Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2914 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 22:46

Ұйымның игi бастамасы

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстiк Қазақстан».

«Ырыс» микроқаржы ұйымы ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай өздерiнен несие алған кәсiпкерлердi «Үздiк жоба» номинациясымен марапаттауды мақсат етiп отыр. Бұл марапат несиенi мақсатты пайдаланған, ай сайынғы төлемiн уақтылы қайтарып отырған және облысымыздың кәсiпкерлiк саласының дамуына үлесiн қосып жүрген 25 кәсiпкерге табысталмақ. Бұл жөнiнде «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының еншiлес мекемесi «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Хилола Бақтиярқызы Назарметова «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар бойынша өткiзген баспасөз брифингiнде мәлiмдедi.

2011 жылдан берi iске асырылып келе жатқан бұл бағдарламаның басты мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелi қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру екенi белгiлi. Бүгiнгi күнге дейiн «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы осы бағдарлама аясында 2,1 млрд. теңгенiң 1003 жобасы қаржыландырылған. Оның iшiнде мал шаруашылығы бойынша 1,8 млрд. теңгеге 888 жоба, егiн шаруашылығы бойынша 106,5 млн. теңгеге 44 жоба, ал, әртүрлi қызмет түрлерi бойынша 150 млн. теңгеге 71 жоба жүзеге асты.

Биыл да аталған бағдарлама бойынша облысымызға 7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлiнiп, оның 3,8 млрд. теңгесi «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы таратылды. Ол жерде кәсiпкерлерге ең жоғарғы сома 3 млн. теңгеге дейiн берiлдi.

– 2016 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының бастамасымен республикамыздың 5 өңiрiнде пилотты жоба ретiнде қосымша қаражат бөлiнiп, әр өңiрдiң өзiндiк ерекшелiгiне қарай қажеттi салаларын қаржыландыру мақсатында несие сомасын 6 млн. теңгеге дейiн көтерiп, кәсiпкерлердi несиелендiру қолға алынды. Бiздiң облысымызға бөлiнген қаражат 3,390 млрд. теңгенi құрайды. Бұл қаражатты алуға ниет бiлдiрген азаматтар ең алдымен «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының талаптарына сай келуi керек. Несиенiң жылдық сыйақысы 7 пайыз, 54 айға дейiн берiледi. Берiлетiн мақсаты – негiзiнен мал шаруашылығы, жылыжай және сүт қабылдайтын бекеттер ашу, – дедi Х.Бақтиярқызы.

Несие алушыларға қойылатын талаптар да белгiлi: бизнестi (яғни жобаны) iске асыратын орны болуы керек, несие тарихы таза болуы қажет, соның iшiнде соңғы 12 ай iшiнде төлемi кешiктiрiлген несиесi болмауы тиiс. Бағдарламаның тағы бiр талабы, несие алушылардың жобалары ауыл шаруашылығы өнiмдерiн даярлау және өткiзу пункттерi кешендерiмен бiрге iске асуы керек. «Алынған қаражат мiндеттi түрде мақсатты пайдаланылуы тиiс. Несие алынған уақыттан бастап 60 күннiң iшiнде несиенiң мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар өткiзiлуi керек. Егер де қаражат мақсатсыз пайдаланылса, несие сомасының 25 пайызы есебiнде айыппұл салынып, несие толық қайтарылсын деген талап қойылады» дедi ұйым басшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 834
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 673
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 528
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 538