Сенбі, 4 Мамыр 2024
Әдебиет 5111 0 пікір 7 Желтоқсан, 2016 сағат 13:20

МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ. АЗДЫРУ

Орыс отаршылары Россиядағы басқа халықтарды

 маймыл ойнатқандай қылды. Бәрін бір шыбықпен айдады.

                                                                           Міржақып Дулатов

 

- Бұлар неткен топас жан!

- деп, әркім-ақ жазғырған,

Бұл қазақты о бастан

«Ағасы» екен аздырған.

 

Қорыққандар қорықсын,

Айтам айтар сөзімді.

Қорлығынан орыстың,

Халқым қанша езілді.

 

Аз болғандай бұл тағы,

Би сатылып ақшаға,

Абылайдың ұрпағы

Тыңшы болды патшаға.

 

Әзәзілге тұтылып,

Үкім күтіп кеңестен,

Әулиелер тұқымы

Бір-бірімен егескен.

 

Түрме болып тозағы,

Заң тармағы қинап әр,

Құдай қосқан қосағы

Болып шықты зинаһар.

 

Бұлқып талай келбеттім

Сүндетсіздің астында,

Көрмеген боп мен кеттім,

Қара бетті бастым да.

 

Таусылмайды, досым-ау,

Мұндай мұң мен зар-әнім.

Жырды жырлап осынау,

Жылап өтіп барамын.

 

НЕ БОЛЫП КЕТТІ ЗАМАНЫМ?

 

Ұмыт боп ойын-күлкі, жарас қылық,

Әзәзілді жайсаңмен таластырып.

Мына заман әлі де бара жатыр

Ұлттығынан қазақты адастырып.

 

Аспанға атып жүргенде бөрігімді,

Көре алмай-ақ жүр екен көрімімді.

Өліп жатсаң, аузыңа су тамызбай

Аттап кетер түрі бар өлігіңді.

 

Ұмыт қылып Ұят пен Арды мына,

Жабайы боп кеткен бе барлығы да?

Көзінде – нұр, жүзінде – Иман болса,

Жыламас ем жоқтық пен тарлығына.

 

Көзінде – қан, жүзінде – жымысқылық,

Қан төгуді кәсіп қып, «жұмыс» қылып,

Ақшалы азғын бір түнге әкетеді

Әйелін еріменен ұрыстырып.

 

Аруымның төсінде мауқын басып,

Болғаннан соң қарқылдап, қауқылдасып,

Жат елдіктер отырса виски ішіп,

Діндес ұлттар күледі аузын басып.

 

Көтере алмай қорлықтың нала жүгін,

Ақтарып-ақ жатса да дала мұңын,

Арсалаңдап жетесіз жігіттер жүр,

Бірі – қызыл, бірі – көк балағының.

 

Ұрпағыңның азайса азбағаны,

Жаның қайтіп, қазағым, жаз болады?

Саңылаусыз, санасыз жеткіншегің

«Мерседеске» мінгенге мәз болады.

 

Жаңа ғасыр! Жайған соң керегеңді,

Талай ұрпақ төріңе келер енді.

Тәуелсіз қазақпын дей аласың ба

Шүлдірлетсең орысша немереңді?!

 

Тәуелсіздік алдық, - деп, - алдық тегін,

Бекер екен әуезді ән күткенім –

Миым шаншып барады «рок-топтан»

Гольф ойнап жатқанда мәңгүрттерім.

 

Ылаққан жұрт бағытсыз кемедегі

Шуылдасып: «Ел болдық!» - деген еді.

Миыма әлі кірмейді – қайдан алды:

Қазақта жоқ жаңа сөз «Егеменді».

 

Айта берсем, таусылмас қайғым тағы

Мен ескексіз қайықпын айдындағы.

«Ес кіргіз, - деп, - қазаққа»

Бір Алладан

Тілек айттым қос қолды жайдым-дағы!

                                                      Әумин!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1159
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1063
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 794
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 919