Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4719 0 пікір 30 Тамыз, 2010 сағат 13:31

Махмет Құлмағамбетов: Мен Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым!

Көзі қарақты қалың оқырманның назарын өзінің интеллектуалды деңгейімен аудартқан «Қазақ альманағы» журналының кезекті саны жарық көрді. Қазақ миссиясын арқалаған «Қазақ альманағының» бұл саны да тұшымды дүниелерге толы екен. Журналға қолы жетпейтін жұрт онда жарық көрген қазақ саясаты мен қазақ идеясын www.abai.kz сайты арқылы оқи алатын дәстүр қалыптасқан. Соның үшін альманахтың соңғы жарияланымында жарық көрген қазақ диссиденті Махмет Құлмағамбетовтің сұхбатын абайшыл жұртқа ұсынып отырмыз. Қазақ ойы мен сөзін түзеуді мақсат еткен журналдың қазақ диссидентіне көңіл бөлуі құба-құп! Басылымның бас редакторы Еренғайып Қуатайұлының айтуынша альманах алдағы күндері КСРО-ның қасаң жүйесін тәрк еткен қазақ диссиденттері қақында ой қозғайтын болады.

 

 

Кеңестік жүйенің ыдырап, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің жеке шаңырақ көтеруіне сол кездегі идеологияға қарсы күрескен диссиденттердің қосқан рөлі ерекше. Саяси қысымға қарамастан шыбын жанын шүберекке түйіп, қатаң жүйе мен қасаң идеологияға тайсалмай қарсы шығу - асқан ерлік. Тіпті аймақта демократияның орнауына осындай қайраткерлердің қызметі аза зор болғанын атап өтуіміз ләзім.

Көзі қарақты қалың оқырманның назарын өзінің интеллектуалды деңгейімен аудартқан «Қазақ альманағы» журналының кезекті саны жарық көрді. Қазақ миссиясын арқалаған «Қазақ альманағының» бұл саны да тұшымды дүниелерге толы екен. Журналға қолы жетпейтін жұрт онда жарық көрген қазақ саясаты мен қазақ идеясын www.abai.kz сайты арқылы оқи алатын дәстүр қалыптасқан. Соның үшін альманахтың соңғы жарияланымында жарық көрген қазақ диссиденті Махмет Құлмағамбетовтің сұхбатын абайшыл жұртқа ұсынып отырмыз. Қазақ ойы мен сөзін түзеуді мақсат еткен журналдың қазақ диссидентіне көңіл бөлуі құба-құп! Басылымның бас редакторы Еренғайып Қуатайұлының айтуынша альманах алдағы күндері КСРО-ның қасаң жүйесін тәрк еткен қазақ диссиденттері қақында ой қозғайтын болады.

 

 

Кеңестік жүйенің ыдырап, бүгінгі тәуелсіз мемлекеттердің жеке шаңырақ көтеруіне сол кездегі идеологияға қарсы күрескен диссиденттердің қосқан рөлі ерекше. Саяси қысымға қарамастан шыбын жанын шүберекке түйіп, қатаң жүйе мен қасаң идеологияға тайсалмай қарсы шығу - асқан ерлік. Тіпті аймақта демократияның орнауына осындай қайраткерлердің қызметі аза зор болғанын атап өтуіміз ләзім.

Бүгіндері алыста қалған қанды идеология туралы екінің бірі сын айтып, жау кеткен соң қылышын тасқа жұмсаушылар қарасы көбейіп келеді. Әрине бұл қуанарлық жайт... Бірақ кеңестік кезеңде, әсіресе оның қылышынан қан тамып тұрған 60-жылдары, саяси жүйеге қарсы шығу кез келген адамның қолынан келмейтін іс екені анық. Өйткені, біріншіден, ол кезде идеологияның кемшілігі мен қатерлігін көре білу үшін де ерекше білім, түйсік және дарын қажет-ақ. Екіншіден, көре білген, тани түскен қауіпті ашық айту, күресу үшін де жүрек жұтқан батылдық керек еді. Сондықтан коммунизм құрсауында қалған елдерден мұндай қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды саналы жандардың бас көтеруі екіталай болатын.

Бұл күндері КСРО диссиденттері туралы зерттеулерде аспан астын жаулаған Кеңес одағында идеологияға қарсы шыққан небары жүз шақты қайраткердің ғана есімі айтылып жүр. Бұл тізімде түркі тілдес халықтардың ішінен шыққан Қырым татары Мұстафа Әбдіжеміл Қырымоғлының аты аталуда. Ал Орта Азиядан бірде-бір қайраткердің есімі жоқ. Ал біз әңгіме еткелі отырған және КСРО-дан шыққан диссиденттер туралы зерттеулерден қалыс қалған қазақ - ортаазиялық диссиденттердің ең көрнектісі. Себебі Махмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов соңына мол мұра қалдырып кетті. Құлмағамбетов жайында, өз мақалаларынан басқа, деректер көптеген еуропалық газеттер мен журналдарда орыс, француз, ағылшын тілдерінде жарық көрді...

Махмет Ибадоллаұлы Құлмағамбетов Қостанай облысының Меңдіқара ауданында 1930 жылдың 20 шілдесінде дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің философия факультетін бітіріп, жоғары оқу орындарында өз мамандығы бойынша дәріс берген. Еңбек жолын Түркімен ССР-нің Чарджоу қаласындағы педагогикалық институтта философия пәнінен сабақ беруден бастайды. Жасынан алғыр, зерек, саналы Махмет өмірде болып жатқан оқиғаларға әр кез сын көзбен қарайды. Тіпті советтік «шындықтың» философия мен саяси экономиканың кейбір теориялық жағдайларына сәйкес келмейтінін өз сабақтарында ашық айтып та жүреді. Осыдан соң Кұлмағамбетовті саяси негізде қудалау басталады. Жергілікті биліктің қитұрқы айтыс-тартысына жаны төзбеген ол Чарджоудан «өз еркімен» кетуге мәжбүр болады. Содан кейін оны тағдыр Қырғыз ССР-нің астанасы Фрунзе қаласына жөнелтеді. Қазіргі Бішкектегі медициналық институтқа философия пәнінен оқытушы болып орналасады. Соңына ерген қоңыраудың салдарынан Махмет Ибадоллаұлы мұнда да қудалауға ұшырайды. Сонымен 1962 жылдың желтоқсан айында КГБ-ның Қостанай облыстық басқармасы Құлмағамбетовті Қылмыстық кодекстің 56-бабы 1-тармағымен жауапқа тартып, 7 жылға бас бостандығынан айырады. Осылай кеңес өкіметіне қарсы пікірі үшін, өзгеше ойы үшін Махмет өмірінің жеті жылы Мордовиядағы саяси тұтқындар лагерінде өтеді. Жаза осымен бітпепті. Одан кейін Коми автономиялық республикасында және Харьковте ең ауыр қара жұмыстарға жегіледі. Абақтыдан шығып, ара-тұра Алматыға да келіп тұрған. Алайда сталиндік жүйе салтанат құрған елде өмір сүру аса қауіпті екенін сезген, тіпті оған жаны төзбейтін Махмет Құлмағамбетов 1979 жылдың аяғында біржолата шетел асып кетеді. Ол кезде КСРО азаматтарының шетелге оңайлықпен шыға алмайтыны белгілі. Құлмағамбетов мақсатына жету үшін Харьковте саналы түрде еврей әйелге үйленген. Кешікпей оған Израильден шақырту келеді. «Әйелі» мен оның кәрі шешесін ертіп, Махмет Израильге жол тартады. Шекара асқан соң Құлмағамбетов Вена қаласында қалып қояды. Одан ары Германияға өтіп кеткен. Мюнхенде орналасқан «Азаттық» радиосында 15 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, 1995 жылы зейнеткерлікке шығады. Қазақтан шыққан көрнекті диссидент Махмет Құлмағамбетов 2008 жылы 11 қараша күні Мюнхен қаласында көз жұмды.

Өзім ол кісімен етене жақын араластым. «Азаттық» радиосында 1988 жылдан 1995 жылға дейін бірге жұмыс істедім. Мұның соңғы бес жылында екеуміз бір бөлмеде отырдық. Тіпті аға-бауыр болып кеттік. Шынын айту керек, арда туған асыл азаматтың қадірін тірі кезінде көп пенде білген жоқ. Өзім жақын араласқан соң Махмет ағаның өмірбаянына, шығармашылығына қатысты деректерді жинап жүрдім. Оның орыс тілінде жазған мақалалары мен «Азаттық» радиосынан қалың тыңдармандарға жетіп жатқан қазақ тіліндегі жүз шақты мақаласын өзінен және қайтыс болғаннан кейін Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы Әлихан Жаналтай арқылы зайыбынан сұратып алдым...

Махмет Құлмағамбетовті өз басым ХХ ғасырдағы қазақ халқының бетке ұстар батыры деп санаймын. Елі үшін саналы өмірін ұлтының азаттығына арнаған зиялы азаматты дәріптеп өз еліне және өзгеге таныту бүгінгі ұрпақтың басты парызы деп білемін. Сөз жоқ, Махмет аға өзінің қайсарлығымен қатар ұшан-теңіз білімі арқылы жат елде қазақтың интеллектуалды ой-өрісінің биік екенін танытып кетті. Сөз соңында көп қазақ біле бермейтін тағдыры қым-қиғаш оқиғаларға толы, көпке ұқсамайтын дара қазақ диссиденті Махмет Ибадоллаұлынан алған сұхбатты «Қазақ альманағының» ойлы оқырмандарына ұсынуды жөн көрдім. Сұхбат 2004 жылы 24 мамыр күні Мақаңның Мюнхендегі үйінде алынған. 6 жыл бұрын таспаға түссе де бұл сұхбат әлі еш басылымда жарық көрген жоқ.

 

Әбдіуақап Қара, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 

 

- Құрметті Махмет аға, өзіңіз және туған жеріңіз туралы қысқаша мәлімет айта отырсаңыз?

 

- Елім - Қостанай. Ол жерден Алматыға ашаршылық жылдары келдік. Қостанайда бүкіл ауыл аштан қырылып жатты. Сол кезде әкемнің Әбдуәли Есмағамбетов деген заңгер туысқаны Алматыда қызмет етуші еді. Сол кісі әкеме хат жазады да «үй іштеріңмен көшіп келіңдер, бұл жерде жұмыс табылады» дейді. Сөйтіп 1937 жылы Алматыға көшіп келдік. Осылайша аштықтан аман қалдық.

- Дегенмен елмен байланыстарыңыз үзілмеген шығар?

 

- Әкем тірі кезінде соғыстың алдында, 1937-39 жылдары елге барып тұратынбыз. Ол кісі темір жолшы болатын. Жұмысынан жыл сайын отбасымызға пойызға тегін билет беретін.

- Атаңыз және туысқаныңыз кімдер еді?

 

- Аталарым Құлмағамбет, Нұрмағамбет, Есмағамбет атты үш ағайынды кісілер еді. Құлмағамбет - менің атам. Әкем аты - Ибадолла. Мен және Қабдыраш деген ағам, әке-шешем төртеуіміз Алматыға көшіп келгеміз. Алматыда бізге тұратын жай берді. Осы күні әйелім - Наташаға айтсам сенбейді, 4 кісі 6 шаршы метр жерде тұрдық. Шамасы 5-6 жылдан соң 12 шаршы метр жер тауып алдық. Одан кейін 8 жылдай уақыт өткен соң 17 шаршы метрлік жай алдық.

- Мектепті қайдан оқыдыңыз?

 

- Мектепті Алматыдан оқыдым. №22 қазақ мектебі деп аталатын. 1937 жылы ма, әлде 1939 жыл ма, мені мектепке апарды. Бірақ мен оқымадым. Тентек болдым. Келесі жылы қайта мектепке барып, бірінші класты бітірдім деп өтірік айттым. Сөйтіп мені екінші класқа жазып қойды. Мен бесіншіні бітіргенде соғыс басталды. Алтыншы класқа бармадым. Нан үшін жұмыс істеу керек болды. Бұл 1942 жыл болатын. Сенбессіздер, ол кезде 12 жаста едім. Темір жол училищесі деген бір мектеп болған. Оның аты оқу орынның атауы сияқты болғанымен іс жүзінде жұмыс істейтін жер еді. Соған бардым. 400 грамм қара нанның орнына, 700 грамм алатын болдым. Сонымен екі жыл сонда жұмыс істедім. Кейін оны тастадым. Содан бір күні көрші тұратын қыз жақын маңда бір интернат барын айтты. «Тамағы, киімі бар, әрі мектепте оқисың» деді. Ол жерге барып, 6 сыныптан бастап сабағымды жалғастырдым. Алайда қазақ мектебінен «бұзақысың» деп мені шығарып тастады.

- Қалайша?

 

- Ол былай болды. Соғыстан кейін мектепке оқымаған жасы үлкен балалар келе бастады. Оларды қабылдады. Олар келген соң жасы кіші балаларды сабайтын болды. Мен араша түсіп, кішкене балаларды қорғап, біреуімен төбелесем, екіншісімен төбелесем... Сөйтіп жүргенде мені мектептен шығарып тастады. Сосын қайда барамын? Ақыры Алматыдан 98 шақырым жерде Калинин атындағы колхоз бар екен. Сонда келдім. Сол жерде интернатта оқуымды жалғастырдым. Пайдасы не, ештеңе оқымаймын. Ал мұғалім сұраса, тақылдап тұрып жауап беремін де «5» аламын. Сосын ойладым: «бұл жердің беретін білімі жоқ». Мұғалім таңертең шашы ұйпа-тұйпа, бетін де жумай келеді. Осыдан соң ойланып, үйге барайын, орыс мектебін көрейін деген шешімге келдім. Алматының №27 орыс орта мектебіне бардым. Партаға отырғызды. Бірақ мұнда оқи алмайтынымды білдім. Сосын Бірінші Алматыдағы кешкі мектепке бардым. Ол жұмысшы жастардың кешкі мектебі деп аталады. Зауытқа үйренуші токарь болып жұмысқа орналастым. Күндіз жұмыс істеп, кешкісін мектепке барамын. Осылайша 10 сыныпты орысша бітірдім. Сосын университетке дайындық ретінде кітаптар алып оқып жүрдім. Философияны ұнаттым. Ел қатарлы Марксизм мен Ленинизмді сүйсініп, қатырып оқыдым.

- Сөйтіп университетке түстіңіз.

 

- Иә, Алматыда мемлекеттік университетке түстім. Күніне бес жарым сағатты ұйқыға, қалғанын оқуға жұмсадым. Түнгі үш жарымда жатамын. Күнделікті ережем осы. Сөйтіп бестікпен оқып жүрдім. Тек соңында бүлдіріп алдым. Әскери кафедра бар ғой, содан төрт, тағы бір сабақтан төрт алдым.

- Университетте сізбен бірге оқығандардан кімдерді еске түсіре аласыз?

 

- Мен Әнуар Әлімжановпен бірге оқыдым. Есімде қалғаны, ол Сталиннің өлгеніне қатты қайғырды. Сталин өлген 1953 жылы біздің институтта үлкен жиналыс болды. Сонда Әлімжановтың екі көзіне жас алып тұрып өлең оқығаны есімде. Өзім Сталиннің өлгеніне қайғырмадым, бірақ оның өлгенін аядым. Ол кезде күшті үгіт насихат салдарынан Сталин туралы мынадай мазмұнда өлеңдер оқылатын: «Бүкіл совет одағы ұйықтап жатыр. Қорылдап жатыр. Барлық үйдің шамдары сөнген. Тек қана Мәскеуде, Сталиннің терезесінде жарық жанып тұр. Себебі Сталин - біздің бақытымыз. Біз үшін қайғырып, қам жеп отыр». Тура осындай тәрбие алған едік. Әкең өлсе өлсін, Сталин өлмесін дейтін едік.

- Сонымен университетті қай жылы бітірдіңіз?

 

- 1954 жылы бітірдім. 1955-57 жылдары Түркменстанда сабақ бердім. Онда беделім болды. Түркменстанда Чарджоу қаласында мұғалім болып тұрғанда жыл сайын бізді Ашғабадқа жинап тұратын. Қоғам ғылымдарының мамандарына арналған мәжіліс өтетін. Оған біз арнайы шақырумен баратынбыз. Бір жолы Түркменстан орталық комитетінің бірінші хатшысы Бабаев шығып сөйледі. Яғни, Түркменстанның басшысы.  Мен мәжілісте отырмын, ол бір ауыз сөйлейді, одан кейін екіншісі сөйлейді. Сөйтіп адамдар сөйлеп жатты. Бір кезде мен де қол көтеріп сөз алдым да: «Мінеки жолдастар, естіп отырсыздар, жыл сайын Мәскеуде философия, саяси экономика туралы кітаптар шығып тұрады. Алайда оларды түркмен тіліне аударып болғанша 3-4 жыл уақыт өтеді. Бұл уақыт ішінде ол кітаптар ескіріп қалады. Сондықтан бір тұжырымға келу керек. Я аударуды тездету керек, не болмаса, орыс тілінде қалдыру қажет. Сондықтан философиядан, саяси экономикадан орыс тілінде сабақ берілсе дұрыс болар еді» дедім. Сонда мәжіліске төрағалық жасап отырған әлгі Бабаев: «Сіз түркмен тілін білесіз бе?» деді. Мен: «Білемін, бірақ нашар білемін» дедім. «Олай болса, сіздің ұсынысыңыздың себебі сонда жатыр екен ғой» деп жауап берді ол. Мен оған тесіле қарап тұрып: «Мен сізден сұрап тұрған жоқпын. Мәжіліске жиналған мұғалімдерден сұрап тұрмын. Сіздің пікіріңіз маған қажет емес» дедім. Сол кезде бізбен бірге келген институттың директоры, орталық комитеттің бұрынғы бастығы басын шайқады. Кейін 1980 жылы Мюнхенде америкалықтарды таңғалдырған оқиға осы болды. Бабаевқа қарсы шығуым оларға бейне бір құдайға қарсы шыққандай болып көрінген сияқты.

- Осы оқиғадан кейін қудалана бастадыңыз ба?

 

- Жоқ, бұл оқиғадан соң Бабаев маған бірден тимеді. Бірақ екі жылдан кейін барып шығарып жіберді. Мүмкін Бабаевтың өзі талап еткен шығар. «Бұл кім? Қайдан шыққан тентек?» деп. Қайта мені дереу шығарып тастамаған. Мен орталық комитеттің асханасында мұғалімдермен отырмын. Тамақтары сондай тамаша, әрі арзан. «Осындай асхананы неге студенттерге салып бермейді?» деймін тағы да. Сосын тағы бір байқағаным, орталық комитет ауласында дүкен бар. Бәрі арзан. Қаладағыдай емес, арнайы бағамен сатылады. Кейін естігенім, 1929 жылғы бағамен бірдей екен. Әдейі өздеріне жеңілдік жасап алған ғой.

 

- Бабаев сізді шығарып жібергеннен кейін қайда кеттіңіз?

 

- Одан кейін, яғни, 1957 жылы Бабаевпен теке-тірестен кейін мұғалім болып қазір Бішкек деп аталып жүрген қырғыз астанасы Фрунзеге келдім. Ол бір қызық кезеңдер еді. Политехникалық институт студенттері мені қатты жақсы көрді. Сабақтан соң үйге дейін шығарып салатын. Таусылмайтын сауалдар қояды. Мен соларға жауап берумен уақытым өтетін. Сол жерде техникалық институтта қызық уақиға болды. Мұғалім Маркс, Ленин туралы айтса, студенттер оған керісінше қарсы пікір айтады. Дәлелдер келтіріп көнбейді. Сосын саяси экономика мұғалімі партбюроға барады. «Студенттер мұндай түсініктерді қайдан алған? Оны кім үйретіп жүр?» дейді. Іздестіре бастайды. Оны мен де сездім. Арыз беріп жұмыстан шықтым. Еңбек кітапшамды алып келе жатсам, оқу ісінің проректоры, профессор Саянка деген кісі кездесіп: «Дұрыс істедіңіз, құжаттарыңызды алып бара жатқаныңыз дұрыс болды. Себебі, қалалық партия комитетінен нұсқау келді. Сіздің мәселеңізді анықтап, шара қолдану жөнінде. Осыдан соң қолыңызға тиген құжатпен (Мақаңның айтуынша ол құжат «қасқыр билеті» деп аталады екен - А.Қ) ешқайда жұмысқа қабылдана алмайтын едіңіз» деді. Бұл 1958 жыл болатын.

- Содан қайда бардыңыз?

 

- Менің істеген жаман істерім есепсіз ғой! Мұғалімдікті тастап, Алматыға бардым. Алматыда тағы құқық және философия институтында үш ай қызмет еттім. Жолдастарым мені кіргізіп жіберді. Бір орын уақытша бос тұр екен. Үш айға жұмыс істеуге тура келді. Үш ай тамақ керек қой. Сол академиядан үш айдан кейін шығып, Мәскеуге бардым.

- Неге Мәскеуге бардыңыз?

 

- Ол кезде Оразақ Мәскеуде еді. Яғни, докторлық диссертациясын жазуға барған. Оның стипендиясына бірігіп күн көрдік.

 

- Ол кейін Қазақстанның атақты антропологы болған Оразақ Смағұлов қой. Ол кісімен туыстығыңыз бар ма еді?

 

- Иә сол. Менің естуімше, оның әкесі мен менің шешем жетім қалғанда Оразақтың атасы асырап алған екен...

Мен Мәскеуде бір жылдай болдым. Одан орыстың қаласы Кострома деген жерге бардым. Сонда геологтар тобына қосылып кеттім. Бір маусымдық жұмыста болдым. Қыста жұмыс істемейді. Одан кейін Ленинградқа кеттім. Сол қалада қызық кездесулер өткіздім. Ол кезде Ленинградта, қазіргі Петербургте Даниил Гранин деген атақты жазушыны іздеп үйінен тауып алдым. Екеуіміз әңгімелесіп ұзақ отырдық. Әйелі сығалайды да кетіп қалады. Менің жат адам екенімді көреді де кетіп қалды. Сөйтіп ол әңгімемізге араласпады. Сонда әлгі жазушыға мұғалім болып істегенім туралы, жұмыстан шыққаным жайында, Батысқа кететін ойым барын айттым. Мақұлдады: «Не деймін, сіздің жағдайыңызды түсінем. Осы жол дұрыс болар» деді. Осыдан он шақты жыл бұрын, Кеңес одағы күйрегеннен кейін әлгі жазушы Мюнхен қаласына келгенде мен ол кісіге әзілдеп: «Сіз мені кезінде он жылға айдатып жібергенсіз» дедім күтпеген жерден. Ол таңғалып: «Қалайша?» деп сұрады. Мен үйінде болғанымды айттым. Оны ол ұмытып қалыпты. Атақты жазушы көп адамдармен жолығады ғой қайсыбірі есінде қалсын. Өзі де сасып қалды...

Ленинградта тұрғанымда талай адамдармен сөйлестім. Партия қызметкерлерімен де тілдестім. Илья Эренбург деген жөйт жазушысы бар еді. Сонымен жолығып сөйлесейін деген мақсатым бар еді. Бірақ ол ойым іске аспады.

 

- Сіз ол жазушымен не туралы сөйлеспекші болып едіңіз?

 

- Онымен кездесіп, шетелге қашу туралы ойымның дұрыс-бұрыстығын анықтап алу еді. Алайда оған жолыға алмадым. Граниннен бұрын Борис Пастернак деген атақты ақынмен кездесуді ойлаған едім. Қазір оның қайтыс болғанына көп жыл болды, шамасы 30 жыл болған шығар. Соның үйін іздеп таптым. Онымен де ұзақ әңгімелестім. Сонымен атақты жазушылардың ішінен осы екеуімен ғана әңгіме дүкен құра алдым. Егер Шыңғыс Айтматовпен кездесудің сәті түскенде, онымен де әңгімелесер едім. Менің олармен кездесудегі мақсатым - совет жүйесіне деген қарсылығымды айту, яғни, қателесіп-қателеспегенімді ақылдасу еді. Алайда екеуі де мені ашық қолдады. Олар «Ойың дұрыс!» деді. Өзі бар ғой, совет идеологиясы деген оның ғылымы бойынша, ақша - тауар да, жұмысшы күші - тауар емес. Ал сонда қалайша тауар емес нәрсе тауарға ауысады? Совет ғылымы бойынша, ол солай. Ал оны мен түсінбеймін. Мұны зерттей берсем, бірнеше кітап болып шығады.

- Ленинградтан кейін қайда кеттіңіз?

 

- Одан кейін Қостанайда қара жұмыстар істедім. Өйткені, Марксизм, Ленинизм философиясынан, яғни, диалектикалық және тарихи материализм деген пәннен сабақ беріп жүріп, біздің айтып жүрген сабағымыз, шылғи өтірік, тек қана алдау, халықты ақымақ қылу амалы екеніне анық көзім жетті. Осыдан соң мен мұғалімдікті тастадым да, фабрикалардың біріне қара жұмысшы болып орналастым. Рудный қаласында монтер болып жүрдім. Болаттың рудасын таситын электро пойызда жұмыс істедім. Жалақы жақсы болды. Онда бір жылдай болдым шамасы. Еңбек кітапшамда бар, соны қарау керек. Кейін Германияда жүргенде оны КГБ агенттері қолға түсіргісі келді. Америкалықтарға дер кезінде ескерттім. Әлгі агент бақылауға алынды. Сол немістің мақсаты мен туралы мәлімет жинау болыпты. Менің еңбек кітапшамдағы деректердің шын-өтірігін тексеру екен. Білдің бе, бір жерден өтірігімді шығару болып тұр ғой. Сол кітапшам баспасөз беттерінде де шықты ғой.

Мен Германияға келгенде үлкен шу болды. Себебі мұнда мұнай-газ саласында істеген тұтқындар бар-тын. Ол кезде Кеңес одағы «біз тұтқындарды жұмысшы күші ретінде пайдаланбаймыз» деп сарнап жатқан болатын...

Менің соңыма төрт жыл бойы КГБ түсті. Бақылап жүрді, ақыры Қостанайда тұтқындады. Сонда таққан айыбы - біреулердің айтуы бойынша, мен Сталин мен Гитлерді теңеппін. Совет одағында жұмыссыздық бар деппін. Еңбекшілердің еңбегін жеу бар деппін. Яғни, капитализмге тән қанау бар деппін.

 

- Сөйтіп бас бостандығыңыздан айрылдыңыз ба?

 

- Иә, Қостанайда мен 1962 жылы қараша айында қамалып, содан кейін келесі жылы наурыз-сәуір айында сотталып кеттім. 7 жыл лагерде болдым. 3 жыл сүргін көрдім. Осылайша он жыл арқалап, Мордовия деген жерге айдалдым. Ол жер - қақап тұрған суық Сібірдің өзі емес. Ол кезде саяси лагерлердің орны жиі ауысып тұратын. Бір кездері ондай лагерлер Қиыр Шығыстағы Магаданда болушы еді. Одан кейін Терістік деп аталатын Воркута деген жерге ауысты.

- Сонымен сізді қай түрмеге жіберді?

 

- Мордовия түрмесіне келдім. Оның Дубровлаг деген тағы бір басқа аты бар. Лагерде отырғанда біздің әлгі қулар жасанды арақ ішеді. Ол былай жасалады. Мөбелде лақ болады ғой, яғни, сыр. Сол сыр кейде ағаштан алынған спиртпен қосылып жасалады. Кейде жеміс спиртімен әзірленеді. Ол ішуге жарамайтын сапасыз спирт қой. Оны сыр жасауға жұмсайды екен. Сол сыр келгенде біздің қулар шелекке құйып алады да оған су қосады. Аздап үстіне тұз тастайды. Осыдан соң кішкене тақтаймен араластырады. Араластырғанда шайыры ағашқа жабысады да, шелекте лай су қалады. Оны ішкен адам кәдімгідей мас болады. Ана бақылаушылар бар ғой, бізді күзетіп тұрған. Солар келіп әлгі лагерде отырғандарды не дейміз?

- Қылмыстылар.

- Иә, қылмыстылар, қылмыскерлер. Қылмыскерсымақтар ғой енді олар.

 

- Тұтқындар деп айтуға да болады.

- Иә тұтқындар. Тұтқындардан сұрап лагердің күзетшілері де ішеді. Бүгінде бұған сену, әрине, қиын. Сөйтіп арақ жасайды да ішеді. Бірақ кезінде лагерде отырғандар осындай жолмен арақ жасап іштегі шерін шығаратын болған. У қайнатып ішетін. Ол жерде отырғандар тіптен не ішпеді дейсің?! Сол жерде істеп жүргенде біздің бір бастығымыз, бригадиріміз болды. Бір бригадада 6-7 адам болады. Сол адам неше түрлі нәрсені ішеді-ау. Алкоголик болған адамның ішпейтіні жоқ екен. Бет сүртетін сулар болады, одеколон, иіс сулары дейміз бе, соларды ішеді. Алкоголь қосылған майлар болса, соларды да ішеді екен. Әйтеуір спирті бар нәрселердің барлығын іше береді. Бірақ денсаулығы мықты, өлмейді.

- Ауыр болмаса түрмеде өткен өміріңіз жайлы айтасыз ба, Мақа?

 

- Қамауда отырмын. Күнде қазақ жігіттері келеді. Тінтуге. Абақтының дәстүрі солай. Сенде өткір нәрсе болмау керек. Қалам, қағаз, қарындашың болмауы тиіс. Сонда мен қазақ жігіттерін сықақтаймын. Менен жасы үлкендеу бір бақылаушы жігіт бар еді. Оларды бақылаушы дейді, тұтқындарды бақылап жүреді. Сол айтады:

- Әй, қарағым-ау! Сен есіңнен ауысқан сияқтысың?

- А, неге аға?  Не бопты? - деймін мен.

- Сен қай жерде отырғаныңды білмейсің. Бұл жер қараңғы көрмен бірдей. Сен осыны түсінбейсің, жағдайыңа қарамай күлесің. Сен күлетін жағдайда емессің, - дейтін. Сөйтіп мені аяушы еді.

- Сонда сіз тұтқындамын, түрмеде отырмын деп ойламайсыз ма?

 

- Ойлаймын. Бірақ мен тұтқындағы өмірді жеңіл қабылдадым. Оны үйреншікті жағдай секілді көріп жүрдім. 32 жасымда Қостанайда қамалдым. 7 жылға қамалған едім. Бірақ сол 7 жылым бітпей жатып мені лагерде тағы соттады. Сонда таққан айыбы: тәртіпке бағынбайсың, жұмыстан жалтарасың, саяси сабақтарға бармайсың. Саяси сабақтар дегендері - полковник, майор атағымен бізді бақылап жүргендерге, яғни, «қызыл жағалыларға» бармайсың, бағынбайсың дегендері. Жаза уақыты бітуге 2 жыл 4 ай қалғанда Мордовия лагерінен Владимир түрмесіне айдады. Владимир қаласы Мәскеуден шамамен 200-300 шақырым жерде жатыр. Екеуін салыстырып қарағанда, бұрын жатқан Мордовия лагері Владимир түрмесінен курорт сияқты болды. Өмірде өзі, періштелер бар ма, жоқ па? Бар екен. Періште ретінде түрмеге бір дәрігер әйел келді. Түрмедегі қара нан мен қара судан менің асқазаным ауырды. Сол әйел мені қарап аяды да, түрмедегі госпиталға ауыстырды. Оған өкпесі ауыратын туберкулез адамдар ғана жатқызылатын. Ал басқа ауруларға, ішінен қан кетіп жатса да, қарамайтын. Есепке алмайтын. Содан әлгі сұлу орыс әйелі, не себепті екенін білмеймін, мені туберкулез деп жазды. Сөйтіп 9 ай госпиталда жаттым. Шыққан соң қалған 2 жыл 4 айды өтедім. Одан соң мені сүргінге жіберді. 3 жылға Комиге, Итжеккенге жөнелтті.

- Сонда жалпы қанша жыл қамауда болдыңыз?

 

- 1962 жылы қамалдым. 1969 жылы Владимир түрмесінен шықтым. Итжеккенде 3 жыл болдым, 1973 жылы босап шықтым. Барлығы 10 жылдан астам уақыт айдауда болдым. Алайда мен өз тағдырыма қайғырмадым.

Комиде темір жолда жүк тасушы болып істедім. Сонымен жүк тасушыдан аға инженер дәрежесіне дейін көтерілдім ғой. Себебі сауатты адам жеткіліксіз. Менің сауатым бар. Университетте математика, физикадан күшті болатынмын. Алдымен жүк тасушы, одан кейін слесарь болдым. Слесарь деген темір саймандармен жұмыс істеу, оны түсіру, түзету болатын. Менің жұмысымды компрессор станциясы дейді. Жерден газ шығады, мұнай шығады. Соны темір, болат түтіктермен орталыққа айдау. Батысқа сату. Осыдан соң инженер-экономист болдым. Содан кейін темір жол рельстерін жасайтын шағын зауытта мастер-бастық болдым. Сөйтіп тамақ тоқ, көйлек көк дегендей тамаша тұрмысқа ие болдым.

- Комиден кейін қайда бардыңыз?

 

- Комиден кейін Алматыға бардым. Бірақ онда тұру мүмкіншілігі болмады. Жақын туысым жоқ болған соң ондағылар паспортыма қарады да «сізге бұл жерде қиын болады» деді. Себебі, паспортымда саяси іске қатысты қамауға алынды деген белгі бар болатын. Паспорт ережесіне қатысты деп бірнеше цифрлар қойылыпты. Содан кейін не істеу керек? Оразақтың үйінде тұрдым. Онда қанша тұрасың? Жұмыс істеп, табыс табу керек. Жұмыс іздей бастадым. Қай жерде мұнай бар, газ бар деп жүгірдім. Қай жерден жатақхана беріледі, жұмысшы керек пе деп екі чемоданымды көтеріп жүріп Сургут деген жерге келдім. Сургут деген нағыз Сібірдің өзі. Сонымен өз еркіммен қайта Сібірге келдім. Ол жерде 50-60 пайыз ақша көп төлейді. Түркменстан немесе Қазақстанда ондай табысы көп жер таба алмайсың. Осылайша мен жаңадан басталған Байкал көлінен қиыр шығысқа дейін созылатын Байкал-Амур темір жолына барып жұмыс істедім. Онда айына 300-400 сом алып тұрасың. Бұл көп ақша. Алматыда мұндай жұмысқа 100 сом ғана төлейді. Харьковте 8 сағат дірілдеп, түтінге тұншығып жұмыс істегенде айына 100-130 сом әрең алатын едім. Сүргіннен босаған соң өз еркіммен жүре бердім ғой. Анда бардым, мұнда бардым. Кавказ бен Әзірбайжанға да бардым. Каспий теңізінде де болдым. Түркменстанға тағы барып бір түркменді таптым. Менімен бірге лагерде отырған бір түркменнің жақын досы. Өзі шал екен. Одан: «Мені шекарадан өткізе аласыз ба?» деп сұрадым. Ол: «Өткіземін» деді.

Ондағы ойым - Түркменстан арқылы Иранға өту. Шалға жолыққан соң оған «ойланып келейін» деп кеттім. Ойландым: «Ол олай етпейді. Еткен күннің өзінде басқаша істеді. Аларын алған соң мені оңаша бір жерге апарады да атып тастайды». Ойым дұрыс. Өйткені, кеңес шекарашыларының қолына түссең «сені кім әкелді?», «қалай жеттің?» деп тексереді. Түркмен өзі үшін қорқады. Сондықтан оған ақшаны алу, одан соң адамды құмға апарып, атып тастау тиімді. Дереу ол ойымнан айныдым да, Қара теңізге тартып отырдым. Бір қырдың басына шығып алып дүрбімен күні бойы теңізді бақылап отырамын. Сездім, тезірек кету керек. Кетпесем, тағы да отырғызады. Сөйтіп түрмеде жатып өлемін. «Есің барда еліңді тап» дейді қазақ. Ал керісінше мен елден кетіп барамын. Керек бір жерді табу қажет болды. Осылайша ойланып, Дагамыс деген Ресейдің Қырымдағы жеріне бардым. Күнде дүрбі салып қарап отырамын. Мен түрмеде отырғанда ақылымнан адаспау үшін ермек тапқан едім. Қағаздан бір адамға арналған сүңгуір қайықтың жобасын жасағанмын. Түрмеден шыққан соң теңіз арқылы шетелге қашу үшін.

Күнде таудың басына барып қарап отырамын. Теңізге жағалаудан шамамен 15-20 шақырым жерде күнде бір қайық барып тұрады. Балықшыға ұқсамайды. Менің түсінгенім, ол жерге теңізді бақылайтын арнайы құрылғы орнатып жатыр. Теңіз арқылы ешқайда кете алмайтынымды түсіндім. Басқа жол іздеу керек. Мәскеуде өзіммен бірге отырған бір жөйт ақыны бар еді. Соның үйіне барып қонатын болдым. Тағы бір жолы барсам, үйінде бейтаныс әйел отыр. Ол жөйт әйел екен. Досым өзінің қонағына менің жайымды түсіндірді. Әйел сұрады: «Сіз қайда жұмыс істеп жүрсіз?» деп. Мен «Ухтада» дедім. «А, Ухтада ма? Бізге Харьковке келіңіз. Онда келіп жатқандар көп. Сол жерден сізге бір әйел табамыз. Сіз оған «үйленесіз», сосын кетесіз» деді әлгі әйел. Мен тура солай істедім. Бұл туралы орыс тілінде әңгімелерім де бар. Қалай кеткенім туралы сонда жақсы баяндалған.

- Сөйтіп еврей әйелге үйлендіңіз бе?

- Иә, жөйт әйелге «үйлендім». Ол былай болды. Үйлендім, тіркелдім. Осыдан соң менің атыма Израильден шақыру қағазы келуі тиіс болды. Көп күттік. Ақыры біреуі келді. Сөйтсек одан бұрын төртеуі келген екен. Тек бесіншісін ғана тапсырыпты. Олар КГБ-ден тексеруден өтіп отырады ғой. Содан маған шетелдіктердің виза мәселесін шешетін бір әйел: «Қазір біреуді шақырамын отырыңыз» деді. Бір еркек келді. Ол айтты: «Израильде не бар сізге? Қазақсыз, әйеліңіз болса украин» деп. Мен: «Мәселе кімнің кім екенінде емес. Кетейін деп отырмын. Мен - Совет өкіметіне сыймайтын адаммын. Мені қамаңдар, не болмаса жіберіңдер» дедім. Сонымен күрес басталды. Бүркенші емес, өз атыммен жүрмін. Мені олар жақсы білді. Сонымен не керек, Совет өкіметінен бас тарту үшін адам басына 700 сомнан төлеу керек екен. 2100 сом бердім де виза алдым. Өзіме, «әйеліме» және оның кәрі шешесіне. «Әйелімнің» әкесі - орыс,  шешесі - украин. Бірақ олар некеде болмаған. Ал оның 10 жастағы баласына ештеңе керек емес екен. Сөйтіп төрт адам жолға аттандық. Мен Венада қалып қойдым да олар ары қарай Израильге жүріп кетті. Бұл 1979 жылдың қысы болатын. Желтоқсанның бесі күні Венаға келіп түскенбіз. Сен Совет адамы болғанда бұл күнді ұмытпас едің, бұл күн сталиндік конституция күні болатын.

 

- Ал сол жерден Мюнхендегі «Азаттық» радиосына қалай тап болдыңыз?

 

- «Азаттық» радиосын бұрын естімеген едім. Итжеккенде жүрген адамға ондай радио тыңдау қайда?!. Әйткенмен кейін оның орыс тіліндегі хабарларын естігенім бар. Бірақ қазақ тілінде хабар тарататынын білмейтінмін. Сонымен мен Венада Америкаға кету үшін виза күтіп жаттым. Елден кеткенде мына мәселені жоспарладым: Шетелге шығамын, бір теңіз портына жетемін. Сонда Америкаға баратын кемеге жұмысшы болып жалданамын. Ол мені Америкаға апарып тастайды. Америкада фабрикаға жұмысқа орналасамын. Ағылшын тілін үйренемін. Тіл үйренген соң өз жолымды табамын деген мақсат қойғанмын. Мюнхенде «Азаттық» радиосы барын, оның үстіне, қазақ тілінде хабары барын өмірі естімегенмін. Сонымен қалай болғанын өзім де сезбей қалдым, сол жердегі қазақтар арқылы «Азаттық» радиосына келдім.

- Америкаға неге кетпедіңіз?

 

- Америкаға кету жоспарымды өзгерткенім былай болды. «Келіп радиомен таныссын» деп арнайы Венадан мені Мюнхенге шақырды. Танысып көрейін деп Мюнхенге келдім. Келген соң радиоға сұхбат бердім. Сосын Кук деген кісі осында жұмыс істеуім туралы ұсыныс жасады. Алдымен ойландым, сосын Наташаны кездестірдім. Ол ұнады... Осылай қалып қойдым. Яғни, мен арнайы түрде «Азаттық» радиосынан жұмыс іздеп Мюнхенге келген жоқпын. Бұл 1980 жылдың маусым айы болатын.

- Сіздің Кеңес одағынан қашып шыққаныңыз туралы кезінде еуропалық баспасөздер жазды ма?

 

- Жалпы мен туралы аз жазылған жоқ. Францияда шығатын «Баспасөз кеңесінде» де шықтым. Онда тіпті өз мақалаларым да француз тіліне аударылып жарық көрді. Орысша да басылды.

- Кешіріңіз, сіз үйленіп пе едіңіз?

 

- Мен 28-ге дейін үйленбедім. Қалайша үйленесің... Одан кейін үйленуге жағдай болмады. Қырғи қабақ салқын соғыс кезінде шетелдерді паналап жүрген совет азаматтарына қауіп-қатер көп еді. Америкалықтар олар үшін ешқандай қауіпсіздік шарасын істемеді ғой. Мәселен, орыс-казактарының шетелде қалған Власов деген белсендісі болған. Бұлар коммунистерге қарсы соғысқан. Америкалықтар соларды Совет одағына тұтас тапсырып жіберді ғой. Соғыстан кейін Батыста совет елдерінен қалған қазақтар болсын, өзбектер болсын, кез-келген азаматын өлтіре салу оп-оңай болды ғой. Совет босқындарын аман алып қалу жағы ойластырылмады.

Радиоға жаңадан келіп орналасқан кезім, бір күн Наташа екеуіміз Чехословакия шекарасына өттік. Байқасақ, шекара белгісі тұр екен. Көрейін деп жақындап бара жатыр едім, неміс шекарашысы шыға келіп: «Мына жерден әрі барсаңыз, біз сізге жәрдем көрсете алмаймыз. Себебі бұл - Чехословакия жері. Жақында осындай тәртіп орнаған» деді. Тіпті бір адамды қызылдар келіп сүйреп алып кетті.

Берлинге бардық. Батыс Берлинді француздар, ағылшындар, америкалықтар бөліп алған. Сол жерде тілесең, шекарадан өтіп, советтер жағына бара бер. Америкалықтар: «Ей, қайда барасың?» деп сұрамайды да.  Тіпті құжат көрсет деп те айтпайды. Егер өзің керек қылсаң: «Мен ар жаққа кетіп барамын, құжатым міне. Пәлен күні қайтам» деп айтасың. «Егер келмесем, мені іздеңдер» деп айтпасаң, америкалықтар біреудің кетіп жатқанына мән бермейді. Сөздің қысқасы, Шығыс Берлиннен Батыс Берлинге КГБ тыңшылары емін-еркін жосып жүретін. Олар осыны пайдаланып, соғыстан қалған совет елінің көптеген адамдарын өлтіріп кетті. Керек дегендерін қайтарып алып кетті. Берлинде «Қайда барасың?», «Кімсің?» деп тексеретін тек қызылдар жағы ғана болды.

Оразақ ертеректе Алматыда тараған бір сыбыс туралы маған айтқаны бар еді. Қазақстаннан екі КГБ қызметкері Германияға келген. Олардың біреуі Қамалиддинов, екіншісі жас қазақ офицері көрінеді. Олар берілген тапсырма бойынша мені алып кетпек болған. Ол кезде Еуропаға келіп, адамды ұрлап алып кету түк емес. Адамды көлікке тығып жіберді ме, бітті. «Қайда апара жатырсың? Документі қайда? Ол кім?» деп сұрамайды. Еуропаға өту үшін Берлинге барудың да қажет жоқ. Мына Чехословакияға бар да, өте бер. Қай жерде қызылдармен шекара бар, сол жерден адамды алып жүре бересің. Мені іздеген әлгі екеу Германияға келді ме, оны мен білмеймін. Бірақ мен бұл тапсырманың болғанына сенемін. Себебі «Правда», «Известия» газеттері мен туралы жазып жүрді ғой. Сол газеттер әлі күнге дейін бар, сақтап қойдым.

Мен қазір аурумын, бірақ тәуір болам деген үмітім бар. Денсаулығым жақсарса, соларды бір ретке келтірем бе деген ойым бар. Әй, бірақ зақым ауыр. Көпке шыдай алмаймын. Денсаулықты түзеуге арналған нұсқаулықтар бар екен. Соны меңгеріп алу керек. Талай дәрі алмасты ғой. Күшті-күшті дәрілер.

- Қазір денсаулығыңыз қандай?

 

- Жасыратыны жоқ, аурудың аты - ауру. Шынын айтқанда, мен о дүниеге дайындалып жүрмін.

- Құдай сақтасын!

 

- Ә, енді мен саған айтайын, тірі қалу мақсат емес. Мюнхенде мына тау жақта, атын атамай-ақ қояйын, көп адам өзін-өзі өлтіріп жатады. Ауа ауысқанда немісше «фөн» дейді ғой. Әсіресе ыстық күндері бір түрлі ауа болады, адам оны көтере алмай өз-өзіне қол салады екен. Кейде мен де сондай ойға оралатын едім. Бірақ кейін аурудың қысымы басылып, жеңілдегенде өлуге әлі ерте екен деп оны істемей-ақ, қояйын деген ойға келемін. Қайтесің енді, оның үстіне, әйелім Наташаны жалғыз қалдырғым да келмейді. Оның көз ауруы бар. Жақсы көрмейді. Оған ем іздеп Америкаға тоғыз рет бардым. Өкінішке қарай емі табылмады. Алайда ауруды басатын, көздің ауруын ары қарай асқындырмайтын біраз ем-домдар бар. Соған қарап келешектен үміт күтіп отырмын. Әрине, адам еріккеннен істемейді, о дүниеге өз еркімен кім кетсін! Бірақ кейде аурудың қысымы өте қатты болса, көтеру қиын болады екен.

- Тағдырыңызға өкінесіз бе?

 

- Оған еш өкінбеймін. Мен мұғалім болып жұмыс істей бергенде жүйкем әбден тозар еді. Неге? Себебі мен өз-өзіме айтып жүрдім: «Сен мұғалімдікті қой! Сен өз ұжданыңды сатып, асыранба. Одан да фабрикаға барып жұмыс істе, адал еңбек ет. Ешкімнің алдында ұялмайсың, қызармайсың. Адал еңбегіңмен адал наныңды тауып жейсің!» деп. Ақыры  мұғалімдікті тастадым.

- Сіз Кеңес одағы кезінде нақақтан нақақ айыпталдыңыз, сотталдыңыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ақталдыңыз ба? Бір кезде сіздей айыпталып, сотталып, тіпті атылып кеткен Алаш қайраткерлері ақталды ғой?

- Алматыда болсаң, осыдан оншақты жыл бұрын ғой деймін, «Юридический вестник» деген газетте шыққан. Сонда маған не үшін, қандай айып тағылғаны турасында толығырақ жазылған. Мақала қорытындысында «Махмет Құлмағамбетов жазықсыз айыпталып, 10 жылға қамалды, енді Жоғарғы соттың үкімімен ақталды» делінген. Ақталуыма белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбегі болған деп естідім. Ол - апырым-ай деймін, күшті адам. Беделді адам болған соң оның айтқанына құлақ қойған болар. Коммунистердің әдеті де баяғы, алдымен адамды айыптайды да, атып тастайды, сосын барып ақтап жатады. Сол сияқты мені 10 жылға отырғызды да кейін ақтады. Қазір мен - ақпын. Ақталдым! Қазақстан тәуелсіздік алған соң ақталдым!

 

 

«Қазақ альманағы» №3(7)

Мамыр-маусым 2010 жыл

 

0 пікір