Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6271 0 пікір 9 Қараша, 2016 сағат 12:56

ТІЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ ҰҚСАСТЫҚТАР ТУРАЛЫ

«Ертеде дүниедегі адамдардың бәрі бір тілде сөйлеген екен» деп келетін аңыз бар еді. Тілдердің ұқсастықтарына назар аударар болсақ, осы аңыздың шындыққа жанасатын тұстары бар сияқты. Тілдердегі өте ертеден сақталып қалған кейбір жұрнақтар осы болжамды айғақтайды.

«-р» жұрнағы:

Қазақ тіліндегі «Қыз қуар», «бет ашар», «той бастар» қатарлы сөздердегі «-р» жұрнағының мағынасы мен атқаратын қызметі кейбір басқа тілдердегі «-р» (кейде «-ар» «-ер», «-ор») жұрнағымен ұқсас. Мысалы, «директор» сөзі «қағазға жазу, шешім ету» деген мағана беретін «директ» сөзіне (яғни етістікке) «-р» жалғауы жалғану арқылы жасалыпты. «профессор» сөзі де “серт беру” дегенді білдіретін етістік “професс” сөзіне “-р” жалғауы жалғану арқылы жасалған екен. Жоғарыдағы осы екі мысалдың екеуі де етістікке “-р” жалғауы жалғану арқылы жасалып тұр (бейне қазақ тіліндегідей ---- “қыз қу + ар”, “бет аш + ар”, “той баста + р”).  

 

“-ал” жұрнағы:

    “көг+ал”, “бауырм+ал”, “саум+ал”, “жұғымт+ал”, “ұрымт+ал” сөздеріндегі “-ал” жұрнағы бір нәрсенің ең алдымен жеткізілмекші болған ерекшелігін жеткізіп тұр (“көг+ал”, - алдымен көрінетіні көк түс, “бауырм+ал”, алдымен айтарлық мінезі бауырға тартқыш,  “саум+ал” - алғаш сауыла салған қалпындағы, ешқандай өңдеуден өтпеген сүт ...тб ...). Төмендегі мына шетел сөздеріндегі “-ал” жұрнағы да тура осы қазақ тіліндегідей қолданылыпты, қараңыз: “сигнал”, “натурал”, “универсал”, “максимал”, “капитал”, “журнал”, “глобал”, “сристал”. Осы сөздердің соңындағы “-ал” жұрнағы мен Қазақ тіліндегі “-ал” жұрнағының грамматикалық қызметі құйып қойғандай ұқсас. “сигн + ал”-дың алдындағы “сигн” Қазақша “белгі” деген мағанада, яғни заттың өзіне тән мәлім бір белгісін алдымен көзде ұстаған. Сол сияқты “глоб + ал” - жер шарын алғы шарт еткен. “максим+ал” - ең үлкен болуы алғы шарт, тб... Өстіп жалғасып кете береді.

 

“-ия” жұрнағы:

Осы “-ия” жұрнағының мағанасы қазақ тіліндегі “ие” сөзінің беретін мағанасымен ұқсас, мысалы, “Германия - германдар иелік ететін”, “Португалия - Португал иеленген” дегенді білдіріп тұр. Бұл ұқсастық бәлкім кездейсоқтық болар, олай дейтініміз “ие” сөзінің көне нұсқасы “іге” еді, кім біледі, өте ерте заманда осы “-ия” жалғауы мен “іге” сөзі бір тектен шыққан болар? Сондықтан бұл кездейсоқ емес нақ іс болуы да ғажап емес. Бағзы замандарда “ие” мағанасын берген осы “-ия” жалғауы дами келе абстракт ұғымдағы сөздерге де жалғана бастаған. Мысалы, география - жерді сызбаға түсіретін ғылым, биология - өсімдікті зерттейтін ғылым... ...

 

“-к, -қ” жұрнағы:

    “аш+ық” - ашылып тұрған, “жаз+ық” - жазылып тегіс тұрған, “оз+ық” - озып кеткен, “көр+ік” - көрініп тұрған, “аз+ық (этимоны “ас+ық”)” -  ас боларлық, тб... Яғни  “-қ, -к” жұрнағы өзінің алдындағы сөзді сын есімге айналдырып тұр.

    Осы “-қ, -к” жұрнағына ұқсас жұрнақ басқа тілдерден де кезігеді, мысалы: “электр+ик” - электірленген, “публ+ик” - бұқараланған, “орган+ик” – органикаланған, тб... Мұнда да “-к” жұрнағы өзінен бұрынғы сөзді сын есімге айналдырып тұр.

    Осы арада “республика” сөзіне тоқтала кетейік: “Респулика” сөзінің түп нұсқасы әсілі “республик” еді, “рес+публ” ды “халық ісі” деп түсіндіріп жүр. Қазақ тіліндегі “-к” жұрнағына берілген жоғарыдағы анықтаманы “республ+ик” сөзіне де қолданар болсақ, бұл “республ+данған”, яғни “халықтанған” дегендік болып шығады, қысқашасы “халықтық”, яғни “Халықтық Қазақстан” дегенді білдіріп тұр. Әзірге дейін Қазақстанның мемлекет атауы тарихтағы “Қимақ мемлекеті”, “Моңғол ұлысы”, “Қазақ хандығы” деген сияқты тіркестер негізінде “Қазақ республикасы” делініп келді, бірақ та бұл арада “республика” деген сөздің мемлекеттің  қандай түзімде екендігін білдіруге арналғандығын, яғни анықтауыш  болуы керектігін ескеру керек, бейне “феодалдық қоғам, капиталистік мемлекет, социалистік Қазақстан” дегендер сияқты мемлекет атауы “Республік Қазақстан” болуы керек (назар аударыңыз: “-лик” емес “-лік”).

 

“-тық, -тік, -дық, -дік, -лық, -лік” жұрнақтары:

“күз+дік” - күз мезгіліне тән, “ас+тық” - ішер асқа тән дақылдар, “бала+лық” - балаға тән, “егіс+тік” егіс атызына тән, “қала+лық” - “қалаға тән, тб ... Осыған ұқсайтын шетел сөздері: “догма+тик” - догмаға тән (қазақ тілінде “а” дыбысы өзінен кейінгі “т” дыбысын “л” дыбысына өзгертіп “догмалық” болған). “Теоретик” - теореалық зерттеуге тән. “Антибиотик” - антибиоға тән. Демек Қазақ тіліндегі “-тық, -тік, -дық, -дік, -лық, -лік” жұрнақтарының сөздегі қызметі еуропа тілдеріндегі “-тик” жұрнағымен ұқсас болып шықты. 

PS. Бұл мақалаға интернеттен үзіп-жұлып материалдар пайдаланылды, тіл мамандарының сынын көтеріп кете алуы нағайбыл, сонда да “көлденең көзіміз көреген” болып жүрсеші деген дәменің түртпегінде оқырманға ұсынып отырмын.

Уәлихан Ғабиденұлы

Abai.kz

0 пікір