Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Көкжиек 7107 0 пікір 15 Сәуір, 2015 сағат 10:32

НҰРПЕЙІСОВ – НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ЛАЙЫҚТЫ ТҰЛҒА

Жалпыұлттық маңыздылығы бар жағдайларда барша халқымыздың күш-қабілетін бір арнаға тоғыстыра білген жөн. Фәни қайшылықтарды ұмытып, халықаралық деңгейге ұмтылу керек. Қазақта не көп, әдебиет пен өнер туындылар көп. Бірақ, әлі де төл мәдениетімізді күллі әлемге тиісті дәрежеде таныта алмай келеміз. Суретші мен жазушыларымыз жаһандық сыйлықтардан құралақан десек те болады. 

Биыл, Екінші әлем соғысының (World War II, Seconde Guerre Mondiale) аяқталуына жетпіс жыл толады. Көркем әдебиетіміздің классигі, ардагер жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов атамыздың жасы тоқсаннан асты. Осындай мерейтой белестеріне орай, батыр атамыз Қазақстан мен Орта Азия елдері арасында тұңғыш Нобель сыйлығын алса – бәрімізге ортақ қуаныш болар еді. Әрине, оның орасан зор әдеби еңбегін бағалап, ешкім Нобельді оп-оңай бере салмайды. Сондықтан, шет елдерде де беделі бар азаматтар бірігіп қимылдаса, Әбдіжәміл Керімұлы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алып қалуы әбден мүмкін. Әйтпесе, әзіз ақсақалымыз Нобель сыйлығына қатысты күрделі геосаяси өзгешеліктерден өте алмайды. Есіңізде шығар, Шыңғыс Айтматов тәріздес ғажайып дарын иесі де мықты қолдаушылары болмағандықтан Нобель сыйлығын иеленбей, арманда кетті.

Осы арада өзім туралы оқырман қауымға қысқаша айта кетейін. Мен – қазақ мәдениетінің тарихы туралы Батыс басылымдарында өз мақалаларын шығарған алғашқы қаламгерлердің бірімін. 2004 жылы Ресей жазушылары шығаратын "Завтра" газетіндегі саясаттану бөлімі ой-пікірлерімді жарияланған болатын. 2014 жылы Ұлыбританиялық "Ipswich Star" күнделікті газеті естелік тәріздес мақаламды басып шығарды. Айта кететін жәйт, мақалаларымды өз бетіммен жаздым. Бұл күндері басқа да шетел тілдерін игеруге тырысудамын. Көне қытай тіліндегі "Өзгерістер кітабы" ("И-цзин") және Конфуцийдің "Ой-толғаулар" ("Лунь юй") секілді туындыларын толығымен оқып шықтым. Француз тіліндегі Стендальдің "Қызыл мен қара" ("Le rouge et le noir") және Гюстав Флобердің "Бовари ханым" ("Madame Bovary") тәріздес күрделі романдарын түпнұсқадан оқыдым. Қысқасы, мен өзімді әдеби көркем аудармалардың сапасын ептеп білетін кісілердің қатарындамын деп есептеймін. Сондықтан айтарым: Әбдіжәміл атамыздың туындылары шет тілдерге нашар аударылған. Мысалы, "Қан мен тер" эпопеясы ағылшын мен неміс тілдеріне орысша аудармасының негізінде қотарылған. Әрине, бұндай шалағай тәржімелердің деңгейі бірден көзге ұрып тұрады. Әу бастан, шығарманың орыс тіліндегі аудармасын пайдаланған американдық тілмаш Кэтрин Фитцпатрик қазақ түпнұсқасын көп бұрмалапты. Қараңыз: "– Бетім-ай! Масқара-ай!» Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді. Құшағындағы отынды аласа қазандықтың жанына аудара тастады" деген кіріспесін аудармашы былай аударыпты: "Panting, lean and excited, Karakatyn ran into the zemlyanka. Trowing down a handful of crooked branches by the little stove…" Елімізді танымайтын шетелдік ханым "жерқазба" зат есімін "zemlyanka" деген орыс ұғымы арқылы жеткізеді. "Құшақ" деген өлшемді "ahandful" ("бір уыс") деп аударған. "Аласа қазандық" зат есімін "the little stove" ("кіші пеш") деп бере салған. Кітапты бастырған Нью-Йорктегі ұсақтау "Liberty Publishing House" баспасы тіпті ағылшын етістігін қателесіп шығарды: "throwing" ("лақтыру") деген сөзді, жаңылысып "trowing" деп келтіреді.

Осындай өкінішті қателіктерді болдырмау үшін қазақ тілін игерген шетелдіктер мен шетел тілдерін игерген қазақ жастарын аударма өнеріне тарту керек. Мысалы, Гамбург қаласының тумасы, неміс шығыстанушысы Ута Шиллинг ханымның қазақшасы тәп-тәуір. Міне, осындай адамдарды қатарымызға тарта отырып, қазақ әдебиетінің жауһарларын дүниеге танытуымыз керек. Ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов айтпақшы: «Әдебиет ұлы болмай – ұлт ұлы болмайды». Ұлтыңды, еліңді әйгілеудің мұратты жолы қазақ әдебиетін әлем әдебиетімен тұтастыру болып табылады. Сол үшін де Әбдіжәміл сияқты ардагер жазушыларымыз халықаралық беделді силықтарды иеленуге тиіс.

Данияр НАУРЫЗ

Алматы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1785
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1768
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1487
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1390