Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Қоғам 7361 0 пікір 12 Мамыр, 2015 сағат 09:08

«ҰЛТШЫЛДЫҚ ИДЕЯСЫ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ МЕН ЖҮРЕГІ»

Режиссер Еркiн Рақышевпен кезекті сұхбатымыз ұлттық идеологоия, жаңа сападағы ұлт, ғылым мен техника, дамыған елдердің тәжірибесі тұрғысынан өрбіді. «Билік ұлттық идеология жасай алмай келеді, талпынады, бірақ, мәселеге тереңдеп бара алмайды», - дейді Рақышев мырза. Ал, бұның себебі неде? Біздің «Азия барысына айналамыз», «Дамыған 30 елдің қатарынан орын аламыз», «Мәңгілік ел» деп жүргеніміз не? Жай сөз бе? Міне, осы және өзге де сұрақтарға еркін ойлы режиссер ағынан ақтарыла отырып жауап береді.

 – Соңғы кезде ұлтшылдар жаңа партия құру керек деп жүр. Осы жайлы пiкiрiңiз қандай? Ол партия кiмдердiң мүддесiн қорғайды?

– Бiзде әртүрлi бағыт-бағдарды ұстанған партиялар бар. Бiрақ бұлардың ұстанымы әр түрлi көрiн­генiмен, сайып келгенде олар билiктiң айтқанына көнiп, айдауынан шықпайтын  мүдделес партиялар.  Бiрен-саран оппозициялық бағыт ұстаған партиялардың өзiн де, халық “билiктiң проектiсi”  деп сенбейдi. Сондықтан ұлт  жана­шыр­лары мен ұлтшыл азаматтар бiрiгiп, қарапайым халықтың мүд­десiн қорғайтын партия құруға ниет етiп жүр.

Бұл партия – өз туған жерiнде қайыршының күнiн кешкен тұрмысы төмен жандардың, кең байтақ жерiмiзден баспана салуға жер ала алмай, үйсiз, күйсiз жүрген бауырларымыздың партиясы болады. Тағдырдың жазуымен кемтар болып қалған жарымжан мүгедектер­дiң, шетелдегi қандастарымыздың, жетiм-жесiрлердiң, жұмыссыздар мен студент жастардың партиясы болады. Солардың мұң-мұқтажын жоқтайтын, мүддесiн қорғайтын, ақиқатты ту етiп әдiлеттi қоғам орнататын партия болады. Тiлiмiздi тұғырына қондырып, рухымызды көтерiп, ұлттық құндылықтарымызды қайта жандандыратын, қазақ елiн жемқорлық, сатқындық, азғындық сияқты дерттерден арылтатын партия болады. Сонымен қатар Алаш қайраткерлерiнiң бүгiнде ешкiмге керексiз, елеусiз қалған ұрпақтарының, зейнеткерлiкке шық­қанда алатын ақшасы күн көр­гiсiне жетпейтiн аяулы қарттарымыздың партиясы болады. 

– Бiрақ билiк партияны тiр­кемеуi мүмкiн ғой. Онда партия құруға талаптанудың не қажетi бар?

– Жоқ, қазiр заман басқа! Қай­да барады тiркемегенде, өздерi үшiн тiркейдi. Оның үстiне президент жақында саяси реформа жасаймыз деп айтты ғой. Себебi билiк тығырыққа тiрелдi. Ресейдiң шовинистiк билiгi қоқан-лоққы көрсетiп, жан-жақтан қысым жасап жатыр. Билiк басындағылар “одақ боламыз” деп от басып алғанын ендi түсiне бастады.  Оның үстiне ертең түрлi жағдай болуы мүмкiн. Президент бiр сөзiнде «Еуразиялық одақ бiздiң тәуелсiздiгiмiзге қауiп төндiретiн болса, бiз одан шығамыз» деп едi. Одақтан шығатындай жағдай туып жатса, билiктiң арқа сүйейтiнi ұлтжанды азаматтар мен халық емес пе?

 Бiздiң билiк бiрлiк туралы жиi айтады. Бiрлiк болу үшiн өздерi “алға, алға” деп, далақтап шаба бермей қарапайым халыққа қарай бет бұруы керек. Халықпен санасып, елдiң iшiнен шыққан ойлы, бiлiмдi, ұлтжанды азаматтармен тiзе қосып қимылдағанда ғана бiрлiк баянды, сонда ғана  дағдарыстың зардабы әлдеқайда жеңiл болады. Дәл қазiр билiк ұлтшылдардың партия­сын тiркеп,  тығырықтан шығуға өздерiне сүйенiш етуi керек.  Оның үстiне ұлтшылдар “билiк партияны тiркемедi” деп  қарап отыра алмайды. Партияны тiркемесе, халықтың игiлiгi мен ұлттың болашағы үшiн, тiркел­мей-ақ жұмыс iстейдi. Алғашқы кезде тiптi қоғамдық ұйым болып та iстей бередi. Одан соң осы сайлаудан кейiн  теңге құнсызданып, халықтың тұрмыстық  жағдайы күрт төмендеп, жұмыссыздар көбейiп  халықтың би­лiкке деген наразылығы артып, арты өшпендiлiкке ұласуы мүмкiн.  Ол кезде ұлшылдардың жақтастары көбейген үстiне көбейе түседi.   Бұндай жағдайда ұлт­шыл­дар партияны тiркеудi би­лiктен сұрамайды,  заңның орындалуын талап етедi. Сондықтан да үкiмет билiктi сынағандарды жау санамай, “келiсiп пiш­кен тон келте болмайды”  демек­шi,  олардың да пiкiрлерiне құлақ асып, бiрiгiп жұмыс iстеуi керек.   Бiр нәрсе анық,   ұлтшылдардың партиясы ерте ме, кеш пе бәрiбiр тiркеледi. Билiк оны неғұрлым ертерек тiркесе, өзiне жақсы.

 –  Партияның бағдарламасы қандай болады?

   – Бұл партияның басты мақсаты – халықтың санасын оятып, өз идеялары мен бағыт-бағдарламаларын халықтың игiлiгiне жарату. Қазiр  бағдарламалардың тұжырымдамасы жазылып жатыр. Менiңше, ол ұлттық идеологиямен байланыстырылып, соның негiзiнде дайындалуы керек.

– Сонда қалай, “Мәңгiлiк ел” идеясының негiзiнде жазылуы керек пе?

– Жоқ. “Мәңгiлiк ел” қазаққа ұлттық идеология бола алмайды. Ол жай коммунизм құрамыз деген сияқты жалаң ұран ғана. Кеңес заманында бiз болашақта коммунизмде өмiр сүретiн боламыз дейтiн.  Коммунизмдi жұмақ етiп көрсететiн. Қазiр коммунизм түгiлi өздерi де жоқ болып кеттi ғой. Сол сияқты ешқандай негiзi, сүйенiш тұғыры жоқ, “Мәңгiлiк ел” де ұлттық идеология бола алмайды. Одан кейiн  билiктiң iсi мен сөзi екi басқа. Бiздiң билiк iс жүзiнде Еуразиялық одаққа мүше болып, ортақ ақша енгiзiп,  қазақты тәуелсiздiгiнен айыруға әрекет жасап жатыр.   Ал айтатындары мәңгiлiк ел боламыз дейдi. Сонда мұның астарында не жатыр? Әдейi елдiң назарын басқа жаққа аудару ма? Оның үстiне мәңгiлiк елдiң түп тамырына үңiлсеңiз, Гитлердiң мәң­гiлiк елiмен көптеген ұқсастықтар байқалады.  Бiздiң мәңгiлiк ел бiр мақсат, бiр халық, бiр тағдыр болса, Гитлердiкi бiр рейх, бiр ұлт, бiр фюрер болған. Сол үшiн де, бәлесiнен аулақ, бұл идеяны жылы жауып қоя салған дұрыс.

– Сiздiң ойыңызша ұлттық идеология қандай болуы керек?

– Ұлттық идеология – кез келген мемлекеттiң қарқынды дамуы­ның басты құралы. Ұлттық идеологияны басшылыққа алған мемлекет, дамудың жаңа сатысына көтерiлiп, өркендеу жолына түседi. Халықтың негiзгi сұраныстарына жауап беретiн ұлттық идеология мемлекет өмiрiнде таңғажайып өзгерiстер жасай алады. Бiздiң билiк мәңгiлiк елге дейiн де ұлттық идеология жасауға бiрнеше рет талпынды. Бiрақ ешқандай нәтиже шықпады. Менiңше, билiк ұлттық идео­логияның не екенiн түсiнбедi, немесе оны iске асыра алмайтынын бiлген соң, оны жасауға құлықсыз. Үкiметтiң ұлттық идеология мынандай болады деген бағдарламаларына талдау жасап кө­рейiк. Бiр кезде билiк бiздiң ұлттық идеология алдыңғы қатарлы 50 елдiң қатарына кiру деп бастама көтердi. Бiр қарағанда жақсы-ақ бастама сияқты. Бiрақ билiк кiшкене қулыққа басып, халыққа бiр нәрсенi айтпады. Ол бiздiң сол кезде қай орында тұрғанымыз едi.  Сол уақытта бiз 56-орында едiк. Содан 6 орынға көтерiлу де жетiстiк пе? Осындай да ұлттық идеология бола ма? Әйтеуiр мұнай сатудың арқасында әупiрiмдеп жүрiп 50-ге iлiктiк қой. Ендi 30-ға кiремiз деп құлшынып едiк, құдай ұрғанда мұнайдың бағасы құлдырап, билiк бейшара күйге түстi де қалды. Ендi мына түрiмiзбен баяғы 56-орнымызда  тұрақтап қалу арманға айналайын деп тұр.

Ал ендi ұлттық идеологияның арқасында Оңтүстiк Корея елi қандай жетiстiкке жеткенiн көрейiк. 1960 жылдары Корея өте кедей, Африканың артта қалған елдерiмен деңгейлес, екiншi жүздiкке кiретiн ел болатын. Өзiнде ештеңе өндiрмей барлығын, тiптi iшетiн суға дейiн сырттан алатын. Жейтiн тамақ болмағандықтан, халық шөп, ағаштың қабығын азық еткен. Сол кезде Корей үкiметi “Бiз бар күш-жiгерiмiздi жиып, дамыған елдердiң қатарына қосыламыз, Жапонияға жетiп, басып озамыз” деп алдыларына  ұлы мақсат қойып, халықты соған жұмылдыра бiлдi. Кезiнде бiр уыс күрiш үшiн таңнан кешке дейiн еңбек ететiн Корей елi, осы  ұлттық идеология мен еңбексүйгiштiк қасиеттерiнiң арқасында  20-30 жылда әлемнiң ең дамыған елдерiнiң қатарына қосылды. Бүгiнгi таңда Корея, күнделiктi қолданылатын тауардың 95 пайызын өзiнде өндiредi. Мiне, ұлттық идеологияның құдiретi. 

– Үкiметтiң тағы бiр бастамасы – бәсекеге қабiлеттiлiк пен сыртқа тауар шығару – бiздiң ұлттық идеология деп едi.

– Бiрақ бұл бастама да еш тұғырға сүйенбей, негiзсiз жасал­ған соң, оның орындалу тетiк­терi анықталмағаннан кейiн, бұл да бiр кезектi науқаншылық болып қалды. Үкiмет осы идеяны күн тәртiбiнен түсiрмей, бар күш жiгерiн оны жетiлдiруге жұмсағанда бұл бағдарлама ұлттық идеологияның негiзгi тармақтарының бiрi болуы мүмкiн едi. Бiрақ осы жылы жағымпаздар «Астана бiздiң ұлттық идеология­мыз» деп жар салды. Айналайын-ау, Астана қалай ұлттық идеология болады? Ол әшейiн қала ғой, қала. Мейлi, астанамыз-ақ болсын. Ұлттық идеология мен астананың арасы жер мен көктей ғой. Жағымпаздар астананы ұлттық идеология деуден бұрын, алдымен ұлттық идеологияның не екенiн бiлiп алуы керек едi. Бұл тектес ондаған, жүздеген идеялар, мәңгiлiк ел мен нұрлы жолдар мемлекеттiң күнделiктi өмiр сүруiндегi қажеттiлiктен туындаған бағдарламалар ғана. Бұлар ешқашанда ұлттық идеологияға жатпайды. Себебi, бұл бағдарламалардың ұлттық идеологияның шарттарына үш қайнаса сорпасы қосылмайды.  

– Ол қандай шарттар? Толығырақ ашып айтсаңыз.

– Ұлттық идеологияның шарт­тары мынандай болу керек деген нақты тұжырымдама жоқ. Себебi ол әр елдiң ұлттық ерек­шелiктерi мен мемлекеттiң жағдайына қарай жасалады. Ол уақыт ағы­мына, заман талабына сай өз­герiп, толығып отырады. Сондықтан дамыған елдердiң ұлттық идеологияларын сараптай келе, оның негізгі белгілеріне қарай отырып мынандай қорытынды жасауға болады.                     

1.  Мемлекет алдына ұлы мақсат қояды. 

2. Халық билiкке сену керек. Одан кейiн ұлттық идеологияның мақсатын түсiнiп, оның негiзгi орындалу тетiктерiн ұғыну керек.

3. Халық ұлы мақсатқа жету өзiне тiкелей қатысты екенiн сезiнiп, құлшыныспен жiгерленiп, бiр тудың астына бiрiгiп, бел­сендi өмiр сүру керек.

Ұлттық идеология iске асу үшiн, оның жоғарыда аталған үш шартының орындалуы мiндеттi. Егер үш шарттың бiрi орындалмаса, онда ол iске аспайды. Бiздiң билiк үшiн,  ұлттық идеологияның бiрiншi шартына сәйкес алдына мақсат қою – аса қиындық тудырмайды. Бiрақ оның орындалуы, келесi шарт­тар­ға тiкелей байланысты. Мысалы, үй салу керек деп мақсат қойдық дейiк. Ол негiзгi үш нәрседен тұрады. Iргетас, қабыр­ға, шатыр. Бiрiншi шартты – iргетас қалауды орындауымыз мүмкiн. Ал екiншi шарт орындалмаса, онда үшiншi шарттың да орындалмайтыны түсiнiктi. Қабыр­ға тұрғызбай, шатырды жаба алмайсыз ғой.  Бiздiң билiк алдына мақсаттар қойып, қанша талпынғанымен, халық оған сен­бейдi. Президент, парламент сайлауларында алған 90 пайыздық нәтижелер халықтың билiкке деген шынайы сенiмiнiң көрсет­кiшi бола ала ма? Жоқ, әрине! Билiк бүгiнге дейiн бiрде-бiр рет әдiл сайлау өткiзбеген соң,  халық билiкке неге сенбейдi деп таңғалудың қажетi жоқ. Билiк халықтың сенiмiне ие боламыз десе, алдымен әдiлеттi қоғам орнатамыз деп, жұмысты саяси реформа жасаудан бастауы керек.

Ал ендi Жапонияның ұлттық идеологиясын қарайық. Екiншi дүниежүзiлiк соғыста ойсырай жеңiлiп, Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан ол қалалар жойылып, халықтың бойында қорқыныш сезiмi пайда болып, еңсесi түсiп кеттi. Осы кезде жапон үкiметi: “Бiз соғыста жеңiлдiк, бiрақ бейбiт өмiрде жеңуiмiз керек” деген ұранның астына бүкiл халықты бiрiктiрдi. Соның нәти­жесiнде жаңа тауар түрiн ойлап табу жапондықтардың ұлттық идеологиясына айналды. Ғалымдар мен өнертапқыштар жаңа технологиялар ойлап тауып жатса, ал жұмысшылар тауардың сапасын арттыруға жанын салды. Өнер адамдары  халықты жiгер­лендiрiп,  рухын көтердi. Билiкке, болашағына сенген халық, ұлы мақсатқа жету үшiн күнiне 16-18 сағатқа дейiн еңбек еткен. Нәтижесiнде бүгiнгi таңда, ешқандай табиғи ресурсы жоқ Жапония әлемдегi ең бай елдердiң бiрiне айналды. Ал бiздiң би­лiктiң ұлттық идеология деп жүрген мәңгiлiк елi, Жапон, Корея елдерiнiкiмен салыстырғанда ертегi, баланың ойыны.

– Ал сонда бiзге қандай ұлттық идеология керек деп ойлайсыз?

– Бұл жерде үлкен жаңалық ойлап табудың қажетi жоқ. Бiз әрқашанда ұлттың тағдырына қатысты мәселелерге келгенде, Алаш қайраткерлерiнiң ұстанымына жүгiнсек қателеспеймiз. Алаш партиясының негiзгi ұстанымының бiрi, әлемнiң озық елдерiнiң тәжiрибесiне сүйене отырып, ғылымды дамытып, ұлттық салт-дәстүрге  негiздел­ген Жапонияның үлгiсiндегi ұлттық-демократиялық мемлекет құру болатын. Бұл ұстаным жүз жыл өтсе де өзiнiң өзектiлiгiн жоғалтқан жоқ. Бүгiнде жапон хал­қы биiк рухы мен еңбекқорлығы, салт-дәстүрiне берiктiгi арқасында әлемдегi ең мықты,  технологиясы дамыған елдiң қатарына қосылды. Осы жолмен жүрген Оңтүстiк Корея, Сингапур, Малайзия сияқты мемлекеттер де   “Азия барыстарына”  айналды. Естерiңiзде болса, бiз де, бiр кезде барыс боламыз деп талпынған едiк. Бiрақ бiздiң барысымыз  қызыл кiтапқа кiрiп жоғалып кеттi ме, әлде үйдегi кәдiмгi ала мысық болып жүр ме, түсiнбей қалдық қой.

Бiздiң қазiргi ұлттық идеология Алаш партиясының ұлттық ұстанымына негiзделiп заман талабына сай өзгертiлiп жасалуы керек. Менiңше, бүгiнгi қазақтың ұлттық идеологиясы – жаңа ұлт қалыптастырып, өркениеттi, дамыған ел болу.  Мiне, осы бiздiң ұлттық идеология болу керек.

– Неге бұл бiздiң ұлттық идеология болуы керек? Оның орындалу тетiктерi қандай? Жаңа ұлт қалыптастыру деген не?   

– Итальян ойшылы Николла Макиавелли: “Ұзақ уақыт құлдықта болған халық елiне деген сүйiспеншiлiктен, отансүйгiштiк­тен айырылып, жалтақ, көнгiш, жағымпаз болады. Мұндай ел кездейсоқ жағдайда тәуелсiз­дiкке қол жеткiзсе, ол еркiндiктi де пайдалана алмайды” деген екен. Тура қазаққа арнап айтқандай. Оның үстiне қазiр қазақ ұлтын жоюға бағытталған саясат жүрiп жатыр. Ұлттың өзiндiк ерекшелiгiн, рухани дүниесiн қалыптастыратын идеологияның орнын шетелдiң бiздiң болмысымызға жат идеологиясы басты. Бiздiң жаулар өздерiнiң жымысқы iс-әрекеттерiн жүзеге  асыру үшiн  ұлтты мәңгүрт­тендiрiп, азғындық жолға итермелеуде.  Бүгiнгi қазақ қоғамы жалқау, арсыз, намыссыз, ерi имансыз, қызы тәрбиесiз, адами қасиеттерден айырылып, құндылықтардың орнын алмастырып алған. Ұлтымыз осы қалыпта жүре берсе, рухани азғындалған тобырға айналып жойылып кетедi. Бiр қарағанда олай емес, ешқандай да қауiп жоқ, бәрi керемет, гүлденiп, жайнап, нұрланып жатқан сияқтымыз. Бiрақ фактiлердi қайтемiз. Бүгiнде әке-шешесiн қарттар үйiне, жөр­гектегi баласын жолдың жиегiне тастағандардың саны өсуде. Осыдан бiраз жыл бұрын темекi тартып тұрған қазақтың қызын көрсек таңғала қарайтын едiк. Ал қазiр түнгi клубтар мен мейрамханаларда iшiмдiк iшiп, есiрткi қолданып, жартылай жалаңаш мас болып жүрген қазақтың қыздарына  көз үйрендi.... Тәнiн сатып жезөкшелiкпен айналысып жүрген қаракөз қыздарымыздың саны бiр Алматының өзiнде 10 мыңдап саналады. Газет беттерi мен әлеуметтiк желiлерде, жыныстық қатынастардың естiмеген, айтуға адамның аузы бармайтын небiр түрлерiнен көз тұнады. Соның артында бiздiң болашағымыз деп сенiп жүрген қазақтың қыздары мен жiгiттерi екенiн бiлгенде, осы бiз қайда бара жатырмыз деп шошисың. Бұған кiм тоқтау салады деп ойланасың? Қазақ деген қасиеттi халықтың тектiлiгiнен жұрдай болдық. Осыдан бiраз жыл бұрын, ер адамдардың бiр-бiрiмен жыныстық қатынасқа баруы шектен шыққан азғындық едi. Ал, қазiр ше? Елiмiзде олардың ондаған орталықтары бар екен. Азғындық саясаттың арқасында бұлардың қатары күннен күнге қазақтың жас жiгiттерiмен көбейiп жатыр. Арасында қоғамға танымал адамдардың бар екенiн естiген­де, тiптi, қорқынышты. Сұмдық.  Бұл – бiздiң ұлтымыздың сүйегiне басылған таңба. Құран кәрiмде ондайлар өлiм жазасына лайық делiнген.  Осыларды даңдайсытып, бiздiң билiк қайда қарап отыр? Бұндай азғындыққа шектеу қоюдың орнына, неге үнсiз? Сонда оларға тосқауыл қоятын кiм? Ол ұлт жанашырлары мен ұлтшыл азаматтар болуы керек. Сондықтан да ұлтты сақтап қалу үшiн жаңа ұрпақ тәрбиелеуiмiз керек. Бұндай iсте жеке дара күрес нәтиже бермейдi. Бұл әр қазақ азаматының парызы, қасиеттi мiндетi болуы керек.

Бiз бабаларымыз батыр болған деп мақтанамыз. Бiрақ бүгiнгi ұрпақ қорқақ, намыссыз, жiгерсiз, жағымпаз, жалтақ болып өсуде. Батыр бабаларымыз жан аямай күресiп, жандарын қиып жеткен тәуелсiздiгiмiзге қауiп төнiп тұрса да, қоян жүрек қорқақтығымыз бен сатқындығымыздан, екiжүздiлiгiмiзден ештеңе бiлмегенсiп, бұғып отырмыз. Осыншама қадiр-қасие­тiмiздi жоғалтатын тексiз халық емес едiк қой. Болды жетедi, бұдан әрi төзе алмаймыз. Рухани сiлкiнiс жасап,  халықтың санасын оятып, рухын көтеретiн уақыт жеттi.  Елiмiздiң тәуелсiз­дiгiн, ұлтымызды, ұрпағымызды сақтап қаламыз десек,  ұлт жанашырлары бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, бiрiгiп, бiр партия құратын кез келдi.

–  Ол үшiн не iстеу керек?

– Зерттеушi ғалымдар Оң­түстiк Кореяны санаулы жылда “Азия барыстарының” бiрiне айналдырған ұлттық идеологияның құпиясы, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып жүргiзiлгендiгiнде екенiн айтады. Кәрiстер рухани байлыққа, үлкендi құрметтеуге, әсiресе мейiрiмдiлiкке көп көңiл бөлген. Адами қасиеттердi аяқ­қа таптағандарды жазалаған. Тiптi, жұбайының көзiне шөп сал­ғандарды соттайтынын айтсақ та жеткiлiктi. Ал жапондар балаларына сәби күнiнен жапон деген ұлы халықтың азаматы болатынын ұғындырып, өз ұлтын қалай сүюдi санасына сiңiрiп өсiредi. Сол үшiн де бiз алдымен мәң­гүртiкке, азғындыққа апаратын жолға тосқауыл қоюымыз керек.  Одан кейiн ұлттың бойындағы жоғалып бара жатқан асыл қасиеттердi өзiне қайтарамыз. Халық санасын өзгерту үшiн ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, тарихымызды негiзге ала отырып,  ұлттың рухын, рухани дең­гейiн көтеремiз. Халықтың бойына адамгершiлiк, жауап­кер­шiлiк, еңбекқорлық сияқты тағы да басқа жақсы қасиет­тердi сiңiруiмiз керек. Ақиқатты айтатын,  әдi­лет­сiздiкке төз­бейтiн ұрпақ тәрбиелеуiмiз шарт.  Бiз бұған халықтың бойына алдымен мейiрiмдiлiктi сiңiру арқылы қол жеткiземiз. Мейiрiмдi адамның бойына абзал қасиеттер жұғысты келедi. Мейiрiмдiлiк тамырын жайған қоғамның алмайтын қамалы, бағындырмайтын шыңы болмайды. Мейiрiм­дiлiк – мiне, бiзге керегi. Әл-Фараби бабамыз “адамдардың бақытқа жетуi, олардың рухани жетiлуiне тәуелдi. Халық өркениетке жету үшiн, бойына алдымен мейiрiм­дiлiк пен қайырымдылықты  сiңiрiп өсуi керек” деген екен. Бүгiнде бiзге жетпейтiнi осы. Мейiрiмдiлiк, қайырымдылық таныту арқылы бiреуге жақсылық жасайсың. Жақсылыққа жаны құмар адамның бойынан имандылық пен iзгiлiк сияқты тек жақсы қасиеттер табылады. Ал қазiр бiз немқұрайлығымыздың арқасында көршi үйде тұратын, тұрмысы төмен жандарға  кө­мектесiп, қал-жағдайын бiлудi ар санаймыз. Өзiмiзге керек болмай қалған киiм-кешектi мұқ­таж жандарға апарып бер­мей­мiз. Кемтар, мүгедек жандарды көрсек, жылы сөз айтып көңiлiн жұбатып қоюдың орнына, айналып қашамыз. Неге бiз осындаймыз? Әр қазақ сенiң жақының, бауырың емес пе? Неге жақынымызға жәрдемдеспеймiз? Елi­мiзде көмекке зәру жандар өте көп. Сананы тұрмыс билеген заманда оларға демеу болып, қол ұшын созып жүргендер саусақпен санарлық қана. Сол үшiн де бiзге жаңа ұлт қалыптастыру керек. Бүкiл қоғамда мейiрiм­дiлiк пен қайырымдылықты насихаттап мұқтаж жандарға көмегiмiздi аямауымыз керек. Мемлекеттiң ең үлкен наградалары мейiрiмдiлiк пен қайырымдылықпен айналысатын адам­дар­ға берiлуi керек. Қоғамның құрметтi адамдары ұрылар мен байлар, шенеунiктер емес, ең алдымен мейiрiмдiлiктi өмiрiне серiк еткен адамдар болуы тиiс. 

Билiк  өздерi сияқты екiжүздi,  өтiрiкшi, жағымпаз, жалтақ, жал­ған патриот жастарды тәр­биелеп өсiруде. Алаш көсемi Ә.Бөкейханов “Ұлтқа қызмет ету бiлiмнен емес, мiнезден” деп айт­қан екен. Халқымыз көк бөрiнiң ұрпағы екенiн ұмытып, қасқыр мiнезден қой мiнездi бол­ған заманда,  бiзге сол  мiнез жетiс­пейдi.  “Қоянды қамыс, ердi намыс өлтiредi” демекшi, рух жетiспейдi. Сондықтан  бiз ұлтын  бар жан-тәнiмен сүйетiн, жүрегiнiң түгi бар, табанының бүрi бар қазақтың нағыз ұл-қыздарын тәрбиелеймiз. Ата-бабаларынан аманат болып қалған, ұлан байтақ ұлы даланы қорғайтын, бойында қазақтың қаны бар, жүрегiнде Алаштың намысы мен ары бар ержүрек ұландарды тәрбиелеп, соларға арқа сүйей­мiз.

 Қазақпын деп шомсам ойға киелi,

Жаным шалқып төбем көкке тиедi, -  деп, бойын қуаныш сезiмi билеп, жiгерленiп айтатын рухты ұлт тәрбиелеймiз. Әр қазақтың өренi жасқанбай, “Мен – қазақпын!” деп мақтанышпен көкiрегiн керiп айтқан кезде басқа ұлттардың қызғанышын тудыратын жаңа ұлт қалыптастырамыз.

Ұлт жанашырларының  ниетi ақ, көңiлi таза. Сондықтан бiздi Алла да, қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалап кеткен Жәнiбек, Керей хандарымыз бен батыр- бабаларымыздың аруағы да, тәуелсiздiк үшiн күресiп сол жолда жандарын қиған Алаш қайраткерлерiнiң рухы  да қолдайды.

– Жаңа ұлт қалыптастыру үшiн, халықтың бойына ұлттық рух пен рухани құндылықтарды сiңiруден басқа не iстеу керек деп ойлайсыз? 

–  Жаңа ұлт қалыптастыруды ұлттың өзектi мәселелерiмен бiрге қарастыру керек. Тәуел­сiздiгiмiздi қорғау, тiлдiң мә­селесi, сапалы бiлiм беру, қандастарымыздың елге келуi мен азаматтық алуын жеңiлдету, денсаулық сақтау, салауатты өмiр салтын ұстану сияқты тағы басқа өзектi проблемалар оң шешiмiн тапқанда ғана жаңа ұлт қалыптасады. Қазiр Ресейдiң тарапынан тәуелсiздiгiмiзге қауiп төнiп тұрған кезде, соны қорғап кала алмай, ертең одан айырылып қалатын болсақ, онда жаңа ұлт қалыптастыру жайына қалады. Сол үшiн бар күш-жiгерiмiздi тәуелсiздiктi қорғап қалу үшiн жұмылдырумыз керек. Сондықтан  бұл проблемалар бiр жүйеге бағынып, бiр-бiрiмен тығыз қарым-қатынаста  болғанда ғана нәтиже бередi. Ұлттың өзектi мәселелерiн бiзге ешкiм де шешiп бермейдi. Оны қазақтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы тек ғана өзiмiз шешемiз.

– Халықтың әл-ауқатын көтерiп, өркениеттi елдердiң қатарына қосылуды қалай жүзеге асыруға болады?

 – Бiз бiр нәрсенi түсiнуiмiз керек. Болашақ – озық технологиялардың заманы. Кiмнiң технологиясы жоғары – сол алдыңғы қатарлы елдер қатарына кiредi. Оны бүгiнгi күннiң өзiнен де көремiз. Жапония, Оңтүстiк Корея, Сингапур, АҚШ, Германия т.б. елдер мұнай немесе басқа шикiзат сатып байып отырған жоқ. Электроникасы мен технологиясы жоғары, сондықтан дамып отыр. Ал болашақта бұл сала бұдан да маңызды болмақ. Билiктiң инновация, отандық тауар өндiру, тағы басқа бағдарламалары дұрыс болғанымен, бiрақ ол қиындықтан құтқара алмайды.  Бұл жерде ең басты проблема – Еуразиялық одақтан шықпай, Ресейден келетiн та­уарларға тосқауыл қоймай, бiзде  отандық тауар өндiру ешқашанда дамымайды. Одан кейiн шетелден сатып алатын, бiрақ өзiмiзде өндiруге болатын мыңдаған тауарлардың тiзiмiн жасап, соларды шұғыл түрде өзi­мiзде шығару керек. Отандық тауарларды шетелге сататындарға ерекше қамқорлық жасап, қолдау қажет. Бiз өз тауарларымызды шетелге сатуды басты бағыт қылып алуымыз керек. Бұл жерде өзiмiз ештеңе өндiре алмай жүрiп, шетелге немiздi сатамыз деген сұрақ тууы мүмкiн. Кезiнде Кеңес өкiметiнде тауардың сапасын арттырып, өнертапқыштардың идеяларын қолдау жайлы жақсы бағдарлама болған. Бiрақ коммунистiк жүйеде нарықтық заңдылық болмаған соң,  ойлап табылған жаңалықтардың көбiсi өндiрiске жетпей қалды. Кейiн оларды шетелдер сатып алып өз игiлiктерiне жаратты. Жапондар тiптi “Юный техник”, “Техника молодежи” т.б. журналдарынан көптеген тың ойлар, жаңалықтар алып, оны өндiрiске жiбергенi мәлiм.  Жапониядан үйренген корей елiнiң де басты мақсаты өз өнiмдерiн шетелге сату болды. Алғашқы кезде олар күнделiктi тұрмыста пайдаланылатын тауар шығаруды, көп шығын қажет етпейтiн өнеркәсiптi қолға алды. Кейiннен Батыстың жаңа технологияларының лицензияларын сатып алып, шетелге тауар шығаруды қар­қынды дамытады. Нәтижесiнде Оңтүстiк Корея аз жылдың iшiнде кеме, автомобиль, ұялы телефон, электроника салалары бойынша әлемдегi көшбасшы елдердiң бiрiне айналды. Айта кететiн нәрсе, бүгiнгi Қытай елiнiң де қарқынды дамуы осы жолды таңдауында. Бiздiң халықтың арасында ойшыл, ерекше дарын иесi болып табылатын адамдар өте көп. Сондықтан бiз қаржыны түкке пайдасы жоқ iс-шараларға шашқанша, өнертапқыштар мен жаңалыққа жаны құмар  адамдарды тауып, соларды қолдауымыз керек. Әр мекеме мен бiлiм ордаларында жастарымыз интернет арқылы бiр елден тауар алып, оны өңдеп, жетiлдiрiп, өздерiне, бас­қа елдерге сатуды үйрену керек. Осы үрдiстi жаппай халықтық қозғалысқа айналдыру қажет. Әрине, бұл оңай iс емес. Бiз бiрiншi сыныпқа бара жат­қан бала сияқтымыз.  Әлi ештеңе  де бiлмеймiз.  Бiрақ ол бала он жылда бiлiм алып, өмiрге аяқ басатыны секiлдi, бiз де бұны кезектi науқаншылық қылмай, дұрыс жол­ға қойсақ, бес-он жылда   өз тауарларымызды шетелдерге сатармыз. Ең бастысы, халқымыз  iзденiмпаз, еңбекқор, жаңалыққа жаны құмар болып өседi. Бұндай ұлттың болашағына алаңдамаса да болады. Бiз дамыған әлемдiк елдерден, озық технологиялар жөнiнде 40-50 жылға дейiн кейiн қалып қойдық. Сол үшiн де бiзге басты бағыттың бiрi етiп, жапондар мен кәрiстер секiлдi бүгiнгi әлемдегi озық технологиялардың дайын патенттерi мен лицензияларын сатып алған жөн. Бұл кезде бiз ақшаны да үнемдеп, уақытты да ұтамыз. Одан кейiн кәсiпкерлер табысының 10 пайызын озық технологияға негiзделген жаңа кәсiпорындар ашуға салу керек. Ал үкiмет өз тарапынан сатып алынған лицензияларды ұлттың мүддесi үшiн жұмыс iстеп жат­қан тәжiрибелi, ұлтжанды кәсiпкер­лерге беруi тиiс. Осылай iстесек қана уақыт өте елiмiз әлемдiк көшке iлесiп, болашақ ұрпағымыз дамыған, өркениеттi елде өмiр сүретiн болады.

– Бұл iске қаражатты қайдан аламыз?

 – Ниет дұрыс болса, қаражат табылады. Бiреуiн ғана айтайын. Мысалға, 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткiзуден бас тарту керек. Мақтанып, атымызды шығарған кiмге керек? Қазақбайшылықты қою керек. Олимпиада өткiзуге кемiнде Сочи олимпиадасына кеткен қаржының жартысы, яғни 25 млрд. доллар кетедi. Мiне, осы қаражатты елiмiздiң игiлiгiне, әлемнiң озық технологияларының  лицениязлары мен патенттерiн сатып алып,  шетелге сататын тауар өндiруге жұмсау керек. Егер билiк олай iстемесе, олимпияда өткiзiп, қаражатты босқа желге шашқанша, халыққа жақсы бiр игiлiктi iс жасасын. Кiмнiң 1 млн. теңгеге дейiн несиесi бар, соны жауып берсiн. Олимпиада өт­кiзгеннен гөрi, несиесiн жаба алмай жүрген қарапайым халыққа да, елiмiзге де сол әлдеқайда пайдалы болар едi. Мен болсам солай жасар едiм.

Әрине, бiр сұхбатта ұлттық идеология жайлы бәрiн қамту мүмкiн емес. Алаш қайраткерi Мұстафа Шоқай “Ұлтшылдық идеясы – халықтың жаны мен жүрегi. Ұлтымыз өмiр сүрсе, ол да өмiр сүредi” деген екен. Сол айтпақшы жылдар өтер, бүгiнгi билiк, оның жүргiзiп отырған сая­саты, бәрi ұмытылар. Ал ұлтшылдардың ұлттық идеологияға негiзделiп жасалған бағдарламасы мемлекеттiң бағдарламасы болады. Олардың ұлт­тық-демократиялық мемлекетшiл партиясы болашақтағы өр­кениеттi, дамыған қазақ елiнiң iргетасын қалайды.

 

Сұхбаттасқан Әйгерiм ТIЛЕУЖАНҚЫЗЫ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2022
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2023
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587