  Мұнда  да  оны  келген  күннен  кезек-кезек   шайға  шақырады. Екі-үш  үйде  әңгіме  осы  ауылдың  «қос  батырына»  ауып  кетіп  отырады.  Әуес  үндемей  ішіне түйе  береді.  Ақырындап  сұрастырып  бұлардың  ерліктеріне  қанық  болған  соң,   іштеріндегі   жастау  жігітті жұмсап,  әлгі  екеуіне  жұмыс  аяғында  өздерінің  қосынына  келуді  тапсырады.  Бұлар  Әуес  келгелі  бері  тайсақтап,  оның  көзіне  түспеуге  тырысып  жүрген-ді, енді  амалсыз  алдына  баруға  тура  келеді. Бірі  мал  қараған  боп,  бірі  бригадада  бәлендей  шаруасы  болған  сияқты  тағы  төрт-бес  адам   жиналып  қалады  сол  тұсқа.. Әуес  соқаны  ағытып  жатыр екен,  сәлден  кейін   онысын  қалдырып,  тракторымен  бұлардың  қасына  кеп  тоқтап,  өзі  түсіп  бәрімен  қол  беріп  амандасады.  Бригаданың  даладан  оралған  жұмысшылары  алыстан  бақылап жүреді. Әуес   өзі  шақыртқан  екеуге  жақын  кеп  «Үлкендерді   неге  ренжітесіңдер»  –  деп  алғашында  әдеппен  сұрайды.  Ана  екеуі  бір  жағынан  Әуес,  бір  жағынан  ауылдың  кісілері  қарап  тұр,  үндемей  қабақтарының   астынан  сыздана  қарап,  доңайбат  жасап  тұра  береді.  Әуестің  сыпайылығы  осыған  ғана жетеді,  екеуін  жағадан  шап  беріп  ұстайды  да   үйіре  сүйреп   құлашын  жазып  қалғанда,  аналар  оның  қатарына  қалай  келіп  қалғанын  сезбей  де  қалады. Әуес  екі  қолындағы  екеуге  кезек  қарап  алады  да,  жойқын  шапшаңдықпен   ортаға  жұла  тартып   сілкіп  қалғанда,  аналар   бір-біріне баспен  оңбай  соғылады,    дүңк  еткен  сақау дыбыс  шығады.  Көріп  тұрғандардың  біреуі  кейін  айтыпты  «аналардың  мыйы  ауыздарына  түсті-ау  деп  ойладым». Қошқарлар  шегініп  барып-барып, одан  кейін  атыла  шауып  кеп  сүзіскенде  мүйіздерінен  от  шыққандай  болатын  да  едәуір  уақыт  мәңгіп  бастарын  шайқап  тұрып  қалатын  емес  пе,  тура  сөйтіп  тұрған  мына  екеуін  Әуес  желкелеп  күркілдеп  істеп  тұрған  трактордың   артына   апарады  да,  жаңа  ғана   дымқыл  жерге  баттиып  түскен  шынжыр  табанның  ізінің   үстіне    шалқалап  жатуға  бұйырады,  ана  екеуі  шарасыз  бір- біріне  төбелерін  түйістіріп  іздің  үстіне  ұзынынан  ұзақ   жатқан  ғой  аспанға  қарап.  «Өлгілерің  келмесе,  тырп  етпеңдер»  –  деп  шегелеген  Әуес   жылдам    барып  тракторға   отырады.  Сәл   алға  жылжып  барып,  орнында  шырқ  үйірілген  алып трактор  енді  жатқандарға   қарай  селкілдеп  беттейді.   Сол  бетінде   тоқталмастан  әлгілердің  үстінен  өте  бастағанда   қарап  тұрғандар  шыдамай  теріс  айналады.  Қазір  трактордың  астынан  қан- қан,  мылжа-мылжа   денелер  шығатындай  көрінеді.  Әлден  уақытта   шыдамай  бұрылып  қарағандарында   анадай  жерде   күркілдеп  С- 100  тұр,   тырп  етпей   ана  екеуі  жатыр, жүректері  жарылып  кетпесе, аман  сияқты,  соларға  қарай  Әуес  келе  жатыр. ...Ол екеуін  де  жұлып  тұрғызады   да  «Ескерткен  деген  осы, келесіде  менен  жақсылық   күтпеңдер,  енді  жоғалыңдар»  –  дейді, өзі тракторын  соқаны  тіркеуге  апарады.  Ана   екеуі  естерін  жия  алмай  әлі  біраз  делдиіп  тұрып-тұрып,  ақырында   сүлеленіп  ауылға   беттейді,  жиналғандар  да  үнсіз  тарайды.  Бұдан  кейін  оқиға  жедел  өрбиді,  әлгі  екеуі  шамалы  естері  кірген  соң ,  тура  тартып  ауылдық   кеңестің  депутатының  үйіне барады,  депутат- ол  өкімет  адамы,  халықтың  сенген  өкілі,  өз  сайлаушыларының  өтініш-шағымына  немқұрайлы  қарай  алмайды, шұғыл  шешуге  кіріседі, жапа  шегушілерден,  куәлерден  арыз, түсініктерді  алып  ап,  үш  аяқты  мотоциклімен  аудан  орталығына  бір-ақ  тартады,  өйткені,  ауылдық  кеңес – орталықта,  милиция  – орталықта,  бәрі  орталықта.  Қысқасы,  түн  ортасында  қоғамдық  тәртіп  сақшылары  Әуесті  алып  кетеді,  тергеу  де  тез,  сот  та  тез,  өйтпегенде  ше,  барлық, айып  дәлелденген,  айыпкер  өзі де мойындайды,  жәбірленушілер  мен  куәлердің  де  сөздері  дұрыс.  Ендеше,  қылмыскер  жазалануы  тиіс.  Тағылған  айып-совет  азаматтарының   өміріне  қауіп  төндірген. Олардың  моральдық  құқын  аяққа  басқан,  зорлыққа  бағынуға  мәжбүрлеген... Қысқасы,  бас-аяғы  жиырма   шақты   күннен  соң  Әукең   айдалып  кете  барды  ғой сабаз ,  не  дерсің?..

... Жанжігіт  осыдан   кейін  көпке  дейін  өзіне-өзі  келе  алмады.  Күндіз  жұмыста – сүлесоқ, түнде-ұйқысы  жайсыз.  Бір  рет  түсінде  Әуес  мұны  трактормен  таптағалы  келеді.   Бастырылығып  жатқанда  көршісі  жұлқылап  оятып  жіберді. Әуесті   алла   тағала   тумысынан  балуан  ғып  жаратқан  еді,  оның   орны   ауылда  әртүрлі  жұмыс  істеп,  күшін  қайда  жіберерін  білмей  жүру  емес,  үлкен  қалада  күрестің  жолын  қуу  еді,  амал  қанша, ақыры  мынандай  болды, бірі  кем  дүние.  Кім  кінәлі – өзі  ме,  ортасы  ма,  жоқ, мынау  заман  ба ?..  «Асқын  қайрат   бойға  қор»  –  деп  жиі  ескертуші  еді  Бұланбай  ағасы  бұларға,  мүмкін  сондай  сөзі  жүретін  үлкен  болмады  ма   Әуеске,  әйтеуір,  бір  жерден  қиыс  кеткені  анық   және  ол  қисық   бүгін  емес, кеше  емес,  баяғыда  кеткен  сияқты... Осы  шым-шытырық   ойлар  шырмап,  бір  жағынан  Әуес  үшін  еш   қайран  жасай  алмағанына  налып  Жанжігіт  жүнжіп  кетті.  Сырт  қараған   бейтаныс  адамға  осы  ұзын  бойлы,  жалпақ  жауырынды  еңкіштеу  сида  жігіттің  аяғын  сүйреткен  сылбыр  жүрісі,  арбиып  атқа  мінгені,  арбаның  ортасында   төбедей  боп  ұйқылы-ояу  отырғаны  сөлекет  көрінер  еді. Өстіп  жүргенде  сақман  да  аяқталып,  Мақтайдың  үй  ішіне  хош  айтып,  Жанжігіт  «Колымадан» қайтты. Май  мейрамы  да  таяп  қалған...

Үйде  екі-үш  күн  демалғаннан   кейін  бұларды,  Самай, Жәнібек  үшеуін  Ақтұмаға  қырықтыққа  орын  дайындауға  жіберді.  Жайылманың  жағасында  орналасқан  бұл  қыстақта   қыста   бойдақ   қойды  ұстайды  да,  ерте  көктемнен  оларды  қырға  қуады.  Жазда  мұнда  қырықтық   пункті  орналасады.  Бұлардың  жұмысы  қораның  қиын   ойып  шығару,  одан  кейін   кеше  әкеп  төгіп  кеткен  тақтайлардан  ұзыннан  ұзақ   қырқатын  қойды  жатқызатын  сәкі  шегелеу,  қысқасы  шаруа  шаш – етектен.  Осындай  күндердің  бірінде  қыстаққа  ағызып  отырып  ГАЗ-69  келді. Бұл  жақта  неге  екені  белгісіз «Виллис»  деп  атайтын  бұл мәшінмен  совхоз  директоры,  одан  жоғары  басшылар  ғана  жүреді. Бұл  келгендер  де  ауданның  мықтылары  екен.  Жанжігіттің  танығаны – өздерінің  ферма  бастығы, тегі,  мыналарға  шаруашылықты  көрсетіп  жүрген  сияқты,  одан  кейін – Назарбек,  кәдімгі  күрестің  оқуын  бітірген  Назарбек,  екі  жылдан  асып  кетті,  оны  ауылдан  аудан  орталығына  қызметін  өсіріп  алып  кеткен.  Содан  бері  көріп  тұрғаны  осы. Бәрі  Жанжігіттермен  сыпайы  ғана  қол  берісіп  амандасты  да  топталып, ұзындау  келген  қарасұр  жігіт  ағасының, тегі  осылардың  ішіндегі  мықтысы  сол  болуы  керек,  соңынан  ілесіп  жүр. Ол  ананы-мынаны  сұрап,  ферма  басшысының  күйісін  кетіріп  жүр.  Жанжігіттер  қабыршақ  қара  қыйды  үшеулеп  аударып  жатқан,  жұмыстарын  жалғастыра  берді. Бір  кезде  Назарбек  топтан  бөлініп  бері  шықты  да  дауыстап  мұны  шақырды,  өзі  сыртқа  беттеді,  Жанжігіт  те  далаға  ере  шықты.  – Ал,  Жако,   Назарбек  те мұны Бекқазы  сияқты  осылай  атайтын  уақыт  тығыз –  деді қысқа  амандық-саулықтан  кейін.  Ана   кісіге,  ауданның  екінші  хатшысына  өзім  сұранып  еріп  шықтым,  сондағы  шаруам  саған  жолығу,  екі  жұмадан  кейін орталықта   үлкен  күрес  болады,  төрт  ауданның  тек  түйе  балуандары  ғана  қатысатын  осы  жарысқа  екеудің  біреуіне  сені  қостым,  екіншісін  іздестіруім  керек, Әуес болғанда   екеуіңді  шығарар  едім де  еш  қиналмас  едім,  көрдің  бе  жағдайдың  қалай  өзгергенін. Назарбектің  түрінде  бір  өкініш  бар  еді.   Қалған  әңгіме кейін,  жарысты  бастықтарыңа  хабарлаймын, солар  айтады  өзіңе.  Ал, Назарбек  бұны  құшақтап иығынан  қақты да   артына  бұрылып  Самайларға  қолын  көтерді, сөйтті  де жедел  басып,  қорадан  шығып  машинаға  беттеп  бара  жатқан  хатшының  тобына  жетуге  асықты.  Жанжігіт  дел-сал  боп  тұрып  қалды.  Бір жағынан   Назарбектің  өзін  әдейі  іздеп  келгеніне  қуанды,  шынында  Әуес  анандай  болған  соң, бұл  жарыстан  күдерін  үзген-ді,  екінші,  төрт  ауданның  мықтысы  жиылғанда, өзінде  дайындық  жоқ. Бұндайда  Бұланбай  ағасы  бәрін  жиып  ап  қара  жарыс  жасайтын,  жүгіртіп,  тас  көтертіп,  бір-бірімен  алыстырып  арам  терлерін  шығаратын. Содан  кейін  ғана    күреске  салатын.... –  Ей,  немене,  Назарбек  басыңды  дуалап  кетті  ме,  айланба  қойдай  мәңгіріп  тұрасың  ба  осылай  бастықтардың  соңынан  телміріп,  барып   шәй  қоя  бер,  біз  мына  бұрышты  аударып  тастайық  –  Самайдың  айғайынан  селк  етіп  барып  қараса,  күн  түске  тармасып  қалыпты,  Жанжігіт  қосқа  беттеді...  Келесі  жұмада  таңертең  жұмысқа  барғалы  тұрған  жерінен  управ – ферманың  бастығын  бұнда  осылай  атайды  шақыртты.  Управтың  өзін  әдейілеп бір  шақырғаны  осы  болар, әйтпесе,  бригадир бар,  есепші  бар, басқалары  бар  бұйрық  беретін,  бұл  сияқты  «қара  жұмысшылар»  солардың  айтқанымен-ақ   жүре  беретін  де  ферма   бастықтың  алдын,  тек  өздерінің  кейде  ғана  бір  арыз-өтініштеріне  қол  қойғызғанда  болмаса, көрмейтін.  «Тегі  Назарбектен  келген  шығар  бір   дүмпу» – деп  Жанжігіт  кабинетке  жасқана   кірді.  –  Ә-ә,  Балуан  Жәкө,  амансың  ба,  үй-іші  тегіс  сау  ма?  Управ. Орнынан  тұрып  мұның  ұсынған  қолын  алды. – Өзіңді  үкілеп  үлкен  жарысқа  қосайын  деп  шақырдым,  ағаңның  сақалды  басын  ұятқа  қалдырмай  бәрін  қирата  жеңіп  бас жүлдені  бізге  алып  кел,  ауданда  ажарлы  жүрейік.  Өткенде  Назарбек  айтқан  шығар  өзіңе,  онда  сен  бүгін  дем  ал,  моншаға түсіп  деген  сияқты.  Ертең  орталыққа  тарт  та,    Назарбекті  тауып  ал,  қалғанын  сол  шешеді. Ал,  жарыс  біткенше  сені  жұмыстан  босаттым,  қазір  балшықтан  бала  жасай  алмай  отырғанымды  өзің  көріп  жүрсің,  ендеше  осынымды  ақта,  әгәрки  жеңіп  келсең, бір  оклад  премия,  бір қой  берем,  сөзім  сөз.  Ал,  алысқаныңды  алып  жық,  шалып  жық,  қайтсең  де  жық, жолың  болсын,  әумин. – Управ  бетін  сипады  да  қолын  берді,  бұл  «рахмет, рахмет»  –  деп  күңгірлеп оның  қолын  қысты  да  шығып  жүре  берді. Елуден  енді  асқан  осы  кісіні  адамды  жадылайды  деп  сөз  қылатын сыртынан  қол  астындағылар. Өйткені, бұл  кісімен  қандай  қызылкөз  пәле  дегенің  өзі  ұрсыса  алмайтын. Қандай  көрсеткіш   бұның  үстінен  жаза  алмайтын. Не  сыйқыры  барын  ешкім  тап  баса  алмайды, бірақ, бәрі  айтқанына  көнеді, айдағанына жүреді.  Солай  болған  соң  фермасы  да  ауданда  үздіктер  қатарында.  Жанжігіт  сыртқа  шықан  соң  ғана   өзінің  аузының  жігін  ашпағанын  есіне  түсірді, кіргенде  амандасыпты, кетерде  рахмет  депті, басқа  дыбыс  шығармапты. Мүмкін, бұл  кісінің сыйқыры  да  басқаның ойындағысын  тап  басып, одан  бұрын  шешіп  тастайтынында  шығар.  Әйтеуір,  Жанжігіт  Управтан  риза  боп  шықты.  Соғыста   бастан-аяқ   болған, одан  беріде   ауылдың  тірлігін  өгіздей  өрге  тартып  келе  жатқан  бұл  кісінің   өмірден  көргені  көп,  көңілге  түйгені  көп,  мәселе –  соның  бәрін  кәдеге жарата  алғанында  болу   керек.  Оның  өзін  Балуан  Жәкө  дегеніне  күлкісі  келді.  О  баста  Бекқазының  дуалы  аузынан  шыққан  Жако  кейін  өзгеріске  ұшырап  Жәкөге  айналғалы   да  біраз  жыл  болып қалған,  оның  үстіне бұл  ауылда  Жанақ  та  Жәкө,  Жәнібек  те  Жәкө, Жарасбай  да  Жәкө,  бұларды  бір-бірінен  айыру  үшін  Сары,  Қара, Жалақ,  Суайт  Жәкө  деп  ен  тағып қойған. Енді  осыларға   Балуан  Жәкө  ғып   Жанжігітті  қосқан.   Қазір  соны  өзі  алдын  неше  жыл  көрмеген   Управ  айтып  отыр.

Жанжігіт  кіргенде   тар  кабинетті  толтырып   төрт-бес  кесек  жігіт  отыр  екен,  Назарбек  мұны  тосқан  сыңайлы,  бұл  келген соң,  көп  созбай  бәрін  көшенің  қарсы  бетіндегі  екі  қабатты  жаңа  үйге  бастап  алып  барды.  Астыңғы  қабаттағы   биік  те  кең  бөлменің  шетін  ала  еденге  үлкен  кілем  жайылыпты.  Ірілі-ұсақты  жиырма  шақты  бала   соның  үстінде,  аяғында  былғары   мәсі,  үстінде  жаға- жеңінде  ақ  жолағы  бар  көк  жүн  кеудеше  мен  сондай  шалбар  киген  аласа  бойлы  қара  жігіттің  нұсқауымен  неше  түрлі  жаттығулар  жасап  жатыр. Жанжігіттің  көзі  шырадай  жанды,  міне,  балаларды  баулу  деп  осыны  айт,  қандай  жағдайдың  бәрі  жасалған,  неге  күреспеске,  неге  үйренбеске, біздің  кезімізде  болғанда  ғой.   Ойы  шашырап  сан  саққа  жүгірді.  Мына  балаларға  қызығушылық   басым  еді, тіпті  ептеген  қызғаныш  та  оянған  секілді. Қара  жігіт  мойнында    тағулы  ысқырығын  аузына  салып   шырылдатса,  балалар  тоқтай  қалады,  анау ортаға  шығып  бір  қимылдарды  өзі  көрсетеді  де  балалар  қайталайды. Осылай  жалғаса   береді. Назарбек  кілемнің  шетіне  барып  ана  жігітке  бірдеңе  деді,  анау ысқырып  балаларды  тоқтатты  да  жаттығу  аяқталды  деп  еді,  олар  улап-шулап  түкпірдегі  кең  есікке  кіріп  жоғалды.  Назарбек  бұларды  ертіп  бүйірдегі  бөлмеге  кірді  де  кеудені  жалаңаштап,  шалбардың  балағын  тізеге  дейін  түріп, аяқкиімді  шешіп,  шұлықшаң  қалуға   бұйырды.  Қабырғадағы  тұтас  тізілген  шкафтардың  бірінен  үлкен  сөмкені  суырып  алды  да, өзі  қара  жігіттікі  сияқты  мәсі  мен  шалбар  киді, кеудесі  жалаңаш. Бұлар  сайланып  болған соң,  бәрін  ертіп  жаңағы  залға  қайта  шықты  да   қара  жігітке   иек  қақты,  ол  бұлар  бес  жігіт,  Назарбекпен  алтау,  сапқа  тізді  де,  өзі  алдыға  түсіп  жүгіре  жөнелді,  бұлар  ілесті,  осылай  кең  залды  екі- үш  айналғанда- ақ   Жанжігіт  сыр  беріп  қалды,  ол  ғана  емес  Назарбектен  басқалардың  бәрі  деміге  бастады.  Қара  жігіт  бұларды  аяңға  көшіріп,  өзі  ортаға  шықты  да,  қайталаңдар  деп  буындарды  созатын  қимылдарды  көрсете  бастады.  Бұлар  да  келсін-келмесін, әйтеуір,  нобайлап  қайталаған  боп  жүр. Осының  өзін  ауырлап, бұзылған  тыныстарын  қалпына  келтіре  алмай  жүргенде,  бәрін  кілемге  шығарды.  Одан  бәріне,  алдын  ала  дайындап  қойған  болар,  жаға-жеңі  мен  өңірін  неше  қайтара  сырып  кенептен  тіккен шолақ  жең    тізеге  жетпейтін  қысқа  шапан  таратты,  жалпақтығы  екі  елі  жіңішке  белбеуі  бірге  жүр.  Жанжігітке  ең  үлкен  деген  шапанның  өзі   тар  боп  шықты.  –  Әзірге  жарайды,  сонсоң  көреміз – деді  Назарбек.  Қара  жігіт –  аты  Сержан  екен,  бір әдісті  көрсетпек  еді,  оны   керек  емес  деп  тоқтатты,  одан  да   әркім  өзі  білетін  әдістерін  ұштасын,  әйтпесе,  қалған  төрт-бес  күнде  жаңа  ештеңе  үйреніп  үлгермейді – деді. Жігіттер  үш  жұп  боп  біраз  алысты,  соның  өзіне  тоқ  күйінде  шапқан  аттай  демігіп  қалды.  Енді  билікті  Назарбек өзі  қолына  алды.  Жанжігіт  пен  бір  жігітті  ортаға  шақырды,  қалғандарына  бақылатып  қойды, өзі   секундомерге  қарап,  «бір  минут  күресесіңдер,  бастаңдар» – деді. Жанжігіт  өзіне  ұмтылған жігітті  бір  қолымен  қолтықтан,  бір  қолымен  жағадан  ұстай берді  де  жұла  тартып бұрыла  беріп  оң  аяғын алдына  қоя  қойып  еді, жігіт  екпінін  тоқтата  алмаған  күйі  бұның  аяғына  шалынып  омақаса  құлады. «Жиырма  бес  секунд,  таза  жеңіс,  келесі  жұп»  Назарбек  осылай  жұптарды  ауыстырып  отырып  бәрін  бірнеше  рет  күрестірді. Жігіттердің  дені  қалжырап  қалды, Жанжігіттің  бір  байқағаны  бұл  жігіттер   ысылмаған, жай  қызық  үшін  күресе  салатындардан  сияқты. Назарбек  Жанжігіттен  басқасын  қоя  берді. –  Мыналарды  сен  сәл  де  болса   күресетіндей  күйге  түссін  деп шақырдым,  әйтпесе, ішінде  шын  балуан  жоқ  екенін  өзің  де  байқадың.  Ал,  жан-жақтан  келетіндердің  арасында  күрестің  түр-түрімен  шын  айналысқандар  болады. Енді,  ентігіңді  бассаң,  екеуіміз  алысып  көрейік, – деп  кілемнің  ортасына  беттеді.  Жанжігіт  үйреншікті  әдетпен  оң  қолын  алға  соза  берген, кенет  бір терең  шұңқырға  оқыста  түсіп  бара  жатқандай  болды, сәтте  әуеде  айналып  барып  шалқасынан  түсті. Назарбек   мұны  қолынан  тартып  тұрғызды  да   «кел  қайтадан» – деді,  бұл  өзі  де  бір  бұрауға  келмей  жалп  ете  түскеніне  шамырқанып  әрең  тұрған,  тап  берді,  Назарбек  бұның  қолын  қағып  тастады  да ,  артқа  шегініп  кетті,  ентелеп  ұмтылған  Жанжігіттің  оң  бүйіріне  жалт  беріп  шыға  бере  оның  оң қолын  білезігі  мен  мен  иығынан  қос  қолымен  шап беріп  ұстады  да  секріп  аударыла беріп  сол  аяқпен  кеудеден,  оң  аяқпен  қос  қылтадан  ұрғанда,  Жанжігіт  бүктетіліп  барып  тағы    да  жауырынымен  түсті.  Назарбек  бұратыла  сол  жамбастай  құлады.  Жанжігіттің  үшінші  рет  күресуге  зауқы  болмады.   Екеуі  ентіктерін  басып  қабырғадағы  енсіз  ұзын  орындықта  біраз  үнсіз  отырды.  «Қалай  түсіп  қалдым,  мынаның  әдістері  не деген»  –  өзіне  ыза  боп,  қарсыласына  таң  қап  отырған  Жанжігіттің  арқасынан  қаққан  Назарбек: –  Қалай  жығылдым  мынадан – деп  отырсың  ғой, иә, – деп  күлді.  Жанжігіт  те  қысыла  ыржиып. –  Шынында  екі  аяғымның   қалай  көктен  келгенін  ұқпай  қалдым – деді.  Оның  күресті  ұстанғалы  он-он бес  жылдың  көлемінде  бірінші  жығылғаны  болатын.  –  Оған  қиналмай-ақ  қой, мен  саған  бөтен  күрестің  әдісін  жасадым.  Таза  қазақша  күрессек  алдырмайтыныңды  білем  ғой,  ондағым  ертеңгі  жарыста  мен  сияқтылар  болуы  әбден  мүмкін, сен  қапы  қалмасын, сақ жүруді  ұмытпасын  дегенім.  Жанжігіт  қасындағы  Назарбекке  көзінің  қиығын  салды.  Өзінен  әлдеқайда  аласа,  салмағы  да  көп  жеңіл  сияқты,  бірақ ,  қимыл-қозғалысында  бір  еркіндік,  нығыздық  бар, өте  икемді, күші  қанша  екенін  бағамдай  алмады,  ал,  шапшаңдығы  сұмдық. Бұның  өзі  де  қарсыласының  аңысын  алдын  ала  аңдап, қарсы  әдісті  бұрын  жасап  жіберетін, бүгін  екі  ретте  де  жауырынымен  түскенін  бір-ақ  білді, Жанжігт  өзінің  дертедей  аяқтары  көктен салақтап  құлап  келе жатқанын  көзіне  елестеткенде  қысылғаннан  орнында  қозғалақтап  кеткенін  байқамады.  –  Сен  саспа – деді. Назарбек  тағы  да біле  білсең  қазақ  күресі  тек  қазақтар  үшін,  басқаларға  көп  күрестің  бірі  ғана,  әр  елдің  өз  күресі бар, біреулері  міндетті  түрде  белбеуден  ұстасып  күрессе,  біреулер  еркін  күреседі,  тіпті, аяқтан  алады. Олардың  ережелері  де  әр  түрлі,  біреулерде жауырын  тигізу  шарт  болса,  біреулерде  тізерлетсең  жеңіс  сенікі, енді   біреулерді  сызып  қойған  шеңберден  итеріп  шығарсаң  жетіп  жатыр... Кезінде  Харлампиев  деген  орыс  бапкері  он бес  одақтас  елдерді  түгел  аралап,  СССР- дағы  барлық  күрес  түрлерін, ішінде  біздікі  де  бар, жинаған,  солардағы  әдістерді  топтап,  жаңа  тәсілдер  қосып  күрестің  бір  жаңа  түрін  енгізген. Оның  аты –  самбо.  Менің  саған  жасағаным, сол самбоның  әдістері.  –  Сонда  жаңағы  айтқаның   керемет  адам  болған-ау, тегі –  Жанжігіт  таңданғанын  жасыра  алмады.  –  Бір  адам   бүтіндей  бір  күресті  ойлап  тауып,  оны  бүкіл  елге  тарату  оңай  шаруа  болмаған- ақ  шығар...  –  Әрине,  Харлампиевтің  еңбегі  орасан,  онысы  бағаланды  да,  бірақ,  самбо  да  Одақ  көлемінде  ғана,  ал,  дүние  жүзінде  еркін  күрес,  классикалық  күрес  және  дзюдо   деген  үш  күрес  заңды  деп  танылған.  Бүкіл  жер  бетінің  балуандары  осы  түрлерден  әлемдік  жарыстарға  қатысады,  ең  үлкен   төрт  жылда  бір  өтетін  Олимпиададағы  спорт  түрлерінің  ішіне  де  осы  үшеуі  енеді. –  Онда  күресіп  жүрген  біздің  жігіттер  бар  ма? –  Жанжігітке  әңгіме  ұнағаны  сонша,  бүтіндей  еңсеріліп  Назарбектің  аузын бақты.  –  Жоқ,   сол өкінішті,  бірақ,  әлі  күнге  жалғыз  Қажымұқан  атамыздан  басқа  ауызға  алар  ер  болмай  жүргені  анық. –  Назарбектің  түсі  бұзылып  кетті,  Одақта   жүлдегерлер  бар,  одан  асқандар  жоқ.  – Неге,  не  себеп?  –  Жанжігіт  тақымдап  қоймады.  –  Себеп  көп,  ең  негізгісі,  қалаларда  қазақтар  аз,  ауылдарда  күрес  мектебі  жоқтың  қасы,  бала  күресті  жетік  меңгеру  үшін  сегіз-он  жастан  бастап  үзбей  айналысуы  керек,  сонда  ғана  он жеті – он сегізге  келгенде  ол  әдіс-тәсілді  толық  игереді,  жарыстарға  қатысып  тәжірибе  жинайды,  қысқасы,  үлкен  сайыстарға  дайын  болады, ауылдың  баласының  ілеуде  біреуі     сол  жаста  оқуға  түссе  ғана   күрестің  әліпбиін  бастайды, одан  арғысы  белгілі. Ал, бізде  өзің  қара,  бір  ауданға  бір  мектеп  ашылғалы  екі-ақ   жыл болды.  Басқаларда  ол  да  жоқ,   сонда  қайтпек  керек. ... Назарбек  те  көптен  ішіне  жинап  жүрген  шерін  төгіп  ұзақ  көсілді. Жанжігіт  те  селт  етпей  тыңдады.

– Сонда  біздікі  бос  далбаса  болғаны  ма? – деді  әлден  уақытта.

–  Нені  айтып  отырсың? – Назарбек  ұқпай  аңтарылды. –  Біздің  күресті  айтам, қазақ  күресін...

–  Қалай  деуге  болады,  ұлттық  спорт  түріне  енген, ережесі  бекітілген,  бірақ, арнайы  айналысатындар  аз, көбінде  жарысқа  басқа  күрестің   балуандары   барады  команда  үшін, атақ  үшін. Шынына келсек,  қазақтың  таза  балуандарының  соңы  өздерің  болар  ма  екенсіңдер,  білмеймін... – Назарбек  талай  үнсіз  отырды  да – Салмағың  қанша? Жүр,  өлшейік –  Жанжігітті  шағын  таразыға  тұрғызып  тастарын  қозғап  көрді,  одан  тігінен  қойылған  тақтайға  апарып  бойын  өлшеді. –  «Тяж» от  Бога  –  деді  өзіне-өзі. Содан  кейін  аңтарылып  тұрған  бұған  қарап:  салмағың – 99,  бойың –  196,  жақсылап  айналысқанда  ауыр  салмақта  күресер  едің ... –  Ондай  атты  күн  қайда    депті  бір  кемпір?..  –  Жанжігіт  күрсінді. –  Жарайды, оның  бәрі –  лирика,   бүгін, ертең  жақсылап  дем  ал,  бүрсігүні  дайын  тұр – Назарбек  бұның  көңілінің  пәс  екенін  аңдап  бұйыра  сөйледі...

Ұлы  Октябрь  революциясының  жарты  ғасырлық   мерейтойына  да  бірнеше  ғана  ай  қалған,  оны  атауға  арналған  шаралар  жыл  басынан  бері  үздіксіз  жүргізіліп  жатқан, солардың  ішінде  әйдігі  бүгін  басталатын  спорттық  мереке  шығар  біздің  аудан  үшін. Себебі,  бірнеше  жыл  өткізілмеген  бәйге,  күрес, көкпар  сияқты  қазақтың  ойындары  осы жолы  айрықша  мәртебеге  ие  болыпты.  Облыс  басшылары  Ертістің  оң  жағалауындағы   көршілес  төрт  ауданның   кіл мықтыларын  біздің  ауданның  орталығына  жиып,  бұрын-соңды  бұл  өңірде болмаған  ұлы  жіңгір  аламан  сайыс  өткізбекке  шешіпті. Аудан  басшысы  бұған  жауаптыларды  екі  ай  бойы  бел  шешкізбей  зыр  жүгіртіп, әзірлік  жұмыстарын кеше  ғана  аяқтатыпты.  Ауылдың  күнгей  бетінде   айналымы  бес  шақырымдық  тақтайдай  бәйге  жолы,  оның  бергі  бетінде  кісі  бойы  топырақ  үйіп,  шетін  жап-жасыл  шыммен   көмкерген  күрес  алаңы,  одан  әрі  бәйге  шеңберінің  ішінде  көкпар  тартатын  орын,  жүгіретін,  секіретін,  доп  ойнайтын   үлкен  қалашық   бүгін  жарысты  күтіп  жарқырап  тұр.   Төрт  ауданның  сайыпқырандары  сапқа  тұрып,  басшылар  құттықтау  айтып, сәттілік  тілегеннен  кейін  көптен  күткен  мереке  басталып  та  кетті.  ... Ауыр  салмақта  әр  аудан  екі  балуаннан  әкеліпті. Бас  төреші  Назарбек   әр  ауданнан   бір  үміткерді  шақырып, жеребе  тартқызып  қарсыла сын  анықтатты. Жанжігіт  көрші  Нарын  ауданының  мықтысымен   үшінші  жұпта  белдесетін  болды.   Бірінші  болып   Қарағайлы  ауданының  өкілімен  Марқадан  келген  Сартай  шықты.  Оны  кеше  көре  сап,  Жанжігіт  жата  жабысып   спортшылар  түскен  қонақ  үйге  жатқызбай  ауылға  алып  кеткен.  Екеуі  түні  бойы  әңгіме  соғып,  таң  алдында  ғана  ұйқыға  жатса  да   бүгін  сергек  тұрып,  мұнда  ерте  келген.  Жанжігіт  әдетінде  күресер  алдында   басқаларға  қарамай  өзімен- өзі  боп  оқшау  жүретін.  Қазір  күрес  алаңынан  кете  алмады.  ... Қарағайлының  алыбы  да  осал  емес  екен,  бір  сәті  келгенде   Сартайдың  сол  аяғын  іштен  орап  ап  жұла   көтерді,  сөйтті де  жауырынға  тастамаққа  қайқайып  оң  бүйірге  бұрала бергенде,  Сартай  оң  аяқтың  басымен  оның  сол  аяғының  өкшесін  іштен  іліп  үлгерді. Ана  жігіт Сартайды  көтере  берген  өзінің денесін  игере алмай  шалқасынан  түсті. Жанжігіт  қуанғаны  сонша,  қайда  отырғанын  ұмытып  айғайға  басып  жатқан,  біреу  иығынан  қатты  жұлқылағанда  артына  қараса,  ана  жолғы  бапкер  аласа  қара  жігіт  екен.  – Қайда  жүрсің,  әрең  таптым  ғой,  мә,  тез  киін,  шығатын   уақытың   боп  қалды  –  деп  бір  дорбаны   ұстатты  да,  жетелеп  оңаша  алып  шықты.   Аяғына   Назарбектер  «борцовка »  дейтін  былғары  мәсі,  үстіне  жаға-жеңі  көкпен  әдіптелген  ақ  сүр  кенеп  шапан,  бұтына  сондай  қысқа  дамбал  киген  Жанжігіт  жұтынып  шыға  келді.  Бәрі  өзіне  құйып  қойғандай, асылы,  оған  киім  дәл  келуі  қиын  болатын. «Назарбек-ау  осының  бәрін  істеп   жүрген» –  деп  ойлады  риза  көңілмен. Осындай  көтеріңкі  күйде  ортаға  шыққан  ол  бірден  қарсыласын  іштен  шалып  алды  да  әуелете  көтеріп бір-ақ  тастады,  қарсыласы  тіпті  не  болғанын  ұқпай  қалған  болуы керек, орнынан  атып  тұрып,  аяғында  тұрған  Жанжігітке  қайта  ұмтылды.  Төреші  ысқырып, екеуінің  арасына  кіріп  әрең  тоқтатты.  Соңғы  жұпта  белдескен  біздің  екінші  балуан  да  сәтте  жығылып  қалды.  Енді   жеңіске  жеткен  төрт  жігіт  екі  жұп  құрап  күресетін  болды. Жарыстың  ережесіне  қанық  болған Жанжігіт  дәл  қазір  Сартаймен  жолықтырмаса  екен  деп  тілеп  еді, құдай  бергенде  оңынан  беріп, екеуі  басқалармен  шықты,  шықты  да  екеуі  де   жықты.  Басқа  салмақтағылар  күресіп  жатқанда,  бұлар  ақтық  сайыс  алдында  тыныстап  екі  жақта  ары-бері  жүрген. Жанжігіт  Сартаймен  ақтық  белдесуде  жолыққанына   қуанды  да  қысылды.  Қуанышы – түсінікті,  қысылғаны,  Сартай – ескі  дос,  Сартай-қонақ, Дөрбілжіңде   бұдан  ұтылғаны  тағы  бар,  біле  білсе  бүгінгі  жол – Сартайдікі,  бірақ ... Біреу  иығына  қол  салғанда,   ойы  үзіліп  кеткен  Жанжігіт  артына  қараса,  Сартай екен.  –  Жақан, –  деді  ол  бұның  арғы  беттегі  екінші  атын  атап  –  Бұланбай  ағамыз  «адал  күресіңдер,  күреске  қиянат  жасауға  болмайды»  – дегені  есіңде  ме.  Бұл  үнсіз  бас  изеді. – Ендеше,  былай  келіселік,  кім  жығылса, сол  бір  айдың  ішінде жыққанның  үйіне  қонаққа  келетін  болсын.  Жай  емес,  үй-ішімен,  бала-шағасымен ...Жанжігіт  қуана  келісті,  өйткені  бұлар  алғаш  жағада  көріскелі  бері,  кешегіні  санамағанда  бір-бірінің  үйін  көрген  жоқ,  біреулерден  сәлем  айтқандары  болмаса, өздерінің  де  жолыққаны кешеден  бері  ғана, екеуі  де  іштей  өзі  барғаннан  досының  бұрын  келгенін  көп  қалайтын  сыңайлы...

 Олар  ұзақ  аңдысты, жастары  да,  күш-қайраттары  да  шамалас  бұлар  үшін  ең  үлкен  қиындық  –  екеуін  де  кезінде  бір  адам,  Бұланбай  ағалары  баптаған,  екеуі  де  айла-тәсілге  жетік,  бірінің  жасамақ  әдісін  бірі  сәтте  танып, қарсы  амал  жасап  үлгереді.  Осылай  уақыттың  жартысы  нәтижесіз  бітті.  Түйе  балуанды  анықтайтын  бұл  сайысқа   өзі  төрелік  етіп  жүрген  Назарбек  ысқырып,  екеуін  екі  бұрышқа  сәл  тыныстауға  жіберді.  Жанжігіт  өзінің  қатты  шаршағанын  жаңа сезді,  екі-үш  рет  ышқына  ауа  қармаған  оған  күрестің  аяғына  дейін  шамасы  жетпейтіндей  көрінді. Жанталаса  жұмыс  істеп  жатқан    мыйында  анада   бапкер  қара  жігіттің  балаларға  көрсетіп  жатқан  әдісі  бір  сәтте  жарқ   етіп  жоқ  боп  кетті.  Оны  Жанжігіт  бірінші   рет  сол  жолы  көрді,  өзі  бұрын  жасамақ   түгілі,  мүлдем  білмеген  тәсіл,  ендеше,  Сартай  да  одан  хабарсыз  болуы  әбден  мүмкін,  бірақ, бұл  бір  дегенде  жасап кете  алар  ма  екен?..  Не  болса  да,  тәуекел ...  Назарбек  ысқырып  ортаға  шақырған  соң,  Жанжігіт  бірден  сол  қолымен  Сартайдың  оң  қолтығынан  тас  қып  ұстады  да,  солға  айнала  беріп  оң  қолымен  Сартайдың  мойнын  желкесінен  қыспаққа  әрекет  жасады.  Ол, әрине,  бұға  қалып,  мойнынан  ұстатпады. Жанжігіттің  оң  қолы  ауа  қармап   қапы   кеткендей,  сол айналған  күйінде  Сартайдың  оң  қарын  топшыға   жақын  тұстан  қолтыққа  қысты  да, сол  сәтте   оның  оң  аяғын  қырқай  шала   оң  бүйірге  бұралып  құлады,  Сартай  жауырынымен  түсті ...Күрес  аяқталған  соң  Назарбек   бәрін  жиып  ап,  ешқайда  тарамауды   тапсырды.  Мына  мерекенің  соңғы  сайысы-аламан  бәйге  біткен  соң,   жарыстың  жабылу  салтанаты  өтеді  екен,  оның  алдында  жүлделер  тапсырылады.  Жанжігіт  күрес  киімдерін  шешіп,  Назарбекке  әкеп  еді,  ол  « Бұл сенікі, кейін  күрессең,  форма  іздемейсің» –  деді. «Енді  күрескен  қайда, тіпті  мынау  сайыс  та  сенің  арқаң  ғой,  әйтпесе  бүгін  қырықтық  басында  жүрер  едім  ғой» – деп  өзінің  ішкі  разылығын  жеткізген  бұны  Назарбек  түсінді, әрине,  сонда  да  болса,  «Күреспесең  үйде  сақтап  қой,  кейін  шал  болғанда  киіп  ап,  балаларға  «аталарың  заманында   мынандай  болған» – деп  ертегі   айтасың» –  деп  күлді  де  жарыс басшылары  жиналып  жатқан  үйшікке  асығыс  кетіп  қалды.  Кешке  таман  Жанжігіт  бір  кілем,  бір  мақтау  қағаз  алып,  Сартайға  мақтау  қағаз  бен  магнитола  тиіп,  Сартай  келесі  айдың  басында  үй-ішімен  қонаққа  келетін  болып,  оны автобустарына  отырғызып,  Жанжігіт  кештете  үйге қайтты...

Оның  бұл  ерлігі  ауылға  бір  жұма  жыр  болды.  Көбі  жарысты  әдейілеп  келіп  көрген,  өзара  даурыға  талдап,  көрмегендерге  төрт  ауданның  түйе  балуаны  өздері  болғандай  әсірелей  әңгімелеп,  талайдан  айыздары  бір  қанғаны  осы  шығар-ақ. Управ  айтқанында  тұрды,  ертеңінде-ақ   кассир  үйге  өзі  кеп,  қағазына  қол   қойдырды  да,  жетпіс  сомды  қолына  ұстатты,  оның  ертеңінде  Жанақ   тайыншадай  ісекті  «саған  беріп  жіберді» – деп  тракторынан  түсіріп  кетті.  Екі  күн (Управтың  айтуымен)  дем  алған   Жанжігіт  сәрсенбіде  қырықтыққа  шықты. Қой  өсіретін  бөлімше  үшін  қырықтық  –  аса  жауапты  науқан,  ол күннің  қатты  ысып,  қойдың  жүні  шайырланған  кезіне  дөп  келуі  керек, одан  кейін  малдың  күйін  кетірмей  науқанды  тез  аяқтап  отарларды  жайлауға  айдау  міндеті  тұрады.  Сондықтан  да мұнда  басқа  жұмыстарда  жүрген  мықты  қырықтықшыларды  түгел  жинайды. Адамдар  да  бұл  іске  ынтамен  келеді, себебі, еңбекақының  үстіне  сыйақы  төленеді,  одан  басқа, жыл  көлемінде бір  жерге  ең  көп  адам  жиналатын  жұмыстың  түрі де –  осы  қырықтық.  Көптің  ортасы,  қиындық  та,  қызық  та  осында.  Жанжігітті  мұнда  да   көпшілік  хан  көтерді.  Ал,  азшылық...

 Ол  туралы  әңгімені  таратып  айту  керек  шығар. Осы  Жанжігіт  ең  алғаш  Киікбайды  жыққаннан  бастап,  оның  қай  жеңісін  болсын,  кездейсоқтыққа саятындар   көптің  ішінде  болған  және  солар  уақыт  өткен  сайын  қатарын  көбейтіп  келе  жатқан.  Оған  себеп – Жанжігіттің  кеудесіне  нан  піспейтін  салмақтылығы,  көптің  арасында  көзге  ұрмауға  тырысатын  ұяңдығы,    өзі  арғы  беттен  келген  жалғыз ілікті  жігіт. Жақтырмайтындарға   оның  ұяңдығы – ездік,   салмақтылығы6  арамзалық,  жалғызбастылығы –  шамасына  қарамай  өскен  атаның  ұлдарына   топырақ   шашатын  есерлік  болып  көрінген. Ендеше,  өзі – ез,  өзі – арамза,  өзі  қаңғып  келген  бір  «қытайды»   неге  төбемізге  ойнатамыз,  қашанғы ойнатамыз?  Соның   кесірі  емес  пе, оның  төрт  ауданның  түйе  балуаны  боп  отырғаны. Оның  орнында  біздің  анау,  біздің  мынау,   біздің  басқа  жігіттер  сол  атақты  алмас  па  еді,  алар  еді, егер...  Оның  осылардан  бойы  демесең,  несі  артық, күші  артық  па,  әдісі  артық па,  әлде  оқуы  артық  па?!  Олай  болса, Оны  орнына  қою  керек,  қойғанда  да  есінен  кетпейтіндей  қып қою  керек  аяғын  аңдап  басып  жүруі  үшін. Қалай  қоямыз,  ол  жағын  ақылдасып  шешеміз  және  көп  кешіктірмей,  тек  қана  ол   шешімді   уақыты  келгенше,  ол  естімесін,  ауыздарыңа  берік  болыңдар...

...Қырықтық  та  бел  ортадан  ауды.  Жылдағыдай  бұл  бәсекеде   Самай  мен  Жанақ  тағы суырылып  алға  шықты.   Осы  шапаты   денелі  жігіттердің  қимылына  қарадай   қызығасың. Олар  қорамен  іргелес  ашық  шарбақта  қамаулы  тұрған  көп  қойдың  біреуін  артқы  аяғынан  ап  сүйрей  жөнелгенде,  қой  да   соны  күтіп  тұрғандай,  үш аяқтап  артымен  дедектей  ереді. Сол  бетінде  белуардан  келетін  жалпақ  сәкіге  әлгі  қойды  дік  еткізіп  шығарады  да   ит  сияқты  құйрығына  шоқитып  отырғыза  қояды, содан  кейін  қойдың  басын  екі  аяғының  арасына  қысып  алған  жігіттер  электр  қайшыларын  жосылта   жөнеледі. Алдымен  тамақтан  бастап  сырылдатып  тықыр  бауыр  жүнді  түсіреді.  Одан  қалың  жүнді  желкесінен  құйрығына дейін  аударып  отырып  бір-ақ  сыпырады  да  қойды  сәкіден сүйреп түсіріп  есік  жаққа  басын  бұрса  болды,  жануар  басын  шайқап  ап  бірер мекіреніп  сыртқа  өзі  беттей  жөнеледі.  Жанжігіт  осыған  қайран  қалады,  бұның,  бұның  ғана  емес  көбінің  қойы  сүйресе  жатып  алады,  сәкіге  жатқызса  тыпырлап  бой  бермейді, тіпті,  қырыққан  қойы  айдаса  айнала  қашып  қорадан  шықпай  қояды.  Ал,  қойды  отырғызып  қырқу  бұлардың  түсіне  де  кірмейтін  шеберліктің  шыңы.  Дегенмен,  қара  жұмысқа  пісіп-қатқан,  қарулы  жігіттер  мен  әйелдер  бұл  шаруаны  да  бел  жазбай  істеп,  жиырмадан  астам  отарды  қырқып,  жайлауға  аттандырып  жіберді.  Қырқылған  жүнді  буып,  тайлайтындар  да  зыр  жүгіріп,  күні  бойы  дем  алмайды.  Қысқасы,  жұмыс  зар  күйіне  келіп,  қарқын  – күніне  екі  отарды  шығаруға   жеткен  кез.    

Көреген  Управ   басшыларға   дәлелдеп  жүріп, қырықтық   пунктін   бұрынғы  орнынан  осы   «Ақтұма»  қыстағына   көшіргендегі   көп  есебінің  бірі  –  жұмыстың  екпінін  үдетіп,   қырықтық   мерзімін  қысқарту  болғанына    осы   соңғы  үш   жыл   елдің  көзін  түгел  жеткізді. Бұрын  пункт   ауылдың   жанында  болғанда   адамдар  жаяулап  үздік- создық    барып,  ерте  қайтуға   асығып  тұратын. Ыстық  күнде  шуаш  иісі  буып  тұрған  қорада  пысынаған  қоймен  алысқан  кісінің  қандайы  болсын  түстен  кейін  қалжырап  қалатын  да,  жұмыс  өнбейтін,  нәтижесінде  қырықтық  науқаны   қырық  күнге  дейін   созылып,  малдың  да, елдің  де  берекесі  бек  кететін. Қазір  кісілер  бір  уақытта   машинаға  отырады,  он  бес-жиырма  минутта  «Ақтұмаға»  жетеді  де  жұмысты  бастап  кетеді,  управ  түскі  үзіліске  екі сағат  бергені  де  бап  болды.  Түскі ыстықта  терлеп қалжыраған  кісілер  іргедегі  жайылмаға  бір  сүңгіп  шыққанда,  ұйқысы  қанып  жаңа оянғандай  сергіп  шыға  келеді. Содан  бәрі  ұзын  қалқаның  астындағы   ұзын  үстелге   қарама-қарсы  жайғасып  ап,  бірін-бірі  іреп  сойып,  дуылдаса  отырып  түстенеді,  одан  кейін  біреулері  сәл  мызғып  алуға  жатса, көбі  жайылмаға  барып  суда  жүзеді. Осылай  тыныстаған  жұрт  түстен  кейін  тың  күшпен  кірісіп  күн  батқанша  жұмысты  жапырып  жібереді.  Әр  адамды  өзіндей   сезінетін  Управтың   осы  көрегендігі   биыл  да  қырықтықты   айналасы  жиырма-жиырма  бес  күнде   бітіретін  жағдайды  туғызып  отырғандай.

Бүгін  де   түскі  астан  кейін  қара  шәйді  терлеп-тепшіп  асықпай  сілтеп  отырған  жұрт  әдеттегіше  Маскбишті  айналдыра  бастады. Оған  себеп –  Маскбиштің  жұрт  жиналған  жерде   ылғи  көсемсіп   бірінші  боп  сөз  бастауға  әуестігі.  Бүгін  де   әңкілдей  сөйлеп:  – Ай,  осы  киноны  жас  та, кәрі  де  көреді,  соны  ойлағанда,   кинодағылардың  ашықтан-ашық  сүйіскендері  дұрыс  емес  тіпті... –  деп  кеңінен  толғап  келе  жатыр  еді, құрдасы  Мардан.  –  Сонда,  сенің  саңырау  қатынға  сүйіспей  барғаның  дұрыс  па ? –  деп  бөліп  жіберді, мына  жақтан  жастау  біреу: –  Мәке-ау,  ондай  да  өнеріңіз  бар  ма  еді,  естімеппіз-ау –  деп  монтанысыды.  Маскбиштің  көшелілігі  осымен  бітті  де,  Марданға  –  Шатып ...  шайнап,  қырыққа  келгенше...  бала  отыр,  шаға  отыр,  мый  кірмеген  жармес –  деп шүйліге  бергенде,  тағы біреу:  – Мәке,  ашуланбаңызшы,  не  болса да  қайырымен  болсын – деді. Естіп  отырғандар  түгел  қауқылдасып   дуылдай  жөнелді.   Ал,  осыдан  кейін  ақтығыңды  дәлелдеп  көрші,  кәне...  Бірақ,  тез  дызылдап,  тез  қайтатын  Маскбиш  сәлден кейін қайта  елеуреп  шықты... –  Ай,  осы  Маскбаны  бес  жыл  таптағанда  Көкеңнің  көзі  жеткені –  жұмыстың   жақсысы – әпесердікі.  Киім  тегін,  тамақ  тегін,  үйің  дайын, солдаттарға  бұйрық  беріп  қояды  да  жата  береді.  Осы  сендер,  жастар,  әпесердің   оқуына  неге  бармайсыңдар,  осы, –  деп  жүн  тайлап  жүрген  балаларға  шүйілді.  Бұл    әңгімені  әрі  қузауға   ешкімнің зауқы  болмады.  Маскбиш –  Әпесер  болу  үшін  жігіт  қарулы,  мықты  болуы  керек,  сендер  бір  аяқ  көжені  тауыса  алмайсыңдар,  тегінде  күш –  тамақта,  біздің  бесінші атамыз  құдыққа  құлаған  атан  өгізді  мүйізінен  сүйреп  шығарған,  сол кісі   бәстесіп  бір  тайды  жеп  қойыпты,  әне  күш  қайдан  келеді, білдіңдер ме?  – деп  жөн  айта  бастап  еді. Тағы  Мардан:  – Оны  кім  көріпті  – деді.  –  Нені?  – Сенің   бесінші  атаңды   айтам... Маскбиш   мүдіріп  қалды,  мына  жақтан  Самай: –  Мәке,  «Қасқа  айғырдың  баласы  қасқа  шықпаса  да  төбел  шығады»  – дейді,  өзіңізде  атаңыздан  бір  жұғын   бар  шығар,  –  деп  көпшікті   тастап  жіберіп еді,  басқалар  бұл  тегін  емесін  сезіп  елеңдей  қалды  да,  Маскбиш  ұқпай  жайылып  түсті. –  Е,  құдай  берген  бойда   бір  кісіге  қаптал  жететін қару  бар.  Баяғыда   Маскбаны  бес  жы... –  Қаруыңызды  көріп  жүрміз,  атаңыз  тай  жегенде...  дегенім  ғой.   ...Өй,  мынау  қой  жейд  деп  тұрсың  ба,  бұл  көбік  ауыздыкі   әншейін  сөз  емес  пе  – деп  Мардан  тағы  тиісті –  мынаған  бір  жұмырды  асатшы,  сонда  көресің  әуселесін.    –  Ей,  тазша,  менің  жыныма  тисең,  бір  емес  он жұмырың   жұмырыма  жұқ  болмайды, сонда  бәсіне  не бересің, ә... –  көпшіліктің  назары  өзіне  ауғанын  сезген  Маскбиш  тіпті айқұлақтанып  кетті.  –  Екі  жарты –  деді,  Самай  Марданнан  бұрын –  біреуін  Мардан  ағам, біреуін мен  тіктім. –  Естідіңдер  ғой, –  Маскбиш  айнала  қарап  шықты  –  онда,  не майың,  не  арағың  жоқ,  неменеңе  шіреп  бәстеспексің  –  деп  бағанадан  өзінің  есесі  кетіп  отырған  Марданға  түйілді. – Жей  алмасаң   екі  жартыны  сен  қоясың, келістік пе, –  Мардан  артына  бұрылып  иек  қағып  еді,  Самай  лып  етіп барды  да, әскери  жорық  қазандығының  қалқасынан  беті  ақ  шүберекпен  жабылған  дәу  тегенені  ернеуін ішіне  тірей  қос қолдап алып  келді  де   Маскбиштің алдына  үстелге  дүрс еткізіп қоя  салды. Мардан  қайдан шығарғаны белгісіз, жасыл  бөтелкені  тегененің  қатарына  тұрғызды. Ешкім  үндемеді.  –  Бабам, қолдай  көр Маскбиш  бетін  сипады  да тегенеге  жабылған  шүберекті  сыпырды, одан  бөтелкені  үстелдің  қырына  тигізе беріп  тығынын  жұлып  алды  да  Марданға, сен  қарап отырмай  ыстық сорпа әкеп  тұр – деді. «Жол  салсын» – деп жарты  стақан  арақты өндіршегін  салқылдатып  жұта  салды да   үйеме  тегене  майдан  уысын  толтырып  қорқ-қорқ  етіп  жұтты. Келесі  уыстағанда  уілдірік  шарбы  май ілініп  еді, оны  оң  алақанына  толтырып  алды да   сол  қолымен  еселеп  білегінің  жартысына  дейін  жалдап  үйді, содан  кейін  шетіне  аузын  төсеп  сылпылдатып  сора  бастады.  Асқа  өмірі  сұғынбайтын  Жанжігіт  бұдан  әрі  Маскбишке  қарауға  шыдамай   далаға  шығып  кетті. Осы  бәленің  бәрін  ойластырып  жүрген  Самай  екенін  ол  білетін.

Бұл  жақта  қырықтыққа  қой әкелген  қойшы  бір  қойын сойып,   арағын  құйып  қырықтықшыларды  күтетіні  баяғыдан  келе  жатқан  заңдылық, қалай  ойласаң  өзің  біл.   Кеше  Жолдыбектің отары  жай  келіп, бітпей  қалған, осы  Самай  оған  қойды да  сойдырмай  қойған. Бүгін  түске дейін  Жолдыбек бір қой,  отарын  таңертең  әкелген  Жұмағұл  бір  қойды  сойып  тастаған, ортақ  қазанға түсетін  күнделікті  ет  өз  алдына.  Жанақ пен Самай  «жұрт  еттен  шықты» – деп  ар жаққа құрған  ауларынан  дөңкиген  он  шақты  қара  сазанды  әкеп  аспаз  апайға және  берген  жұмыстың  алдында.

Жүні  биязы  деп  өсіретін  осы  ақ  қойдың  бір  ерекшелігі – тез  семіріп,  тез  аритындығында. Қазір  қырдың  ұшы қатпаған  селеуіне  жайылған  бұл  жануардың әбден  шайлаған  кезі.  Таңдамай-ақ  соя бер,  етінен  қаракесек  таппайсың.  Самай  қу осының  бәрін  есептеп  Марданды  Маскбишке  қарсы   шығарған  ғой...  Жанжігіт  жайылмаға   суға  түсті. Жағада  жан  жоқ,  бәрі  Маскбиштің  өнерін  тамашалап  отырған  шығар-ақ...  Түстен  кейін  келетін  отар  да  кешеуілдеп  жатыр.  Жанжігіт  белуарына  дейін  кешіп  келді  де  артына  қарай  шалқалай құлап  аяғымен  жер тіреп  ұзақ   қимылсыз  жатты.  Жып-жылы  суда  өзін  қаңбақ  тай  жеңіл  сезінді.  Ол   белуарынан  әрі тереңге  өмірі  жалдамайды.  Қырықтық  осында  көшкен  алғашқы жылы  ғой,  бұл  тағы  да өстіп  тұрған,  анандай  жерде   мойындарына  дейін  бойлап  Жанақ   пен  Самай  қастарына  шақырған  соң,  соларға  қарай  жылжып  келе жатыр  еді,  бір сәтте  шым  батып   кетіпті  өзі  де  ұқпай  аяқ-қолын  жанталаса  сермеп  судың  бетіне  шығып  еді,  қайта   батты.  Ұзын  қолдарымен суды  шалпылдата  соғып,  бір  батып, бір  шығып  жүрген бұны  ана  екеуі таязға  демеп  шығарды.  Аяғына  жер  тигенде  ғана  есін жиған  Жанжігітте  ес-түс  жоқ,  су  да  жұтып  жіберген  бе,  жүрегі  айниды. Жанақ  пен  Самай  мұны  арқадан  шапалақтап  күлкілерін  тия  алмай  жүр. – Ей,  мынау  құлаштағанда  бар  ғой,  тура  ескекті  қайық  сияқты,  екі  қолды  қатар  сермейді. –  Ал,  жүзгенде  алға  емес,  шым  тереңге  зулайды  екен...  – деп  бірін-бірі  қостап, мұны  іліп – шалуда.  Сөйтсе, су  жағасында  өскен  бұл  қулар  кісі  бойламайтын  тереңде  қозғалмай  тұра  береді  екен  ғой.  Жайылманың  ойлы-қырлы  табанынан  шұңғыманы  тауып ап, мұны  шақырған... Жанжігіттің  бұл  өнер  мыйына  кірмеді. – Қалай  жасайсыңдар – десе,  аналар ой, бұл не,  бұрын  ауылда  бір  ақсақал  болды,  соғыста  біздің  әскер  шегініп  Волгаға  тірелгенде    көктемде   тасып  жатқан  өзеннен  жүзіп  өткен ғой  әлгі  кісі,   содан  бергі  жағада    қызыл  жағалылар,  есінен  танып  жатқан  жерінен  тауып ап соттамай  ма,  штрафбатта  болған,  құдай  сақтап  аман  қайтқан. Бұл – замандастарының  айтқаны, өзі соғыс  туралы жақ  ашпайтын.   Сол кісімен  балық  аулауға  көлдің  ортасына  шығып  жүрдік  бертінде. Сонда  дейміз-ау,  ақсақал   қайықтан  түседі  де,  судың  үстіне  малдас  құрып  белуарынан  шығып  отырады,  сосын асықпай  құлағына, мұрнына  су жүгіртіп, басын сулап   кәдімгідей  дәрет  алады  ғой, біз  қанша  істеп  көрмек  болдық, түк шықпайды.  Таң  қап  басын  шайқаған  Жанжігітке сенбейсің  бе, сол  кезде  сені  апарса  ғой  жанына,  көрсетер  едің  құлаштағанның  көкесін – дейді  Самай...

Ол  жағаға  шыққанда  кісілер  даурыға сөйлесіп  бері  беттеген  екен.  Самай  мұның  қақсына  кеп шешініп  жатып:  – Алла-ай,  мынауың  тура  жалмауыз  екен,  ішінде  жыланқұрты  бар  шығар, әйтпесе,  қайда  сияды  ана  құрша  май.  Басқа  біреу  айтса  сенбес  ем,  өзім  апай  екеуіміз  кірге  өлшеп  салдық  қой  екі  шыны  шелекті  толттырып,  тура   он  бір  келі  шыққан – деп  басын  шайқады. – Бағанағы   үйеме  тегенені  тауысып  қойды  ма? –  Сенбей  бетіне  үрке  қараған  Жанжігітке, тауысқанда  тура  тақыр-таза  қылды,  еще,  Мардан  ағама, «көзіңді  сатып  отырсың  ғой,  өзі  жеп  отырып  бір  уыс  асатпады деп  көрмей  кетерсің   мә,  жүрегіңді  жалға,  кейін  Көкеңнің  қолынан ет асап   едім – деп   мақтанып  жүресің» – деп  тегененің  түбінде  қалғанын сыпырып-сыйырып   алақанын  толтырып, алақаны  қандай  кәпірдің тура   күрек,  ұсына  беріп  қайта  тартып алды.  – Қой, пәлеге  қалармын  сені  тойдырам – деп,  ертең  елге  жаярсың, Көкең  тауыса  алмай  маған  жегізді – деп. Ал, қара,  менің  аузым  ойнағанда  сенің  көзің  ойнасын – деді  де  әлгі  уысындағыны  асықпай  аузына  нығап  малжаңдап  жеп  тауысты,   тегенені  Мардан  ағамның  алдына  төңкеріп  тастады. – Ағаң   қайтті?  – Қайтуші  еді,  «мынау  таза  тажал  екен» – деді,  басқа  не  дейді.  – Қазір  өзі  қайда?  – Қара   шайды  сіміріп  өзінің  Москваны  бес  жыл  таптағанын   тағы  езіп  отыр. –  Оны  кім  тыңдап  отыр?  –  Мардан  ағам,  енді  жеңіліп  қалды  ғой,  амалсыз  отыр,  апай,  тағы бір-екі  үлкендер.

Маскбиштің  шын  аты –  Көкбалақ ,  өзі  әбден  күш-қайраты  толысқан  бүркітті   осылай  атайды  деп  мақтанады,  кім  білсін,  бұл  жақта  бүркітші  деген  өмірі  болған  емес  – дейді  үлкендер.   «Мына  Көкең» – деп өзі  ғана  өзін  көтермелегені  болмаса, басқа  жұрт  түгел  Маскбиш  дейді. Әскери міндетін  Москваның түбінде  атқарып,  енді  елге  қайтқалы  жүргенде,  Кариб  дағдарысы  басталып,  тағы бір  жылдан  аса  әскерде  қалған, содан  Көкең  «Маскбаны  бес  жыл  таптап» оралады  ғой.   Ал  Маскбишті  шығарып  жүрген  Бекқазы  екен.  Ол  Көкбалақ   көмірге  барғанда,  баяғы  «менімен  күресіп  байқасаң  қайтедісін»  – айтқан  ғой,  бұл  да  өзінің «Маскбаны  бес  жыл  таптаған  Көкең  бала-шаға  құсап   топыраққа  аунап  алысып  жатпайды» – үйреншікті  жауабын  берген.  Сонда  Бекқазы  «О-о, констатируем  факт,  москвич  бороться  отказался» – дейді  жанындағыларға, сөйтеді  де  кезекшілік  кітабына  айы-күні,  сағатына  дейін  жазып  қояды, одан кейін  келген-кеткендердің  бәріне  бұл  жазуды  оқымаса  ол  Бека  бола  ма. Бертін  жұрттың  бәрі  Бекқазы  қойған  атты  өзімізге  бұрып  Маскбиш  атап  кеткен  Көкеңді. Маскбиштің  қаруын  Жанжігіт  былтыр  көрген.   Осы  қырықтықтан  кейін  тракторына  қайта  отырған  Жанақтың  тіркемесіне  жайлауға  апаратын  киіз  үйдің  жабдығын  тау-төбе  қып  үйіпті  де,  енді  соның  үстіне  арбаның  дөңгелектерін  тиеу  керек  екен. Тиеп  жүргендер – екі  жас  жігіт  пен  Маскбиш. Екі  кісі  бойындай  жүктің  үстіне   оншақты темір  шенді  үлкен  дөңгелектерді   тиеу  оңай  шаруа  емес  екен. Жігіттер  біреуі  жерден, біреуі  тіркеменің  бортына  тұрып   жүктің  үстіне  үшінші кісіні  шығарып, соған  әпереміз – деп  еді, Маскбиш.  – Әй,  өйтіп  найқалып  жүреміз  бе,  біреуің  үстіне  шығып,  байқастап  тұрыңдар, дөңгелек  сырғып  кетпесін,  екеуіміз  жерден  лақтырамыз, –  Жігіттер  келіспегендей  рай танытты,  өйткені,  анау  биікке  мынандай  дөңгелекті  лақтырып жеткізе  алмайтындары  кәміл  еді. – Әйтпесе, екеуің  де  үстіне  шығыңдар  –  деп  болмай  отырып  айтқанын  істетті. Сөйтті  де  өзі   бір  дөңгелекті  шенінен  екі  қолын  алшақ  ұстап  жерден тік  көтерген  күйінде  құлаштай  шырқап  еді, онысы айналған  күйі  барып  үйілген  киіздің  төбесіне  жабыса  қалды.  Жанжігіттер  анадай жерде  екінші  тіркемеге  кесек  тұз  тиеп  жатқан.  Мынаны байқап  қалған  ол аңтарыла  қарады.  Маскбиш  екінші,  үшінші  дөңгелекті  де  солай  шырқады, өзі  аузын  жаппай  сампылдап  аналарға  бірдеңені  айтып  жүр.  Олар дөңгелектерді  жүктің  үстіне  жайып  шендерінен  матап байлап  жатыр.  Мынандай  сұрапыл  қимылға  қанша  күш  керек  екені  басқа-басқа, Жанжігітке  түсінікті   еді.  Бір  сәт  өзін  сынап  лақтырып  көргісі  келді, бірақ,  жеткізе алмасам  ұят  қой  деген күдік  жібермеді. Сол жолы бұл  Маскбиштің  қаруына   дән  риза  болған-ды. Ал, Маскбиш  өзі  күрес  туралы  сөйлегенде  ағын  суды  теріс  ағызады.  Күресте  бұның  білетіні – күш...  Әдіс-айла, шапшаңдық,  икемділікті  күші  жоқтардың  амалы  деп  түсіндіреді. Адамдарды  да  екі-ақ  топқа  бөледі,  біреулер-қарулы,  қалғандары өзінің  айтуынша,  «слабилау».  Айтуынша,  Әуес пен Жанжігіттен  бастап  осы  маңайдағылардың  бәрін  жығуға  болады, өйткені,  бұлардың  бәрі – «слабилау», бірақ, жеме-жемге  келгенде   Маскбиштің  не  белі  шойырылып  тұрады, не  сіңірі  жаншылған  боп шығады. Сонан да  ешкім  оның  күрескенін  естіген де,  көрген  де  емес. Бүгін  сол   Маскбиш басқа  қырынан  ерлеп  отыр, шынында  да   биылғы  қырықтықтың  айтулы  оқиғасы  осы  болар,  әлі  неше  қырықтықта  бұл  ерлік  сан  қайтара  айтылар,  міне,  «Ер  есімі – ел  есінде» – деген  аталы  сөз  осындайдан  шыққан   болар, сірә...

... Жанталаспен  өткен  биылғы  қырықтық  та   аяқталды-ау  бүгін.  Соңғы  отарды  түске  жеткізбей  қырқып  тастаған  көпшілік  Мұқалидың  қойын  жеді,  арағынан  ауыз  тиді, оған  «Жол  болсын,  жайлау  шүйгін болсын» –  айтып  отарымен  қоса  шығарып  салды  да,  күнделікті  тыныс алуға  көшті. Түстен  кейін  басшылар  келіп  жиналыс  өткізбек. Күн бесінге  таяғанда,  қырықтық  басын  шаңдатып  машиналар  жүйткіп  кеп  тоқтап  жатты. Салтанатты  жиналысты  Управ  ашып  сөзді  райкомның  кісісіне  берді,  ол биылғы  жылдың  ерекше  екенін,  Октябрдің  елу  жылдығын  күллі  совет  халқы  ерен  еңбекпен  қарсы  алуда  екенін,  соның  бір  айғағы – мына өздеріңіз... – деп  көпшілікті  айрандай  ұйытып  ұзақ  сөйледі, одан кейін сөз алған совхоз  директоры – еңбек   сіздердікі,  абырой – бөлімшенікі,  одан  совхоздікі – деді. Кәсіподақ   та,  комсомол  да  жалынды  сөздер  айтты.  Соңынан  марапаттау  басталды. Самай  мен  Жанақтың  иықтарына  қызыл  лента  тағып  бір-бір  фотоаппарат  берді.  Маскбиш, Мардан,  Жанжігіттерге  де  мақтау  қағаз бен  сақал  қырғыш  тиді.  Автоклубпен  келген  Түлектер  концерт  қойды. Басшылар  оны  тоспай  қайтып  кетті.  Управ  еш  шу  шықпауын,  автодүкенді  тез  қайтаруды,  қызып  алған  кісілерді  суға  жібермей  ауылға  қайтаруды  пункт  бастығына шегелеп тапсырды  да   басшылармен  бірге  кетті.  Қырықтық  басында  мас болу, көзге  түсіп  арақ  ішу  қатаң  жазаланады, былайша  айтқанда – «сухой закон». Автодүкен  иесі  Қыдырмолда  қырықтықшылардың  тізімін алып, үш  кісіге  бір  жартыдан  тығып  берді. Нарау  болғандарға  «Менің  басым   екеу  емес,  бала-шаға   менде  де бар» – деп  зарланды. Әрине,  үш  кісіге  бір  жарты  – өздерінше  айтқанда, «ауыз  шаюға»  ғана. Тойдың  ендігі  қызығын  ауылда жалғастыруға  асыққан  жұрт  машинаға  тиеліп  отыра  бастады. Жанжігіт  те  болмашы  жүгі  салынған  дорбасын  алып  көлікке  беттеп  келе  жатқан-ды,  Мырза   жеңінен  тартып  «Сен  қала  тұр»  – деді. Бұл  оның  бетіне  аңтарылып  еді,  «үндеме,  күрес  болады»  – деп  сыбырлады  да, анандай  жерде  кісілерді   толтырып  ап  жүргелі  тұрған  машина  жаққа,  – бара  беріңдер,  біз  өзіміз  жетеміз –деп  барылдады. Сәлден  кейін  қырықтық  басында  жым-жырт  тыныштық  орнады. Пункттің  алдында  Жанақ  пен  Самай  үш  аяқты  «ИЖ-ді»  шұқылап  жатыр.  Жағаға  таяу  автодүкен  мен  кино  қоятын  автоклуб  тұр. Артистер  бағана  басқасымен  кетіп  қалған.

 – Жүр,  – деді  Мырза.  Жанжігіт  өзінің  Мырзаның  сөзіне  көне  қап, машинадан қалып  қойғанына   ыза  боп  тұрған:

– Сен  маған  қашаннан  бері  бұйыратын  болғансың  –  деп  ілінісе  кетті.

 –  Үй-й,  мен  бұйырыппын  ба,  ана  жақта  жігіттер  күресеміз –деп  жатыр, сені  әдейілеп  шақыр,  – деген  соң  ғой менікі...

 – Кім  күреспекші?

–  Өй,  жүрші, бара  көресің  ғой,  бәрі  өзіміз,  бөтен  ешкім жоқ.  Солай  беттей  берген  бұларды  арт  жақтан  Самай  айқайлап  тоқтатты  да жүгіре  жетіп:

–  Ей,  немене  бөлектеніп,  тыққандарың  бар  ма,  біз  де  ортақтасайық  –  деп  сампылдай  сөйлеп   қатар жүрді.  Мырза  оның  ілескенін  жақтырмаса  да  үндемеді.  Машиналардың  ар  жағында  үлкен  құмдауыт   алаңқайда   оншақты  кісі  отыр  екен.

 –  Ой,  Жәкө,  келгенің  жақсы  болды,  сенсіз  қызық  болмас  еді,  күресейік  деп  жатырмыз, – деп  дуылдап  басылды.

– Кім  кіммен  күреспек  –  мына  жақтан  Самай  киліге  кетті.  –  Не  тігесіңдер  бәске ?

 – Не,  сен  де  күресейін –  деп  ең, екі  жартыңды  қой  да   шық  ортаға – Киікбай  жақтырмай  сыздана  қарады. – Жоқ  мен  ең  мықтымен  күресем   күрессем,  алдымен  «слабилауларың»  шықсын – деді  Самай  Маскбишке  қарап.

  – Жә,  бос  сөзді  қояйық,  алдымен  Қыдырмолдадан  бәрің  екі  жартыдан  алыңдар. Кім  жығылады, сол  мына  жәшікке  екі  жартысын  өз  қолымен  салады, толы  жәшік ең соңғы  жыққандікі, өйткені,  күресетін  кісі  таусылғанша  ұстасамыз –  Мырза  барылдап  ережені  түсіндірді.  Жанжігіт  онша  ұққан  жоқ  ештеңені,  басқаларына  түсінікті  сияқты, үндемейді, өйткені,  бұл  жерге  Самай  екеуінен  басқасы  сайланып  келген.  Олар  алдында  біз  айтқан  Азшылық  топтың  өкілдері  еді...  Бәрі Мырзаның  айтқанын  істеп,  ақшасын  төлеп  арақтарын  алды.  Содан  кейін  ортаға   шынашақтай  Дәулетбақ  атып  шықты  да.

– Ұрыста   тұрыс  жоқ.  Жәкө,  қорықпасаң  шық  ортаға,  қорықсаң  сал  ана  жәшікке  салатыныңды –  деп  ұрандады,  құдды,  жекпе-жекке  шақырған  бұрынғының   батыры  дерсің.  Жанжігіт  сасқалақтап  қалды,  ол  күрессе  өз  шамаластары  Маскбиш,   Киікбайлармен   шығармыз  деп  ойлаған. Енді  мынау,  бойы  мұның   белуарынан  сәл  асатын   Дәулетбақтың  тепсініп  тұрғаны.  Көпшілік  те  шық  шықтың  астына  алған  соң,  ортаға  амалсыз  беттеп  еді,  Дәулетбақ  мұны  белден  шап  беріп  ұстаса  кетті.  Жанжігіт  басында   алымсынбап  еді,  кішкененің  мыскенесі   екен  Дәулетбақ, оның  үстіне  тым  қысқа  кісімен  шындап  күресудің  өзі  бір  қиямет  көрінеді. Дәулетбақты  әскерде  боксер  бопты,  әскери  бөлімнің  чемпионы,  бірінші  разрядқа  сәл  жетпей  қапты,  қандай  мықтың  бір  ұрғанынан  қалмайды  екен  деп  жұрт  жыр  қылады.  Бекер  емес  сияқты,  киіктің  асығындай  шағын  жігіттің  сүйегі  сыртынан сіңірмен  өріп  қойғандай,  сып-сып  етіп  қолды- аяққа  тұрмайды. Бұл   жерден  жұлып  алмақ  болса,  анау  иығын  бұның  екі  аяғының  арасына  тірей   қойып,  қос  қолдап  санынан тас  қып  құшақтап  алады.  Ал,  жұлып  көр мықты  болсаң. Дәулетбақтың  әдіс  жасамақ   әрекеті  баланың  ойыны  сияқты. Жанжігіт  оның  қос  қарынан   сығымдап  ұстады   да  өзінен  ажыратып,  алыстатып  алды,  сөйтті  де  жұлқа  тартып  қалып еді,  Дәулетбақ    сүрініп  екпеттей  құлай  берді,  Жанжігіт оны  сол ұстаған  күйі  бұрап  қап  жауырынына  түсірді  де  шамалы  сүйреп  қоя  берді. Бойын  жаза  бергені  сол  еді, енді  Жарылқас  кеп  ұстаса  кетті.  Жанжігіт  өзіне  ыза  бола  бастады.  «Мырзаның  айтқанына  ере  кеткенім  не,  мынандай  күрес  кімге  керек».  Сол  ширыққан  бетінде  өзі  де  аңдамай,  Жарылқасты  жұла  көтеріп  жамбасқа  салып  бір-ақ   ұрып  еді, анау  едәуір жатып, орнынан  сүйретіліп  әрең  тұрды. Бірақ,  оны  керек  қып  жатқан  ешкім   болмады, міне,  Мәми  алдына  шыға  келіпті. Жанжігіт  Мәмиді  де,  одан кейінгі  бойлары  аласа  үшеуін  де   бір әдіспен,  оң  аяқпен  сырттан  шалып  құлатты.  Алты  кісімен  бір  демде  алысу  оңайға  түспеген  екен,  тыныс  жетпей  ышқына  дем  алып  еді,  өңеші  удай  ашыды,  аяқ-қолында   бір  жайсыз  діріл  басылмай  қойды. Жетінші  боп  шыққан  мынау  ірі  денелі  жастау  жігітті  Жанжігіт онша   танымайды. Ол  ауылда  сирек  болады,  көбінде  емдік  шөп  жиып,  маты  басып,  жалданып  үй  көтеріп  басқа  жақта  саяқ жүреді.  Биыл  да  қырықтықта  ғана осында  болды. Екеуі  біраз  алысты.  Жанжігіттің   ұққаны,  мынау  тегін  емес,  кезінде  Назарбек  сияқты  күрестің  басқа  түрімен  айналысқандай  сыңайы  бар.  Жанжігіттің  босаңси  қалған  бір  сәтін  пайдаланып  лып  етіп  артқа  шықты  да   белден  қапсыра  құшақтап,  шалқая  көтерді.  Жанжігіт  те  жанұшырып  екі  аяқпен  бірдей  ананың  аяқтарын  орап   алды  да  қайқая  қалды.  Екі  аяғы  бірдей  маталып  тіректен  айрылып  қалған  ана  жігіт  Жанжігітті  көтере  шалқайған  қалпында  сәл  тұрды  да  сол  ұстасқан күйі  шалқасынан  түсті. Жанжігіт  ұйқылы-ояу  бір  күйге  түскендей,  әйтеуір,  өзінің  жыққанын  біледі,  одан  кейін  Қыдырмолдамен  алысты, оны  анада  Сартайға  жасаған  әдіске  салып  құлатты. Ендігі  қарсыласы  Киікбай  екен,  онымен  Орынбасардың  тойынан  кейін  де  екі-үш  рет  күресіп  жыққан.  Бірақ, бұл  қазір  аяғынан  зорға  басып  тұр,  Киікбай  болса-тың,  амалсыз  тағы  белдесті.  Киікбай  жаңа  бәле  бастады.  Жанжігіттің  белбеуінен   соп  қолы  шығып  кеткендей  қимыл  жасады  да,  бұны  оң  қабырғаның   астынан  іліп  ап  жоғары  тартты.  Жанжігіттке  оң  жақ  бүйірі  түгел  сөгіліп  бара  жатқандай  көрінді, көз  алдынан  Бұланбай  ағасы  жалт  беріп  өткендей  болды.  «Адал  күресіңдер,  арам  әдіске  түсіп  қалмаңдар,  әсіресе,  қарсыластарыңның  қолын  аңдып  үйреніңдер,  әйтпесе,  мойыннан  ұстаған  боп  білекпен  шықшыттан  салып  жіберетіндер,  иықтан  қолы  шығып  кеткен  боп  бұғана  сүйекті  іле  тартып  сындырып  жіберетін,  болмаса  бауырды  мытып,  қабырғаны  майыстыратын  арамза лар  кездесіп  қалуы  бек  мүмкін. Ондайларға – мынандай  амалдар –  деп  бірнеше  қарсы  әдістерді  көрсеткен.  –  Бірақ, бұны  тек  өздеріңді  мертігуден  сақтау  үшін  жасайтындарыңды  естен  еш  шығармаңдар»  – деп  шегелеген.  Әрине,  бұның  бәрін  еске  түсіріп,  сараптап  жататын  Жанжігітте  жай  да  мұрша  да  жоқ  екені  белгілі  еді, тек  санасында  әлдене  шың  етіп,  көз  алдынан  жаңағы  елестер  жалт  еткені  болмаса. Жанжігіт  бұған  дейін  өмірі  істемеген  әдіске  көшті. Киікбай  қабырғадан  алғанда  бұның  оң  бүйіріне  қоса,   козғалса   қолтығына  дейін  шанышқылап  көтертпей  қалған    оң  қолын   зордың  күшімен  көндіріп,  Киікбайдың  сол  бөксесін  шеңбектей  мытып төмен   басты  да   оң  бөксесін  сол  қолымен  жоғары  қарай  шірене  тартты.  Жанжігіт   Киікбайдың   аяқ-қолы  былқылдап  қалғанын  сезді. Бұланбай  ағасы  бұл  әдіс  адамның  жұлынтұтасына   тиіп,  денесін  қозғалыстан  айырады  деп  түсіндірген.  Киікбайдың  тізесі  бүгіле  бергенде,  Жанжігіт  қолын  қоя  беріп еді,  анау  бүктетіле  шалқалай  құлап, салмағымен  Жанжігітті  де  тартып  әкетті. Екеуі  де  орындарынан  сиыршылап  әрең   тұрған  соң,  Киікбай  кирелеңдеп  әрі  кетті  де  Жанжігіт  бүйірін  басып,  ентігін  баса  алмай  орнында   тұрып  қалды.  Оң  жағына  ұзын  біз қадап  қойғандай  түгел  шаншып  сыздайды.  Осы  қалпында  Маскбишпен  ұстасты.  Оның  қарулы  екенін  де,  көп  жағдайда  қарулы  адамның  тез  бұрлығатынын  да  Жанжігіт  біледі,  сонан  да  асықпауға  тырысты.  Маскбиш  ұстасқан  бетте  жұлқылауға  көшті.  Шалып  та  көрді,  жамбасқа  да  салмақ  болды, бірақ,  Жанжігіт  созылып  жүріп  бұл  әдістерден  сытылып  шыға  берді. Маскбиш  енді  күшке  салды.  Оң  қолымен  іштен  тіреп,  сол  қолымен   белден  алып  шірене  көтергенде  Жанжігіт  аяғының  ұшымен  жер  сызды. Бұл  жерде  де  оны  бойының   тым  ұзындығы  құтқарды,  өзі  шамалас  біреу  болғанда  Маскбиш  мынандай  дүлей  күшпен  жұлып  алар  еді. Маскбиштің  Жанжігіттен  салмағы  да  аздау  екен.  Ендеше,  өз  әдісін  өзіне  жасап  көрсе,  бірақ,  қабырғасы  жібермей  тұр  емес  пе,  сонда  да   байқасақ...  Жанжігіт  оң  қолына күш  сап  көрді,  бүкпей  жайлап  тартуға  болатын  сияқты,  тәуекел. Оң  қолымен белден  алды, сол қолын  шынтағынан  бүгіп  тура  кіндіктен  тіреп   бар  салмақты  сол  жағына  салып шірене   көтергенде,  Маскбиштің  аяғы  жерден  бір  шынтақтай  ажырап  ауада  ілініп  қалды,  сол  бетінде  бұрынғы  машықпен  қосқолдап  бұрап  қалғанда  оң  бүйірін  өткір  шаншу  тіліп  өтті  де  бұл  шыдай  алмай  құлай кетті.  Ауада  айналып  кеткен  Маскбиш  екі  аяғы  көктен  келген  қалпы  бұның  астына  түскен  еді...  Жанжігіт  тұра  беріп  қайтадан  құйрығына  отыра  кетті.  Басын  тізесіне  қойып  шөкелеген  қалпы  талай  отырды. Бір  ауырлық  өнебойын  езіп  қозғалуға  шамасы  қалмағанын  жаңа  білді.

–  Кім  бар  енді  шығатын – деп  айқайлаған  Самайдың  дауысын  естігенде  ғана  басын  көтеріп  жан-жағына  қараса,  ешкім  тарамапты,  анандай  жерде  ұйлығып  отыр  бәрі.

 –  Онда  –  деді  Самай  ешкім  үндемеген  соң. – Онда  мен  шығам    Жанжігіттің  алдына  кеп  қос  мықынын  таянып  шірене  қалып  еді. «Мен  күреспей  бердім  саған  бәйгені» – деді  Жанжігіт  өзінің  дауысының  жарықшақтанып  қырылдап  қалғанына  таң  қап.

 – Естідіңдер  ғой – Самай  қайта  айқайлады.  Тағы  ешкім  үн  қатқан  жоқ.  Осы  кезде  пункт  жақтан  мотоциклін  дарылдатып  Жанай  жетті  де  онысын  өшірмеген  қалпы:

– Ей, Самай, Жанжігіт  болыңдар  тез,   үлкен  арықтан   Мұқалидың  көп  қозысы  өтпей  бөлініп  қапты  бер  жақта,  ар  жақта   қойлары  бытырап  кетіпті...

–  Оны  кім  айтты?  –  деген  Самайға.

– Өй,  болыңдаршы-ей,  ана  жездең  қараңғыда  малынан  айрылады, –  деп  Жанақ  күйіп-пісті. Мынаны естіген  соң  Жанжігіт  созалаңдап  тұрып  мотоциклге  беттеді.  Самай  бұл  екі  арада   бір  жәшік  арақты  апарып  тастап,  қайта  жүгіріп  кеп  жерде  жатқан   күрткені  жазды  да  ішінен  екі  бөтелкені  суырып  алды.  Бұл  бағанағы  Жанжігіттің  күреске  қатысу  «жарнасы»  болатын.

 –  Мынау  сендерге,  менің  жеңісімді  жуғаным  –  деп  ана  топтың  алдына  екеуін  де  домалата  сап,  жүгіріп  кеп  люлькаға  отыра  кетті  де:

–  Әпер  тез –  деп  иегімен  жердегі  жәшікті  нұсқап  Жанжігітке   әмір берді, жәшікті   алдына  жайғастырған  соң.

–  Не  қып  тұрсың, отыр  бол – деді  зіркілдеп,  Жанжігіт онсыз  да   артқы  орындыққа  отыра  берген,  мотоцикл  ышқынып  ала  жөнелді.

       Шаңы  бұрқыраған  қара  жолда  зулаған  «ИЖ»  жер  апшысын  қуырып  келеді. Қырықтық  көзден  таса  болғалы  едәуір  уақыт.  Жанақ   жолдан  кілт  бұрылды  да   анандай  жердегі  жасыл  алаңқайға  кеп  тоқтады.  Самай  Жанжігітке

– Түс  те  мынаны  ал –  деп  алдындағы  жәшікті  меңзеді.

– Өй,  неге  тоқтадық,  Мұқали  қайда,  қой  қайда? – деген  Жанжігітке

–  Маневр  без  боя,  болшы, ей,  сендер  үшін  аяғым  талды –  Самай  жәшікті  қозғай  берді.  Жанжігіт  түскен  соң  ғана  сезді, өне  бойы  сіресіп  салдырап  қапты,  зорға  икемге  келеді. Жанақ  жерге  брезент  жайып  үстіне  бір  жарты  қойып,  мотоциклдің  артқы  қақпағын  ашып, әлдебір  түйіншектерді  әкеліп  жайғастырып  жүр.  Самай  анадай  жердегі  арықтың  жиегіне  барып  шешініп  жатып,  бұларды  шақырды.

–  Бір-бір  сүңгіп  шықсақ  көзіміз  шырадай  ашылады,  Жәкө,  қорықпа,  ағып  бара  жатсаң,  ұялмай  айғайла,  екеулеп  құтқарармыз  сені – деп,  кібіртіктеп  тұрған  бұған  тиісті.  Су  шынында  да  рахат  екен,  тізеден  келетін  тереңге  ұзынынан  жата  кетіп, басымен  қоса   батқанда,  өне  бойынан  ащы  тер,  күні  бойғы  ыстық,  қолаңса  иіс  қолқаны  қауып  мүңк  ете  түсті  де, сәтте  ағын  су  соның бәрін  сыпырып  әкетіп  тазарып  шыққандай  болды. Бұлар  қолдарымен  арықтың  табанын  тіреп,  аяқтарымен  су  шалпылдатып,  шалқалап  жатып,  қайта-қайта  сүңгіп  ұзақ  түсті.

 –  Давай,  енді  Жәкөні  суға  батырайық –  деп  Самай   айқайлағанда,  екеуінің  ойынынан  зәрезәп  болған  Жанжігіт, шынында  да   секемденіп  еді,  Жанақ:

 –  Қой-ей,  бұл  дүлейдің  жүрегі  ұшып  кетсе,  мына  таяз  суда екеуімізді  арықтың   екі  жиегінен  асырып  лақтырады,  сүйегіміз  шашылып  қалар,  онан  да   аманымызда  шығайық –деген  соң  барып  көңілі  жайланды. «Су  жарықтық,  шынында  да  қасиетті  ғой» – деп  ойлады  ол,  өзінің  сергіп- қунап  қалғанына  таң  қап,  бүйірінің  де  шыдатпай   шанышқылағаны  басылғандай,  тек  сыздағаны  болмаса.  Үшеуі брезенттің  үстіне  жайғасқан  соң,  Жанақ  түйіншекті  шешіп  ішінен  ет,  нан,  сарымсақ  шығарып,  Самай  қалайы  кружканы  құтымен  жаңа  әкеп  қойған  суға  шайды  да, бөтелкені  ашып, кружканы орталай  құйып,  Жанжігітке  ұсынып:

– Ал,  давай,  ішіп  қой,  шаршағаныңды  сыпырып  алады – дегенде,  үшеуі  бірдей  күлді.  ... Бұл  жақта   басқалар  құсап  тілек  айтып, тост  көтеріп  жатпайды. «Ал, давай» – десе  жетеді,  бәріне  бәрі  түсінікті, қысқа  да  нұсқа.  Соны  қыжыртып  ағаш  шебері  боп  істейтін  ауылдағы  жалғыз  орыс – Ефим   Фоминнің  айтқаны  мәтел  боп  кеткен.  Оның   апайы  Евдокия   Бекдайынға   тұрмысқа  шыққан,  содан  «Мен  қыз  беріп  отырған  жақтан   жалғыз  құдамын,   жолым  үлкен. Сендер  бар  қазақ   мені  күтуге  міндеттісіңдер» – деп  жүреді.   Бекдайын  ана  бір  жылдары  жүгеріні  жақсы  өсіргені  үшін  Бүкілодақтық  көрменің  қола  медалін  алып,  оны  жумай  ма.  Ертеңінде  жұмыстағылар  Ефимнен  жездесінің  тойы  қалай  өткенін  сұраса,  ол: «...Всю  ночь пили  за  какого-то  Алдабая. Я  таки    ничего  не  понял, слушай, – деп  алып  әрі  қарай  қазақша  заулапты. –  Мен  білмейтіндей  жездемнің  ондай  туысқаны  бар  ма  еді,  әлде,  Бекдайынға  медальді  Алдабай  деген   біреу  әперген  бе?»  Сөз  бәріне  тиіп  тұрған  соң,  естігендер  үндей  алмай  қалыпты. Кейін  «Ефим  айтты» –  деген  осы  әңгіме елге  тарап  кетті.  Жұрт   ұялғанын  күліп  жапқансиды,  бірақ   «ал,  давай» шыға  береді.  – Жарайды,  Алдабай  үшін  алып  қояйын –  деп Жанжігіт  ыдысты  сыздықтатып  ұзақ  ішті. Ол тыжырынып  кружканы  қайта  ұсынғанда,

 –Түүһ,  осы    түйеше  сораптайтының-ай,  сен  тауысқанша  менің  жүйкем  де  құрып  бітетін  болды аузыңа  қарап. – Самайдың  үйреншікті   сөзін  қалған  екеуі  елең  қылмады.  Жанақ  жамбастың   суық   етін  қидалай  турап,  қалыңдығы   екі  елідей  майы  бар   бір  жапырақты  Жанжігітке  ұсынды. Оның  үрке  қараған  түріне  қарап:

–  Же,  жегің  келмесе  де  өзіңді  зорлап  же,  әйтпесе,   қанжілік  боп  кетесің.  Бұрын  бәйгеден  шаршап  жеткен  аттарға  үлкендер   құйрық  жұтқызып  жатқанын  көргем  –  деді.

 –  Онда  анық  ақжілік  екі  шелек  май  жеген  Маскбиш  екен,  бірақ, ерте  жеп  қойып  саркөбең  күйін  жоғалтып  алды  ма,  екі  аяғы  көктен  келді  ғой  бағана – деген  Самайды.

 –  Енді  бөскенді  қоятын  шығар,  әй,  қайдам,  оның  не  нәрсеге  сылтауы  дайын  емес  пе – деп  Жанақ  қостады.

 –  Қалай  десең  де  қаруы  мығым,  мені  жерден  жұлып  ала  жаздады  ғой,  аяғымның  ұзындығы  ғана  сақтап  қалды,  әйтпесе,  – дей  берген  Жанжігітті.

– Әйтпесе  не,  бір  жәшік  арақты  Маскбиш  ұтып  ап,  аузымызды  қу  шөппен  сүртіп  отыратын  едік  қазір  демексің  ғой – деп  Самай  тағы  бөлді.  –  Қалай  мақтасаң  да  Маскбиш  сенімен  тіресе  алмайтыны – факт.

 – Сол  оның  ішіндегі  мықтысы   Маскбиш  қой,  қалғандарынікі  не  сонда? –  Жанжігіттің  бұл  сұрағына   Жанақ  үнсіз  мұртынан  күліп  төмен  қарады  да,  Самай  елеуреп  кетті:

 –  Как  не?  Сен  білесің  бе  олардың  ішіне  қан  қатқалы  қанша  болғанын. Во,  білмейсің,  өйткені  сен күресесің,  басқа  уақытта  ұйықтап  жүресің.

–  Өй,  Жәкө  көрмейді   деймісің,  жай  назар   аудармайды ғой – Жанақ  Самайдың  тізгінін  тарта  сөйледі. – Олар   бір  бәлені   ойластырғанын  осы  қырықтық  басталғалы  бөлектеніп  жүргендерінен-ақ  бәріміз  де  байқадық  емес  пе.  Ал,  Маскбишті  бұлар  ең  соңында   қосқан  сияқты.  Өйткені,  не  десең  де,  оның   арамдығы  жоқ   және  аузында  сөз  тұрмайтыны   да  рас,  одан   кейін – мақтаншақ,  мен  білсем,   аналар  үрлеп- үрлеп   оны  да  Жәкө  сияқты,  тура  күресердің  алдында  шығарған болар .

 – Жоқ, оны  қойшы,  сен мынаны  айтсаңшы, –  Самай   Жанжігітті  иегімен  нұсқады. –  Мен  байқап  отырдым Мырза   кеп  күбір  етіп  еді,  емізік  көрген  бұзаудай  ере  жөнелгенін   айтсаңшы  ананың  соңынан.

– Сонда  не,  «күреспеймін» – деуім  керек пе еді?

–  Жанжігіт  оған  аңтарыла  қарады. –  Мен  білгем  жоқ  қой,  анандай  күрес  болатынын.

–  Жоқ,  сен  неге  біреу  айтса ере  жөнелесің ә, –  Самай  ауыз  аштырмайды  тіпті –  Мына  екеуіміз,  Жанақты  нұсқап  болмасақ, не  боларын  ойладың ба?!

– Не   болушы  еді? 

–  Жарайды,  бәрін  жықтың  дейік,  сонда  аналар  сені  жайыңа  жіберіп  қоя  береді  дейсің  бе  бір  жәшік  арағыңмен.  Жоқ, олар  сенің  арағыңды  ішеді, өзіңе  де  ішкізеді,  содан  кейін  арақ  пен  күрестің  аяғы – төбелес,  олар – он,  сен – жалғыз.  Күрескен  жеріңде  сүйегің  қалар  еді...

– Сонда  маған  не  қылмадың   дейді?

– Түүһһ,  мынаны-ай,  ты  на  самом   деле  дурак  или  прикидываешся.  Ей,  мынаған  сен  ұқтыршы, әйтпесе  менің  сөзім  таусылды.  – Самай  Жанаққа  бұрылды.

– Іштарлық  деген  бізден  қалмайтын  ауру,  Жанақ  төмен  қарап  ап,  әр  сөзді  шеге  суырғандай  бір-бірлеп  асықпай  сөйледі.  –  Сен, Жәкө, басқа  жақтікі   болшы, мысалға   мына   іргедегі Марқадан  делік  тіпті. Онда  сенің  төрт  ауданның  түйе  балуаны  болғаныңды  жаңағылар  жыр  қылып  айтар  еді, өсіріп-өңдеп  айтады  айтқанда, өйткені,  олар  сені  танымайды,  содан  да   қызғаныш  жоқ.  Танымайтынды  мақтау – бұл  сияқтыларға  өздері  мақтану   үшін  керек.  Ал, өзіміздің  ішімізде жүргенге,  атамаңыз,  жақсы  лепесті  өлшемей айтуға  болмайды.  Өйткені,  оның  аты   озса,  біздің  итіміз  қырын  жүгіреді. Неге  ол  алда   жүреді,  қатарда  жүрсін, қатарды  бұзбасын, болмайды  екен,  оны  артта  жүргіземіз.  Өйте  алмасақ   ерлігімізге  сын,  елдігімізге  сын.  Міне, бар  саясат – осы.

– Уай, десеңші, – Самай  мына  жақтан  тағы  шыдамай  Жанаққа  тиісті  –  сен  осы  Ақтайлақ  бидің  жиені   емессің  бе,  случайно.  Шіркін,  заманыңнан  кеш  туып  тракторист  боп  жүрсің  ғой, әйтпесе,  малдасты  құрып,  қамшыны  таянып  билік  айтып  отырар  едің.

–  Міне,  оны  да  көре  алмайды – Жанақ  Жанжігітке  иегімен  Самайды  нұсқады – Жаңағы  сөзімнің  мысалы.

Үшеуі  бірдей  күлді.

–  Е-е,  сенің  «маған  кім  шығад»  – деп ұрандағаның,  Жанақ   айтқан  Мұқалидың  қойы, бәрін  жаңа  ұқтым  –  деді  әлден  уақытта  Жанжігіт  достарының  мұның  сыртынан жасап  жүрген  қамқорлықтарына  шын  көңілден  риза   боп:

– Бес  сағатта  жетті-ау  әне-е-еу-у  басқа – Санақ  Жанжігіттің  төбесінен  аса  қарады. –  Оған  да  тәуба.  Бәрі  тағы  күлді.

–  Ал,  жігіттер,  атқа  қоналық... Қараңғы  түспей  жағаға  жетейік,  ауды  қараймыз. – Жанақ  дастарханды  жиыстырып  сөйлеп  жүр. – Содан  кейін  уханы  пісіріп  қойып   әңгімені  асықпай  жалғастырамыз,  бұйырса, түн  біздікі.

–  Сонда  далаға  түнейміз  бе,  үйдегілер  алаңдамай  ма? – деген  Жанжігітке.

– Дауысың  жаман  шықты  ғой,  келіншегің  бір  түнге  шыдар,  алаңдамайды,  бағана  балалардан  айтып  жібергеміз, бол  жинал,  –  деді  Самай.

Мотоциклдің  артқы  орындығында  шайқалып  келе  жатқан  Жанжігіт  екі  жағында   зырылдай  айналып  қалып  жатқан  ши,  қарағанға  қарай  отырып   ойға  шомды. «Дос  болса  осылардай-ақ  болсын – деп  ойлады  ол. –   Мен  үшін  бастарына  бәле  іздеп,  далаға  түнеп  жүргендерін  айтсаңшы.  Аналар  түні  бойы  ауылдан  бұны  іздейтінін  біліп  отыр,  сонан  да  уха  пісіріп  жатпақшы,  оны  маған  білдірмеген  түрлері,   өздерінше...».

...Бұлар  ертеңінде  асықпай  ауларын  тағы  қарап,  ауылға  сәске  түсте  жетті.  Бірден   Байжүсіп  ақсақалдыкіне  тоқтап,  Жанжігітті  сүйрегендей  қып  сынықшының  алдына  әкелді. Қарт  оның  арқасын  қаздың  майымен  сылап,  ақырын  басып  отырып,  өзіне  ғана  түсінікті  бір  қимылдар  жасап,  жанын  әбден  қинады.  Бір  уақта  «сүбе  қабырғаң  майысып,  көк  етке  тіреліпті,  омыртқаға  бекитін  тұсында  да  зақым  бар,  әлі  үш-төрт  күн  келесің» – деп  қоя  берді. Жанжігіт  бір  жұмадай  дел-сал  боп  жүрді.  Ақсақалдың  қолы  шипалы  екен,   айтқан  уақытта   бүйірінің  шағып  сыздағаны  басылды,  тек  оқыста  шалт  қимыл  жасап  қалса    шанышқаны  болмаса. Бірақ,  санасында  әлдене  сынғандай.  Алғаш  рет  өзін  өзі  жек  көрді,  күресті  жек  көрді,  өзімен  күрескендерді  жек  көрді. «Бұланбай  аға,  сеніміңізді  ақтай  алмадым,  қазақтың  күрес  деген  өнері  өздеріңізбен  бітіп,  біз  үшін  төбелестің  басы  боп  қалды,  Сіз  бізге  бөрін  үйретіп  едіңіз,  біз  үйретпек  түгілі,  үйреткеніңізді  ұстана   алмадық».  Неше  күн  сүлесоқтанып  жүргенде  осы  ойлардан  арыла  алмады.  Дүйсенбіде  мұны  Управтың  өзі  шақыртыпты.

–  Балуан  Жәкө,  аманбысың,  қалай  қырықтықтан  кейін  деміңді  алдың  ба?  Үй- ішінің  жағдайы  жақсы  ма?   Қажет  көмек  болса, айт –  деп  алдымен  адамның  жағдайын  сұрайтын  әдетімен. –  Олай  болса,  Жәкө,  мені  тыңда,  отызды  орталадың,  қысы-жазы  қуаланды  жұмыста  шапқылай  бермей,  бір  шаруаның  басын  ұстайтын  кезің  жетті.  Күзде  бір  отар  ұрғашы  тоқты  берсем  деймін  саған,  қалай  ойлайсың,  көрмеген  малың  емес. –  Жанжігіттің  тосылып  қалғанын  көрді  де  – Онда,  келістік,  қолыңнан  келетініне  сенем – деп  бастырмалатты. –  Ал,  қазір  шақырғаным,  анау  Рәбілді  білесің,  қалада  асқазанына  операция  жасатыпты,  әйелімен  сөйлестім,  жағдайы  тәуір  дейді.  Бірақ,  пышаққа   түскен  оңай  дейсің  бе,  екі-үш  айсыз  жұмысқа  жарамас.  Сен  соның  орнына  ЛСП * ға  бара  тұрсаң,  енді  күзге  де  қанша  қалды.  Жанжігіт  өзі  де  мына  сүргін тірліктен  кейде  қажып,  «бір  отардың  соңында  өз  қотырымды  өзім  қасысам...»  – деп  ойлайтын, бірақ,  бәрі  мұнша  тез  шешілгенде  абдырап  қалды.  Бірталайдан  кейін  «барсам  барайын»  – деп  күңгірледі.  – Ал,  онда  жақсы, өзіңді  шақырғанда  айтпағым  осы  еді, қалғанын  бригадирлер  айтар,  Управ  қолын  ұсынды.  Бұл  есікке  барып  қалғанда –  Жанжігіт,  –   деп  дауыстап  қайта  тоқтатты,  мұның  жанына  жақындап  келді де.  Өзің  білесің,  балуандығыңа бек  риза  ағаларыңның  біреуі – менмін. Әнеукүні  ауылдың,  ауылдың  емес- ау  ауданның  абыройын  асқақтатқаныңда   бүкіл  ауыл,  басы  мен  боп  қалай  айқұлақтандық. Оның  – ерлік,  ондай  атақ  әперетін  сынға  түсіп  жатсаң  құба-құп.  Шатақ  әкелетін  алыс-жұлыстан  аулақ  жүр  дер едім,  бұл  менің  ағалық  ақылым  тыңдасаң, ал,  жақсы  жолыңнан  қалдырмайын.  «Естіген  екен  ғой,  ұят  болды,  бұл  кісі  мұны  айтар  демеп  едім».  

... Жанжігіт  сол  кеткеннен  мол  кетті.  Жұрт  оны  жылына  бір  рет  қырықтыққа  қойын  айдап  келгенде  ғана  көретін  болды. Біреулер –  балуан  Жәкө  он кісіні  бір  демде  жеңіп содан  көкжұлын  боп  кетіпті – деді,  біреулер – қабырғасын  майып  қып,  қатты-қайырымға  келмейтін  болды –  деді. Маскбиш –  күресті  ұстай  алмағанды  күрестің  киесі  ұрады,  содан  оның  күші  қайтты – деп  данышпансыды. Жұрттың  айтқанының  бірі  де  шындыққа  келмейтін,  Байжүсіп  ақсақал  қабырғасын  да  орнына   келтіріп  берген,  қазір  білінбейді  де,  күші  де  қалпында.  Бар  бәле – мұның  ішінде,  бірақ, ол  туралы  ешкімге  тіс   жармайды  Жанжігіт...

...Сол  сиыр  табынын  бағып  жүргенде  көргенімнен  кейін  де  үш-төрт  жыл  өтіп  кетіпті. Орталықтың  шеткі  көшелерінің  бірінде  аласа  шағын  үйде  тұратынын  білетінмін. Шалқасынан  ашық  сыртқы  есіктен  кіргенде  домбыраның  күңгірлеген  қоңыр  дауысы  естілді. Ауыз  үйде есікке  арқасын  беріп, төмен  қарап  көзін  шала  жұмып,   балуан  Жәкө  мүлгіп  отыр.  Қолындағы  бір  тұтам  қалақ  домбыраға  анадай  саусақтар  қалай  сияды – деп  таң  қалдым.  Мен  өзі  өнерден  енші  алмағандардың  қатарынанмын, сонан  да  домбыра,  сырнай  дегендерді  ұға  да,  тыңдай  да  білмеймін.  Бірақ, бұл  жерде  мені  әуеннің  тым-тым  жақындығы,  тым  жылылығы  тоқтатты.  Ақырын  басып  арт  жағынан  кеп  тізе бүктім.  Күй  мені  бесікте  әлдилегендей,  енді, міне  шыбық  мініп  шапқылағандаймын.  Міне,  көп  бала  өзенге  қарай  ұшып  барамыз...  Кенет   тәтті  қиял  шорт  үзілді. Басымды  көтерсем,  ол  артына  бұрылып маған  қарап  отыр  екен.  Қос  қолымды  ұсынып  сәлем  бердім. Маған  тосырқай  қарағанынан  танымағанын  аңдадым.  Мені  таң  қалдырғаны- былай  да  салалы  жіңішке  көрінген  саусақтары   ұстағанда  қалың  сүйекті  терімен   ғана  қаптап  қойғандай  сезіледі  екен,  алақаны  да  солай,  етсіз  жуан сүйек.  Жұртшылық   мұндай  пошымды  жанды  «сүйегі  ауыр»  –дейді  әдетте.  Әкемді  айтқан  соң   барып  таныды.  –  Жаңағы  тартқаныңыз  кімнің  күйі? –  дедім  күйден  бірдеңе  ұғатындай, әңгімені  созбақ  ниетпен. – Е-е,  Қожыкенің сарыны  ғой,  бала  күннен  құлаққа  сіңісті  болған.  Ауылда  бірер  шал  шертетін,  солардан естігенім  де  ана  жақта  – иегімен  бір бағытты  нұсқады   «Түсінікті» – деп  ойладым. Электр  шәйнекке  шелектен  бақырмен  алып  су  толтырып  токқа  қосты,  дастархан  жасауға  кірісті.  Мен  ақырын  үйдің  ішін  шолып  отырмын. Көнентоз  заттар  таза,  шашылған  дүние  жоқ,  бірақ  бәрінде  бір  үйлесім  жетіспейтін  сияқты.  Соны  аңдағандай  екі  жылдан  асты  кемпірім  қайтқалы,  жалғыз  ұл  әскери  қызметте,  контрактник  дейді.  Қолыма  кел – деп  болмаған  соң, былтыр  қызмет  атқаратын  жері –  Атырау  жаққа  барып  келдім  көрейін  деп. Екі  баламен  екі  кішкентай  бөлмеде  тұрады  екен,  не  асүйіне   сыймай, не  төсегіне   сыймай   бек  қолайсыздандым   бір  жұма  жатқанда. Келін  екеуі  де  жұмыста,  балалар  бақшада.  Сыртқа  шықсам   бір  таныс  жоқ,  бәрі  әскери, бәрі   асығыс  жұрт,  өзім  шамалас  жан  көрмедім. Ұлға   айттым,  шамам  барда  саған  салмақ  салмайын,  өзім   де  қысылмай  өз  жерімде  жүрейін   дедім  де  қайттым. Ауылда  бір  туғандай  біте  қайнасып  кеттік  қой  Шайға   кел –  деді  сөзін  үзіп.  Піскен  сүттің  қаймағын  езіп  қосқан  қою  күрең  шайдың  дәмі  ерекше  екен.  Бауырсақ, құрт,  сары  май  салған  дастархан  да   жалғыз  адамның  тірлігіне  кемшін  түсіп  тұрған   жоқ...

 –   ... Тіпті,  бір  Маскбиштің  өзі  неге  тұрады,  қазір  ол  да  зейнетте,  менен  екі  жылдай  бұрын  шыққан.  Жұмысы –  таңертеңнен  түске   дейін  ауылды  бір  аралап  шығады,  түстен  кейін  сол  жаңалығын  өзін  тыңдайтын  біз  сияқты  шалдарға   жеткізеді. Мінез  өзгермейді  екен   ғой,  сол  баяғы  қалпы –  өзінің  бұл  өңірде  жауырыны  жерге  тимеген  балуан  болғанын  айтады  және  оны  маған  айтады.  Не  дерсің,  күлесің  де  қоясың.  Бірен-саран   ескі  көздердің  бірі  де  осындағы.  Тұрғыластардың  көбі  жан-жаққа  кетті  балаларының  соңынан.  Самай   мен   Жанақ   та  көшті  осы  көктемде. «Көш  байсалды» айтып  жүк  тиескен  боп  уақытты  өзімізше  созғанмен  бола  ма,  қоштасатын  кез  де  келді. «Жәкө,  амандықпен  көрісуге  жазсын,  артық – ауысым   болса  кеш» – деп  Самай  жыламсырап  келіп  құшақтағанда   мен  де  екі  көзіме  ерік  бердім  ғой,  жарты  айдан  кейін  Жанақты  да  солай  шығарып  салдым.  Екеуіне  де  ауылға  әдейілеп  барғам.  Мен  кемпір  ауыра  берген  соң аудан  орталығына   зейнетке  шығысымен    келдім  ғой. Орындарын  әлі  өгейсіп  жүрмін ,  оларға   тіпті  қиын  шығар, біз  елдің  ішіндеміз  ғой. –  Бағанадан  самбырлап  қатты  сөйлеп  отырған  дауысына  діріл  араласып   қожырап  кетті. –  Тағы  бір  шыны  іш. Мен  кесемді  қайта  ұсындым.

–  Анда-санда   Бекқазы  соғып  кетеді.  Ол  зейнетке  шыққан  соң  тағы  бір  өнер  бастап  сақал  қоя  берген.  Кейде  бір  жиындарда   төсін  жапқан  ақ   сақалын  тарамдап  төбедей  боп  отырғанда,  танымаған   адам   оны  салиқалы  қария  екен  деп  қалатын  шығар –  Жанжігіт  кеңкілдеп  күлді. –  Өткен  қыста   жүзге  таяп  барып  бір  апамыз  дүниеден  қайтты, шөбере  түгілі,  шөпшек  көріпті,  арманы  жоқ.  Жан-жақтағы  ұрпақтарының  келіп  жеткенін  тосып,  сүйекті  шығармай  түс  ауғанша  аялдатты.  Күн  суық, тоңа  бастадық...  «Апамыздың  сапары – той  ғой» – деп   жұрт  біраздан  кейін  қалжың, қағытпа  айта  бастады.  Сонда  ғой,  Бекқазы: –  Ей,  Жако, – деп  айқай  салғаны.  Бәрі  күректей  сақалы  төсін  жапқан  еңгезердей  шалға  қарады.  Анау  оны  керек  қылған  жоқ. –  Помнишь сен  мені  баяғыда   бір  рет  сборол.  Соның  ответін  беру  керек,  давай  шық  ортаға,  ұстасып  көрейік  –  деп  күркіреп  тұр.  Ал,  не  дейсің?..  Е-е, бұның  бәрі  бір  күнгі  тірліктегі  қызық  қой – деп  күрсініп  барып  тоқтады.  Құлағы  тосаң еститіндердің  әдетінше,  бағанадан  самбырлап  қатты  сөйлеген  Жәкө  үндемей  қалғанда,  үйдің  ішін  бір  меңіреу  тыныштық  басты. Мен  қабырғаға  сүйеулі  тұрған  домбыраны  алып  қарай  бастадым...  Мойыны   екі  қарыстан  сәл  асатын  шауып  жасаған, шанағын  қашаумен  ойып,  бетіне  жұқа  тақтай  шегелеген  ескі  домбыра   уақыттан  қарақоңыр  тартыпты.  Пернесі  де  сирек  байланған,  ішегі  тым  жуан  сияқты  көрінген.

 –  Сағынтай  берген. «Әкейдің  көзі  деп  сақтағаным  болмаса,  біздің  үйде  мұны  ұстайтын  жан  жоқ.  Сен  ал,  бір  кәдеге  жарасын   текке  қаңсып  жатқанша»  – деп.  Мынау  магазиннің  домбырасына  үйрене  алмаймын.  Дауысы  да  қатты,  дыбысында  да  биязылық  жоқ  сияқты.  Бұл  шіркін   адамға  серік  қой,  қажысаң  сергітеді,  қиналсаң  ойландырады,  жалғыздығыңды  жасырады. – Жәкең  тағы  үндемей  қалған.  Мен  домбыраны  қолға  алса  екен  деп  айналдырып  отырғам,  беттемейтін  түрін  таныған  соң  орнына  сүйей  салдым.

 – Е-е,  алланың  берген  өлшеулі  ғұмырын  ел  қатарлы  кешіп  келеміз, өз  өремізде  өз  тірлігімізді  жасадық,  еткен  еңбегіміз  ескерусіз  қалған  жоқ. мақтауын  да  алдық, медалін  де  тақтық, қазір  міне,  өкімет  бейнеттің  зейнетін  беріп  отыр.  Шүкір,  қанағат  болса  бұйырған  ризық  жетеді  ғой.  Тек  қиналатыным – топырағы  торқа  болғыр,  Бұланбай  ағамның  айтқанын  орындай  алмағаным.  «Күреске  қызмет  етіңдер, сонда  ғана   ол  да   бар  өнер  сияқты,  сендерге  оң   қарайды » – деп  еді. Сол  ағам  арбамен  ауылдарды  аралап  жүріп  қанша  баланы  күреске  тартты,  мақсат-күресті  жоғалтпау. Ал,  біз  Әуес,  Сартай,  Бекқазы, мен – бәріміз  жабылып  бір  баланы   шығарғамыз  жоқ,  жарайды,  өзіміздің  өреміз  оны  баулуға  жетпесін,  құрығанда   бір  баланы  неге  Назарбектің  қолына  табыстамадық.  Екінші,  осында  келгелі  бір- ақ  рет  үлкен  додаға  қатысыппын. Неге  өзім  шындап  күрестің  соңына  түспедім?  Осы  екі  шаруаның  бірін  жеріне  жеткізгенімде,  менің  күреске  қызмет  еткенім  сол  болар  еді-ау. Қайтерсің,  қайратың  толғанда  ақылың  толмай,  ақылың  кіргенде  күшің  қайтқан,  өкініші  көп,  бірі  кем  дүние..  –  Талайдан  кейін  барып,  өзіне  өзі айтқандай, күбірге  таяу  үнмен –  Балуанның  оқуына  түсе  алмадым –  деді  де  ұзақ  үнсіз  қалды.  Мен  малдас  құрып  отырғанда   менің  белуарымдай  ұзын  бойлы,  еңкіш  жауырынды  шалдың  құнысқан  жалпақ  иығына,  төмен  салған  ақ  басына   елеусіз  көз  тастап  әңгіменің  енді  қиыспайтынын  ұқтым.  Бір  түсініксіз  ауырлықтан  қашып  сыртқа   шығуға  асықтым.  Ол  «аман  жүр» – деп  қолымды  алды  да   сол  тұнжыраған  қалпында  қала  берді ...  Талай  жерге  барғанымша,  құлағыма  домбыраның   күңгірлеген  қоңыр  үні  мен  «Балуанның  оқуына  түсе  алмадым»  – деген  күбір  қатар  естіліп  тұрды...

Құмарбек ҚАЛИЕВ.

ШығысҚазақстан облысы,

Күршім ауданы.

 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 491
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 252
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 280
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 270