Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 3062 0 пікір 10 Қазан, 2016 сағат 14:17

ЖАҢА ҮКІМЕТТЕН НЕ КҮТЕМІЗ?

Премьер Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста Үкімет мүшелері «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысын жан-жақты талқыға салды, - деп жазады "Айқын" газеті.

Сондай-ақ отырыста қоғамдық тәртіпті қорғау мен құқықбұзушылықтардың алдын алу және білім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. 

Жиынды ашқан Үкімет басшысы Елбасының тапсырмасымен әзірленген «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға былтыр 770 миллиард теңге бөлінгенін еске салды. Биыл да бағдар­лама жобаларына аса қомақты қаржы арна тартуда: 2016 жылы Ұлттық қордан бағдарламаны жүзеге асыруға 769,6 млрд теңге бөлінген. Сондықтан бұл мақсатты қаржылардың нысаналы жеріне дәл жетіп, тиімді жұмсалуы аса маңызды.

Тәуелсіздікке – тірек, экономикаға – серпін

 Ұлттық экономика министрі Қуан­дық Бишімбаев «Нұрлы жол» бағдарла­масы ел экономикасы өсімінің негізгі қозғаушы күші болып отырғанын айтты. «Соңғы жылдар ішінде «Нұрлы жол» – экономикалық өсімнің және жұмыспен қамтудың негізгі локомотивтерінің біріне айналды. Атап айтқанда, 2015 жылы бұл бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігі ЖІӨ өсімінде 1,3%-ды құрады, ал биыл 1,2% деңгейінде болады деп бағалануда» деді ол. 

Жаһандану заманында халықаралық жүк ағынынан тыс қалған экономикалар өркендеу көшінің орнын сипап қалады. Сарапшылардың айтуынша, Еуропа мен Азия ортасында орналасқан Қазақ­станның транзиттен табысы болашақта мұнай түсімдеріне бара-бар болуы мүмкін. Демек, «Нұрлы жол» жобалары көлік-логистика тұрғысынан да зор маңызға ие: олар отандық тауарлар үшін жаңа өткізу нарықтарын ашады. Соны­мен бірге, бұл бағдарламаның әлеуметтік маңыздылығы бар: жаңа жұмыс орын­дары ашылып, кәсібінен нәсібін айыр­ған халқымыздың әл-ауқаты артады. 

Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2015-2020 жылдар аралы­ғында «Нұрлы жол» аясында 6,7 мың шақырымнан астам автокөлік жолы жаңадан салынады және қайта қалпына келтіріледі. 

 – Осы мақсатта 2015-2016 жылдары 329,3 млрд теңге бөлінді. 2015 жылға арналған қаржы толықтай игерілді, бұл 456 шақырым автомобиль жолының салынуына және жөндеуден өткізілуіне мүмкіндік берді. Биылға 151,3 млрд теңге қарастырылды, оның 96,9 мил­лиарды игерілді. 1 мың 38 шақырым автожол құрылыс жұмыстарымен қам­тылды. Жыл соңына дейін 920 шақы­рым­ның жол-құрылыс жұмыстары аяқталады, – деді Қ.Бишімбаев.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы жүзеге асырыла бастағалы бері, 2 028 шақырым жолда жұмыстар аяқталған. «Шымкент – РФ» шекарасы (Орынборға) және «Тараз – Алматы» учаскелерінде жол қоз­ғалысы ашылған. Сонымен қатар «Орта­лық – Оңтүстік» (Астана – Алматы) жобасы бойынша «Астана – Теміртау» учаскесінің 12 шақырымы және «Алматы – Қапшағай» учаскесінің 72 шақырымы, «Орталық – Шығыс» (Астана – Өскемен) жобасы бойынша «Астана – Павлодар» учаскесінің 47 шақырымы және «Павлодар – Семей – Қалбатау» учаскесінің 171 шақырымы пайдалануға берілді. Мұның сыртында «Орталық – Батыс» (Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау) жобасы бойынша «Бейнеу – Ақтау» телімінің 200 шақыры­мында жол қозғалысы ашылды. «Ал­маты – Өскемен» тас жолында «Қапшағай – Талдықорған» учаскесінде 53 шақырым пайдалануға берілді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лықаралық дәлізінің Қазақстан аума­ғындағы бөлігінде қайта қалпына кел­­тіру жұмыстары биыл толық аяқ­талады. 

Бағдарламаның білімге шапағаты

Ұлт Көшбасшысы Үкіметке 2018 жылға қарай Қазақстандағы апатты күйдегі мектептердің санын барынша азайту, балаларды үш ауысыммен оқыту тәжірибесін жою, сондай-ақ 2020 жылға қарай 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту міндетін қойды. Бұл іске «Нұрлы жол» көмекке келмек. Ұлттық экономика министрі биыл осы бағдарлама бойынша 43 білім беру нысаны пайдалануға берілгенін, тағы 10 нысан жыл соңына дейін іске қосылатынын хабарлады. Тұтастай алғанда, 2015-2016 жылдар аралығында 96 білім беру нысанын салу үшін 77 млрд теңгеден астам қаражат бағытталуда.

Министр Қ.Бишімбаев осы мақсатта жер­гілікті атқарушы органдарға 38 млрд теңге аударылғанын, оның 34,8 млрд-ы игерілгенін не­месе қаржыландыру жоспары 92%-ға орын­далғанын жеткізді. Бұл ретте Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласының әкімдіктері ғана қаражатты толық көлемде қажетке жарата алған.

– Шығыс Қазақстан облысы тек 80%-ын, ал Астана небәрі 70%-ын ғана игере алды. Бұл негізінен мемлекеттік сатып алуларда қаржының үнемделуімен және құрылыс жұмыстарының кестеден қалып қоюына байланысты, – деді Қ.Бишімбаев. 

Ағымдағы жыл басынан бері ел игілігіне тапсырылған 43 білім ордасының ішінде 22 мектеп үш ауысыммен оқытуды жоюға бағыт­талған, тағы 7 мектеп – апатты мектептерді ауыстыру үшін салынған. 

Әрбір тиын бақылауда

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы қаражаттарын игеру «жаңа, түзетілген кесте бойынша жүзеге асырылып» жатқанын жеткізді. Яғни бұрын «жыл соңына қарай игеріледі» деп белгіленген 52 миллиард теңге тамыз-қыркүйек айларына, бері жылжытылған көрінеді. Министрдің мәліметінше, жалпы 330 млрд теңге игерілді (осы жылғы жоспардың 66%-ы). Жыл соңына дейін 173 млрд теңгені немесе қалған 34%-ын игеру қажет.

– Жергілікті органдардың өздері алған трансферттерді игеру қарқынына келсек, ол осы жылғы жоспардың 69%-ына тең. Жыл соңына дейін тағы 72 млрд теңге, яғни 31%-ды игерулері қажет, – деді ол.

Ол қаржылық бұзушылыққа жол бергендерге барлығы 33 млрд теңгеге ескертулер жіберілгенін мәлім етті. Жергілікті бюджеттік бағдарлама­лардың әкімшілері бұған келісіп, ендігі 24 млрд теңгеге конкурстарды реттепті.

Қуатты кәсіпкер – мықты мемлекет

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төра­ғасының орынбасары Л.Ибрагимова экспортқа шығатын компанияларға қолдау көрсету шаралары күшейтілетінін мәлім етті. Оның айтуынша, қазақстандық экспорт­таушылардың сақтандырылған келісімшарт­тарының саны 3 есеге арттырылады.

– Биылғы шілде айында экономиканың қосымша шараларын қолдау шеңберінде, мемлекеттік комиссия шешімімен өңдеу өнеркәсібіндегі субъектілердің айналым капиталын қаржыландыруға 155,3 млрд теңге бөлінді, оның 137,4 млрд теңгесі банктерде орналастырылған. 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 40,6 млрд теңгенің 81 жобасы мақұлданды, оның 65 жобасы 29,7 млрд теңгеге қаржыландырылған. Игеру жалғасуда. Мем­лекеттік комиссияның шешімімен, 1 қаңтарға дейін созылды, салалар тізбесі кеңейтілді және барлық өңірлердің кәсіпкерлері айналым капиталын толықтыру үшін банктерге өтініш бере алады, – деді Л.Ибрагимова.

2016 жылғы 8 айда «Даму» қоры шағын және орта бизнесті дамытудың 215 жобасын қаржыландырды. «2014 жылдан бастап, «Нұрлы жол» аясында Ұлттық қордан кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін 545 млрд теңге бөлінді. Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнесті қаржыландырудың бірінші бағдарламасы бойынша «Даму» қоры 200 млрд теңге бөлді. 1 476 компания жылдық 6% ставкамен несие алды. Бұрын заем алғандардың қарызын өтеуі есебінен, ай сайын орта есеппен 2,8 млрд теңге босатылып тұрады. Ол қаражат бағдарламаның жаңа қатысушыларына несиеге беріледі. 2015 жылы – 758 кәсіпкер, ал 2016 жылдың 8 айында – 215 жоба осылайша, қолдауға ие болды. Азық-түлік өндірушілері көш бастап тұр» деді «Бәйтерек» жетекшісінің орынбасары. Бұл кәсіпкерлер тарапынан биылғы 8 айда 15 млрд теңге сомасында салық төленіпті.

Әкімдер жауап береді

Үкімет алдына қойылған міндет бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылық (ТКШ) желілерінің тозу деңгейі 2014 жылғы 67%-дан 2020 жылы 53%-ға дейін төмендеуге, тиісінше, тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер сапасы жақсаруға тиіс. Бұл мақсатта 2015 жылы 60 млрд теңге бөлінді, ал биыл 90 млрд теңге жұмсалмақ. Қаржыландыру жоспарына сай орталықтан жергілікті атқарушы органдарға 66,4 млрд теңге жолданған. Бұл қаражаттарды әкімдіктер ары қарай толық көлемде табиғи монополия субъектілеріне – су және жылу алпауыттарына ұсынған. Алайда монополистер қазіргі кезде тек 31,8 миллиардты ғана игере алыпты. 

Тұтастай алғанда, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылы 385,3 шақырым желі (құбыр) төселген және қайта қалпына келтірілген. Оның ішінде 213,8 шақырымы – су және кәріз жүйелерінің, қалған 171,5 шақырымы – жылу жүйесінің еншісінде.
Қазақстанның әлемдік дамыған елге айналуына ықпал ететін бұл игілікті істе елімізге халықаралық қаржы ұйымдары көмек қолын созуда. 2015-2016 жылдары мемлекет солармен бірге 23 жобаны іске асырмақ. Бұған 42,5 млрд теңге қаржы құйылады. Ондағы біздің қаржымыз 15,2 млрд теңге болмақ. 

Премьер кейбір әкімдердің немқұрайдылығы мен шабандығын өткір сынға алды. Сын нысанына Қостанай, Алматы және Атырау облыстары ілікті. Б.Сағынтаев осы өңірлерде қаржының игерілуінің төмен болып отырғанына назар аударып, жыл соңында әкімқаралардан қатаң сұрайтынын нықтады. 

– Сіз қазір ТКШ жаңғырту туралы әңгіме еттіңіз, бірақ менің ақпаратым бойынша сіздерде игеру көрсеткіші бұл бағытта небәрі 19%-ды құрайды. Жыл соңына дейін уақыт аз қалды. Оның үстіне жылыту маусымы басталып кетті. Мемлекет халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру үшін ақша береді. Берілген екен – игерілу қажет, – деді Премьер Қостанай өңірінің басшысына.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысын барлық қаржының толық көлемде және мерзімінде игерілетініне сендірді. 

Бақытжан Әбдірұлы Алматы облысында мемлекеттік бағдарламаларға бағытталған қаражаттардың тым аз игеріліп отырғанын атап көрсетті: көрсеткіш бар-жоғы 22%. Облыс басшысы Амандық Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасы, мектептер мен балабақшалар құрылысы бойынша шағын есебін жария етті. Бұл бағыттарда қаржыны игеру мерзімі сақталуда екен. Ол қалған жобалар, соның ішінде ТКШ жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқа­нын алға тартып, қаражаттың толық игерілетіне уәде етті. 

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың сөзі де осы арнада тоғысты. Бірақ мұндай жауап Үкімет басшысының таңданысын туғызды: басқалардан айырмашылығы сол, бұл облыс өзіндегі шағын және орта бизнесті дамытуға тіпті қаржы сұратпапты. 

– Меніңше, бұл айтқаныңыз – жай сөз ғана. Қазан айы басталып кетті, сіздер конкурстарды өткізгенше жыл аяқталады. Қаржыға зәру кәсіпорындар оған қол жеткізе алмайды. Ақыр соңында біз сізден сұрайтын боламыз. Облыста шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қаржы игеру көрсеткіші төмен, бұл бір жағынан түсінікті: мұнайлы өңір, негізінен, сол салада жұмыс істейсіздер. Бірақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында біз 692 миллион теңге қаржы бөлудеміз, ал бұл қаражат әлі күнге облысқа аударылмаған. Сіздерде жұмыс жасауға деген құлық жоқ па, әлде бизнесте бұл қаржыға қатысты тілек жоқ па? – деген Премьер Б.Сағынтаев аймақ басшылығына мұнайға тәуелділікті төмендету үшін де шағын және орта бизнесті дамыту керектігін нұсқады. 

Дамудың бір қанаты – қауіпсіздік

Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың мәліметінше, Қа­зақстанда қылмыстардың жалпы саны елімізде 3,5%-ға азайған: 256 мыңды құрады. Барлық қылмыстың 60%-дан астамын негізінен, ұрлық-қарлық – ұялы телефонды жымқыру, автокөліктен заттарды ұрлау, бөтен қалтаға қол салу және басқалары құрайды. 

– Ауырлығы аз қылмыстар саны төрт есеге төмендеді. Кісі өлтіру – 5%-ға, зорлау – 24%-ға, ұрлық-қарлық – 10%-ға, қарақшылық жасау 14%-ға азайды. Травматикалық қаруды қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны өткен жылы – 79%-ға, ал биыл тағы 26%-ға кеміді. Бұл – тұрғындардан қару сатып алу және биылғы қаңтардан бастап травматикалық қарудың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу туралы қабылданған шешімнің дұрыстығын дәлелдейді, – деп баяндады Қалмұханбет Қасымов.

Соңғы бес жыл бойы кәмелетке тол­мағандар арасындағы қылмыс тұрақты түрде төмендеп келеді екен: 2011 жылы бұл көрсеткіш 4092 болса, былтыр 2939 болды. Осы үдеріс биыл да байқалуда. Мұндай жетістіктерге заңнамалық деңгейде және іс-тәжірибесінде алдын алу профилактикалық шаралар кешенін жүзеге асыру нәтижесінде қол жетіп отырған көрінеді.

Адамдарды көп жағдайда қылмыс жасауға ішімдік итермелейді. Осы орайда Үкімет отырысында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2015 жылы қазақстандықтарды мастықтан айықтыру үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын хабарлады. Бұл қаражат алкоголь өнімдеріне сылқия тойып алған 161,5 мың қазақстандыққа детоксикация қызметін көрсетуге бағытталды. Бұл –  қылмыстың алдын алу шарасы. 

– Бір адамды мастықтан айықтыру құны еліміздің әр өңірінде 4-8 мың теңге аралығында құбылады. Орташа есеппен, бес мың теңге тұрады деуге болады. Мас күйде түскендердің ішінде 148,9 мыңы – ерлер, 12,6 мыңы – әйелдер, – деді Т.Дүйсенова. 

Өз кезегінде ІІМ басшысы Қ.Қасымов елімізде небәрі 31 медайықтырғыш жұмыс жасайтынынан құлағдар ете келе, бұл санның аздығын қадап айтты. 

Бас полицейдің айтуынша, Қазақстанда жасалған ауыр қылмыстардың шамамен 10%-ына ішімдік ішкен адамдардың тұрмыстық сылтауы негіз болады. Бұл ретте мас күйде жасалатын қылмыстар саны соңғы бес жыл бойы тұрақты түрде өсіп келеді. Мысалға, биыл ол тағы 13%-ға артты.

– Ең үлкен өсу Маңғыстау, Алматы, Ақмола, Жамбыл және Атырау облыстарында байқалуда. Маскүнемдіктің алдын алу және профилактика­сына бағытталған заңнамалық шаралар кешені бізде жеткілікті. Мысалы, алкоголь өнімдерін сату уақыты шектелген, жасы кәмелетке толмағандарға ішімдік өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған, маскүнемдерді мәжбүрлі түрде емдеуге бағыттау қарастырылған, – деді ол.

Жаһандық іс-шаралар да қауіпсіз өтеді

Алдағы жылы өтетін бүкіләлемдік деңгейдегі ірі шаралар – Астанадағы «ЭКСПО – 2017» ха­лықаралық көрмесі мен Алматыдағы «Уни­версиада – 2017» студенттердің дүниежүзілік спорт ойындарының қауіпсіздігін барлығы 14 мыңнан астам тәртіп сақшысы қамтамасыз ететін болады. 

– Келесі жылы біз ЕХРО – 2017 және Дүниежүзілік универсиада секілді ауқымды шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде министрлік осыған дайындық жұмыстарын жүргізуде. Көрмеде шамамен 9 мың қызметкер мен әскери, ал Универсиада нысандарында 5,5 мыңнан астам құқық қорғаушы жұмыс істейді, – деді Қалмұханбет Қасымов. 

Дамыған елдерде тәртіп сақшылары тек құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаумен шектелмейді. Мысалға, туристер өз сауалымен бірінші кезекте соларға жүгінеді. Осы орайда ІІМ басшысы полицейлерге ағылшын тілін үйрету курстары ұйымдастырылып, арнайы дайындық сабақтары өткізіліп жатқанын баян етті.

Қауіпсіздік мектептен де тамыр тартады

Қазақстанда биылғы 8 айда 9,9 мың жол-көлік оқиғасы болып, онда 11,6 мың адам зардап шеккен. Бұл статистиканы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі келтірді: «Министрлігіміздің осы бағыттағы міндеті – зардап шеккендерге уақтылы әрі сапалы шұғыл медициналық көмек көрсету. Бүгінде бұл көмекті санитарлық авиацияның республикалық орталығы, 24 станса, 299 жедел медициналық жәрдем бөлімшелері, 36 әуе көлігі, соның ішінде 18 тікұшақ пен 18 ұшақ, 2050 санитарлық автокөлік, 2072 дәрігер мен 8035 орта медицина қызметкерлері ұсынады» деген Т.Дүйсенова жол апатынан зардап шеккен 11,6 мың адамның 6,6 мыңы аурухана-стационарларға жатқызуды қажет еткенін қосты. 

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп бағдарламасына көлік жүргізу және жол жүрісі ережелерін (ЖЖЕ) оқыту курстарын енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл балалардың жолдарда жарақат алуын төмендетуге де ықпал етуге тиіс. 

Е.Сағадиев қылмыстың алдын алатын шаралар қатарында барлық мектептерді камералармен жабдықтау бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді ұсынды. «Құқықбұзушылық профилактикасы мақсатында шамамен 5 мың білім беру ұйымында бейнекамералар орнатылған. Бұл жалпы санының 36%-ы ғана. Олардың тәжірибесі мұның өте пайдалы шара екенін көрсетуде. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар арнайы бағдарлама әзірлеп, оны қаржыландыруға тиіс» деді министр. 

Ол жасөскіндердің қолы боста бос сенделіп, қылмыс жасамаулары үшін оларды спортқа кеңінен тарту мәселесін көтерді. Бірақ бұл үшін мектептерге шамамен 1300-ден астам спорт залы жетіспейді екен. Осыған депутаттар да назар аудартып, ресми сұрау жолдауда. Сондықтан министрлік тиісті құжаттарын әзірлеп, келесі жылдарға қаржы бөлгізуге күш салмақ ниетте. 

БҒМ дерегінше, мектептерге жапсарлас жатқан аумақтарда 9 мың спорт алаңы бар. Бірақ спорт секцияларымен оқушылардың небәрі 27%-ы ғана қамтылған. «Салыстыру үшін айталық, Ресейде оқушылардың 82%-ы спорт секция­ларына қатысады. Демек, біз спорттық инфрақұрылымды дамытуымыз қажет!» деді Ерлан Кенжеғалиұлы. 

Үкімет отырысын қорытқан Премьер-министр Б.Сағынтаев биылғы 1 желтоқсанға дейін үш жылға арналған қылмыстың алдын алудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. 

Сонымен бірге, Үкімет басшысы әкімдерге Ұлт жоспарына сәйкес, жергілікті полиция қызметін нығайтуды тапсырды. «Жаппай бейнебақылау камераларын орнатып, «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз мектеп» қағидаты бойынша интеллектуалдық жүйелерді енгізу қажет» деген Бақытжан Сағынтаев осы мәселе бойынша алда жауапты тұлғалардың есебі тыңдалатынын хабарлады. 

Айхан Шәріп

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 552
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 286
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 309
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 316