Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Алашорда 6071 0 пікір 11 Наурыз, 2017 сағат 12:38

МЕНІҢ АТЫМ - ШАЛТАБАЙ

Халқымыздың ел болып еңсе көтеруі, ұлт болып қалыптасуы жолындағы  шежіреде, тарих қойнауында қозғалмай жатқан небір тамаша деректерді бүге-шігесіне дейін қалдырмай зерттеп, оны келешекке аманат етіп қалдыру, қашан да өз уағындағы көзі тірі ұрпақтың мойнындағы міндеті мен парызы болып келген.

Шалтабайды халық ғасырдан аса уақыт жадынан шығармай, батыр, ақын, күйші, сері ретінде бүгінгі буын ұрпақтың құлағына жеткізді. Қазақ әдебиеті тарихында Шалтабай туралы тұңғыш рет жазба дерек қалдырған халқымыздың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіров болатын. Бертін келе, Шарғын ақын «Айсұлу»,  Таупық Жексенбаев «Қожеке» дастандарында Шалтабайдың кейіпкер бейнесін сомдайды. Филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубеков өзі құрастырған «Жетісу әуендері» кітабына ақынның бір әнін нотаға түсіріп енгізеді де, Шалтабай өмірінің кейбір сәттеріне түсінік береді. Ол ән Рамазан Стамғазиев орындауында  бүгінде ел-жұртқа танымал болды. Сонымен қатар, баба туралы тірнектеп материал жинап, көптеген көнекөз қариялармен әңгімелесіп, шығармаларын жинастырған Алпар шөбересі журналист Жексен Алпаров пен Рауан Әріповтер  еді.

Жалпы ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеудің дер кезінде қолға алынбауына, көнекөз қариялардың көзі тірі кезінде жырларының жинастырылмауына, соңғы ғасырдағы халқымыздың басынан өткен ауыртпалықтар себеп болды.

Ауыз деректер күйдің пірі Қожекенің Шалтабайды өзіне әрі ұстаз, әрі аға тұтқанын айтады.  Ақселеу Сейдімбеков Қожекенің 1823 жылы дүниеге келгенін жазды. Яғни, Шалтабайдың туған жылын осы төңіректен іздегеніміз дұрыс.

Ақын дүние есігін ашқан жылдары, нақтырақ айтқанда, 1822 жылы ұлы жүз қазақтары Ресей патшасы Александрға халқын бодандыққа алу туралы өтініш хат жазады. Бұл хаттың нәтижесі ақын ат жалын тартып мінгенде көрініп, 1843 жылы Аягөз окруктік приказының заседателі Смельницкиге үлкен орданың алпысқа жуық сұлтан-билері және хат жазып, іле-шала 1846 жылы ұлы жүз қазақтары ресей құрамына ресми қабылдана бастайды. Сөйтіп, Үлкен орда приставы құрылып, орталығы Қапал қаласы болды. Біресе қытай қызылаяқтары, біресе қоқан әскерлері елге шығып, алым-салық жинап, халықтың әбден мазасын кетіргендіктен, елдің Ресей құрамына кіруден басқа амалы қалмаған еді.

1843-ші жылғы хатта ұлы жұз ішіндегі Албан елінен алты би қол қояды. Олар – Абақ Құдайназаров, Түменбай Орынтаев, Қожағұл Райымбеков, Боташы Оразбақов, Бердіқожа Әжібаев, Пұсырман Қоныспаевтар. Шалтабай  осы қол қойған  алтаудың ішіндегі Түменбайдың немересі. Бұдан оның батырлық, ерлік, елдік дәстүрі үзілмеген, ықпалды әулеттен шыққан тұлға екендігін байқаймыз. Ал, өз әкесі  Алпар Түменбайұлы туралы Көдек ақын:

                          Айттағы Сайымбөлек, Құрманда – Алпар

                        Бұларды туа қызыр шалып өткен, - деп жырлайды.

Шалтабай – «Кім?» деген сұраққа, ол - ең алдымен – «батыр» дер едік. Өйткені:

                         Менің атым – Шалтабай,

                         Асылдын соққан балтадай,-

деп, өз бейнесін екі жол  өлеңге сыйғызып тұр. Асылдан соққан балтаның қарсы келген дұшпанын қағып түсіретіні белгілі. Әрі ақын, әрі батырлардың бұлай жырлау дәстүрін «Мен, мен едім, мен едім» деп жырлаған Махамбет, ар жағындағы Шалкиіз, Марғасқа жыраулардан оқыдық та, батырлық дәстүрдің жалпы қазаққа ортақ сабақтастығын көрдік.

1870-71-інші жылдардағы Ресей мен Қытайды дүр сілкіндірген Тазабек батыр оқиғасының басы қасында жүрген Шалтабайдың Тазабек пен Саурық батырлар дүниеден өткеннен кейін барып істі болғандығын төмендегі ақынның өз жырларынан байқаймыз.

                                 Шалтабай өзім атым, әкем – Алпар,

                                Өлеңге жас кезімнен болдым іңкәр.

                                Орыстың мың солдаттық бағасындай,

                                Тазекем өтіп кетті-ау, қайран сұңқар.

 

                                Іліпбай отыр ма екен жайлауында,

                                Тұр ма екен бір топ бие байлауында.

                                Саурық ағам бұл күнде тірі болса,

                                Орыстың кетер ме едім айдауында.

Сөйтіп, ақын он жыл мерзімге Сібірге айдалды. Осы жерде болашақта әлі зерттей түсуді қажет ететін заңды екі сұрақ туады.

       Біріншісі – нақты қандай айып тағылды?

       Екіншісі – қай жылы айдалды?

Ақын алдымен 1871 жылғы Тазабек пен Саурықтың соғысына өзінше баға береді.

                                   Қолына түсіп орыстың,

                                  Көрдім дүние жалғанын.

                                  Тазабек, Саурық күш қоспай,

                                  Тараншыға сенем деп,

                                  Тістеулі кетті-ау бармағым,

                                  Ішімде кетті-ау арманым.

 - деген өлең жолдарынан Әлмерек батырдың кіндігінен тараған екі батырдың тізгінді тараншыларға (Ол кезде ұйғыр деген атау жоқ еді) беріп қойған аңғалдығына өкініш білдіреді.

Сонымен, Шалтабайдың айдалу себебі туралы алғашқы дерек – Тазабек пен Саурыққа еріп, орысқа қарсы соғысуы.

Ақынның айдалуына байланысты екінші бір деректі зерттеушілер былай деп түсіндіреді.

1871 жылы Құлжа өңірі Ресейдің қол астына қарады. Тазабек батырмен еріп, қара орнынан қозғалған халық – мың түтін Бозым басшысынан айырылып, тағдыр тізгінін орысқа беріп, мекеніне қайта оралды. Саурық батыр да дүниеден өтіп, ел тізгіні Шалтабайдың қолында қалды да ол Құрман еліне болыс боп сайланады. Ресей Құлжаны алған соң Қытайлар дүңгендер мен  ұйғырларының көтерілісін басып, Тұрпан мен Қашқарды біржолата тыныштандыру үшін әскер шығарады. Қашқардан шыққан ұйғырлар соғыс құралдары мен жүктерін есекке артып, Мұзарт өзенінің ресейге қараған жағымен жүріп, Текес өзенінен өтіп, Шартас, Қалжат, Шәкрамбал тауларынан асып, Шалкөде, Кетпен арқылы Құлжаға жол тартады. Ресей мен Қытай өзара келісіп,  орыс әскерлері көтеріліс жасап жүрген ұйғырларды Құлжа маңында қарсы алады.  Ұрыста ұйғырлар жеңіліс тауып, кері шегінеді. Патша әскері екіге бөлініп, қашқан ұйғырлардың соңына түседі. Жолбасшы ретінде бір топты Жансерке болыс, екінші топты  Шалтабай  бастап жүреді. Жансерке бастаған топ ұйғырларды толық жеңіп, болыстың жуырынына оқ тиіп, жаралы болады. Шалтабай бастаған топта атыс кезінде орыс әскерлері көп шығынға ұшырайды. Құлжадағы көтеріліс тынышталған соң, орыс әкімшілігі болған сәтсіздіктің себебін іздеп, бар кінә Шалтабайға жабылып, бір жағынан Тазабек пен Саурықтың бауыры екендігі еске түсіп, үкіметке қарсы айтылған жырлары мәселе боп көтеріліп, мал-мүлкі конфискеленіп, өзі қашқын болады. Отбасы қырылып, Шәния деген жалғыз ұл тірі қалып, оны қырғыз Шыныбек әжінің аулына ұзатылған әкпесі алып кетеді. Бұл деректің де жаны бар секілді. Тағы да ақын жырына назар аударайық:

                      Солдаттар тараншыдан екі есе көп,

                      Білмейді қалтарысты, әдісі жоқ.

                      Бекерге мені қинап айыптайды,

                      Солдаттың қолын ұстап, атқызғам жоқ.

Бір сөзбен айтқанда, Ресей үкіметі үшін Шалтабай саяси тұтқын болып отыр. Сонымен қатар, ағайын арасынан да дұшпан табылып, істің осылай асқынып кетуіне себеп болғаны ақын жырларында аңғарылады. Бұл жағдай халқымыздың қанында бар, тіпті күні бүгінге дейін қалмай келе жатқан өзара алтыбақан алауыздықтың салдары болса керек

Батырдың басына қиын-қыстау күндері жанына ерген үш жүз жігіт оны  қорғап-қоршап, қауіп- қатерден аман ап қалып жүреді. Күндердің күнінде, соңына түсіп аңдыған тараншылар  Кетпен деген жерде жалғыз жүрген сәтін байқап, дереу орысқа хабарлайды да, оларды ақынның үстінен түсіреді. Кейін бұл оқиғаны  ақын  былай жырлайды:

Алпекем кертөбелді шідерлесін,

Шалтабай қайтып келіп, «мінер» десін.

Қанішер ақ патшаға ұстап берген,

Обалым Доғалақты жібермесін.

 

Шалкөде суың тұнық сылдырлаған,

Алты орыс айдап кетті былдырлаған.

Қайтейін, қайран дүние, шолағыңды,

Екі қып Алпар байдан қылдырмаған.

 

Кетпен, Кетпен, Кетпен жер

Кетпен менен кеткен жер.

Бүлінбесең  талқан бол,

Тақ түбіме жеткен жер.

 

Кездікті өткір қайрап қоя ма еді,

Төренің екі көзін ояр ма еді.

Іліпбай, Сәске, Саурық  тірі болса,

Орыстың айдауына қояр ма еді.

 

Қош есен бол құрдасым,

Қатар өске сырласым.

Әділетсіз патша  заңына,

Құрбан болды-ау,бұл басым.

Екінші  ақынның қай жылы ұсталғандығы. Бұл да арнайы зерттеуді күтіп тұрған мәселе. Әйтеуір, Шалтабай Тазабек пен орыстың арасы шиеленіскен 1870-інші жылдар мен орыстар Құлжаны Қытайға қайтарып берген 1881-ші жылдардан кейін айдау көрді.

Хош. Сонымен ақын айдалып кете барды.

               Сұрақта күнәм жоқ деп зарды айтасың,

              «Ақша» деп көрсетеді жан қалтасын.

              Мен көрген шегір көзді орыс болса,

              Қазақтың езеді екен ақ малтасын.

Әрине, қазақтың кейінгі тарихы қалай болғаны бізге белгілі. Ал, Шалтабай орыс құлдығындағы туған елінің ертеңгі күні қалай болатындығын сол кездері шамалап сезген секілді.

Шіркін… Даланың ерке тағысы, ер мінезді көшпендінің қолына кісен түскенде қандай күйде болды екен...

Ақын туған жерге деген сағынышын тағы да жыр қылып төгеді.

                Ортақ тау Шәкрамбал, Есекартқан,

               Тізіліп меруерттей Өрге тартқан.

               Күнгейі арқар, бұғы, тауешкі мен

               Еркіндеп, қысы-жазы жусап жатқан.

 

               Жер қайда, о, дариға, Текесімдей,

               Туылған айдың жаңа шекесіндей.

               Кір жуып, кіндігімді кескен жерім,

               Жат болып, шыныменен кетесің бе-ей!

 

               Белбұлақ, Есекартқан жердің мүлкі,

               Қалды ғой Шалтекеңнен ойын-күлкі.

               Еріккенде ермек қып жүруші едім,

               Таудағы сен де аман бол бөрі, түлкі.

Қасиетіңнен айналайын қара өлең. Бір жарым ғасыр бұрын айтылса да, сыны да, сыр да бұзылмай сақталыпты. Осыған қарап, бабалар сөзінің ұлт болашағына қызмет етіп отырғанына еріксіз иланасың.

Арамыздағы шалтабайтанушы қариялардың айтуынша Шалтекең айдауда жүргенде де өрлік танытып, жасымаған секілді. Өзі жүрген ортасында өнерін асырып, жергілікті жердегі сары ноғайдың қызы Қазинамен айтысып, оны жеңіп, үйленіп алады. Ақынның айдауда жүріп айтқандарынан менде бары екі шумақ.                                       

Бұдан төмен Омбы көрдім,  

Таусылмайтын жолды көрдім.

Қайырылмас малды көрдім,

Жаны ашымас жанды көрдім.

 

Одан төмен Мәскеу көрдім,

Жылып аққан бастау көрдім.

 Аяқ - кісен ақсау көрдім,

Бейнет, сені жақсы-ау, көрдім.

Қожеке күйші Шалтабайды өзіне ұстаз тұтқанын жоғарыда айттық. Жексен Алпаров өткен ғасырдың сексенінші жылдарында осы күнгі Райымбек ауданының Сарыбастау ауылында тұратын Мұқан Нұрсадықовқа жолығып, күй тартқызып, біразын таспаға жазып алады. Сол күйлердің ішінде Шалтабайдың «Елмен қоштасу» деген күйі де жазылады. Батырдан қалған жалғыз күйді бүгінде Қазақ радиосында қызмет істейтін белгілі күйші Базарәлі Мүптекеев  нотаға түсіріпті.

Айдаудан аман-есен елге оралған Шалтабай қырғыз еліне өтіп, сонда тұрақтап қалған баласы мен қызының қолына барады. Топырағың торқа болғыр бабамыға мәңгілік мекен қырғыз жерінен бұйырыпты. 

Нұрлан Әбдібеков

"Қазақ үні" басылымы

 

 

 

.

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір