Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5072 0 пікір 25 Наурыз, 2015 сағат 17:10

БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

М.О.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры ұйымдастырған байқау жеңімпаздары анықталды. Байқау нәтижесі бойынша бірқатар БАҚ өкілдері бірнеше номинация бойынша марапатталды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Үздік мақала»: Бектасова Гүлзина Тұрғанбайқызы – «Айқын» республикалық қоғамдық саяси газетінің «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы. Театр өмірі мен артистердің шығармашылығын жіті қадағалап, тұрақты түрде жазып келеді. Театрмен тығыз байланыстылығы әр жазған мақаласынан айқын аңғарылады. Төлеубек Аралбай, Шынар Жанысбекова, Бекжан Тұрыс, Есмұхан Обаевпен сұхбаттары, жаңа премьераларға жазған талдауы жылы қабылданды.

«Үздік телехабар»: Қожабек Ришат Асқарбекұлы – «Астана» телеарнасының журналисі. Қарашаңырақта болған жаңалықтардың эфир арқылы жылдам таралып, көрермендерге кең көлемді ақпарат беруде аянбай келеді. Театрда өткен әр премьера – Ришаттың назарында. Мұқағали Мақатевқа арналған поэзия кешін, «Сырласу» клубында өткен актерлер Ғаникамал Байқошқарова, Жалғас Толғанбай, Асылбек Боранбай мен Шынар Жанысбекованың көрерменмен өткен кездесуін, театр премьераларын «Астана» арнасының «Жаңалықтарынан» жан жақты көрсетті.

«Үздік сұхбат»: Әлішева Нұржамал Жұмағалиқызы – Алматы облыстык коғамдық-саяси «Жетісу» газетінің мәдениет бөлімінің редакторы. Жетісулық таланттарды ғана емес, өнерімен көрермен назарын аударған өзге де қарымды актерлердің ойынын талдап көрсетуден талмай келеді. Шәмшәгүл Меңдиярова, Жоламан Әміров, Алмас Шаяхметов, Наз Жекенова, Нұрлан Әбілов, суретші-сценограф Ерік Әдісбек шығармашылығы туралы «Сенбілік кездесу» айдарымен көлемді сұхбаттар сериясын әзірледі.

«Үздік театр жарнамасы»: Сұлтанғазиев Нұрболат Абайұлы – «Білім және Мәдениет» теларнасының «Қайырлы таң» таңғы ақпараттық-танымдық бағдарламасының редакторы. Театр директоры Еркін Жуасбек, Зәуре Көпжасарова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Сәлиха Қожақова, Жоламан Әміров, Шынар Асқарова туралы циклды хабарлар дайындады.

«Үздік мақала»: Мустафина Мира Төлеуханқызы – «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. Спектакльдерді жиі қадағалайтын журналистердің қатарынан. Театр өмірін сырттан емес, іштен біледі. Актерлердің ілгерідегі, кейінгі ойындарын бір-бірімен салыстырып жазудың шебері. «Шыны хайуанат», «Жүз жылдық махаббат», «Оттело» , «Дон Сезар де Базан» премьералары туралы жан-жақты жазылған сараптамалық мақалаларын жариялады.

Абай-ақпарат.

0 пікір