Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 9795 0 пікір 8 Ақпан, 2017 сағат 11:34

МҰҚАҒАЛИДЫҢ МОНОЛОГЫ НЕМЕСЕ АҚЫН КӨШЕСІНДЕГІ ТОЛҒАНЫС

9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

 Жек көре бер, мейлі-ғой,  тілдесең де,

Уақыт өтер арада,  жыл нешеме.

Көрерсіңдер түбінде, бәтшағарлар,

Менің атым берілер бұл көшеге.

 

Айналмайды, білемін артым дауға,

Сол себептен құштармын «салқындауға».

Жүректерге жол табам жырларыммен,

Мен өлмеспін, әйтеуір, халқым барда.

 

Сенемін жарқырап бір  шығарыма,

\Қуануға болады, жұбануға\.

Селт еткізіп,түндерде оятып ап,

Бір Құдырет сыбырлар құлағыма.

 

Жырларымды жазамын Арымдай ақ,

Тәнімді аяп, көргем жоқ жанымды аяп.

Шексіз сүйем бұл жарық дүниені,

Жүрседағы сәт сайын сорым таяп.

 

Бақ пен соры аралас жалған мынау,

Жылымдарға сан талай алдандым-ау!

Бір салқындық байқаймын жанарлардан,

Қоштасуға қол салып , сәл қалдым-ау.

 

Анам, Жарым, аядым ұрпағымды,

Қалар – ау деп иесіз жыр-Тағымды.

Шыныменен, япырау дос жоқ менде,

Сәл сүрінсем сүйейтін кім табылды?

 

                                     Сан сұрақтар жанымды қажап менің,

Деймін кейде, Өмір-ау, тозақ па едің?!

Ең бақытты сәтім сол – оңашада,

Отырғанда жыр жазып,  Азат кезім.

 

Тәуелсізбін, азатпын , баста бағым,

Жазып-жазып жырымды жастанамын.

Өктемсіген көп жаннан неге екенін,

Жолыққанда бір түрлі жасқанамын.

 

 

 

 

                                      Кінәлідей алдында, сезінемін,

Жоламастай жалт беріп, безінемін.

Пір тұтатын жырымды жастармен де,

Бұл көшенің бойында кезігемін.

 

Шын көңілден қолпаштар жігер беріп,

(Сонда шіркін отырам түгенделіп).

Солар жүрсе «ағалап» тіреу көріп,

«Айықтырғышқа» әкетер біреу келіп.

 

Дәл осылай түсемін сарсаң күйге,

Бармасам ба, ойланам, барсам ба үйге?

Қабағына жарымның кірбің түсер,

Келбетімді көргенде шаршау күйде.

 

Бұл түріме қуанар «доссымағым»,

Жауымының да көңілін «хош» қыламын.

Бірде сәби, ақынмын бірде дана,

Содан сірә, бес құлап,  бес тұрамын.

 

«Шөл баспасқа» бекініп, сүрінбеске,

Димекеңе  хат жазам бүгін кешке.

Сөз беремін, қалайда өзгеремін,

Дана адам-ғой сол ғана түңілмес те.

 

Қаза қоймас мендегі қателікті,

Сан таланттқа көрсетті ол әкелікті.

Нұрғиса мен Олжасты еркелетіп,

Шәмші досқа баспана әперіпті.

 

Осы сөздер кеп жеткен құлағыма,

Өр басымды иеиін, шын арыла.

Түсті ме екен жанары «Мавр», «Илиьч»,

«Аппосианата», шап-шағын «Шуағыма».

 

 Жазсам дағы жыр-дастан ғажап, мықты,

Өсек ерді соңымнан, азап күтті.

Жаратқан мен сенемін сол ағама,

Әперердей басыма Азаттықты.

 

Беу, Азаттық аңсаған тек мен емес,

\Мені қойшы, пендемін өкпелемес\.

Арыстары Алаштың құрбан болған,

Мазалайды жанымды ой, көптен елес.

 

Өр рухты,  намысты арыстары,

Қойнауында тарихтың, алыста әлі.

Есімдерін айта алмай ұлылардың,

Ғасыр болды жағымыз қарысқалы.

 

Беу, Азаттық, атар таң, келер күнім,

Көтеремін бір сен деп өнер жүгін.

Тәуелсіздік таңы атар, мен көрмеспін,

Асқақтайды жырларым, сезем бүгін.

 

Беу, Азаттық, түлейді сонда Алашым,

Қыран болып көгімде қомданасың.

Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,

Бақыт құсы шарлайды кең даласын.

 

Беу, Азаттық, шаттық нұры төгіліп реңінен,

Қайран жұртым босанар шідерінен.

Шырқалады жырларым жер мен көкте,

Шарықтайды Рухым, білемін мен.

 

Мерейтойым аталар мақтанышпен,

Қауышады рухым жат-таныспен.

Сөз етпес-ау «былығым-шылығымды»,

Кәзіргідей жек көріп, даттап іштен.

 

Солай достым, дей көрме бұл бөсе ме?,

Болсадағы бас кеспек, тіл кесе ме.

Бодандықтан босаған қалың елім,

Есімімді береді бұл көшеге.

 

Мақтандыға балама, ісінуге,

Адамды -адам бір бақыт түсіну де.

Құрдастарым, болашақ сырластарым,

Құшақ-құшақ гүл қояр мүсініме...

 

Мұң шағу. Ақын рухымен сырласу


Ақындар ауылда туып ,

Астанада көз жұмады

(ел аузынан)

Мұңдасалық,  деп отырмын ұлы ағам,

Бұл жалғанда  тірлік кешем дін аман.

Адам- Ата, Хау- Анадан сол мұра,

Ада емеспін пенделіктен, күнәдан.

 

Мен де сендей жетім өсіп, жетілгем,

Талай жерде көңіл жасып, кетілген.

Дүр сілкінтті көкірегімде көк бөрі,

Өлмей бірақ беріспеуге бекінгем.

 

Анам еді сүйенерім, пірім де,

\Жұрт айтатын аумайды деп түріңде\.

Ол да Өзіңдей о дүниенің қонағы,

Рухтарға қосылармын түбінде.

 

Мен де жұтқам Аспантаудың ауасын,

Жүрегімде Хан-Тәңірі дара шың.

Шәкіртіңмін қалам ұстап, жыр жазған,

Таулы өлкеміз ақын туар баласын.

 

Сол ауылда мәнсапқа ерте ілінгем,

Кездерімде болмаса да жүгірген.

Қара Өлеңнің құдыретін ұқтым да,

Тақ, Байлықтың қуған жоқпын бірін мен.

 

Қарап жүріп қайғы жұтып, «дерттендім»,

Қапастайын ойсыз, жырсыз өткен күн.

Жан Анамды  жер қойнына  тапсырып,

Алматыда  жыр-Анам бар,  деп келдім.

 

 

Келдім, көрдім тас қаланың мінезін,

Тұсаулады қатып қалған «режим».

«Таудың ерке тағысы едім», сен құсап,

Сыймай жүрмін миллионға бір өзім.

 

«Жыр әлемі құшағыңа бөле» деп,

Сенген едім болатындай керемет.

Кеңселерге енген едім еңселі,

Алданыппын, селт етпейді не керек?!.

 

 

Атақ та, Ар да түскен екен саудаға,

Құлданбасаң, көретінің сор ғана.

«Келініне келін болған енедей»,

Ақындары бай-манапқа қолбала.

 

Хас таланттар аз емес-ау, дегенмен,

Қайрат, жігер беретіндей Өлеңмен.

Басылымның беттерінен түспейді,

Топ құрағыш, маймыл мінез, «өлермен».

 

 

Қалжыратып батпан тірлік арбасқан,

Біреулермен анда-санда «шөл басқам».

Өзің жайлы «ертегісін» бөседі,

Анау бір шал жағаңа сан жармасқан.

 

Жақсы інілер «Аға» санар мені де,

Бәз біреулер саусақ кезер «сені ме?!»,

Тас шаҺардың тас құшағы  қатты  екен,

Қайта алмаспын мен де туған жеріме...

Серікжан ҚАЖИ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 736
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 550
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 454
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 471