Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4457 0 пікір 25 Желтоқсан, 2016 сағат 14:05

Қауын мен қарбызды сыртқа сатып қарық болды

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал ауданының қауын мен қарбыз еккен  диқандары  биылғы жылы өнімдерін қыр асырып, Қазақстанның барлық өңірлерімен қатар, Ресей мен Белорусь нарығына да шығарып сата алды. Биылғы жылы бір ғана Мақтарал ауданынан 56 мың тонна қарбыз, 17,5 мың тонна қауын сатылымға түскен.

Диқандардың айтуына қарағанда, Ресейде қауынға деген сұраныстың жоғары болуына байланысты өткен жылмен салыстырғанда баға да   тұрақты болғанға ұқсайды. Жеке кәсіпкерлер жергілікті қауын мен қарбызды қабылдайтын нүктелерде қауынның 1 келісін 100 теңгеден, ал қарбызды 25 теңгеден сатқан. Қауын мен қарбыз артылған жүк көліктерінің басым көпшілігі көрші мемлекеттің Мәскеу, Санкт-Петербург, Самара қалаларына экспортталыпты.    Әсіресе егілген қауынның алуан түрлі сорттарының ішінде диқандар арасында «Валет» атымен аталып кеткен түрі ерекше сұранысқа ие болған көрінеді.

Қазақстан нарығы мен шетелдің базар сөрелеріне шыққан ауыл шаруашылық өнімдері бұл ғана емес. Жеміс-жидек пісіп, өнімін бере бастаған сәттен мақтаралдық шаруалар 75 тонна қырыққабат, 500 тонна пияз, 93 тонна сәбіз, 235 тонна асханалық қызылша, 182 тонна болгар бұрышы, 2 мың тонна қызанақ пен 1700 тоннадан астам қияр шығарып, саудалаған. Бұл туралы Abai.kz ақпараттық порталының тілшісіне Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданы ауылшаруашлығы басқармасының мамандары мәлім етті.

Абай-ақпарат

0 пікір