Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3533 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 22:49

Бөдене баққан, табыс тапқан...

Шаянда бөдене өсiрудi кәсiп етiп, нәсiп тауып жүрген Күләш Иманбекова ауылда жұмыс жоқ дегенге сенбейдi. «Бәрi де адамның өзiне байланысты. Қарап отырғанша тiрлiк жасау керек» дегендi алға тартқан кәсiпкер келiншектiң бизнес бастауы да қызық. Алдымен ғаламторды ақтарған. Бөдене өсiрудiң қыр-сырын сол жақтан оқып-бiлiп, көрiп-үйренiптi. Сосын базардан 15 бөдене сатып алады. Шаяндық кәсiпкер келiншектi, әсiресе, бөдене жұмыртқасын 37,8 градус температурада ұстау арқылы 17 күнде балапан шығаруға болады деген ақпарат қызықтырған. Ал, бұл балапандар бiр жарым айда жұмыртқалайды. Айтпақшы, бөдене әр 16 сағат сайын жұмыртқалайды.

– Алдымен 78 балапан шығардық. Қазiр 200-ге жуық бөдене бағып отырмыз. Инкубация мерзiмi 17 күндi құрайды екен. Жаңа шыққан балапандарды екi-үш аптадай жылы жерде күтiп-баптаймыз. Алғашқы аптада балапандарды екi сағат сайын тамақтандырдық, – дейдi Күләш Иманбекова.

Кәсiптi үйрене жүрiп, өзгелерге үйретуден де жалықпайтын Күләш бөдене бағудың қыр-сырын бiзбен де бөлiстi. Айтуынша алғашқы аптада шөжелерге – 4, екiншi аптада – 7, үшiншi аптада 13-17 грамм жем берген. Бөдененiң балапандары үшiн кез келген жем жарай бермейдi екен. Арнайы жемдi 250 теңгеден сатып алған.

Қазiр еңбегiнiң жемiсiн көрiп отыр. Себебi, бөдененiң етi мен жұмыртқасына деген сұраныс артқан. Айта кетейiк, ғалымдардың зерттеуi бойынша бөдене жұмыртқасының құрамындағы калий мен фосфор тауық жұмыртқасымен салыстырғанда бес есеге артық. Қаназдыққа бiрден- бiр пайдалы саналатын темiр бөдене жұмыртқасында - 4, 5 есе, В және В12 дәрумендерi 6 есе көп. Құрамында кальций, мыс, кобальт және түрлi амин қышқылдары өте жоғары бөдене жұмыртқасы, әсiресе, жүрек-қан тамырлары жүйесi ауруларына бiрден-бiр ем. Мамандардың зерттеуiнше, ол ас қорыту мүшелерiнiң жұмысын жақсартады.

Ал, бөдене етi адам ағзасындағы радиацияны шығаруға көмектеседi екен. Шлактардан тазартады. Тыныс алу жолдары, қолқа демiкпесi, асқазан, жүйке, жүрек ауруларымен аурыратындар бөдененiң жұмыртқасын аш қарынға iшу арқылы дертiнен айыға алатынын да медицина мамандары жиi айтады.

Күләш Иманбекова бөдене жұмыртқасының әр данасын 25 теңгеден сатады. Ал, етiнiң келiсi 2500 теңгеден.

Кәсiптiң көзiн тапқан келiншек өз шаруасын кеңейтiп, бөдене санын арттыруды мақсат тұтып отыр. Оның үстiне Бәйдiбек ауданы құс шаруашылығын дамытуға қолайлы өңiр. Бизнес бастап, кәсiп ашамын дегенге жергiлiктi әкiмдiк тарапынан көрсетiлер қолдау да аз емес. «Тек ынта, ықылас болса болғаны. Жұмыс ауылда да табылады. Әрi пайдасы мол кәсiп ашудың жолдары көп» дейдi бүгiнде аймақта өзгелерге үлгi болып отырған Күләш Иманбекова.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 747
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 564
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 464
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 476