Жұма, 3 Мамыр 2024
Мәйекті 3447 0 пікір 20 Ақпан, 2017 сағат 11:03

ЭКСПО-2017: АЛАҢДАУҒА ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ

Таяуда әлеуметтік желілерге тарап кеткен атышулы суреттердің «ЭКСПО-2017» көрмесінің нысандарына мүлде қатысы жоқ. Біздің айтып отырғанымыз - "сызат".

Бұл туралы «Время» газетіне берген сұхбатында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов мәлімдеді.

Жуырда бірқатар әлеуметтік желі беттерінде елордадағы болашақ халықаралық көрме аумағында түсірілген-мыс, жарықшағы бар құрылыс суреті жарияланғаны белгілі. Қарапайым ғаламтор қолданушылары болса, бірден мәселені қызу талқыға салып, өз ойларын білдірді.

Ал жауапты шараны өткізуге жұмылған «Астана ЭКСПО-2017» компаниясы баспасөз өкілдерінің ресми ұстанымы көп күттірмеді: суреттерді көрме нысандарына таңу негізсіз. Бәрі аман-есен, жұмыс қалыпты сипатта кестеге сай жүзеге асуда. Мағынасы осындай сыңайда. Сергей Куянов, жалған дүние желіде пайда болған беті, құрылыс басындағы құзырлы мамандарға көрсеткенін айтады. Барлық суреттегіге ұқсас темір құрылымдар мұқият тексеріліп шыққан. Бірнеше сағаттан кейін ешқандай кінәраттың жоқтығы анықталған. Елді дүрліктірген «еңбектің» фотошоп па әлде жай ғана сәйкестік пе, ол жағы түсініксіз дейді департамент жетекшісі.

«Алдағы уақытта мұндай тентектік әрекеттер бола ма, оны да анық айту қиын. Бірақ біз аталған тосын жайттардан қорықпаймыз. Бұл аса маңызды да емес. Мәселеге басқа қырынан қарасақ, бүгінгі жетістіктер көңіл қуантады. Мысалға, тарихта ең көп көрмеге қатысушыларды тосып отырмыз. Төрт жылда еңсерілуі тиіс қыруар шаруаны бір жарым жылда аяқтап тастадық. Сапа да ойдағыдай. Аз ғана ұсақ-түйек істер қалды. Павильондар сап түзеп тізіліп тұр, сервистік инфрақұрылым да бабында. Әлемдік кәсіби қоғамдастық Астанадағы дүбірлі де мерейлі оқиғаның қызықты боларын мойындауда. Елбасы мен көрмелердің халықаралық бюросы да жоғары бағасын берді. Қысқасы жұмыс жалғасуда және түрлі арандатушылықтарға назар аударатын уақыт жоқ», - дейді Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қоғаммен байланыс департаментінің директоры Сергей Куянов.

Көрме өкілі бұған дейінгі декоративтік көпірдің құлауына да тоқтала кетті. Оның сөзіне қарағанда, қалпына келтіру әрекеттері қарқынды жүруде және жақын арада мәре сызығын кеседі. Төтенше жайттан соң тиісті құрылымдар түгел егжей-тегжейлі сарапталған. Ақаулар байқалмағанмен, қажетті тұстар қосымша нығайтылған. Жағымсыз оқиғаның себебі сонда, «ВІ group» компаниясы жобалау іс-қимылдарына өзінің отандық кәсіпорнын тартқан. Содан темірдің талапқа сай түрі қойылмаған және «жығылғанға жұдырық», қараша айындағы сұмдық сарышұнақ аяздар темір екеш темірді де шыдатпай, сындырып жіберген. Қазіргі кезде, компания өкілінің сендіруінше, қауіпсіздік мәселесі толықтай қамтамасыз етілген. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 693
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 489
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 419
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 428