Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
ШОЛУ 12956 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 11:36

"ЖАУ ЖАНЫҢНАН ТАБЫЛАДЫ, ДОС АЛЫСТАН КЕЛЕДІ"

Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Польша мемлекетіне ресми іс-сапармен барғаны әмбеге аян. Сапар барысында құны 850 миллион долларды құрайтын 17 келісімге қол қойылды. Мемлекет басшылары бұл жолы бірқатар инвестициялық жобаларды бірлесіп атқаруға, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты арттыруға әм транзиттік әлеуетті нығайтуға келісім жасасты.

Рас, бұл келісім Польша үшін ЕАЭО арқылы ОА, Қытай, Үндістан мен Иран нарығына шығудың таптырмас жолы. Дәл осы жолғы келісімдерден Қазақстанның да ұтары көп екені нақ. Десе де әңгіменің "көкесі" бұл емес.

Польшаға сапары барысында саясаткерлерінің қитұрқы сұрағына ҚР Президенті былай деп жауап берді.

«Сіздерде «достар алыстан келеді, ал дұшпан қасыңнан табылады», деген мақал бар екен. Біз енді алыстан келген соң, әрқашан сіздермен бірге жұмыс істеуге даярмыз»,-деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.

Осы бір поляк мақалын "тәпсірлеп" тарату үшін пал ашып, болжам жасамай-ақ, Дүниежүзілік картаға қарасақ жетіп жатыр. Картаға қарасақ, РФ - Польшаға жақын мемлекет. Біз - шалғайдамыз. 

Алыс пен жақынның поляк халқы үшін қандай маңызға ие екендігін ескерте келіп Назарбаев Қазақстан үшін көптеген елдермен байланыс орнатуға кедергі келтіретін Ресейдің шекаралық позициясы екенін ашық білдіріп:  

«Менің айтпағым, экономикалық ынтымақтастықтың күрделі тұсы – транспорт. Қазақстаннан - Польшаға, Польшадан - Қазақстанға қалай қатынауға болады?! Қалыптасқан бағыт ол – Ресей арқылы. Сондықтан біз үшжақты келісімге келуіміз керек»,-деді. Өкінішке орай тағы да екеуара байланысқа бейтарап Ресей кірісетін болады. Дәлірек айтсақ, Польшадан - Қазақстанға, Қазақстаннан - Польшаға қатынайтын тауарды Ресей өз территориясы арқылы өткізіп, содан пайда көрмек.

Одан кейін екі ел Президенттерінің поляк кәсіпкерлерімен кездесуі барысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы да сөз болды.

«Мен білемін, Польшаға біздің Еуразиялық экономикалық одақ ұнамайды. Ол одақтың инициаторы менмін. Менің естуімше, «Ресей бұрынғы Кеңес одағын қайта құрып жатыр» деген әңгімелер бар. Мен айтайын сіздерге. Кеңес одағының құлауына кейбіреулер қатты уайымдап жатса, уайымдап жатқан болар. Ал оны қайта құрғысы келетіндердің бастары жоқ. Себебі бұл мүмкін емес»,-деп кесіп айтты Елбасы.

Ал осыдан сәл ертеректе Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин «Кеңес одағын ыдырату идеясы – біздің ғасырымыздың ең ірі геосаяси қателігі болды»,-деп мәлімдеген еді.

Одан кейінгі бір сұхбатында Ресей Президенті өз сөзін былайша нақтылаған еді.

«Совет одағының ыдырауына өкінбейтіндердің жүрегі жоқ. Ал оның дәл бұрынғы қалпында құрылуын қалайтындардың басы жоқ»,-деген еді. Бұл тұста Владимир Владимиричтің «бұрынғы қалпында құрғысы келетіндердің» деген сөзіне назар аударған жөн. Демек, Путиннің амбициясы ескі одақты жаңа форматта құру.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып отырған бұрығы КСРО-ны қайта кұрғысы келетін жалғыз жан иесі – Владимир Путин екенін марқұм ресейлік саясаткер Борис Немцов та талай рет айтып еді.

«Путиннің түсінігі таяз. Ресейдің айналасынан бұрынғы КСРО-ға ұқсас әлденені жасап шыққысы келеді. Бірақ, бұл оның қолынан келмейді: бұған сенімдімін. Неге? Экономика өз алдына, мәселе осы одаққа біріккен елдердің билік құрылымында жатыр. Одаққа демократиялық елдер ғана біріге алады. Тарихта диктатуралардан құралған одақ жоқ. Мұндай мысалды білмеймін. Путин – авторитарлық көшбасшы. Мұндай диктатор билікті бөліспейді»,-деген марқұм Борис Немцов авторитар көшбасшының амбициясын ашық әшкерелеген болатын.

Түйін: Бүгін заман басқа. Саяси ойындардың өз ережесі, өз тәртібі, өз тілі бар. Сырттан тон пішіп "пәлен жұрт - жау" деп ашық айтып, арандауға болмайды. Бірақ Ресейдегі  неоимпериялық шовинизм туын көтерушілер өздерінің түпкі амбицияларын ашық көрсетуде. Жоғарыдағы Елбасының астарлап жеткізбек болғаны да осы болса керек-ті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір