Жұма, 17 Мамыр 2024
Қоғам 6008 0 пікір 15 Қаңтар, 2017 сағат 12:45

ҚАЗАҚТАРДЫҢ НОРВЕГТЕРДЕН НЕСІ КЕМ?

Иә, қазақтардың норвегтерден несі кем? Еш кемдігі жоқ. Екеуі де Хақ Тағаланың сүйіп жаратқан пендесі. Бірі Орта Азияның Ұлы дала өлкесінде, бірі Еуропаның солтүстігінде  өмір сүріп жатыр.  Norðrvegr – «солтүстікке сапар» дегенді білдіреді. Алайда, екі халықтың арасындағы айырмашылық географиялық тұрғыдан орналасуында ғана ма?  -  Жоқ. Әлеуметтік тұрмысында. Норвегия – сыртқа мұнай мен газ экспорттайтын Еуропадағы бірден бір ел. Қазақстан да мұнай мен газ өндіреді. Қазақ жерінде мұнай мен газдан өзге де толып жатқан қазына-байлық жетерлік. Қазақстан қазір дүниежүзінде уран өндіретін елге де айналды. Менделеев жарықтықтың кестесінде түзілген өзге де химиялық элементтерді "шикілі-пісілі" етіп сатып жатыр. Шетелге. Бірақ, соның қайда кетіп жатқаны, одан қандай табыс түсіп жатқаны – тегіс құпия. Халық өзіне тиесілі, еншілі байлықтың бар-жоғынан мүлде хабарсыз. Әйтеуір қалт-құлт етіп өмір сүргеніне, тырбанып жүріп тапқанына, биліктің лақтырып тастай салған сүйегін (зейнетақы, жалақы, жартымсыз жәрдемақыны айтамыз) кеміргеніне мәз. Соған да шүкір дейді. Содан кейін Астананың күміпілдеп мақтанғанына, көбік ауызданып жер-көкке сыймай бөскеніне сеніп жүре береді. Ал, Норвегияда...

Норвегияда мұнай мен газ саудасынан әрбір норвег азаматы үлес алып отырады. Осы күні әрбір норвег азаматының жеке шотында 100 000 доллардан астам қаржы бар. Норвегия адам даму индексі бойынша 2009 жылдан бері бірінші орынды бермей келеді.  3 жастан 18 жас аралығындағы сәбилер мен жас жеткіншектерге мемлекет  1620 доллар көлемінде жәрдем ақы төлейді. Мұнай ғана емес, елдегі табиғи байлықтың бәрі халықтың ортақ меншігі, ұлттық жетістігі болып саналады. Норвегия корольдік ел болса да, жер байлығы бір әулеттің немесе бірер компанияның меншігіне жатпайды. Норвегияда байлық та ортақ, табыс та ортақ. Мемлекеттің сауда-саттықтан тапқан табысы әлеуметтік бағадарламаларға жұмсалып,  Жалпы Қайырымдылық шаралары Қорына құйылады.

Энергетикалық кешендер мен жылыту орталықтарын мемлекеттік жүйе бақылағандықтан да Норвегия Еуропадағы гүлденген мемлекетке айналып отыр.

Медициналық мекемелер Норвегияда мемлекеттің, жергілікті биліктің қамқорлығына алынған. Мемлекеттік субцидия медициналық қызметтің сапасын жылдан-жылға арттырып келеді. Норвегияда ота жасау, аурханада ем-дом жасау – бәрі тегін.

Норвегия – өзін өте қарапайым ұстайтын, кішіпейіл жандардың елі. Бұл елде ешкім ешкімнің төбесінен төніп, өзін өзгеден артық санамайды. Жуырда елдің королі Харальд V Ослодағы ауруханалардың біріне түсіп қалды. Әлгі ауруханада ел қатарлы өмір сүріп, ас ішіп, киім киетін норвегтер де жатыр еді. Олар корольді көрген бетте одан қолтаңба алып, әңгімеге тартып, мазалай берді. Сол кезде ғана аурухана әкімшілігі корольді жұрттан бөлектеп, ол жатқан палатаның есігіне полиция қызметкерін тұрғызуға мәжбүр болды.

Норвегиядағы теңдіктің тағы бірін айтайық. Мысалы, сіз адвокатсыз делік. Сіздің жылдық табысыңыз – 400 000 крон. Ал, еден жуатын әйелдің жылдық табысы – 220 000  крон (1 крона  38 теңге). Күнделікті жұмыс уақыты – 7,5 сағат.

Норвегияда тегін білім аласыз.

Тұрғын үй құрылысы мемлекеттің қатаң бақылауында.

Отбасында бір-ақ адам жұмыс істейді. Көбіне ері. Әйелі үйде отырады. Балалардың тәрбиесіне қарайды, оқытады, түрлі үйірмелерге апарады. Кей жағдайда бұл жұмысты ерлер де атқара береді екен... егер әйелі жақсы қызметте болса.

Шаңыраққа шақалақ келген сайын отбасы иелерінің жалақысына қосымша ақы жазылады екен. Норвегияда 6 миллионға жуық халық бар. Халықтың 90 пйызы – норвегтер. Азын-шоғын арабтар, шведттер, немістер, орыстар бар көрінеді. Елдегі ресми жалғыз тіл – норвег тілі.

Норвегиядағы тағы бір таңқаларлық жайт мынау:  жұмыс өтілі 10 жылға толған адам 1 жыл демалуға қақылы. Ол уақытта оның еңбек ақысы үзілмей жүріп тұрады.

Норвегия біз үшін ертегілер елі сияқты. Жоғарыдағының бәрін біз "жанқалтамыздан" шығарып алып айтып отырғандай көрінуіміз  мүмкін. Бірақ, рас. Бәрі де рас. Геоэкономикалық, геосаяси жағдайы норвегтерге сондай керемет мүмкіндік тудырып отыр деп, таласатындар да осы арада табылып қалатын шығар. Бірақ,  Норвег билігін жемқорлар жайлап, халықты езіп-жаншудың түрлі айла әрекеттерін жасап отырса, мына кереметтердің бір де бірі болмас еді...

Ал, бізде ше? Халық Ұлттық қордағы қаржының нақты көлемін білмейді. Сатылып жатқан ураннан, мұнай мен газдан, мырш пен мыстан, астықтан, т.б. қанша пайда түсіп жатқанынан хабарсыз.

Медициналық қызмет, білім беру саласы жартылай ақылы, жартылай мемлекет пен жергілікті биліктің қарауында. Алайда, айналып келгенде – ақылы. Ақша бермесең – емдемейді, ақысын төлеп тұрмасаң, қолына біреңе ұстатпасаң – білім алуың да қиын.

Бізде заңгер мен еден жуушының жылдық табысын салыстыру мүлде қисынға келмейді.

Президентті былай қойыңыз, аудан әкімі мен ауыл адамы ауруханада  бірге жатып емделіпті дегенді естімегеніңізге бәс тігемін.

Халықтың 70-80 пайызы қазақ бола тұра, қазақ тілінде билік те, өзге ұлт өкілдері де сөйлемейді. Сөйлеуге қарсылық жылдан жылға күшейіп, күрделеніп келеді.

Бұндай жағдайда 7,5 сағаттық жұмыс уақыты мен 1 жылдық демалыс, сәби сүйген отбасының бюджетіне жұмыс орнынан қосылатын қаржат жайында   айтпай-ақ қойғанымыз дұрыс шығар.

... Сонда да сұраймыз ау: «қазақтардың норвегтерден несі кем?» деп. Еш кемдігі жоқ. Әйткенменде өз билігі кем, қор етіп отырған соң...амал не: қазақ деген осы күні бәріне көнгіш, көнтерлі, жуас, мақсатсыз, мұратсыз, рухсыз тобырға айналып барады.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2103
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2206
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624