Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7375 0 пікір 8 Сәуір, 2015 сағат 17:22

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ КҮН НҰРЫНАН ҚУАТ АЛАДЫ

Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ірі күн электр станциясы іске қосылмақ деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Ірі күн электр станциясы ағымдағы жылдың мамыр айында Жамбыл облысының Жуалы ауданында іске қосылады. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев «Бурное Солар-1» кун электр станциясының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Баламалы энергия көздерін пайдаланатын бұл нысан Орталық Азиядағы қуаттылығы 50 мегаватт болатын алғашқы күн электр станциясы болып табылады. Құрылыс жұмыстарына Еуропадан мамандар тартылып, «Samruk Kazyna — United Green» бірлескен кәсіпорыны да құрылған. Мұнда 192 мың энергия өндіретін күн панельдері қолданылады. Жобаның жалпы құны - 23,5 миллиард теңгені құрап отыр, бүгінде нысанда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сонымен бірге, британдық инвестор «United Green» компаниясы жыл соңына дейін станцияның қуатын 100 мегаваттқа дейін арттыруды жоспарлауда. Бұл өз кезегінде 30 000 үйді  жарықпен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысы баламалы энергия көздерін дамытуда және оны пайдалануда еліміз бойынша алдыңғы орында келеді. Аймақта осы салада 12 инвестициялық жоба әзірленуде.
Жамбыл облысының әкімі К.Көкрекбаев жұмыс сапары барысында ауданның су нысандарын аралады және ірі кәсіпорындарда болып, кәсіпкерлермен кездесті.

Абай-ақпарат 

0 пікір