Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 2889 0 пікір 18 Қазан, 2016 сағат 17:48

25 ЖЫЛДЫҚҚА АРНАЛҒАН «АҚТАСТАҒЫ АХИКО» АТТЫ ДРАМАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТЕДІ

                                    

«Ақтастағы Ахико» драмасы - М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының 91 маусымының алғашқы премьерасы. Театр бұл жаңа қойылымын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отыр.

Қарлагты зерттеуші, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков пен театр директоры Ерлан Біләлдің идеясы бойынша драматург авторы Мәдина Омарова жазып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым театр ұжымының Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған үлкен жобасы.

«Қарлаг» – Кеңес Одағындағы лагерьлердің бас басқармасы ГУЛАГ-тың Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі болды. Қуғын-сүргінге ұшырағанбір миллионға жуық адам Карлагта небір азапты кезеңді бастан өткерді. Олардың арасында қазақтармен қатар орыстар, украиндар, латыштар, эстондар,  поляктар, еврейлер, немістер, жапондар, француздар, италиялықтар, тағы да басқа көптеген ұлттар өкілдері болды. Солардың бірі - жапондық Ахико Тецуро.

Спектакльге осы Ахиконың қилы тағдыры арқау болды. Нақтырақ айтқанда, Кеңес үкіметі кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 17 жасында жазықсыздан жазықсыз атақты Қарлаг түрмесіне түсіп, жастық шағын азапты өмірмен өткізген, босап шыққан соң, Қарағанды маңындағы Ақтас қаласында тұрақтап, қоныстанып қалған Ахико есімді жапон азаматының тағдыры көркем баяндалады.

Кейін әкесімен және бауырларымен қауышқан Ахико Тецуро өзінің тарихи Отанына барады, бірақ, Қазақстанға қайта оралады.

Қазір Ахико ақсақал 85 жаста. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр. 

Ахико Тецуроның тағдыр жолы – сталиндік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Қойылымда Ахиконың тағдыры арқылы, ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы мықты, жасампаз жандардың жиынтық бейнесі жасалған.

Қойылым соңындағы Ахиконың монологы «Пейілі кең, құшағы ыстық Қазақстандай еліміз бар. Тіршілігіміздің әлсіз шырағы сөнер шақта, пана болды. Сан мыңдаған рухты аманат етіп қабылдап, көбесін бұзбай, қатарын сиретпей Отан-Аналарына қайтарды. Мен болсам, өзіңе қайта оралдым, Қазақстаным. Өз Отанымды сүймегендіктен емес, сенің алдыңда борыштар болғандықтан. Тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат Қазақ Елі – енді менің елім. Ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен Қазақстан – енді менің Отаным», - деген өзекжарды сөздермен аяқталады.

Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып, сахнадан алғаш рет көрсетіледі.Ахико Тецуро бейнесі - барлық қазақстандықтарды елдік пен бірлікке, келісім мен ынтымаққа үндейді.

Спектакль  премьерасы 22, 23 қазанда болады.

Театрдың Баспасөз қызметі

Байланыс телефондары: 394-65-45

                                  8778-620-59-54

 Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 601
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 350
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 349
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 356