Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Билік 4877 0 пікір 9 Тамыз, 2016 сағат 09:27

ҚАЛЫҢ ҚАЛАЙ, МЫҢЖЫЛДЫҚ ҚАЛА - АЛМАТЫ?

Биыл Алматының 1000 жылдық мерейтойы атап өтілетінінен хабарымыз бар. Елбасы шаһар әкімін жақында қабылдаған болатын. Түсінікті, әрине. Алматыны Тәуелсіздік бесігі дейміз. Сондықтан, ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихындағы шаһардың орны ерекше бөлек. Сосын өзінің мыңжылдық тойы, келер жылғы Универсиада ойындары, бәрі-бәрі Алматы билігі үшін де, алматылықтар үшін де үлкен жауапкершілік. Оңтүстік астанамыз болғандықтан да, Қазақ Елі үшін маңызды стратегиялық нысан болғандықтан да, Алматының әлеуметтік-экономикалық жағдайын Президенттің үнемі назарда ұстағаны дұрыс. Себебі, Алматы – Елордадан кейінгі бүкіл республика өңірлері үшін тіршіліктің барометрі. 

Облыс, аудан орталықтары Астанаға қарап бой түзесе, Алматыға қарап ой түзейді. Бұл күндері жергілікті қазақтар да, шетелдік жұмысшы күштері де Алматыға үйірсек. Неге? Өйткені білім ордалары да, тамаша мәдениет ошақтары да, бизнес те, бизнесті ашу мен жүргізуді қолдау мен бизнеске жеңілдіктер жасау да, құрылыстар да, тұрақты айлық-қаражат та, жаңа жұмыс орындарына қатысты нәтижелі жұмыстар да – бәрі осында.

Қарап отырсақ, жұмыссыздықтың өсіміне жол бермес үшін және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы тұрғындарды жұмыспен қамтудың Кешенді жоспары даярланыпты. Жоспар аясында 30000 адам жұмыспен қамтылмақ көрінеді. Жұмыспен қамту шаралары 8160 жұмыссызды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік берді. Бұл – жұмыспен қамту орталықтарына өтініш бергендердің 85,8 пайызы екен. Жекеменшік серіктестігін дамыту бағытында бизнеспен жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын меморандумға қол қойылыпты.

Бүгінгі әлемнің даму жылдамдығы аз уақыттың өзі де біраз істің, жобаның басталуына жеткілікті мерзім екенін дәлелдеді. Бастысы, қажетті тренд қалыптастыруға болады. Осы тұрғыдан қарағанда шаһар басшылығының қысқа мерзімде жеткен жетістігі біршама. Қала басшыларының ұтқан жері – қала тұрғындарымен ашық диалогты қалыптастырғаны. Барынша ашық, айқын жұмыс істеуге талпыныс қоғам тарапынан да құпталғанын аса маңызды деп бағалаған жөн. Алматы үшін маңызды құжаттардың барлығы сарапшылар мен қала тұрғындарының талқылауына шығарылғаны есімізде. Мұндай жұмыс тәсілі сөзсіз тиімді болмақ. Мәселен, «Алматы - 2020» бесжылдық даму бағдарламасы 8 мыңнан астам адам қатысқан 19 диалог алаңында талқыланған, ал әкімшілік сайтына 500-ден астам ұсыныс түскен. Бұл азаматтардың қаланың дамуына бей-жай қарамайтынын көрсетіп отыр.

Бүгінде алып шаһар Алматы еліміздің мәдени, экономикалық орталығының бірі ретінде ғана емес, болашағынан зор үміт күткен жастар қаласы болып табылады. Сондықтан, жастар мен олардың әлеуметтік мәселелері толықтай шешілмесе де, қала басшылығының ерекше назарына ие болғандығы қуантады.

«Өзім жастарға қатысты біраз маңызды проблемаларды көтергендіктен осы саладағы жұмыстарды үнемі бақылап жүрмін, оған қатысты ақпараттар қарастырдым. Жас отбасылар үшін маңызды мәселенің бірі – балабақша кезегі болатын. Өйткені, ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмыс істеуі отбасы бюджетіне көп әсер етеді. Осы жылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 920 орынға арналған 4 мемлекеттік балабақша ашылыпты. 3 мыңнан астам баланы қамтитын 100-ге жуық жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар өз жұмысын бастап кетіпті. Жалпы, 3 және 6 жас аралығындағы балабақша кезегі 16%-ға қысқарған. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасатынына сенімдімін»,- дейді әріптесіміз Руслан Желдібай.

Ашық дерек көздеріне жүгінетін болсақ мектепке дейінгі ұйымдарға деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында жеке инвесторлар есебінен биылғы жылдың соңына дейін 220 орынға арналған тағы екі балабақшаны пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ коттедждерде жекеменшік балабақшаларды ашу жұмыстары да жақсы нәтижелерге жеткізуде. Айта кету керек, тек жекеменшік балабақшалар ашудың нәтижесінде 4569 жаңа жұмыс орны ашылған.

Қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайына балабақша төлемақысының көлемі де әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл тұрғыдағы құптарлық шешім балабақшаларды субсидиялауға 3 млрд теңгенің жұмсалуы болып отыр. Өйткені сол арқылы 3-5 жас аралығындағы 17 мың баланың ай сайынғы балабақша үшін төлемі 38 мыңнан 15 мың теңгеге дейін екі есе қысқарды. Әкімдіктің бұл шешімі, әсіресе, жас отбасылар үшін үлкен әлеуметтік жәрдем болғаны анық.

Елімізде жас отбасыларды толғандыратын сұрақтарының бірі – жеке баспанасының болуы. Әсіресе, Алматы сынды мегаполисте жас отбасылардың тұрғын үй алуы өзекті мәселе. Бұл мәселе де назардан тыс қалмапты. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 17,6 млрд теңге бөлінген. Осы бағдарлама арқылы 834 пәтерлі 13 тұрғын үй салынады, ал «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша 2016 жылы 65 тұрғын үйді беру жоспарланып отыр. Жылдың соңына дейін «жас отбасылар» категориясы бойынша 416 пәтердің кілті иелеріне тапсырылу көзделген. Сонымен қатар 2017 жылы өтетін Универсиада ойындарын өткізу аясында салынып отырған «Отлеттер қалашығында» бой көтерген үйлердегі 1800 пәтердің әр түрлі санаттағы қала тұрғындарына берілетіндігі қуантады. Әрине, жақсы көрсеткіш, дегенмен Алматыдағы кезектің, әрі мұқтаж отбасылардың санын ескерсек, бұл бағытта әлі біраз жұмыс жасау керек.

- Жастардың әлеуметтік жағдайы ұдайы назарда тұрғаны абзал, - дейді қоғам белсендісі Дәурен Бабамұратов. – Еліміздің аймақтарынан мыңдаған жастардың Алматыға жұмыс іздеп келетінін білеміз, ал оған жоғарғы оқу орнын бітірген соң қалада қалғысы келетін студенттер санын қосатын болсақ бұл тіпті ауқымды проблема екенін түсінеміз. Сондықтан, қала әкімдігі тарапынан жеке кәсіпкерлікті қолдауға байланысты 3,2 млрд. теңгенің бөлінгені жас кәсіпкерлерімізге үлкен қолдау болатыны сөзсіз. Азаматтарды жұмыспен қамтуға қатысты 2016 жылға арналған кешенді жоспар бойынша 30 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту қарастырылған екен. Мұнда ең бастысы, Алматыдағы жұмыссыз жастарға қатысты жеке әлеуметтік зерттеудің қажеттігін баса айтқым келеді. Яғни, қалада тіркелмей жұмыс істеп не жұмыссыз жүрген жастардың нақты санын, олардың білім деңгейін, әлеуметтік жағдайын нақты білуге бағытталған жоба болғаны жөн деген пікірдемін. Бұл арқылы жастардың мәселелерін тиімді шешу жолдарын қарастыруға болады.

Жалпы алғанда, Алматы мыңжылдық мерекесіне осындай ауқымды шаралар аясында аттағалы отыр. Алматылықтардың жайлы тұрмысы үшін үлкен жобалар қарастырылып жатқаны қуантады. Ең бастысы алған бағыттың, жұмыс істеу принципінің дұрыс екендігі үміттендіреді.

Жомарт Қасым

Abai.kz

0 пікір