Жұма, 3 Мамыр 2024
Алашорда 4306 1 пікір 24 Қараша, 2016 сағат 17:22

ӘЛІМХАН ЕРМЕКОВКЕ ЖАСАЛҒАН ҚЫСАСТЫҚ

Ақ патша тақтан түсіп, ел ішін дүрбелең жайлаған кез. Орталықтағы (Ресей) билік қолдан-қолға өтті. Осы тұста қазақтың көзі ашық, зиялы қауым өкілдері бас қосып, ел тәуелсіздігі жолында күреске түсті. Ұзақ жылдарға созылған езгінің салдарын жойып, мемлекеттік шекараны шегендеп берді. Бұл ретте Алашорда қайраткерлерінің бірі – Әлімхан Ермековтің еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол Лениннің алдында баяндама оқып, Солтүстіктегі облыстарды Қазақ Автономиясының құрамына қосу туралы шешімнің қабылдануына ықпал еткен. Бірақ сол үшін айыпты болып, қуғын-сүргін көрді.

Сталиндік қуғындау жылдарында Алашордашылардың 90 пайызы атылып кетті. Бірақ Әлімхан Ермеков аман қалды. Ол сталиндік лагерьде жазықсыз жапа шегіп, бертін келе толық ақталып шығады. Әйтсе де кеңес билігі оны кешіре алмаған екен. Соның бір айғағы – пәтер бөлу барысында Әлімханға жасалған қысастық. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков «Фейсбук» парақшасында жазған болатын.


«Алашорда көсемдерінің бірі – Әлімхан Ермековтің жазасын өтеген соң Қарағанды политехникалық институтына жұмысқа тұрғанын білесіздер. Сол кезде оған Ленин көшесінен үй беріледі. Үй беретін шаруашылық басшылары қысастық қылып, пәтерді 58-үйден береді. Пәтер бірінші қабатта орналасқандықтан 4-нөмірлі болуы керек екен. Бірақ оны өшіріп тастап, «8-пәтер» деп жазғызады. Оның себебі – Әлімхан Ермеков Ленин көшесінде тұрсын, 58-баптың 8-тармағымен сотталғанын мәңгі есінде сақтасын дегені.

Өткенде қаламызда Әлімхан бабамыздың 125 жылдық мерейтойына арналған Республикалық математика олимпиадасы өтті. Соған қатысып, жүлдегерлерге сый-сияпат беру мәртебесіне ие болдым. Қазақтың тұңғыш математика профессорының өміріне байланысты осы бір үзік сырды балаларға айтып бердім.

Қарағанды қаласындағы Ленин көшесіндегі 58-үй әлі бар. Бірінші қабаттағы 8-пәтер сақталды ма екен? Айтпағым осы еді».

Кеңес дәуірінің қасіретті қара таңбасы атанған Қарлаг тарихына зерттеу жүргізіп, Алаш арыстарының өмір жолдарына қатысты тың деректерді жарыққа шығарумен айналысып жүрген Нұрлан Орынбасарұлының осы бір жазбасын оқыған соң, аталмыш үйге барып, кезінде қазақтың ұлы тұлғасы тұрған пәтер иелерімен тілдесіп көрмекке ниеттенген едік. Ленин көшесінің бойындағы сары үйді тез таптық. Бірақ бірінші қабатта орналасқан 8-пәтердің тұрғындарымен кездесудің сәті түспеді. Есесіне 2-қабатта орналасқан 1-пәтердің қожайыны үй тарихын кеңінен баяндап берді.

«Бұл үйде Әлімхан ағамен көрші болып, көзін көрген жандардан тек біздің отбасымыз ғана қалды. Өзгелері көшіп кетті, кейбірі өмірден өткен. Үй бергенде, біз әлі бала едік. Әкем Әлімханмен жақсы араласты. Сол кісінің айтуынша, пәтер берілген кезде, алғаш қоныстанғандардың бірі Әлімхан Ермеков болыпты. Ол өзіне бірінші қабаттағы пәтерді таңдаған екен. Мұны естіген кезде үй бөлетін шаруашылық басшылары ашуға мініпті. Сөйтіп, Әлімханды қалай да 8-пәтерге орналастыруды көздейді. Бірақ кіріп қойған пәтерінен күштеп шығарудың реті келмеген соң, пәтерлерді нөмірлеуде қулыққа барған. Яғни бірінші, екінші, үшінші және төртінші нөмірлер үйдің екінші қабатындағы пәтерлерге берілген де, қалған төрт нөмір (5, 6, 7, 8) бірінші қабаттағыларға берілген. Осылайша Әлімхан Ермеков 58-үйдегі 8-пәтер тұрғыны болып шыға келді. Бұл – әдейі жасалған қысастық. Ол дәл осы бап бойынша сотталып, түрмеде отырып келді ғой. Соны мәңгі жадында ұстасын дегендері болар», – дейді 1-пәтердің иесі Бақытжан Мұхаммеджанқызы. 

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАН

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 843
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 690
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 541
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 548