Жұма, 3 Мамыр 2024
Әдебиет 4119 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 07:14

СОФЫ СМАТАЕВ. ҮШ СЫНАҚ

Биыл Меккеге құлшылық етуде өзіммен сапарлас болған құрметті қажыларға арнаймын.

1

Сонау, сонау бағзы күндер елесіне ілесіп,

Кеткенде ойым, ашылады тылсымдай боп бір есік.

Өткен бір жан өзегімен өшпестей ғып от кешіп,

Адалы үшін арамымен жанталаса күресіп.

 

Сол есікті ашсам ептеп, бассам ептеп қадамды,

Азаны көп, азабы көп көрем мұңлы адамды.

Бір құдырет билеп алып ерік-ырқымды өзіне,

Ертіп кетер шырақ жағып ойымды һәм санамды.

 

Күн есебін ұмытып қап ілесемін әлгіге.

Еніп кетем бас-аяғы табылмайтын мәңгіге.

Құлап-тұрып, құлақ түріп ізін бағам өкшелеп,

Әнін, зарын кеудем ұғып, жаным аулар демді де.

 

Ұзақ жылдар ұзап жылдар әжімімен өрнектеп,

Кәрілік жеп тозған аяқ қыбырлайды жерде ептеп.

Естілмеген сәби үні, естілмейді әлі де,

Іңгәсімен қуантатын жүрсе алдында еңбектеп...

 

Ибраһим пайғамбар-тын, Раббымның ол құлы-тын.

Аңсағанмен мұрагер боп тумай қойды ұлы тым.

Кеудесінде қайғы-шердің дауылы есіп дуылдап,

Қалтыратып ыстық аптап, тоңдыратын жылы түн.

 

Өтті күндер, солды сүлдер азабында күйіктің,

Селт еткізбей түнде жарты Ай, ал күндізгі биік Күн.

Ойда жоқта естілген-ді адал жұбы Сарадан

Ескі арбаның сықыры боп бір кездегі сүйікті үн:

 

«Кері оралдық артқа тастап думаны көп базарды.

Ата-ана жоқ, аға, інісіз маңайымыз тазарды.

Тағдыр қосқан қосағым ең,

қубас өтпей өмірден

Арман қуып, тоқал ғып ал мынау күңің Ажарды!»

Шал кемпірге иек қақты, ақ ниетін түсініп,

(Сара байқұс бір қуарды, бір суынып, ысынып).

Жарын жаннан жұлып тастап тәуекелге барғанда,

Қан жылаған қоя берді аш қаншықтай іші ұлып.

 

Қимас көңіл симас жерге сынадай боп сұғынды.

Аласұрған екі жүрек алқымдарға тығылды.

Раббыма қолын жайса, дұға жасап екеуі

Берер еді-ау тілекті естіп көктегі Хақ бір ұлды.

 

Көтерген-ді қарт пайғамбар Раббының сынағын.

Сыртқа шықпай іште бүгіп өксігімен тынады үн.

Пәниінің тозағына көнген көңіл

алданар

Бақиының табар болса Хақ жарылқап жұмағын.

 

Әй, бәрібір бұл Жалғанның кім аңсамас қызығын,

Кім тілемес ғұмырының сәл де болса түзігін.

Кеудесінен дәл осындай тілек аулар кәрінің

Уайымын жетті бір күн іңгәсімен үзіп үн.

 

Іңгәлады – мұндалады тұл бақыты оралып,

Көңіліне шуақ енді, ыдырады қара бұлт.

Кем дүниесі кең дүниеге бір-ақ сәтте айналып,

Қоя берді бар әлемі сол іңгәден жаралып.

 

Қандай әсем мидай дала мынау бала енгенде!

Жарқ етті ғой жан шырағы жанар оты сөнгенде.

Тірілді ғой жүрек тулап, бұрылды ғой арманы

Тұтанды ғой үміт шоғы, сол үміті семгенде.

 

Өмір-өлім, қызық-шыжық мәңгі бақи арбасар,

Адам шіркін бір тілекке өліп-өшіп жармасар.

Мұрагері мұң мен шерін жұлып тастап кеудеден

Ұрпақ болып өсіп, толып Мәңгілікке жалғасар.

 

Ең ғаламат әуені боп іңгәсімен сәбидің,

Жалғасты ғой әні-зары у-шуына пәнидің.

(Уай, Адамзат! Күліп тұрып күрсіне бер жасырмай,

Сол түріңнен бақытыңның бар бағасын танимын).

 

Жанын буып, кеуде қысқан кең әлемі тар еді.

Ыстық ерні маңдай сүйер бір перзентке зар еді.

Тәңірінің дәрғахына жетіп дұға-тілегі,

Туған ұлы – Исмаиылы, табылды да жан емі.

Күлді бала – күлді дала күлкісімен сәбидің.

Жас нәресте – қызығы мен тәттісі ғой әр үйдің,

Көктем туды көңілінде Ибраһимді құлпыртып,

Жәннатына кездескендей мынау сәттік пәнидің.

 

Бала көрді ол – қана берді рахатына ғұмырдың.

Жан дүниесі жайнап кетті күлкісімен бір ұлдың.

Жайраң жүзін мұң басарын қайран әке білмеді-ау,

Сара болып жететінін қиянаты дүбірдің.

 

Былдырымен сәбиінің оянғанда әр таңы.

Төгілетін таңдайынан ырзалықпен мәрт әні.

Ажарына аунап түсіп ықылас пен пейілі,

Ал Сараға тоса берер сыртын беріп арқаны.

 

«Күнге айналды қарап тұрсам мынау шұнақ күңің!» деп,

«Мен – бәйбішең! Ал анау қар әспеттердей кімің?» деп

Ақ ит кіріп ауызына, көк ит шығып көмейден

Басты ашуға кәрі қақсал долданып кеп дүрілдеп.

 

Күндестердің күлі түгіл күні бірге шықпайды.

Тоқалдың да жары барын бәйбішелер ұқпайды.

«Шөл далаға күң мен ұлды тез апарып таста!» деп

Шалдың Сара құлағын жеп күн, түн сайын нықтайды.

 

Исмаиылы – бастауы ғой ұрпағының ертеңгі.

Қайғы-шер боп өзегіне өксік толы дерт енді.

Тұншықтырып бал іңгәсін аранына ажалдың

Қалай қиып тапсырады өз қолымен өркенді.

 

Талықсытар тажалдай боп азап енді жанына.

Ұлдан безсе, қубас шал боп атанбас па тағы да.

Қызығынан айырардай әйелінің ызыңы

У жайлатты сұп-суық қып сарысудай қанына.

 

Қалай қияр сұм ажалға Сара айтты деп құлынын.

Қалай үзер жан саясы – жалғызының жұлынын.

Әрі-сәрі жүрген кезде жетті бұйрық Алладан

«Шөл далада тасталуын қалап шалдың ұлының!»

 

Қанды жасы ақты көзден мойынына сорғалап.

Бұйрық жетті! Исмаиылын қайтіп енді қорғамақ.

Ақтау керек Бір Аллаға деген адал сенімін,

Тұрса-дағы төрт тұсынан еңсені езген сор қамап.

 

Өзектегі өксігі ұрлап безілдетті төзімді.

Тәні өзінде. Шырқыраған жаны өмірден безінді.

Жасқа толған жанарымен тесілгенде ұлына

Кеудені ұрған жұдырықтай ет жүрегі езілді.

 

Жоқ қой амал... Обал-сауап симай жатыр бір басқа.

Бұйрық қатал. Қиқаңдаса – сыр да басқа, түр басқа.

Адалынан айнып кетіп, арамымен табысса,

Шайтан жеңген тірі өлік боп, қарғыс қауып тұрмас па.

 

Жо-жоқ енді бас изейді. Хақ еркіне көнеді.

Көнеді де, қасіреттің құшағына енеді.

Жас сәбиін аш ажалдың азуына керіп сап,

Сүйретеді бұдан былай жаны өлген денені.

 

...Апарды да бала, ананы шөл далаға тастады.

Аптап ыстық! Кеуіп барад аш баланың жас қаны.

Өзегінен от төгіліп өксік жұтып барады

Төңкерілді жерге құлап мұңлық шалдың аспаны.

 

Жүгірді Ажар шал соңынан жан ұшыра дедектеп:

«Уай, жұбайым! Жүруші ең ғой сәбиіңді өбектеп.

Аранына хас ажалдың неге бізді тастадың?

Әлде Алланың бұйрығы ма? Мәжбүрлеткен кенет кеп?»

 

Бас изеді Ибраһим, бұрылмастан артына.

Бүтін көңлі айналды ғой қақ бөлініп жартыға.

«Аллам бізді өлтірмейді. Тәңір Хаққа сенем!» деп

Қала берді басын иіп мұңлық әйел қартына.

 

Күн ысыды. Ыңырсыды бөбек шөлден қалжырап.

Қоя берді байғұс ана төгіп жасын ал жылап.

Көз алдында сағым ойнап, бұлдыратты төбені

Бұлағы аққан сол төбеде тұрғандай-ақ бар жұмақ.

 

Құстай ұшты қайран ана ебіл-дебіл жүгіріп,

Құлап тұрды екі-үш рет етегіне сүрініп.

Екі өкпесі алқындырып аузына кеп тығылып,

Жүрек шапшып жұдырық боп алқымында тұр ұрып.

 

Жетті тауға, алдап сағым мөлдір бұлақ жоғалды.

Жалған тірлік ойнар солай ескерместен обалды.

Сығып тастап ыстық жасын жан-жағына алақтап,

Бір төбеде мөлдіреген ақ бұлаққа қадалды.

 

Құлдилады өрден жерге жан ұшыра далақтап,

Дала да аппақ, аспан да аппақ, дүниенің бәрі аппақ.

Аппақ аптап алдан тосты, сағымы ұрлап бұлақты

Өксіді Ажар кеберсіген еріндерін жалап қап.

 

Тамызбақ боп таңдайына бөбегінің тамшыны,

Қос төбенің екі арасын ізіменен аршыды.

Дәл жеті рет олай, бұлай су іздеумен безектеп,

Қара терге күйіп жанған тұла бойын малшыды.

 

Шыр-шыр еткен сәбиіне сүйретіліп жетті кеп,

Он тырнақпен осқылады аямастан бетті кеп.

Анасына шырылымен мұңын шаққан Исмаил

Ыстық құмды қос өкшемен қоя берді тепкілеп.

 

О, ғаламат! Өкше орыны қақ жарыла тілініп,

Бүлк-бүлк етіп сұйық дымқыл шыға келді білініп.

Ә дегенше әлгі жерден бұрқ етіп су атылып,

Тіршіліктің нәрі жайнап, сала берді жүгіріп!

 

Атқылады көкке бұрқақ, шашырады құлпырып,

Еңбектеді суға сәби құмарлана ұмтылып.

Жауып кетті, жуып кетті ыстық тәнді суық су

Сылқ құлады Ажар ана бір еңіреп, бір күліп.

 

«Зәм-зәм!»[1] деді, тоқтамады аға берді бал бұлақ,

Қанды Исмаил зәм-зәм суға балғын жүзі балбырап.

Көкке көзін қадады әйел жалбарынып Тәңірге,

Жас сәбиді Анасымен панасына алды Хақ.

 

                                        2

Тау мен шөлдің мекені еді. Мекені еді ол арабтың.

Жалынымен күйдіретін сол аймақты жалап Күн.

Өтетін-ді сол араға бәдәуилер тоқтамай,

Кететін-ді ыстық леппен осы өлкеден тарап мұң.

 

Көш көрінді әне тағы – түйе сауған, қой бағып,

Бірнеше күн су іздеумен жүрген жанға қайғы алып.

Қуырғанда аппақ дала аптабында сағымның

Көрді жүрген көп құстарды әлгі тұсты айналып.

 

«Құс бар жерде су болар-ау... Кім шешеді тылсымды?»

Көштегілер күрсінгенде, дала бірге күрсінді.

«Байқап кел!» деп екі адамын бәдәуилер жөнелтті,

«Су табылар!..» деген оймен көп жүздерге нұр сіңді.

 

Барды, көрді ақ бұлақты жатқан суын атқылап,

Ұл мен күңге сусын беріп, пана болған ақбұлақ.

Шөл қандырып, жүз жандырып анаға алғыс білдіріп,

Көшке оралды әлгі екеуі «Сүйіншілеп!» шапқылап.

 

Шөл мен елдің сан ғасырлар таусылмап ед айқасы.

(Анау көштің «Су!» деп шулап, қуанғанын байқашы).

Ажар менен Исмаилды қадір тұтып, құрметтеп,

Осы жерде тұрып қалды арабтың бір тайпасы.

 

Күн жүгіріп, жыл жылжыды, жер осінен айналды.

Жұрт оралып зәм-зәм суға кіндігімен байланды.

Өзек талған өңештерді нәр жібітіп кеткен соң

Әжептәуір тірлік кешті ел, салмаса да сайранды.

 

                           * * *

Жер қойнына тапсырған соң бәйбішесі Сараны,

Баласына оралды шал, жандағы емдеп жараны.

Құдіреті-ау Құдіреттің шал жігіт боп жасарып,

Ажары мен Исмаиылын ардақ тұтты бар әні.

 

Хазреті атанған соң тайпасына арабтың,

Өнегесін ізгіліктің жатпай-тұрмай таратты үн.

Кейде күлді ол күлкісімен ойнақтаған ұлының,

Кейде қажып отыратын тұла бойын орап мұң.

 

Күндер озды жылды қуып. Зәм-зәм ақты сылдырай.

Суды жалдап жүгіретін Исмаиылы құлдырай.

Тірлік шіркін тірі жанды сүйрейді ғой ілгері

Болса-дағы бар, жоқ қылып бірде олай, бір былай.

 

Көкейінде қаптағанда талай зоры сұрақтың,

Жауап таппай Ибраһим, іздер еді Раббын.

Бар тірлігін «Аллам!» дейтін сеніміне тірелтіп,

Сол сенімнен табушы еді ең тәуірін мұраттың.

 

Ұлын өбіп, төгуші еді езудегі күлкіні.

Бірақ бірде шошып түстен, ілінбеді кірпігі.

Сезді ме екен болжағыш һәм тым елгезек түйсігі

Бұйрық жетіп Хақ Тәңірден сескентерін бір күні.

 

«Құрбандық шал!» деген еді Раббымның тілегі.

Құп алды да, ұрып берді жиі-жиі жүрегі.

Көзі түсті көк қошқарға ай мүйізі қайқайған

Ақ бұлақтың жағасында жайылып ол жүр еді.

Бас имей ме бұлжытпастан көктен жеткен әмірге,

Көк қошқарды құрбан етіп шалды ол дереу Тәңірге.

Қалауымен оралатын сан тіршілік Раббының,

Көтеретін қабырғасын орнап сонда сан ірге.

 

Шапағатын сезер Хақтың шын иланса жердегі,

Жер – мекені, жылы ұясы, ең алғашқы жөргегі.

Анау асқар, анау Аспан – Тәңірінің тұрағы,

Сол Аспан ғой шырылдап кеп көз ашқанда көргені.

 

Аспан Жерді, Жер Аспанды аяласа құрметтеп,

Ол да Хақтың үмбетіне тәлім еткен бір мектеп.

Құрбан шалу Құдіретке – ырзалығын білдіру,

Жан-тәнімен құлшылық қып, өң беруі бір беттеп.

 

Исмаиылын қонақ келер жол бойына қаратып,

Отыр еді Ибраһим қошқар етін таратып.

«Құрбан шал!» деп жеткен көктен құлағына жаңғырық

Шудадай ғып ақ құйынды өте шықты боратып.

 

«Аз болды ма көк қошқардың таратылған мүшесі?»

Бір шешіліп, бір буылды беліндегі кісесі.

Тағы бірін шалмақ болып көк қошқардың ұмтылды ол

Шығып кетпей тұрғанында кеудесінен үш есі.

 

Айдап әкеп өрісінен қоңы мықты бір малын,

Бата жасап шалды, сойды Ибраһим құрбанын.

Шын көңілден ақтарылған ақ пейілмен құйылып

Жеткен шығар Раббына тілек айтқан мұндағы үн.

 

Таратылды құрбан еті, қара түнді таң тілді.

Бастап кетті су мен шуақ неше түрлі жарқылды.

Оянғанда төл табиғат таңмен бірге бусанып,

Құстың әні, түстің сәні қуантады-ау әркімді.

 

Қырмызысын жайып салған аппақ таңның арайын

Отыр адам елти қарап, шолып байқап маңайын.

Исмаиылын тұрып келген таң нұрына тамсанып,

Көрген сәтте рақат күй биледі жан сарайын.

 

Кеудесіне ырзалығын бейбіт тірлік үйді мың.

Арқан бойы көтеріліп, жалындатып күйді күн.

Асып-тасып отырғанда мейірленіп әке боп,

Ибраһим тағы естіді Раббымның бұйрығын.

 

«Құрбандық шал!» Састы адам бұл әмірді түсінбей.

Қалт сілейді тырп ете алмай, ағаш құдай мүсіндей.

Оң жақ қолы ауызына тоса берген сылқ түсіп,

Ақтарылды ыдыстағы зәм-зәм суы ішілмей.

 

Күбір етті ерін сәл-сәл: «Не шалайын енді мен?..»

Одан әрі жөн сұрауға шыдай алмай сөнді дем.

«Ұлыңды шал!» деді дауыс. Суып кетті төңірек

«Өлсе балам, бұл Әлемнен тірі қалар енді нем?..»

 

Жан шырылдап тәннен безіп, езіп, жаншып жүрегін

Аза тұтты қас қағымда апат болар тілегін.

Білді ме екен әкелерін ата-ананың ажалын

Құрбан ұлдың қиып жанын әкететін бір өлім.

 

Құладың не, жыладың не – орындайсың бұйрықты,

«Сенім!» дейтін Раббына ой-бойдағы күй мықты.

Өзі берген Исмаиылын өзі қалап сұраса,

Азабымен көтереді Аллаң берген сыйлықты.

 

Бас изеді іштей ғана, іші жана өртеніп,

Жанын илеп, тәнін билеп, жазылмастай дерт еніп.

Тәңір қалап ұлы орнына өзін құрбан шалдырса,

Кетпес еді-ау мұрагері гүлі ашылмай ерте өліп.

 

Амал қанша бұйрық солай, өзгертуге болмайды.

Орындайды өз қолымен, езсе де өзін зор қайғы.

Көктен жеткен үлкен қолқа, үзсе-дағы қолқасын

Алласының аманатын еш күмансыз қолдайды.

 

Бекінгенде байғұс әке ұлын құрбан шалуға,

Толып кетті жүрек шерге, аласұрған жаны уға.

Орындамақ қабақ шытпай Бір Алланың бұйрығын

Бар құдірет құдіретін Тәңір Хақтың тануда.

 

Құдіретінің құдіретін сезе алғанда пендесі,

Тәрік болар бақидағы жәннатынан өңгесі.

Қалмас еді-ау бұл пәниде жалғандық пен арамдық,

Болмас еді-ау «Раббым!» дейтін ар-иманның теңдесі.

 

Жә, тартайын тізгінімді, оралайын ізіме.

Отағасы енді үйіне мұң жүгіртпей жүзіне:

«Ажар, ұлды жуындырып, киіндірші тазалап,

Серуендетіп қайтайыншы тау мен дала, түзіне».

 

Жуындырып, киіндіріп ертіп ұлын алды да,

Мина тауын бетке ұстады, қойып алып алдына.

Ілби басып сүйретеді екі аяғын ілгері

Оймен, шермен қалжыраған көр көкірек талды да.

 

Ал бала ше? Бала мәп-мәз көкесіне ілесіп,

Аспан асты ғажап кең ғой ашылғанда нұр есік.

Сол нұр есік – балалықтың қызықтырар әлемі,

Сол әлемге енер адам қуанып һәм күресіп.

 

Мынау дала, анау тауы  – өсіп-өнер мекені,

Туған жердің әр талы – ыстық, жоқ қой мүлде бөтені.

Естіледі күлкісінен тау мен таста жаңғырып,

Осы өлкенің ажырамас төл перзенті екені.

 

О, ғажайып! Кенет тап боп бір ақсақал далада,

Созды қолын басын иіп ойнақтаған балаға.

«Әй, Исмаил! Әкең сені бауыздамақ құрбан ғып,

Ілеспе оған!» деп сыбырлап күш түсірді санаға.

 

       «Қарашы, әке, жайсыз сөздер айтқан мынау адамға!»

Деді Исмаил адал көңлі илікпестен жаманға.

«Шайтан ғой бұл әзәзіл боп азғыратын адамды!»

Деп әкесі тас лақтырды ар-имансыз наданға.

 

Тағы екі рет тосты шайтан ер һәм бала бола қап,

Аяғансып аянышқа өп-өтірік тола қап.

Тас жаудырды әке, бала адастырмақ жауызға

Ал шайтан ше?..

Ғайып болды ол шалт секіріп домалап.

 

Өрмелеп кеп жайдақ тасқа Ибраһим тоқтады.

Күйіп тұрған шырылдаған шыбын жаны отқа әлі.

«Түсімде мен, ұлым сені, құрбандыққа шалыппын.

Айтшы мәнін?!»

Тау жаңғыртты жүрегінің соққаны.

 

Жас болса да ұқты бала түстің тегін емесін.

Тосқан екен көке алдына көктен Раббы еге сын.

«Орында, әке, Хақ бұйрығын. Мен сабырдан айрылман.

Аллам саған, қаласа егер, айтар өзі негесін».

 

Арылды әке көңілінің қайғы басқан бұлтынан.

Хақ бұйрығын ұқты бала, шықпай көке ырқынан.

Ибраһимның іші күйіп, түсі суып кетті де,

Екі-үш қылы ұшып түсті саусақ қысқан мұртынан.

 

«Құлағың сал, әке маған. Үш тілекпен өтінем.

Көріп тұрмын райыңды орындауға бекіген.

Аяқ-қолымды жақсылап таң,

төмен қарат бетімді,

Жасқанбайсың жанарымның жаудыраған өтінен.

 

Ал екінші өтінерім – бауыздарда сен мені

Қан тимесін,

Шешіп алшы киімдерді мендегі.

Анам мені аңсағанда киімімді иіскеп,

Басылар-ау от боп күйген өзектегі шөл демі!»

 

Қоштасты әке құшақ жайып, бауырға ұлын қысып ап.

Қар боп жауды қара шашқа бір-ақ сәтте түсіп ақ.

Сынады ма, жылады ма суылдап жел аһ ұрды,

Аппақ дала, аппақ Аспан қоя берді ысып-ақ.

 

...Ақ тамақты орды пышақ...

Із түспеді білініп.

Тағы тартты бар күшімен өткір жүзге үңіліп.

Өтпей қалды суық пышақ, суып сәтте сесінен

Қадап ұрса кетуші еді қара тас та тілініп.

 

«Бұл не тылсым?

Уа, Раббым, берермісің жауабын...

Ұнамай ма құрбандығым? Әлде аз ба сауабым?

Күйік шалған көкірегім еңіресе қан жылап,

Айтқаным ба достың емес, кекірейген жау әнін?

 

Көніп ем ғой, сеніп ем ғой әміріңе өкінбей,

Қанжар сұқтым ұлға мынау тұрған әлі жетілмей.

Қай жерімнен қия бастым қисыныңа жақпастай,

Сағағынан сынғыр пышақ қалды неге өтілмей?»

 

«Айналдырмақ болдың шынға түнде көрген түсіңді.

Дәл осылай сынаушы едім күдігі жоқ кісімді.

Сеніміңе маған деген бір селкеулік түсірмей,

Адалыңды ардақ тұтып, орындадың ісіңді.

 

Ей, Ибраһим, босат ұлды!

Ұлың – сенің тірегің!

Қабынбасын қайғыменен адал, таза жүрегің.

Тап үш рет сынап едім, үшеуін де ақтадың,

Бұдан былай қабыл болар не тілесең, тілегің!»

 

Көкке көзін қадады әке, ұлын дереу босатып.

Раббына ырза болған көкіректен жас атып.

Ғасырлардың ғасырына куә етіп қалдырды,

Мина таудың көк тасына жас тамшысын қашатып.

 

Дәл сол сәтте көк қошқарды көктен жерге түсірген

Көрді олар Раббымның ырзалығын түсінген.

Құрбандыққа шалды малды. Жанды көздің шырағы

Шалқып ұлы, толқыды әке мерейленген пішінмен.

 

Тағаламның талабына табынғанда үмбеті,

Асқақтайды бар Әлемнің Жаратқанға құрметі.

Үш сынақты ғибрат қып кейінгіге қалдырған

Тарихтың жазылған-ды дәл осылай бір беті.

 

                                 3

Ғұмыр – берген сыйлығы ғой пендесіне Тәңірдің.

Адал соқса ет жүрегің – адам болып табылдың.

Адалдықтан құлдырасаң арамыңды жамылып,

Раббыңа емес, ішіңді ұрлар Ібіліске табындың.

 

Құлқыны үшін құл боп жанын биліктіге сатпаса,

Адам – тұлға,

Ар-иманын, нәрін бойда сақтаса.

Адам – пенде,

алтындатқан тәж бен тағы болса да,

Есі кетіп, мәз боп күлсе, өп-өтірік мақтаса.

 

Адам – кірпіш бар ғаламның Адамзатын құрайтын.

Азаттығын әмірінің тағын турап сұрайтын.

Етік жалап, қолын сүйіп патшасына бас ұрса,

Пенде ғой ол адамдықтың биігінен құлайтын.

 

Сұрар едім, кешсін Өзі, Тәңірімнен мен бүгін:

«Неге азамат жоғалтады Раббым берген кеңдігін?

Жазмыш жазса ер тағдырын сызып-түзіп әуелде,

Сонда адамның күнасына жауап берер енді кім?»

 

Мен Алламның бар шынына жан-тәніммен сенемін.

Құлшылық қып құлдық ұрам, құлы болып көнемін.

«Неге ғана бай, кедей ғып Жаратқаным адамды

Бөлектейді?» деп кейде мен бір түйсікке енемін.

 

Сұрағым көп таба алмастай өз кеудемнен жауабын.

«Үмбетіне Раббым талдап жазса күна, сауабын,

Бірін пәк қып жәннатына пейішінің икемдеп,

Ал біріне неге артады күнәсі көп зауалын?

 

Бүркей берсе байқұстардан төрелерім Күн көзін,

Көбейтуден жалықпаса мияулайтын мұңлы езін,

Қалай сенем тағдырыма тумай жатып жазылған

Әділетін көре алмасам үмбеті боп мүлде өзім?

 

Жалғандыққа икемдеумен адастырып шын күйден,

Көкірекке ыза кептеп, тас кеудеме мұңды үйген

Бір Болмыс бар десек сеніп, бәрін Өзі анықтар

Тазалықпен сиысар ма жалғаны көп қырғи дем?»

 

«Жазмышың бар әуел бастан маңдайыңа жазылған,

Ғұмыр жолың қарсы алдыңнан күредей боп қазылған»

Дейтін пікір рас болса, іздеп соның жауабын

Жүгінбекке кеттім тартып Раббым Тәңір – қазымнан.

 

Өтеу үшін исламның ең жауапты парызын,

Төлемекке құлшылық қып мұсылмандық қарызын,

Жасамаққа қажылықты сапар шектім Меккеге,

Қолыма ұстап жүрегімнің қанмен жазған арызын.

 

Санамды үстеп, ойын берген алданбастай тірлігім.

Раббымның жаттап өскем мида сақтап Бірлігін.

Құдірет Ол барды жоқ қып, жоқтан барды жасайтын,

Тумаған Ол, туғызбас һәм, шашыратар күн нұрын.

 

Ұқсамайды Ол ешнәрсеге, асты-үстінсіз, оң-солсыз,

Тілсіз Оны ұғар ғалам, тірі мәңгі, қан-сөлсіз,

Деп ұйыған сеніміммен қажылыққа аттандым,

Кетік Әлем толмайтындай мына мендей Кәрсөнсіз![2]

 

Келдім, ендім Аль-Харамға – Аллам үйі – мешітке.

Күнәм, кінәм қалды сыртта, аяқ шешкен есікте.

Сездім, білдім тазартқанын бір ғажайып тылсымның,

Нәресте боп туғанымды Раббым тосқан бесікте.

 

Бөгеуші еді адымымды инфаркт, инсульт, көп ілгек.

Қағбаны сан айналғанда қол-аяғым жеңілдеп

Желіп кеттім жеңіп бірден дерт пен кесел қысымын,

Тағдыр – сынақ, Тәңір сыны – талпынтатын өмір деп.

 

Өміріме жетті көзім бір мөлдірлік енгенін.

Асқақтарын оймен сездім Адам болып пенденің

Құдіреттің құдіреті сынағында екенін

Құлағыма сыбырлады миымда ескен мендегі үн.

 

Сол сыбырдан өн-бойыма бір жылылық тарады.

Жадыратқан жан-жүйемді Құдіреттің бар әні.

Раббымның сынағы екен әр пендесін ескеріп,

Зауалы мен сауабына сай ғып билер сананы.

 

Сынға сенбей – күнә тапса, күнәкардың өзінен.

Ары таза зулап өтер Раббым сынақ – тезінен.

Әр адамның өз тағдыры – өзі өтер өткелі

Тағдырыма тәбділ етіп, Тәңірімді сезінем.

 

Бір әсем күй жанымда ойнап, жүрегімде үн тұнып,

Жеттім, таптым Раббымның аясына ұмтылып.

Сынағына Тәңір Хақтың Ибраһимдей адал боп,

Өтейікші адалдық пен тазалыққа ынтығып.

 

Уассалам

 

13.09 – 21.10.2016

Мекке – Алматы.


[1] Зәм-зәм! – тоқта!(араб)

[2] Кәрсөн – менің руым.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 750
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 569
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 466
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 478