Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 4105 0 пікір 15 Ақпан, 2017 сағат 12:19

НАУРЫЗ "ЖЕТІМ ҚЫЗДЫҢ ТОЙЫ" БОЛМАУЫ КЕРЕК

Сонау 1991 жылы Кеңес Одағының шаңырағы ортасына түсіп күйреген күні ертеңіне Өзбекстан президенті мәлімдеме жасады. Сонда ол: "Жақында шекара жабылады, ендігәрі Өзбекстанда өзбек халқын, өзбек елін құрметтеп, оның тілін, салт-дәстүрін сыйлайтын өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткісі келетін азаматтар қалсын, ал өйткісі келмегендер дереу өз елдеріне көшсін" деп ресми түрде мәлімдеді. Көп ұзамай Өзбекстан Наурыз мейрамын ұлттық Жаңа жыл мейрамымыз деп жариялады.

Ал Ресейден азаттық алғанына 25 жылдан асып кеткен Қазақстанда Наурыз мейрамын христиандардың Жаңа Жыл мейрамымен салыстыру да ұят. Иә, сол 1991 жылы Өзбекстан сөйтіп жатқанда Қазақстан басшылары біз Одақ құрамынан кетпейміз, Ресеймен мәңгілік бірге боламыз, ойбай орыстар көшіп кетуде, кетпесін, орыстар болмаса қазақта жұмыс істейтін маман жоқ, құримыз деп еңірегенде етегі толды. Құлдыққа үйреніп кеттік,  құлдықтан басқа бақыттың бізге қажеті жоқ дейтін құлмінездік санадан қазақ атқамінерлері мен орыстілді қазақтар әлі де арыла алмай келе жатқанын елімізде осы екі мейрам қалай өтетініне қарап-ақ байқауға болады. Халқының 80 пайызы қасиетті ислам дініндегілер бола тұра Қазақстанда ең үлкен, ең мәртебелі мейрам негізінен христиандардың діни мейрамы болып есептелетін 31-ші желтоқсанның ақбасқын қарлы бораны мен сақылдаған сары аязында түн ортасында келетін Жаңа жыл мейрамы. Не астрономиялық, не басқа ғылыми негізі, дәйек, дәлелі жоқ бұл Жаңа Жыл мейрамына даярлық Қазақстанда қараша айының ортасынан басталып, ақпанның аяғына шейін, яғни, 3 айға жуық тойланады. Әсіресе, телеарналар шет-шегі жоқ бұл мейрамды әкесі тіріліп келгендей дуылдатады. «Жұлдыз» атанып, құмырсқадай қаптап жүрген той әншілері не сөзін, не әнін дені сау адамдікі деуге келмейтін бірнәрселерді теледидардан «Жаңа Жыл», «Жаңа Жыл келіп қалды», «Бәріміз бақытты болайық», «алдырайық туған жердің шарабын», «Новый год» деп көкке секіріп билеп жатады.

Григориан күнтізбесіндегі сол Жаңа Жылды үш ай солай тойлаған Қазақстан телеарналарының былтырғы Наурыз мейрамы күні көрсеткен дүниелерін қараңыз: «Алып қашу операциясы» (Хабар), «Своя чужая сестра», «Бриллиантовая рука» (КТК), Үнді фильмі (Астана). Қалған көрсетілімдер қасиетті Наурыз мейрамына мүлде қатысы жоқ, неге қажет екені түсініксіз бірнәрселер мен жарнамаларға толы болды. Құдай кешірсін, осының бәрі Қазақстандағы жергілікті ұлттың – қазақтың салт-дәстүріне, дініне, ұлттық тәрбиесіне қарсы жымысқылықпен біреулердің әдейі жүргізіп отырған залымдығы ма деген ойға кетеді екенсіз.

Қарап тұрсақ, Жаңа Жыл деп аталатын сол мейрам  моральдық та, материалдық та зиянға толы. Осы мейрам кезінде қанша адам ішімдіктен не уланып, не өліп жатады. Ішіп алған адамдардың жүріс-тұрысының, кейбіреулерінің аузынан шығып жатқан лас сөздерінің өзі қандай жиренішті, оның бәрін жас балаларымыз көріп отырады. Ал көшеде, не далада мас боп жатып қалып, мас күйінде көлік тізгініне отырып апат жасап, өзге де аянышты жағдайларда опат болып жатқандар қаншама?! Бұл мейрамды  христиан дініндегі  ұлттар діни мейрамымыз, яғни, «Христостың туған күні» деп тойлайды. Ал Қазақстан басшылары елімізде Наурыз мейрамы  жетім қыздың тойындай болып өтіп жатқаны аз болғандай «Бұл – діни  мейрам емес» деп әлдекімдердің алдында ақталып сөйлеуді де ұмытпайды. Және сонысын өздерінің  сұңғыла саясаткерлігі деп те ойлайтын сияқты.

Иә, Қазақстан тәуелсіздік алардан 4-5 жыл бұрын Наурыз мейрамы, яғни өз Жаңа жылымыз қалай тойланғанын еске алсақ, қазіргі Наурыз мейрамы жетім қыздың тойындай екені рас. Бүгінде оның бар сән-салтанаты әр жерде киіз үйлер тігіліп, «кока-кола» сияқты сусындар сатылып, жұрт өз ақшасына ас ішіп, бір-екі әншінің, не «жұлдызсымақтардың» «өнерін» көріп қайтумен аяқталады. Дәл осы мейрам кезінде кейбір телеарналардан қазақтың ұлттығына, ұлттық тәлім-тәрбиесіне, салт-дәстүріне мүлде жат нәрселер көрсетіліп жататыны көзі ашық, көңілі ояу әр қазаққа осынау ұлық мейрамды кемсіту үшін әдейі жасалып жатқандай көрінері хақ. Ал бізбен тілі бір, діні бір, салт-дәстүрі, тағлым-тәрбиесі бір өзбек, түркімен, әзербайжан, тәжік, татар сияқты халықтардың өз республикасында Наурызды қалай тойлайтынын көргенде ішің күйеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бірде «Біз түптің түбінде Жаңа Жыл деп 22 Наурызды белгілейміз» дегеніне де талай жылдың жүзі болды. Амал не, соған қарамастан қасиетті де киелі ұлық мейрам жыл өткен сайын өзінің ажар көркінен айрылып барады ма деп қорқамыз. Елдің елдігі, кімнің елі екені ұлттық мейрамын қалай тойлайтынынан да көрініп тұрады екен. Ендеше Наурыз – жетім  қыздың тойы емес, оны бүгінгідей құлдыратуға жол бермейік.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 960
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 816
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 629
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 687