Жұма, 3 Мамыр 2024
Не көріп жүрсіз? 5044 0 пікір 12 Қазан, 2016 сағат 09:18

МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ. "КҮШІГІНЕН ТАЛАНҒАН"

 

 (немесе «31 арнадан» көрген ит туралы «хикая»)

Қазақта «күшігінен таланып қалған» деген сөз бар. Бұл жастайынан өзінен үстем, күші басым біреулерге бағынышты болып, күнкөріс тіршілігі сол күштінің қас-қабағын қарап өтіп келе жатқан бейшара  адамға қатысты айтылатын сөз. Ал өмір бойы осылай біреуге жалтақтап күн кешіп келе жатқан адам қолына аздаған билік тисе, өзінің қоластындағыларды отырса-опақ, тұрса-сопақ күйге түсіреді. Бүгінгі қазақ билігі Мәскеудегі басшылары алдында дәл әлгі «таланып қалғанның» күйін кешетінін жасырамын десе де жасыра алмайды. Ең қасіреттісі сол орыс патшасы заманында да, Кеңес заманында да Ресей басшылығы түшкірсе де «жәрәкімалла», үшкірсе де «жәрәкімалла» деп өскен қазақ басшылығы өзінің сол «таланып қалған» санасынан арыла алмағаны аздай енді қалың қазақты ашықтан-ашық басынуға шықты.

Баяғыда Алматы қаласының әкімі И. Тасмағамбетов 2006 жылдың қаңтарынан бастап Алматыда бүкіл іс қағаздары қазақшаға көшіріледі дегенде бұл не масқара деп Алжас-Олжас Сүлейменовке қосылып шабына шоқ түскендей шырқырағандар болып еді. Сол кезден бері «күшігінен таланған мәңгүрттік, құлдық сана ешқашан жазылмайтын болғаны-ау» деп өзімізді сабырға шақырып келеміз.

Әнеугүні қолына қылыш тұрмақ қарыс сүйем таяқ ұстамай қазақтың жерін Ресейге де, Қытайға да сатқызбаймыз деп бейбіт митингіге шыққан қазақтарға қарсы билік қарақұрым полицияны қаптатып жіберді. Талай қыз-жігіттерімізді, тіпті, қалт-құлт еткен кейбір қарияларды сүйрелеп автобусқа тиеп алып кетті. Бетін маскамен бүркеп, қап-қара киініп, денесін кісі бойы қалқанмен жауып, қолдарына сойыл ұстаған есепсіз көп полиция мен «спецназды» көргенде елімізге басқа бір мемлекет соғыс ашқан екен деп қалуға да болатын еді. Қазақстан жерін саудаға салуға қарсы шыққан қалың елдің ішінен бір орыс көрмеген сол жерде тұрған біраз зиялы азаматтар «Апыр-ай, әшейінде тілегі бір, жүрегі бір, тату-тәтті тұрып жатырмыз» дейтіндердің мұнда біреуі де жоқ қой. Қазақстанға, қазақ жеріне қазақтан басқаның жаны ашымайтын болғаны ма?» десті. Сол митингіге шыққан қолында қу таяғы да жоқ  момын қазақты қойша қуалаған полиция күні кеше Семейде, Өскеменде, Шемонайхада казачество өкілдері  баяғы қазақтарды жылдар бойы қанға бөктірген кезде киген киімдерін киіп, қазақты шапқанын шауып, шаппағанын қойша мауыздаған қылыштарын жалақтатып, сол замандағы туларын қайта көтеріп  тайраңдағанда қазақ басшылары көзін тарс жұмып, құлағын тас  қылып бітеп Үкімет үйіндегі, Ақордадағы кабинеттерінде ауыздарына құм құйылғандай бұғып отырды. Өйткені, кезінде «обком, райком КП Казахстанада, облисполком, райисполкомда» қызмет істеген аталары мен «папаларын» Кеңестік Ресейдің аюлары кішкентай кезінде талап тастаған болса, бұлардың өздерінің санасы жастайынан орысша тәрбиенің талапайына түскен. Яғни, «күшігінен таланған».

Жақында «31-ші арнадан» бір (2.10.2016) қызық көрдік. Сонда бір жігіт онша асыл тұқымды да емес жәй ғана бір  итке  қазақша сөйлеп, қазақша пәрмен беріп, ал әлгі ит оның қазақша сөздеріне кәдімгідей түсініп, айтқанының бәрін бұлжытпай атқарып тұрды. Қайран қалдық. Сонда  «менің миымды алып тастап, басқа ми салмаса, мен қазақша сөйлей алмаймын» дейтін министрден бастап өзге де шенеуніктердің миы әлгі «31-ші арнадағы»  иттікінен де... Құдай-ай, кешіре гөр, әзіл ғой!

Әнеугүні көк базарға (оны қазақтар «зеленый базар» деп сөйлейді) барып ет алып тұрып, қасымдағы бұтына балағы шорт кесілген шорты киіп, көйлегінің омырауынан бір кездегі қос анарын бүгінде әжім басқаны көрініп тұрған, басына тай қазандай қалпақ киген кемпірге қарап:

– Мына жылқы, сиыр етін сататын жерде шошқаның етін де сатып тұрғаны несі? Тіпті, Қытайда да бүйтпейді ғой дедім. Сөйтсем, әлгі қазақ әйелі: Какая вам разница? Вы в каком веке живете? Надо же, так отставать от цивилизаций. Тем более, у нас 130 с лишним национальностей» деп шұбырта жөнелгенде аузыма не орысша, не қазақша сөз түспей тілім байланды да қалды. Бір жағынан қатынмен бажылдасуды ар көріп ет сатып тұрған жігітке қарап: Қазақ жерден айрылып жатыр, тіліңнің жағдайы қандай екенін жаңағы орыстілді қазақ кемпір де көрсетіп берді, ал енді дәл мына төрт түлік малдың етінің жанына әкеліп шошқаның етін үйіп қою Қазақстанда ислам дінін қорлаудың бір түрі ғой, деп мұңымды шақтым.

Кейбір сөздерін қанша жерден кінәласақ та Монтескье «Бір елдің Заңдары, Конституциясы сол елдің тілін, климатын, топырағын ескере отырып жазылуы керек» деген екен. Әшиінде, батысшыл, өркениетшіл қазақ басшылары қазаққа жаны ашыса осы сөзді басшылыққа алуына болар еді ғой.

Иә, баж еткіштер баж ете берсін. Бірақ жоғарыда біз келтірген мысалдың бәрі қазаққа қарсы жоспарлы түрде жасалып жатқан бір жымысқы саясаттың бар екенін айқын көрсетіп-ақ тұр. Жақында орыс патшасы заманындағы «Санкт-Петербургский вестник» газетінен үзінді оқыдым. Онда «Егер Ресей мемлекетінің мүддесі үшін қырғыздарды (қазақтарды.-М.К.) құрбан ету керек болса оларды құрбан ету керек» дегенді оқыдым. Ол саясатты Кеңес үкіметі одан әрі жалғастырғанын әлгі қазақ министрлер білмеуі мүмкін емес.  «Қазақстан Ресейге бодан болғаннан бастап қазақтың өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деп Ахаң–Ахмет Байтұрсынұлы да айтып кеткен. Ендеше, тәуелсіздік алдық дегелі 25 жыл өтсе де жиындарын өз тілінде өткізуге батылы бармай отырған адамдарды «күшігінен таланып қалған ғой» демеске лаж бар ма?

Сырт көз сыншы ғой. Осының бәрін, яғни, билік қит етсе қазақтың еңсесін басып отырғанын,  соның бәрі аз болғандай террорист, экстремист деген қап-қара бәле-жала атаулының бәрі қазаққа жабылып жатқанын көріп отырған және «шовинизм», «великоросс» ауруларынан айықпақ түгіл баяғыда қазақты қырып-жойған қанды қылышын қайта жалаңдатып тайраңдап жүрген казактар құтырмағанда кім құтырсын?! Әрине, бүгін біз айтқан бұл жағдаяттар айтылып та, жазылып та келе жатқанына 25 жыл болды. Бірақ соның бірде-бірінен нәтиже жоқтығына қарағанда  Қазақстанда қазақтың айтқан сөзі желге ұшқан  заман орнаған ба деп қаласыз. Әйтседе, әлгі «31 арнадағы» қазақ сөзіне түсінетін ит еске түскенде, апыр-ау біздің биліктегілер қазақ сөзіне сол ... құрлы түсінбейтін болғаны ма деген жаман ойға түсіп кеткеніңді де байқамай қалады екенсің. Сонда да Құдайым қазақты

         «Басшысы намыссыз – ел жетім,

         Қорғаушысы жоқ – жер жетім»

күйден сақтасын деп тілек тілеуден жаңылмаймыз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 633
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 394
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 370
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 374