Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3612 0 пікір 3 Қараша, 2016 сағат 12:45

Шымкентте облыстық жастар форумы өтті

Шымкент қаласында  «Болашағы жарқын Оңтүстік жастары» өңірлік жастар форумы өтті. Шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев, аудан, қала «Жастар ресурстық орталықтарының» жетекшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар комитеттері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаттары, республикалық, облыстық жастар ұйымдары мен  облыстағы белсенді жастар және БАҚ өкілдері, барлығы 400-ге жуық азамат қатысты.

Жастар форумының жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев  кез келген мемлекеттің дамуы мен экономикасының өсуі жастардың қатысуынсыз  мүмкін еместігін айтып, болашағымыз  жастардың қолында екенін жеткізді.

Облыстық жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған форумда еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен ауыл жастарын бизнеске тарту, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Жиын барысында осы жылдың 1 желтоқсан күні Астана қаласында өтетін республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысынан 102 делегаттың баратыны анықталды. Сонымен қатар, жылдың үздік сала мамандары облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, үндеу жарияланды.

Кездесу соңында жастар әкімге кәсіпкерлікпен шұғылдануға қолдау көрсету, шетелдік оқу орындарына грант бөлу, мемлекеттік қызметте сатылай өсу сынды бірқатар сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде өскелең ұрпақтың болашағы үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жасалынып, келешегіміз - жастардың болашағына инвестиция салынып жатқанын айтты. Бос уақытты тиімді өткізу керектігін айтқан әкім жастарды спортпен айналысуға және егемендігіміздің 25 жылдық мерейтой құрметіне әрбір жасты бір түп ағаш отырғызуға шақырды. Сондай-ақ, мұндай маңызды басқосуларды жылына екі рет ұйымдастыру қажеттігіне тоқталды.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы жастар саны 800 мыңға жуық азаматты құрайды. Бұл өз кезегінде республикамыздың кейбір облыстарының жалпы халқының санынан да жоғары екенін көрсетеді.  Ал облыстағы 12 жоғары және 91 орта арнаулы оқу орындарында жалпы саны 138 мың студент білім алуда. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатында 23 мың жастар мүшесі бар.

Abai.kz

 

0 пікір