Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 5215 0 пікір 25 Шілде, 2016 сағат 17:51

«ТӘУЕЛСІЗДІК КӨПІРІНІҢ» КӨМЕГІМЕН МАҚТАРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІ АРТТЫ

360 мыңға тарта тұрғыны бар Мақтарал ауданын облыс орталығымен байланыстыратын бір ғана жол – Сырдарияның үстінен салынған көпір. Жергілікті халық оны «Тәуелсіздік көпірі» деп айтады. Кеңес одағы тараған тұста аралда қалғандай болған аудан жұртшылығы облыс орталығымен Өзбекстанның аумағы арқылы өтіп барып, байланысатын. Қазір осы көпір – негізгі жол. Соның көмегімен 25 жылдың ішінде Мақтарал ауданының әлеуметтік-экономикалық өсімі артты. Сырдарияның жағасындағы Азаттық аулы бұрын «Правда» деп аталатын. 100-ге жетпейтін түтін бар еді. Ыңғайластырып салынған мектепте балалар сығылысып отырып, сабақ оқыды. Қазір заманға сай үлгідегі мектебі бар. Тұрмысы түзу ауылда тұрғындар қатары мыңға жетіпті. Айналысатын кәсібі бар. Азаттық ауданға кіре беріс қақпа іспетті. Бұл туралы khabar.kz порталы жазады.  

Саттарқұл Тәңірбергенов, Азаттық ауылының тұрғыны -Алматы, Астана мен Шымкент секілді үлкен қалаларға осы біздің ауыл арқылы өтеді. Бұрын біздің ауыл шетте қалған ауыл еді. Қазір Аллаға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында ең күшті қақпа ауыл атанып отыр.

Азаттықтың ажарлана түсуіне Тәуелсіздік көпірінің салынғаны сеп. Ауылдың іргесінде логистикалық орталық тұрғызылуда. Ауданда өсірілген 700 мың тоннаға жақын көкөніс пен қауын-қарбызды күндіз-түні таситын көліктер осы жерде жиналады. Ал 25 жыл бұрын көліктің көбі көрші мемлекеттің шекарасы арқылы кезек күтіп, әрең өтетін.

Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі -Ол кезде кешкі сағат6, 8-де жауып қоятын. Егер сол уақыттан кешіксек біз Сарыағашта, Келесте, басқа жерлерде жататынбыз. Сондай бір өте қатты қиын жағдайлар болды. Міне осыны ескерген Елбасы ең бірінші Тәуелсіздік көпірін салды.

Мақтарал даму үстінде. Жалпы ішкі өнімі 25 жылда 644 миллионнан 112 миллиард теңгеге өсті. Былтыр 220 мың тоннадай мақта жиналды. Ауыл шаруашылығы алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету және көршілерге тәуелділіктен арылу үшін 14 миллиард теңгеден асатын қаржыға Сырдариядан сорғымен су тартатын кешен салынды. Биыл Жетісайдағы бір мектептің 40 оқушысы «Алтын белгі» иегері болды. Көлік көп жүретін жолдың бойына Алпамыс батырға биік ескерткіш тұрғызылған.

Бауыржан Оңғарбаев, кәсіпкер -Бұл ескерткіш өзімізден кейінгі ұрпақтың, елдің азаматтарының рухын көтереді. Рухы биік ел ешқашен жаман болмайды.

Ұлыларды ұлықтамасақ, қайдан ұлы ел боламыз. -Дәмі тіл үйіретін Мырзашөлдің қауыны мен қарбызы қазір Ресей мен Беларусьтің нарығын жаулады. Бұл – жер емген мақтаралдық диқандардың маңдай тері.

Abai.kz

0 пікір