Жұма, 3 Мамыр 2024
Әкімнің ісі 6781 0 пікір 8 Сәуір, 2015 сағат 12:00

ЕЛІНЕ ОҢ ҚАРАҒАН ӘКІМ НЕГЕ ОҢБАЙДЫ?

Аймаққа жаңа әкім келген кезде жамағат бір елең етіп қалатыны белгілі. Себебі, сол өңірдегі кез келген қоғамдық топтар (кәсіпкерлер, зейнеткерлер, бюджет қызметкерлері, жұмыссыздар, т.б.) жаңа басшыдан өзгеше бір жаңалық, өзгеріс, қолдау күтеді. Бұлардың ішінде жергілікті ұлт жанашырлары - зиялы қауым да бар. Жаңадан келген әкім осы жақта маңызы кетіңкіреп қалған мемлекеттік тілге мән берер, ұлттық рухымызды ұлықтар деп олар да өзінше дәмеленеді. Бірақ неге екені белгісіз, Кереку өңірінде ұлт мәселесіне оң қараған әкім оңбай қалатынын көріп жүрміз. 
Көпшіліктің есінде болар, сонау бір кезде Павлодар облысын басқарған Ғалымжан Жақиянов осы өңірде өгейсіп қалған қазақ тілінің жағдайын байқағасын «Алтын тіл» деген арнайы бағдарлама енгізіп, мемқызметкерлерді қазақша сөйлеуге міндеттеп, басқа да оң шаруаларды қолға алып еді. Қаланың дәл орталығынан зәулім мешіт тұрғызып, оған ғұлама Мәшһүр-Жүсіптің атын бергізгені тағы бар. Бірақ соңынан ұлтжанды бұл азаматтың не күйге ұшырағанын өздеріңіз білесіздер...

Ғалымжан кеткесін, қазақ тілі өзінің таз қалпына қайта келді. Одан кейінгі әкімдер шама келсе ұлт мәселесінен аулақтау жүргенді жөн көрген секілді. Тіпті Б.Сағынтаевтың (суретте) кезінде әкімдікке қарайтын 3-4 басылым біріктіріліп, арнайы медиаорталық ашылып, оған баспасөзге ешқандай қатысы жоқ, заты қазақ болғанымен, өзі орыстілді бір әйел адам тағайындалғаны есімізде. Міне, келіп кететін әкім үшін бұл жақтағы ұлттық мәселенің құны бес тиын екенін осыдан байқауға болады. Жаңағы әйел ара-тұра менің облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне беретін жазған-сызғандарымызды бастырмай қойды. Сондағы бар себебі - менің «Жас Алаш» газетінің тілшісі екендігімде. Өзінің қазақшасы шамалы әлгі әйел «Жас Алаштың» бетін ашып оқымайтыны да белгілі. Әйтеуір тәуелсіз газет дегесін, шама келсе жолатпау керек деп ойлайды.
Ғалымжаннан соң Кереку өңірінде ұлттық тіл мен мәдениеттің туын тіктеп кеткен Ерлан Арын (суретте) екенін ел біледі. Осы кезде қазақша жазатын қаламгерлер кәдімгідей еңсе көтеріп, аймақтағы Жазушылар Одағының мүшелері үнемі назарға алынып, арнайы гранттар тағайындалып, оларға екі тілде шығатын «Найзатас» деген әдеби журнал ашып берді. Жыл сайын «Ертіс-Баянаула» сериясымен жергілікті қаламгерлердің кітаптары шығып тұрды. Басқасын айтпағанда, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасын 20 том етіп шығаруы -ұлттық мәдениетімізге қосылған үлкен үлес еді. 

Дегенмен, Арынның бұл әрекеті жергілікті орыстілді қауымға шаншудай тиді. Ол әкімдікке келгеннен бастап етегінен алған осы жақтағы орыстілді газеттер мен сол тілде жазатын журналистер Арын істі болғасын тіпті еркінсіп кетті. Жерден жеті қоян тапқандай тымақтарын аспанға атып, жоқты бар етіп, әлі күнге дейін қуана жазып жатыр. Әрине, бұның ар жағында тек Арынға байланысты сот ісін жазу ғана емес, одан басқа ұлтшылдық теріс көзқарас тұрғанын да байқау қиын емес. Оның үстіне бұларға сырттан жөн сілтеп тұрған біреулер бар екені де белгілі...

Бозымбаев неге өйтеді?

Былтырғы жылы аймаққа Қ.Бозымбаев (суретте) басшы болып келгесін, Арынның уақытындағы ұлттық тіл мен мәдениетке қатысты дәстүр жалғасын табатын шығар деп үміттеніп едік. Өзі және қазақи ортасы қалыптасқан Жамбыл облысын басқарып келген адам. Бірақ ол сеніміміз ақтала қоймады. Бір байқағанымыз, ұлт мәселесіне келгенде аяғын байқап-байқап басатын секілді. Бұл өзінің позициясы ма, болмаса «ұлтқа қатысты шаруаға абай бол» деген Ақордаданың нұсқауы бар ма, әзірше осылай болып тұр.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетелік. 
1.Былтырғы жылы облыс басшылығына келісімен, Ж.Аймауытовтың ескерткішіне деп бөлінген қаржыны алып қойғанын білесіздер. Бұл жөнінде «Жас Алаш» газет шу көтеріп, оны жалпы зиялы қауым қостағасын, ақыры ол ескерткіш әйтеуір күн суып, қар бір түскесін орнатылды. 
2.Е.Арынның кезінде облыстағы Жазушылар Одағының мүшелеріне жыл сайын 200 мың теңгеден әкімнің арнайы гранты берілетін. Айлық жалақылары 50-60-мыңның төңірігендегі журналистер үшін бұл әжептәуір демеу. Бірақ былтырғы жылы бұл мәселе аяқсыз қала жаздады. Қаламгерлер арнайы хат жолдап, әкімнің орынбасары Орсариевке кіргесін, аталмыш грант бұрынғысынан қасқарып, 150 мың теңгеге түсіп, жылдың аяғында әрең деп қолға тиді.
3.Былтырғы жылы Бозымбаев әкім болып келгесін өңірдің рухани-экномикалық жағдайынан елді құлағдар етейік, жаңа әкімнің бұл жақтағы жамағат жайлы ой-пікірі қандай екенін білейік деп арнайы сауал жолдап, «Жас Алаш» газетіне сұхбат беруін өтініп едік. Бірақ неге екені белгісіз, ол кісі бас тартты. (Әкімге деген сауалдарымызды баспасөз қызметі арқылы берген едік. Басшының көңіл-күйін бұзбас үшін, олар ол хатты бермей қоюы да мүмкін). Ал егер осы өңірдегі атын ешкім білмейтін орыстілді бір газет облыс әкіміне қолқа салса, сөзсіз қабылдар еді. Қазақтілді басылым бұл жақта сонау кеңес уақытындағыдай әлі де жетім баланың күйін кешіп тұрғанының бір белгісі осы.
4.Өткен жылдың аяғында облыс аумағында тұратын қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, ел ақсақалдары Бозымбаев мырзаға хат жолдап, қазақ тілінде шығатын аймақтық бір үлкен газет ашып беруі туралы өтініш жасаған. (Бұл хат оған жетпей, ішкі саясат басқармасынан қайтқан секілді. Себебі сол басқармадан қазақша шаласауатты жазылған бір хат алдық). 
Егер сөздің шынына көшсек, осы өңірде ондаған үлкен кәсіпорын, кеніштер жұмыс істеп тұр. Қазақ жерінің астындағы есепсіз байлықпен талайлар қалтасын толтырып жатқанын әркім біледі. Мысалы, «Богатырь» көмір кеніші бас директорының бір айлық жалақсын табу үшін мен 5-6 жыл жұмыс істеуім керек екен! Бір қызығы, осы кәсіпорындардың басшыларының қай-қайсы мінбеге шыға қалса: «Қазақстан менің отаным, қазақ деген халықты ерекше сүйемін, тілі мен мәдениетін қолдаймын» деп жар салады. Егер қазақ тілін қолдаса, осылар қазақ жерінен миллиардтап тауып жатқан байлықтан шамалы ғана бөліп, қазақ тілінде бір аймақтық газет шығарып берер еді ғой. Бұның барлығы, әрине, облыс әкіміне байланысты, егер ол кәсіпорындарға қолқа салса, олар ұялса да көмектесері анық. Бірақ оны жасамай отыр.

5. Биыл қазақ әдебиетінің алғашқы қарлығаштарының бірі Қадыр Тайшықовтың туғанына 115 жыл толады. Жазықсыз атылып кеткеніне 78 жыл толған қаламгерді еске алып, Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақтаулы тұрған, латын әрпімен терілген екі шағын кітапшасын кириллицаға көшіріп, басып шығарайық дегенбіз. Бұған шамалы ғана қаржы керек, бірақ ондаған кәсіпорны бар аймақ соны туып бере алмай тұр. Осы мәселемен облыстық мәдениет басқармасына барып едік, ақша жоқ деген үйреншікті сөзді айтады. Қазір дағдарыс деген бәріне сылтау болып тұр. Әкімнің орынбасары Орсариев мырзаның көмекшісіне бірер мәрте телефон шалып едік, қабылдағысы келмейді.

Облыс басшысы үшін орыстілді басылымының орны бөлек пе?

Бұл жақта орыстілді басылымдардың ықпалы күшті екенін бұрын да жазғамыз. Себебі, халықтың басым көпшілігі соны оқиды. Оқығандарына құдайдай сенеді және. Ресми БАҚ-тардан басқа, бірнеше тәуелсіз орыстілді газеттер шығады. Бозымбаевтың билігі осыны түсінсе керек, қазір орысша жазатын журналистер «ерекше қамқорлыққа» алынып жатыр.
Былтырғы жазда облыстағы «Ертіс-медиа» орталығын басқаруға оңтүстік жақтан И.Неволин деген азаматты алып келген болатын. Бұрын-соңды атын естімеген бұл кім болды екен, осы жақтан екі тілде бірдей сөйлейтін дұрыс адам табылмады ма деп ойладық та қойдық. Жуықта «Время» газетінің осы аймақтағы меншікті тілшісі О.Вороньконы «Павлодар.ньюс» порталына редактор, «Караван» газетінің меншікті тілшісі болған Р.Исабеков деген азаматты Павлодар аудандық газетіне редактор, Е.Ертісбаев деген адамды облыстық радиоға директор етіп тағайындады. Естуімізше, Ертісбаев та орыстілді қазақ екен. Бір қызығы, бұлардың бәрі әкімдіктен кеткен Ерлан Арынды шамалары келгенше жерден алып, жерге салғандар. Әлде қазіргі билікке сонысы ұнады ма екен?..
Жарайды, электронды портал мен аудандық газетке орыстілді журналист керек шығар. Ал халыққа күндіз-түні хабар тарататын облыстық радиоға екі тілде еркін сөйлей алатын көшелі бір адам табылмады ма деп ойлайсың. 
Жергілікті зиялы қауымның айтуынша, бұл секілді «ұсақ-түйек» мәселелерден Қ.Бозымбаев өзі хабарсыз болуы да мүмкін, оны істеп отырған әкімнің баспасөз қызметі деседі. Бозымбаевтың өзімен ере келген баспасөз хатшысы Асқар Жалдинов деген жігітті алғаш көргенде ішіміз жылып қалған еді. Бірақ мына тірлігінен соң, кәдімгідей сескеніп отырмыз. Егер ке
ткенше осылай бола берсе, әлі талай шаруаны бүлдірері анық.
Дұрыс түсініңіздер, біз бұл жерде әйтеуір ұлттық мәселені көтеру керек екен деп, біреулерді жазықсыз қаралағалы отырған жоқпыз. Ақиқаты осы. Әрине, ертеңгі күні уақыты жеткенде Бозымбаев та, онымен бірге Жалдинов те кетер жөндеріне. Бірақ бұл жақтағы ұлтаны тозған ұлттық болмысымызды кім келіп түзейді екен дейсің сосын.

Сайлау БАЙБОСЫН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 831
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 671
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 528
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 538