Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3002 0 пікір 10 Қазан, 2016 сағат 13:57

АСТАНАДА ӨТКЕН ФОРУМНАН НЕ ТҮЙДІК?

Астанада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумы өтті. «Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбын қамтыған бұл форумның жұмысына мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты, - деп жазады "Ана тілі" газеті.

 Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі бас қосқан, инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХІІІ форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңір­­аралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард дол­лар­ға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көр­сеткіштің 30 пайызға тө­мендегені байқалады. Көп жағ­дайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға бай­ланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Мемлекет басшысы екі­жақты экономикалық ынтымақтастықты да­мытуға серпін беру қажеттігін айтты. Өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін айтып, республикадағы инвестициялық ахуалдың жақ­сарып, эко­номиканың әртарап­тандырылуына күш-жігер жұмыл­дырылып жатқанына да назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев эко­номиканы жандандыру саласын­дағы, соның ішінде салық ре­жімін ырықтандыру, ауқымды жеке­ше­лендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Ал­матыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемле­кет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. Сонымен бірге Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылып, «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.

Ресей Президенті Владимир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі істерге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі ауқымды шараның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастыры­лып отырғанына мән берді. Сон­дай-ақ, ол екіжақты дәстүрлі бай­ланыстардың өз нәтижесін көр­сетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел ара­сындағы экономикалық қа­тынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол.

– Қазақстан Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Технологиялық кооперацияны қолданып, ортақ көліктік инфрақұрылым құрылуда, – деді Ресей Президенті.

Одан әрі В.Путин Ресей үшін Қазақстанның ТМД мемлекеттері арасында екінші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді. Ресей басшысы екі мемлекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен бірге, ол Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның негізгі сауда жолында орналасқанын, сондықтан осы мүмкіндікті орнымен пайдалану қажет­тігін жеткізді. Сөзінің соңында В.Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтаса жұмыс істеуін жалғастыра беретін болса, соның нәтижесінде екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді.
Бұдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері жиналған пленарлық отырысына қатысты. Жиында Мемлекет басшысы осындай пішімдегі жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын кү­шейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия Даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.

Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайын­дық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жос­парланып отырғанын еске салды.

– Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Омбы, Түмен, Астрахань, Свердлов және Орынбор облыстарының, Алтай және Татарстан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллион­нан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин Ресейдің Қазақ­стан­мен көп жоспарлы сауда және инвес­тициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударылатынын тілге тиек етті. «Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнеркәсіпте, энергетикада, ауыл шаруа­шылығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз» дей келе, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарып отырғанын баса айтты. Көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігіне аз-кем тоқталған В.Путин Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқанын, ортақ кедендік шекара бар және теміржол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жоғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынын айтты.
Тағы бір айта кетерлігі, Ресей Прези­денті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды. В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Іс-шара қорытындысы бойын­ша Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары; Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Жайық (Орал) транс­шекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау туралы келісім және тағы да басқа он шақты маңызды құжаттарға қол қойылды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 465
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 244
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 272
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 264