Жұма, 3 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3252 0 пікір 27 Қазан, 2016 сағат 22:52

Мақтааралдағы ағын су үкiметтiң назарында

 

Депутаттар – халық пен билiк арасындағы алтын көпiр. Ел Парламентiне Оңтүстiк Қазақстан облысынан сайланған халық қалаулылары өңiрiмiздiң өзектi мәселелерiн республика деңгейiнде көтерiп, проблемалардың оңтайлы шешiлуiне ықпал етiп келедi. Мәселен, ҚР Парламентi Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов 16 қыркүйекте ҚР Премьер-министрi Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдап, Мақтаарал ауданындағы ағын су тапшылығы мәселесiн көтерген болатын.

Халық қалаулысы өзiнiң сауалында Мақтаарал ауданында 330 мың халық тұратынын, олар негiзiнен мақта өндiрумен айналысатынын айта келiп, аудандағы 136 мың гектар суармалы жердiң 83 мың гектарына мақта егiлетiнiн баян етедi. Бұл аймақта жыл сайын мол өнiм алып келгенiне тоқталып, алайда, соңғы жылдары аудандағы суармалы жерлердi ағын сумен қамтамасыз ету үлкен проблемаға айналғанын жеткiзген.

– Мақтаарал ауданының үштен екi бөлiгiн ағын сумен қамтамасыз ететiн «Достық» каналы Өзбекстан территориясынан бастау алады және ол сол елдiң меншiгiнде. Биыл аудан бойынша қажеттi 1 млрд. 116 млн. текше метр ағын судың 980 млн. текше метрi немесе 87,8 пайызы алынды. Оның өзi де кешiгiп, вегетацияның соңына қарай берiлдi. Ал, ағын судың ең керек кезi шiлде айы мен тамыз айының басында «Достық» каналымен қажеттi 310 млн. текше метр ағын судың тек 93 млн. текше метрi немесе 30-32 пайызы ғана берiлiп, егiлген дақылдар, әсiресе, мақта дақылы жазғы шiлдедегi 45-47 градус аптап ыстықта суарылмай, зардап шектi. Тiптi, 1500 га жер мүлде суарылмай қалды. Әрине, бұл жағдайда мақтаның өнiмдiлiгi, сорты, салмағы төмендейдi. Шаруалардың ала жаздай аптап ыстықта еткен еңбектерiнiң қайтарымы төмен болады, – делiнген депутаттық сауалда.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдайлар Сырдария өзенi бассейнiнде орналасқан мемлекеттердiң үкiметтерi арасында туындаған келiспеушiлiктiң, мәселенiң үкiметаралық деңгейде уақтылы шешiлмеуiнiң салдарынан болып отыр.

– Тамыз айының сонында болған кездесулерде сайлаушылар өздерiнiң наразылықтарын айта келе, алдағы кезде осы мәселенiң оң шешiлуiне ықпал етудi сұрап, маған депутаттық сауал берген болатын, –дейдi Қ.Айтаханов.

Жақында Үкiмет басшысы сенатордың сауалына ресми түрде жауап бердi. Жауапта 1998 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан үкiметтерi арасында Сырдария бассейнiнiң су-энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы келiсiм жасалғаны, соған сәйкес Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы жыл сайын вегетация кезеңiнде қырғыз электр энергиясын тұтынып келгенi, сәйкесiнше, Тоқтағұл су қоймасынан тасталған ылғалды қазақ және өзбек тараптары өз мұқтаждықтарына сәйкес пайдаланып келгенi баяндалған. Алайда, 2004 жылдан бастап өзбек тарапы қырғыз электр энергиясынан бас тартуына байланысты Қазақстан тарапы Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының суармалы жерлерiн ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын вегетация кезеңiнде Тоқтағұл су қоймасынан өндiрiлетiн электр энергиясын қабылдауды бiржақты тәртiппен жүзеге асыруда.

– 2016 жылы қырғыз тарапының электр энергиясымен тауар алмасуға кеш келiскендiгiне байланысты электр энергиясымен тауар алмасу тамыз айында жүзеге асырылды. Келiсiмге сәйкес Мемлекетаралық үйлестiрушi су шаруашылығы комиссиясы қызмет етедi. Соңғы жылдары комиссия мүшелерiнiң әртүрлi себептермен отырыс хаттамаларына қол қоймау оқиғалары жиi белең алуда, бұл өз кезегiнде Достық каналының Қазақстан бөлiгiнде су ресурстарын пайдалануға және реттеуге керi әсерiн тигiзуде, – делiнген Премьер-министрдiң жауабында.

 Бақытжан Әбдiрұлының баяндауынша, аталған мәселенi реттеу мақсатында 2016 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрi А.Мырзахметовтiң төрағалығымен өткен Қазақстанның су ресурстарын басқару мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық кеңес отырысында Ауыл шаруашылығы министрлiгiне ағымдағы жылдың қараша айына дейiн Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжiкстан тараптарымен екiжақты үкiметаралық келiсiмдер жобаларын әзiрлеп, 2017 жылғы наурыз айына дейiн көршiлес елдермен қол қою мәселесiн пысықтау туралы тапсырма берiлген. Үкiмет басшысы министрлiктiң келiсiм жобасын әзiрлеп, Сыртқы iстер министрлiгiне, сондай-ақ, екiжақты келiсiм жобаларын мүдделi мемлекеттiк органдарға келiсуге жолдаған.

– Осыған байланысты, Оңтүстiк Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының суармалы жерлерiн ағын сумен қамтамасыз ету мәселесi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ерекше бақылауында тұрғанын атап өтемiн, – деп түйiндеген Б.Сағынтаев.

Иә, сенатордың белсендiлiгiнiң арқасында Мақтаарал ауданының тұрғындары келер жылы ағын судан тапшылық көрмей жатса, нұр үстiне нұр болмақ.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 808
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 632
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 506
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 517