Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Қайраткер 7803 0 пікір 15 Сәуір, 2015 сағат 09:34

ТАНИ ЖҮРІҢІЗ: ТЫНЫМ ТАППАЙТЫН ТӨЛЕГЕН

«...Адам баласы бір немесе бірнеше істің ғана шебері бола алады. Әр өнердің алғырларын бағаласақ, әр бала өз бағытымен еліктейтін орта көп болар еді! Сөзіміз бен ісіміз бір жерден шығып, әркім бойдағы қабілетін осы Қазақстанымыздың игілігіне жұмсауға тырысса бұдан асқан бақыт бар ма?!. Имандылық адал еңбек қуғанмен, ал тәкаппарлық бос сөз қуғанмен келеді. Демек, сөзі мен ісі жарасқаннан үлгі алу керек... Өмірдің өзі - күрес. Сол күрестің ішіндегі тектісі де, тегеуріндісі де, ғұмырлысы да - осы қол күресі...». 

Өзін сөз қуған ақын-қаламгер де емес, арман қуған, спортты, қазақты көтеремін деп, көппенен алыса осындай ойға кез болған пенде санайтын Семей қаласындағы қол күресі  спортын дамытуға жанын салып жүрген жалғыз жаттықтырушы Төлеген Сағатаевпен (суретте) тілдесудің сәті түскен еді. 

Қол күресінің Отаны - Америка. Алғаш негізі 1967 жылы қаланған спорт түрі Қазақстанға 1992 жылдары тарай бастайды. Ал, Семейде жандануына жерлесіміз Төлеген Ғазезұлы үлес қосып келеді.

"Менің кіндік қаным тамған жер - Тарбағатай ауданына қарасты Ақжар ауылы. Мектепті бітіре сала әскерге аттандым. Бала кезімнен жаттықтырушы болуды армандаушы едім. Әкем Ғазез  бен анам Баян өмірлерін медицина саласымен байланыстырған жандар. 90-жылдары бандитизм деген кеңінен тарады ғой. Әкем "бұзақылардың қатарына қосылып кетеді" деп, спорттық салаға келуіме қарсы болды. Содан өзім үшін дайындалдым. Алғашында қалада бизнеспен айналыса бастадым. Бірде Наурыз мейрамында қалада қол күрестен жарыс ұйымдастырылып, қатысуға бел будым. Күрес аса дамымаған кез болатын. Облыс орталығы Өскемен қаласында өткізілетін қол күрестіру  жарыстарында ұтылып қала беретін едім. Біртіндеп бірнеше рет облыс чемпионы, Республика жүлдегері де атанатын деңгейге жеттік. Бұл спорт түріне 2003 жылдан бастап қызығушылығым оянып, 2010 жылдан бері білекті сыбана айналысуға кірістім. Қазір, Аллаға шүкір, 8 спорт шеберін, 15 спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындадым. Қол күресі бізде Шымкентте жақсы дамыған. Қол күрес спорты 1992 жылдан бері дамуға беталған Өскеменде бүгінде бұрынғыдай көңіл бөлінбей кетті. Жақында Алматы қаласында алдағы күзде Малайзия елінде өтпек Әлем чемпионатына іріктеу ұйымдастырылды. Жарысқа тек Қарағанды облысынан өзгесінен түгелдей жиыны 500 адамдай қатысты. Семейден төрт адам лицензияға ие болды. Жолдаманы ұтқан шәкіртімнің бірі - Спорт колледжінің 2-курс студенті Данияр Тайменов есту қабілетінде ақауы бар мүмкіндігі шектеулі бозбала. Ал, Әлем чемпионатына барып өнерімізді паш етіп қайту үшін қыруар қаржы қажет. Жасыратыны жоқ, демеушілер көмегіне мұқтажбыз. Жалпы Қазақстан әлем бойынша армрестлинг, яғни, қол күрестен командалық есепте 2-3-ші орын төрінен көрініп келеді. Біздің елде бұл спорт өте қатты дамыған деп есептелінеді", - дейді Семей қаласының қол күресі спортының негізін қалаған, бүгінде қаладағы № 39 мектепте қол күресі үйірмесіне жетекшілік ететін 35 жастағы аға жаттықтырушы Төлеген Ғазезұлы.

Өз-өзіңді жеңуге үйретіп, отансүйгіштікке тәрбиелейтін спортты әркім түсіне білмейтінін алға тартқан спортшы "Ұйқы өлімнің сипаты болса, қозғалыс тіршілік һәм өмірдің сипаты. Осыны ескеріп, ұйқыны азайтып, қозғалысты ту етуіміз керек!" деген пікірін айналасына барынша насихаттап-ақ келеді.

"Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ұлан-байтақ даланы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Жаугершілік заманда бабаларымыз қолдарына найза, шоқпар, қылыш ұстаса, бүгінгі бейбіт өмірдегі ұрпақтары таза қол күресін дәріптеп, үлкен спортқа жол ашуда. Тәңіршілдігінен тайынбаған текті халқымыз "Бір тал кессең - он тал ек", "Бұлақ көрсең - көзін аш" деп, табиғатпен үндес өмір сүріп, қозғалысты өмір негізі санағандықтан қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп, мәңгілік тіршілік көзі күн мен жердей тоқтаусыз қозғалыста ғұмыр кешіп, табиғаттың төл баласына айналған. Бұл - көшпенділердің табиғатпен үндесе мәңгілік қозғалыста өмір сүруді мұрат еткенінің басты көрінісі. Айтпағым - қол күресі спортының өзге спорттардан артықшылығы - жас талғамайтындығында. Айталық, қол күресінің бокстан артықшылығы - 20 жастағы жігіт пен 60 жастағы егде адамды шаршы алаңға шығармассың, бірақ қол күрестірте аласың. Жалпы бұл спорт түрін жандандыру арқылы біз барша үлкен-кішіні отаншылдыққа, достық пен сыйластыққа һәм бірлік пен туыстыққа шақырамыз. Өзім Қабанбайдың ұрпағымын, осы Қабанбай және Бөгенбай батыр аталарымыз 70 жасында жекпе-жекке шыққан. Демек, 10-70 жас аралығындағы жасымыз бен кәріміз қол күресімен айналысып, спортпен шұғылданып, өз оқу орындарының немесе мекемелерінің абыройын қорғап, беделін асқақтатқанының несі айып? Жастарды жігерлендіруде "Дарабоз" атауымен Ұлы қолбасшы Қабанбай батырды еске алуға арнап қол күрес спортынан екі жыл қатарынан қалалық деңгейде, былтыр облыс көлемінде ашық турнир ұйымдастырған едім. Жыл соңында Қазақстан кубогі үшін спорттық жарыстың өтуіне мұрындық болмақпын. Дәстүрлі спорттық шараның берер тағылымы зор, жылдан-жылға аталған спортқа қызығушылық танытудағы жастардың қарасы көбейіп келеді. Демек, еңбегімнің зая кетпегені!.."                                                                                  

СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ БИЗНЕСТІ ДАМЫТПАҚ

 

Төлеген тура екі жыл бұрын Семей қаласына қарасты Ертіс ауылдық округінің Мұрат ықшам ауданынан 15 гектар жерді ұзақ мерзімге спорт лагерін салу мақсатында жалға алады. Ол спорт лагері қанатын кеңге жайғанда қазақтың ұлттық спорты аударыспақ, қол күресі, жекпе-жек, мүмкіндігі шектеулі жандарды параолимпиадалық ойындарына дайындау және басқа да спорт түрлерінің дамуына үлкен серпіліс тигізетініне сенімді. Қала тұрғындары үшін қолжетімді спорттық  демалыс орнына айналмақ лагерьде болашақта жасанды көл жасауды  жоспарлауда. Көл лагерьді көгалдандыруға, қалада балық спортын дамытуға, сырғанақ дөңін көтеруге және мұз айдыны ретінде қысқы спорт түрлерін дамытуға септігін тигізбек. Мұрат саяжайларына беттеп келе жатқаныңызда алыстан-ақ ақшаңқан киіз үйдің кескіні көзіңізге шалынады.

Салауатты өмір салтын ұстанушы жұртшылықтың, әсіресе, қыста ыстық шай ішіп жылынып, ауқаттануына мүмкіндік жасалған киіз үйдің сырты су өткізбейтін, қазақы оюмен безендірілген ақ түсті материалмен қапталған. Киіз үйдің іші де толығымен қазақы нақышта: айнала қоршалған жұмсақ жиһаздың бетіндегі жастықшалар мен көрпешелердің, үстел-орындықтардың да, уық арасындағы кеңістіктің де, ыдыс-аяқтардың барлығы-барлығы ою-өрнекпен көмкерілген. Айта кетерлігі, жалпы киіз үй пішіндес бұл ғимарат Төлегеннің идеясы бойынша керегесі, уығы мен шаңырағы түгелдей жіңішке ағаштардан тұрғызылған. Ішінде темір пеш те орнатылып, өрт-сөндіру қауіпсіздігі де қарастырылыпты. Киіз үй маңынан үшқабатты ғимараттың іргесі қалануда бүгінде. Құрылыстың басы-қасында өзі жүрген Төлеген онда спорттық үйірмелер мен асхана орналасатынын жеткізді.

"Қазіргі таңда жалға алған 15 га жер телімі толық қоршалды, 400 метр  тасжол төселді,  100 адамның шанамен сырғанауына мүмкіндік жасалған спорттық лагерь биыл қыс мезгілінде  жұртшылыққа есігін айқара ашты. Әзірге 5 адам жұмыс істейді, алдағы уақытта толықтай іске қосылғанда 25-30 адамды жұмыспен қамтамасыз етер едік. Осыған орай, Семей қаласының басшысы Айбек Кәрімовке көлді қазу барысында шығатын қиыршық тастарды сатып, одан түскен қаражатты лагерьді көгалдандыруға,  оған апаратын жолды жөндеуге және қазу барысындағы жалдамалы техниканың шығындарын жабу үшін пайдалануға  рұқсат беруге ықпал етуін сұраған хат жолдаған едім. Бастамамның жүзеге асырылуына қолбайлау болып тұрған аталмыш мәселені оңтайлы шешуге көмек берілсе игі еді, әзірге нақты жауап келмеуде, жақсы хабар болып қалар, күтудемін", - дегенді алға тартқан кейіпкеріміздің асқақ арманы - спорт саласында бизнес дамыту. "Даму" қорынан да ешқандай көмек алмай, өз қаражатымен баспанасын кепілге қойып, осы кәсіпті игеруді бастап кеткен-ді. Күн сайын бip өзгерic болмаса, көңiлi көншiмейтін, өзін cондай тынымсыз адам санайтын Төлеген "Жігітке жеті өнер де аз" демекші, болашақ спортшыларды жаттықтырушылығымен қоса, шаштараздығымен де нәпақасын тауып жүрген жайы бар. Оның сыртында інісі Ғабитпен бірлесіп спорттық киімдерге қазақша жазулармен бояу басып, түрлі спорттық бәсекелерде табысталатын медальдар мен кубок мүсіндер құятын цех жұмысын да дөңгелетіп отыр.

Төл туындыларына арнайы “Қайсақ” деген атаумен маркаларының да болуын ойластырып қойғандарына риза болдым. "Біз бұл марканы таңдаған себебіміз - Еуропа және басқа да мемлекеттер Қазақ хандығына дейін бізді "Қырғыз-Қайсақ" деп таныған. "Қайсақ" деген сөздің өзі әдемі көрінеді және  әсерлі естіледі, "қошқар мүйіз" оюы атамыздан қалған таңба екені анық. Осылайша, Қазақ елінде береке-бірліктің нышаны болар деген сенімдеміз!" - дейді албырт жігіт.

Ал, «Қазақ қайтсе байиды?» деген сауалға өзіндік көзқарасы төмендегідей: «Айранның тетропакетін алайық. Жол шығынымен қосқанда оның құны шамамен 25 теңге болсын. Егер күніне 2 млн. дана айран ішілсе, 50 млн. теңгелік шығынға тең сол айранның сыртқы қабаты қоқысқа кетеді. Біздің инвесторларға зауыт сал десек, өзін-өзі ақтамайтынын айтып, ат-тондарын ала қашады. Ауыл қазақтарының өз тауарларын өздері түптеп шығаруы үшін Қытайдан жем тартатын, бөтелке шығаратын станоктарды тапсырыспен алдыруға болады. Айталық, 1000 станок алдырттық делік. Бір станок күніне 10 мың теңгенің шикізатын өндірсе, мың станоктан 10 млн. теңге түсім түспек. Қымыз бен сүттің қолданыстан шыққан пластмасса бөтелкелермен саудаланып жүргендігі белгілі. Тазалық сақшылары қайда қарап отыр дерсің осындайда? Біздер әлі де алып-сатарлық логикадан арыла алмай келеміз. Кеңес өкіметі тұсында спекулянттарға шектеу қойылған еді. Инвесторлардың дені қаланың шетінен өндіріс орнын салғаннан гөрі, шаһар ортасынан ірі сауда кешенін немесе мегаорталық салғанды жөн санайды. Шалғайдағы жұмыс орнына жету үшін таңғы бестен үйінен шығуға мәжбүр адам түн жарымда ғана оралатындықтан, одан да аз жалақыға қанағат тұтып, қала ортасынан жұмыс табайын деген оймен тірлік кешеді. Қазақта не көп? Жайылған тақыр жазықтар мен бос жатқан таулар көп. Тау дегенің - дайын тоған. 4-5 техникамен қазылған кішігірім тоғанға балық өсіруге болар еді. Сол тоғаннан жазыққа су ағызамыз, демек, мал жейтін жем-шөбің суарылады деген сөз. Қазақтың ата кәсібі - мал шаруашылығы. Екіншіден, үйрек, күркетауық, қаз балапандарын шығарып, жәрмеңкелерде өнімдеріңді саудалауға болады. Халықты жұмыспен қамту арқылы ырыздыққа кенелудің жолы осы екендігі айтпаса да түсінікті».

"ТАЛАПТАНҒАН ОЗАР, ӨСЕК ҚУҒАН АЗАР!"

«Мені алаңдататыны - жұлдыз болудың жолы тек өлең айту деген пікір санада қалып қойған. Иә, екінің бірі чемпион бола алмайды. Десек те, әр саладан өз майталманы шығатыны анық. Сол әр саладағы өнерлі адамдар не істеп жүр бүгінде? Біреуі көлік жөндейді, не шаш алады, қысқасы, қолынан келгенінше жоқтан бар жасап жүр. Мысалы, өз басым сасып-шіріп жатқан жертөлелердің бірін жаттықтыру залы ретінде жарақтасам деген оймен талай жүгірдім, қарсылық көп болғандықтан, аяқсыз қалды. Үкімет сол жертөлелерді өз қарамағына алса деген ниет бар. Егер сол адамдар үкімет тарапынан назарға алынып, түрлі бағытта ашқан үйірмелерін насихаттап, 10 жыл осындай бағытта жұмыс жасаса, қазақты тоқтата алмайтын боламыз! Әркім жанына жақын, өзі ұнататын іспен айналысса, нәтиже де болады, сүйікті мамандығынан шаршамайды да. Қазақстанда шамамен жылына 1 миллион перзент дүниеге келді делік. Соның ішінде 50 мыңы белсенді болатыны анық жайт.  Егер сол ұрпақты дарындылыққа әрі еңбекқорлыққа баули алсақ, өнер мен спорт, саясат пен дінге қатысты дұрыс бағыт бере алсақ, қалған 950 мыңы соларға еліктейтіні айтпаса да түсінікті. Айналып келгенде, бағамдасақ, әр саланың өз фанаттары болады. Мені қуантатыны - кез келген адамның қабілет-қарымы болады, тек соны дер кезінде аңғарып, рөлдеріне бөлсек болғаны. Ертең өзі де биік белестерді бағындырады, өзгені де көтереді, бастысы - өмір бойы саған алғысын жаудырып өтеді де…".

Осынау орынды ой-толғамдарымен бөліскен Төлегеннің ендігі арманы - 5-ші сыныптан бастап "Қазақ даналығы" деген жеке сабақ ашылса, орыс сыныптарына "Казахская мудрость" деп Хәкім Абайдың қарасөздерін, мақал-мәтелдерді дұрыс мысалмен талғау және ұғындыру жұмыстары жүргізілсе. Сонда орысшаға бейім шалақазақтар қазақ даналығын ұғып, тіл үйренуге жігерленіп, өзге ұлттар да тілімізге құрметпен қарар еді дейді ол. Ал, дені сау ұрпақ - еліміздің болашағы, тірегі, бұл ретте балаға  киыншылықты жеңетiнін ерте түсiндіретін ұғым - спорт пен өнерді төмендегідей пікірімен сабақтайды: "Күнәнi көп жасайтын, сауапқа да көп кенелетін - ұстаз. Ата-аналарға айтарым - сіздер кешкен қиыншылықтар балаларыңыздың бастарынан өтпесiн десеңiздер, өнердi бағалап, қай саланың ұстазын болсын өздеріңізден артық сыйлауды үйретсеңіздер. Өз бағытының ұстазын тапқан бала бақытты! Әркім "Мен өз елімнің қаншалықты патриотымын?" деп ойланса ғой... Аллаға шүкір! Рухани, қазба байлықтарымыз, кең-байтақ жеріміз бар! Адамдық қасиетті бағалайтын, Ұлы деген сөзден ұялмайтын уақытқа жеттік. Әр күнімізді дұрыс өткізсек, талай биікке жетуге болады. Кем дегенде туысқанның басын қосқан адам ғана ақсақал деуге лайық, сондай ақсақалдарымыз әттең сиреп барады...

...Мұғалім мен жаттықтырушының айырмашылығы неде? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, ұстаздар сағаттарын өткізеді де кетеді, ал екіншісі нәтиже шықпайынша тыным таппайды. Алдымен, ұстаз да, бала да өз бойларындағы жайсыз мінезді, самарқаулықты жеңулері тиіс. Содан кейін барып біреуді жеңе аламыз. Бала сабаққа кешігіп келсе, сабақты мұғалім қайталап түсіндірмейді. Жаттықтырушы бала мейлі бір ай жоқ болса да, ынта танытса үйретеді. Кейбіреулер «Біздер, қазақтар, тұқымымызбен балуандармыз» деп, жаттықтырушылардың еңбегін елемей жатады. Баршамыз ақылымызды дамытуға ұмтылмасақ, ертең хайуаннан төмен болып кетеміз. Мен ізбасарларыма: «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық. Залда бәрің бір-біріңе көршісіңдер, тату болыңдар» деп отырамын. Нәтиже көрсететініне сенімді спортшыларыңның Азия не әлемдік чемпионаттарға қаржы тапшылығынан бақтарын сынай алмайтындарында, әрине, іштей налисың. Әттең, қолың қысқа. Лагерьдегі құрылысты тоқтатып, былтыр шәкіртімнің Литваға барып қайтуына қаражат бердім. Бесінші орын төрінен көрінді. Спортта қателікке жол берілетіні заңдылық. Ешкім де аспаннан алып болып салбырап түсе қалмайды. Қателігімен қарсыласының пайдасына күресіп, соңында көп күш кетіріп ап, ақтық сынға жете алмайтын сәттер болады. Жол шығыны қолбайлау болған соң жалғыз жібердім, өзім басы-қасында болсам, шәкіртім міндетті түрде үздік үштікке енер еді. Күресте қарсыласыңды итеріп жүріп арбауыңа түсіре  аласың. Ал, мұнда ортада үстел тұр. Үстел езіліп кетпесе, ешкім ешқайда тарта алмайды. Қате дайындалғандардың қолдары да сынып кетеді. Бес литр бензинмен бес шақырым жүре алмайсыз, адамның да бойындағы күш-қуат солай. Нәтиже шығару үшін бір қолыңмен белтемірде тартыла алуың үшін күнделікті жаттығуың керек.

...Дене шынықтыру пәні бойынша мұғалімдікті таңдаған мамандарды даярлауға қатысты ұсынысым бар. Кез келген студент 4 жыл ішінде кемінде 10-15 жарыс ұйымдастырмаса, диплом ала алмайды деген жаңашылдық енгізілсе. Спорт саласына жауапты құзырлы мекеме сол анықтаманың бекітілуіне жауапты болса. Үйренгендері өздеріне жақсы, істегендері сала үшін маңызды дегендей, өз кезегінде жастар қағаз жұмыстары мен ұйымдастырушылық қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік алар еді. Жасыратын несі бар, спортшылардың дені келіссөз жүргізу өз алдына, сөзге шорқақ келеді. Артынша, сол спорт комитеттері мен бөлімдеріне аталған қасиеттерге ие өзге саланың адамдары қабылданып жатады жұмысқа. Салаң бойынша идеяларыңның жүзеге асырылуына жанталасып жүргеніңде, жаңадан тағайындалған әкімдермен қоса командасы ауысып, қарабайыр тілмен айтқанда еріксіз «қой бағып кетесің». Игі бастаманы қолға алмақ ниетте таныс іздеп шабыламыз, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» болып мүмкіндік барда көмек қолын созсақ, ұрпағымыздың ырыздығы сонымен-ақ келмейді ме?!»

Сұхбаттасушымызбен теріс ағымның жетегінде кеткен жастардың тағдыры жайында да әңгіме өрбіткен едік...

«...Ұлы Жаратушы жаратқан он сегіз мың ғаламның ішіндегі ең ақылдысы адам екенін баршамыз білеміз, соны біле тұра ақылымызды дұрыс жұмсамаймыз, не нәрсенің дұрысын түсінбейінше, қолымен істеп көрмеген ойға дауласамыз. Сөз бен іс бірге жүрмесе, шайтанның жолына апаратыны анық. Қасиетті Құраннан нәр алған, ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес асыл сөздер мен салт-дәстүрлеріміз, яғни, ұлттық құндылықтарымыз жойылып кетпесе екен деймін. Бірақ, бүгінгі қоғамымызда қазақ философиясын құлағымызбен естіп, жүрегімен сіңіретін сезімдер аз. Жастарға үлгi болатын ic болмаса, кұр сөзден не қайыр? "Намазхандар" жүр, өзіме "кел, намазды үйретейiн" деп бiр жан айтпапты. Адам баласына жас ұлғайған сайын кез келген нәрсенi үйрену киын екені белгілі, ал осы Алланың жолын барынша күрделендіріп түciндipмек болатындарды кезіктірудемін. Қабілеті бар жастар қолдаудың жоқтығынан көлеңкеде жүрсе, қалғандарының теріс жолға түсіп кетпесіне кім кепіл? Спорт - менiң өмірлік серігім, оған ниеттілерді баулу - Алла алдындағы адамгершiлiгiм мен парызым!»

P.S.: Ғаламторға шүйілуді әдетке айналдырған өскелең ұрпақтың тағдырына алаңдаулы кейіпкеріміздің қаламыздағы бірқатар тұрғын үй аулаларында темірден өзі соққан жаттықтыру құралдарын орнатуын да өз мамандығына шынайы жан-тәнімен берілген азаматтық қадамы десек, артық айтпағандық. Өмірлік серігіне айналған тегеурінді спорт түрі - қол күресінің шаһарымыздағы негізін қалаған Төлеген тағы бір асқақ арманын айтып қалған еді. Жерлесіміздің қаймана қазақтың қамы үшін жанын беріп жүргендігі пір тұтар тұлғасы – әрі әнші, әрі жыршы, қоғам қайраткері ретінде танылған еліміздегі Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан мырзамен жүздесудің сәтін күтіп жүрген жайы бар... Ұлтымызға ортақ мүдде жайындағы пікірлері бір жерден шығатынына сенімді. Қашанда тектілігіне кір келтірмеуді ұрпақтық парызына балайтын осындай ер азаматтарымызды ел ағаларының өзегінен теппей, қолдағаны  жөн болар еді...

Әйгерім ЕРМЫРЗА,

Семей қаласы


Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1785
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1769
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1489
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1390