Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Билік 23252 0 пікір 6 Қыркүйек, 2016 сағат 10:20

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ – АДАМЗАТҚА БАСТЫ ҚАТЕР

Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының 25 жылы ішінде әлемдегі геосаяси үдерістердің белсенді қатысушысына айналды. Қазақстан әлем тыныштығы, адам тағдыры үшін ең өзекті, ең күрделі мәселе – антиядролық қозғалыстың алдында келеді, тіпті оның  көшбасшыларының бірі. Елімізді осындай биік мәртебе бен беделге көтерген шара – әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақтар полигонының 1991 жылы 29 тамыздағы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымын жабылуы еді.

Семей ядролық полигоны ең алдымен Қазақстан халқының батыл талабымен жабылды. Осы жерде «Осы аса әлеуетті, артында қуатты әскери соғыс кешені күштері тұрған сынақ алаңының жабылуына қандай қоғамдық-саяси ахуал әсер етті?»  деген заңды сұрақ туары сөзсіз.

Әрине, ең алдымен оған әсер еткен 1985 жылдың көктемінен Қазақстан құрамында болған сол кездегі алып мемлекет КСРО-да басталған жариялылық, демократия және қайта құру процестері, елдің жаңа саяси лидері М.Горбачев тұжырымдап, әлемге паш еткен «КСРО және әлем үшін жаңаша ойлау стратегиясы» нәтижесінде елдегі саяси және  идеологиялық жүйелердегі жаңа ахуал еді.

Екіншіден, осындай жаңа саяси-идеологиялық ахуалдан кейінгі  қазақ халқының саяси санасында болған күрт өзгерістер. Әсіресе оған ерекше әсер етіп, бүкіл ұлттық намысты, сана-сезімді түбегейлі  оятып, жаңаша түлетіп, таным-құндылықтарды өзгертіп, республикада жаңа, терең ұлттық мазмұндағы терең  саяси өрлеу туғызған қазақ жастарының 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі болды. Бұл жалпыұлттық өрлеу мен оянудың басында ұлттық интеллигенцияның озық ойлы өкілдері тұрды.

Үшіншіден, 1989 жылдың шілде айында сол кездегі республикадағы ең құзыретті саяси лауазымға –  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшылығына Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлануы, ал 1990 жылдың сәуір айынан елдегі ең жоғарғы мемлекеттік лауазым – Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануы елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани процестерге мүлде жаңа серпіліс әкелді.

Әлемдегі ең алып және қуатты, тек КСРО Қорғаныс Министрлігіне қарайтын, маңайы толған құпия мен шектеулер қойылған, ашық айтуға тиым салынған Семей ядролық полигонының зиянды жұмысы, оның адамдарға,  экологияға тигізер зияны туралы ол кезде айту мүмкін еместей көрінетін. Полигон туралы, оның қасіреті туралы батыл әңгіме бастайтын тұлға табылды. Ол Олжас Сүлейменов болды. Сол кезде О.Сүлейменов  Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болатын.

Бәрі де 1989 жылғы 18 ақпандағы кешкі сағат 19-30 дағы КСРО Халық депутатығына кандидат О.Сүлейменовтың Қазақстан Республикасы мемлекеттік телеарнасындағы тікелей эфирден 15 минуттық сайлау алдындағы өз бағдарламасы туралы сөзінен басталған еді. О. Сүлейменов сайлау алдындағы бағдарламасын ысырып қойып, әңгімені бірден Семей ядролық полигонының халыққа әкеп отырған зияны мен қасіретінен бастап, бүгін Семей қаласынан 60 шақырымдай жерге орналасқан әскери авиация корпусының химиялық қызметі басшысы, әскери полковниктен өз атына жан түршігерлік телеграмма алғандығын, корпус орналасқан Шаған әскери қалашығындағы радиацияның деңгейі тиісті нормадан жүздеген есе жоғары екенін хабарлағандығын халыққа ашық, өзіне тән ерекше үнмен, қуатпен, пафос-эмоциямен, темірдей логикамен, жеткізе, ашына және иланымды айтты. Қайраткердің КСРО Үкіметіне, Қорғаныс министрлігі мен Әскери-өнеркәсіп кешені  адресіне айтқан айыптауы да айрықша қатал және соншама дәл еді. Олар, Олжекеңнің сөзімен айтқанда, «Ведут тихию атомную войну против собственного народа!». Бұл билікті бір сәт төбеден жәй түскендей мәңгірткен айыптау еді.

Бұл жерде «Ведут тихию атомнуя войну» деген сөзді әлемнен, өз халқынан жасырып жасалынған «тыныш» астыртын, ерекше құпия, сондықтан да қауіпті  соғыс деп түсіну керек. Ал іс жүзінде ол ешқандай «тыныш соғыс» емес, шын мәнінде сынақтар осы маңайдағы халықтың денсаулығына, аймақ табиғатына орасан зор, орны толмас апат әкелген нағыз алапат сынақтар соғыс еді.

Мен осы аймақтағы ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен Саржал аулының тумасымын. Сонау  1949 жылғы 29 тамыздағы алғашқы сынақтан бастап 1962 жылға дейінгі жер үстіндегі, әуедегі, биіктіктегі жасалынған 130 астам сынақты сол жылы осы ауылдағы орта мектепті бітіргенше  өз көзіммен көрдім. Одан кейін 1962-1966  жылдары Семей қаласында оқығанда, Қарауыл селосында, Семей қаласында қызмет істеген 1967-1991 жылдары 400 астам сынақтың зардабын тартып, халыққа әкелген жойқын апаттарын көріп, бүкіл жан-дүниеммен  сезген  адамдардың бірімін. Полигонның халықтың денсаулығына тигізген зияны  мен зардабы бірінші сынақтан бастап жойқын болған еді. Алғашқы  сынақтың Дегелең тауы мен Саржалдың ортасындағы ашық алаңда жер үстінде 1949 жылғы 29 тамызда Мәскеу уақыты бойынша таңертеңгі сағат жетіде жер бетіне арнайы құрылған қондырғының үстінде, биіктігі бар болғаны 38 метр мұнарада, қуаты 20 мың тонна тротил тең күшпен жасалғаны белгілі. Сынақшылардың өздері кейіннен мойындағандай, ол кезде Батыс мемлекеттерімен жанталасқан талас-тартыста артта қалмау үшін аймақтағы елдің денсаулығы еске алынбаған. Сынақ болған күні алғашқыда желдің бағыты халық аз қоныстанған деп есептелетін оңтүстік-шығысқа қарай, Абай, Абыралы, Шұбартау аудандары аумағына қарай  соғады деп болжағанымен (және кейіннен белгілі болғандай сынақшылар бұдан кейін қашанда желдің осылай қарай соғатын күндерін әрқашан мұқият ескеріп, сынақты сол күндері өткізуге тырысқан) жел бағытын күрт өзгертіп, оңтүстік-батысқа қарай соғып, айналасы бір, бір жарым сағатта алып радиациялық бұлт жарылыстың эпицентрінен 70-100 шақырым жердегі Долон, Черемушки, Үлкен және Кіші Владимировка, Канонерка ауылдарының үстімен Ресейдің Алтай өлкесіне дейін жеткен. Мысалы, алғашқы сынақтан бірнеше сағаттан кейін-ақ Долон аулының үстінде 2000 рентген сағат радиация бұлты шоғырланған. Осы деректен-ақ Семей сынақ полигонында 1949-1962 жылдары жүзеге асырылған жер үстіндегі, әуедегі, биіктегі 130-дан астам жарылыстың  халық денсаулығына, қоршаған ортаға қаншалықты зардап әкелгенін көруге болады.

Антиядролық қозғалыстың аса көрнекті қайраткері, академик-физик, КСРО-дағы атом жобасына қатысушы, сутегі бомбасының «әкесі» Андрей Сахаровтың жазуынша, «Полигон атырабында кем дегенде 200 рентген шамасы радиактивті тозаң түзіледі (100 рентген тозаң жас балаларды зақымдап, кейбір аурушаң һәм әлсіз жандарды айықпас дертке душар ететіні – анықталған аксиома. Ал егер жарылыстан кейін әлдебір елді мекенде 600 рентген түзілсе – дені сау ересек халықтың 50 пайызы бірден мерт болып, өзгелері де мүгедек жандарға айналатынын қатаң ескерттік). Қысқасы, 200 рентген мөлшерінде зақымданатын аймақты картадан көрсетіп, қатерлі шепте орналасқан ауыл-селолар тұрғындарын түгел көшірмей, термоядролық сынақты жасауға болмайды дедік...» деп жазады өзінің «Естеліктерінде» (Дәйек сөз М Сәрсекенің «Семей қасіреті» кітабынан алынды, «Фолиант» баспасы, Астана, 2016, 330-бет ).

Академиктің осындай тұжырымынан кейін Семей сынақ алаңдарындағы жарылыстардың сол аймақтағы адамдардың денсаулығына қаншалықты зардап әкелгенін мөлшерлеудің өзі жан түршігерлік жайт.   (Осы жерде мен үшін еске алудың өзі сонша ауыра болса да, дәлелді болуы  үшін мынадай дерек айтайын: сол полигон кесапатынан тек біздің отбасынан ғана үш адам өңеш қылтамағынан – бір ағам 37 жасында, екінші ағам 57 жасында  және  анам 71 жасында  қайтыс  болды. Немере інім 25 жасында өзіне-өзі қол салды. Бұндай отбасылар бұл аймақта мыңдап саналады).

 О.Сүлейменовтің КСРО Әскери-өнеркәсіптік комплексі өз халқына қарсы «атом соғысын жүргізіп жатыр» деген сөзінің дәлелі – академик Сахаровтың жоғарыда келтірілген тұжырымы және біз келтірген жоғарыдағы мысалдар.  

Семей полигонына бұрынғы Семей облысының және Павлодар, Қарағанда облыстарының тоғысындағы ұлан-байтақ – 18 мың шаршы км жер, яғни  жалпы көлемі бүгінгі Бельгия мемлекетінің аумағына тең алқап бөлінді. Алқап болғанда қандай, қазақтың бүтін бір тұлғалары, белгілі қайраткерлері туған қасиетті, тарихи, өлке, Сарыарқаның ең бір қасиетті пұшпағы еді. Үмбетей жыраудың Абылай ханға арналған толғауында сипатталғандай «Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау, Қозымаңырақ пен Қоймаңырақ, Арасы толған көп қалмақ. Қалмақты қуып қашырдың, Ақшәуліге қос тігіп, Қазақты жиып алдырдың, Қара Ертістен өткізіп,  Өр Алтайға асырдың, Арғын менен найманға қоныс қылып қалдырдың» деген,  тарихи-мәдени құндылықтар тұрғысынан қазақ ұлтының мақтанышы мен тірегі болған ерекше қасиетті мекендер мен құтты қоныстар.  Ұлттың ұясы болған сол қайран қоныстар, жайнаған өлкелер атом бомбасын сынау, жетілдіру үшін әкімшілік-әміршілдік жолмен тартып алынды.         

 Академик А.Сахаров 1953 жылы шілде айында  Семейге келіп, тұңғыш сутегі бомбасын сынау мәселесіне байланысты іссапармен Курчатов қаласына ұшып бара жатқандағы әсерін өз «Естеліктерінде» былай деп жазыпты: «Ұшы-қиырсыз жазық даланы тұңғыш көруім, жадыраған жаз айында көкжасыл реңге бөленген Ертіс айдынына қызыға қарағаным есімде. Жерге жабыса жайылған қой отарлары мен сиыр табыны – қала адамы үшін таңғаларлық  көрініс. Жолшыбай бірнеше көл үстінен өттік, солардың жарқыраған жалтыр бетінен жабайы үйректердің топ-топ ұшқанын көру мені алуан сезімге бөлеп, сүйсінуден гөрі көңілімде қамығу туғызды. Өйткені, солардың бәрі күні ертең жаппай қырылатынын біліп отырмын...». Сынақтардың, әсіресе сутегі бомбасын сынаудың қасіретті салдарын 40-жылдай   уақыттан кейін болса да  осылай ашық жазған.  

Ол сынақтардың сол қасиетті жерді, оның флорасы мен фаунасын қандай күйге түсіргенін «елу жыл зұлмат тоқпағы төмпештеген Шыңғыстау топырағы түлеткен» (Ә. Кекілбаевтың бағасы) бүгінгі ұлттық поэзияның біртума интеллектуал өкілі Тыныштықбек Әбдікәкімов былайша сипаттайды:

«  Күн кірпігін ашқанда тақыр Дала көрінген,

Қалаға  да сол Тақыр қорқынышты өлімнен.

Қасқыр да жоқ ол жақта.

 Арқарда жоқ.

Құрыған.

Тек,

иттері мияулап,

мысықтары ұлыған.

Жер төсіне ол жақта Атом сына қаққан-ды,

Мекендейтін халқы да – қара халық ақ қанды.

Жаратқанға сенгендей, өздері тым аңғал-ақ:

мал баққан боп жүр әлі, маңдай тері сорғалап.

...Енді ол жаққа бейкүнә құс та қанат қақпаған.

Ал, әуеде сөздер көп бірін-бірі мақтаған.» (Әбдікәкімов |Т. Шығармалары. Ырауан. Т.1, - Астана: Фолиант, 2013 ж. -107-бет. )                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                               Жалпы, Семей полигонында жиыны 468 ядролық сынақ жасалынған. Оның дені 1963 жылдан бастап жер астындағы арнайы салынған,  ұңғылар мен көлбеу қазылған шахталарда жүзеге асырылған.

Ал әлемдегі ядролық қарулану мен жанталастың өзіндік тарихы бар. Ол өткен ХХ ғасырдың қырқыншы жылдарының ортасындағы қару-жарақ мәселесіндегі АҚШ үстемдік алып, атом қаруына ие болуына байланысты басталғанын  бүгінгі ұрпақтың білгені жөн. АҚШ-та ядролық қаруға ие болу жоспары 1942 жылы басталып, «Манхеттен жобасы» деп аталып,  оған АҚШ-тың, гитлерлік режимнен қашқан Германияның, сондай-ақ Ұлыбританияның, Канаданың таңдаулы физик ғалымдары тартылды. Ғылыми жетекшілік Роберт Опенгеймерде, әскери басшылық генерал Говсте болған алғашқы атом бомбасын  АҚШ Нью-Мексико штатының Аломгордо шөліндегі  полигонда 16 шілде 1945 жылы табысты сынаған соң атом қаруына жеке дара монополия алмақ болғаны белгілі (байқадыңыз ба, «қарғыс атқан империалистер» оны халық аз қоныстанған құм далада сынайды да, ал біздің Отанның мақтанышы, Ұлы  Отан соғысының «жеңімпаздары» сол кездегі Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Маршалы Василевский, маршал Берия елді мекендердің үстінде немесе жанында сынайды). АҚШ  сол жылы бір айдай уақытттын кейін қолында бар екі бомбаны: біріншісі – «Балапан» яғни «Малыш», екіншісін «Балпаң» – яғни «Толстяк» деп айдарлап,  6-шы және 9-шы тамыз күндері бейбіт жатқан Хиросима және Нагасаки қалаларына тастап, адамзат бұрын білмеген, көрмеген  апат ойранын салғанын білеміз. Осындай жағдайда сол кездегі ең әлеуетті мемлекет КСРО өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін тиісті шаралар қолдануға мәжбүр болды.     

         Жалпы, КСРО басшылығы АҚШ-тың атом жобасынан толық дерлік хабардар еді. Аса қиын соғыс жағдайының өзінде, 1942 жылдың күзінде  Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті академик И.В. Курчатов бастаған, құрамында Ю.Харитон, Я.Зельдович бар арнаулы зерттеу тобын аса құпия жағдайда құрады. Осы топқа 1948 жылы сутегі бомбасын жасау жөніндегі зерттеулерді жүргізу үшін академик А.Сахаров қосылады. Топтың жұмысына   сол кездегі қаупсіздік, қорғаныс саласындағы қайраткерлер Л.Берия, М.Ванников, В.Малышев,  М.Первухин,  В.Звенягин және басқалардың біріккен еңбегі нәтижесінде 1949 жылғы 29 шілдеде Семей полигонында алғашқы  атом бомбасын сынады. Осылайша, екі саяси жүйенің арасында ядролық қаруда басымдыққа ие болу үшін тайталас жарыс басталды. Жалпы сол кезден бастап сыртқы саясатта «қырғиқабақ соғыс» саясаты деген  атпен тарихқа енді.

  «Соғысты саясаткерлер бастайды да, оны генералдар жалғастырады» деген  қанатты сөз бар. «Қырғиқабақ соғыс» саясатын да бастап, өрбіткен сол замандағы саясаткерлер болды. 

Тарихи шындық және дәлдік үшін мынаны айтуымыз керек: осы саясаттың теоретигі және пәрменді, ерекше табанды   насихатшысы да күні  кеше ғана антигитлерлік  одақтың белсенді мүшесі болған, Ұлыбританияның  кешегі Премьер-министрі, сол кездегі Батыс дүниесіндегі  ең беделі саясаткер Уинстон Черчиль болды. Черчилль 1946 жылы 5-наурыздағы АҚШ-тың Миссури штаты Фултон қаласындағы Вестминистер университетінің  спорт залындағы сөзінде  соғыстан кейінгі Батыстың КСРО жөніндегі ұстанымы мен саясатын барынша бетін аша, жарқырата жариялады. Саясаткерлер бұл сөзді екі жүйе арасындағы қарым-қатынастың негізін қалаған, «қырғиқабақ соғыс» саясатының басы болды деп есептейді. Черчилль өзінде бар  біліммен,  кең эрудициямен, шешендік өнердің небір үздік, тиімді, тартымды амалдарын қолдана отырып, «КСРО әлемдегі демократия мен прогрестің басты жауы, кейіннен айтылғандай «зұлымдық империясы», ендеше әлемнің барлық өркениетті күштері осы зұлымға қарсы бірігуі керек» деген. Ол Шығыс Европаның 14  елдерін кеңес езгісінен  құтқаруға шақырып,  Батыс пен КСРО-ның арасында «темір шымылдық» орнауы керек, коммунистік тоталитаризмнен христиандық өркениетті қорғау керек деп жариялады. Осылайша, кешегі өзі қарсы соғысқан Гитлердің басты насихатшысы Геббельс қолданған терминді қолданды. Черчилль осы кеңестік тағыларға қарсы күресте басым мемлекет, көшбасшы «демократияның шамшырағы» АҚШ болуы керек деп  жариялады.

Черчиллдің осы сөзі екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі Батыстың  әлемдік саясатының мәнін айқындап берді. Черчиллдің сөзін Батыстың одан кейінгі саясатшылары мен басшылары стратегиялық бағдар ретінде ұстанып, ерекше бағалаған, өздеріне темірқазық еткен. АҚШ-тың қырқыншы және  әлем мойындаған беделді президенті болған Р.Рейган осы сөзден Батыс әлемі  және әлемдегі бейбітшілік пайда болды деп есептеді

  Осындай тарихи ахуалда басталған «қырғиқабақ соғыс» саясаты кейінгі он жылдықтарда ерекше етек алды.  Бір-бірімен тайталасқан қарама-қарсы екі мемлекеттік және саяси жүйе ядролық қарумен жанталаса қарулана бастады. Ядролық қаруды нақтылы қолдану күн тәртібіне қойыла бастады. Бүгінде оның нақты жоспарлары мәлім болды. Мысалы,  1950-1957 жылдары АҚШ-та КСРО-ға қарсы ядролық қаруды қолданудың бірнеше нақты жоспары болған. Оқысаңыз, жан түршігеді. Солардың бірі «Дропшот» жобасы еді. Алғашқы кезеңде КСРО-ның 100 қаласына 50 килотондық 300 атом бомбасын және 200 мың тонна қалыптағы бомбаларды тастау жоспарланған. Соның ішінде 25 атом бомбасын Москва қаласына, 22-сін Ленинградқа, 10-ын Свердловскіге, 8-ін – Киевке, 5-еуін –Днепропетровскіге, 2-еуін Львовқа тастау көзделген. Одан 60 млн-дай кеңес азаматы қырылады, оның өнеркәсіп, әскери қуаты әлсірейді, нәтижесінде  КСРО өз дамуында ондаған жылтырға кейін шегінеді, қауіпті болудан қалады деп есептеген. КСРО да қарап қалған жоқ. Өзінің қарсы амалдарын қолданды. Соның қауіптісі және үшінші дүниежүзілік соғысқа – атом соғысына бастай жаздаған  оқиға  – 1962 жылдың жазында  ядролық  қаруды КСРО-ның  Куба аралына жасырын орнатып, содан туған 1962 жылғы күздегі Кариб дағдарысы. КСРО Куба басшылығымен келісе отырып, ядролық қаруымен жабдықталған, АҚШ-тың негізгі өмірлік мәні бар орталықтарына бағытталған, олардан  бар болғаны 150 км қашықтықта орташа қашықтықтағы 42 ракетаны орналастырған еді...

 Стокгольм қаласындағы Бейбітшілік проблемаларын зерттеу институтының деректері бойынша, жанталаса қаруланудың нәтижесінде бүгінде әлемнің тоғыз елінде 20500-ден астам атом бомбасы бар деп есептелінеді. Соның ішінде: Ресейде – 7500, АҚШ-та – 7200, Францияда – 300, Қытайда – 250, Ұлыбританияда – 215, Пәкстанда – 100-120; Үндістанда – 90-100; Израильде  – 80, КХДР-да – 10. Бұл  – әлем  үшін аса қауіпті соғыс арсеналы.

Осындай ахуалда Қазақстан Президентінің әлемдегі антиядролық қозғалыстағы жаңа бастамаларының зор маңызы бар. Және ол, турасын айту керек, тіпті қазіргі халықаралық ахуалда практикалық маңызға ие. Мысалы, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде Елбасының әлем  жұртшылығына арнаған мынадай ескертуі де бар: «Планета тағы да бүкіл адамзат үшін қасіретті салдарлары бар «қырғи-қабақ соғыстың» өткір жүзінде тербеле бастады». Нақты әрі жанашырлық ескерту. Бүгінде Сирия, Ливия  Иемен, Ирак  елдерінде ядролық қарудан басқа қазіргі заманғы жойқын қарулардың барлығы пайдаланылып  отырғандығын сарапшылар күнделікті айтып, назар аударуда. Ондаған елдер осы аймақтардағы локальды соғысқа тартылып отыр. Н. Назарбаев: «Жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы ұзақ мерзімді жаңа текетіреске ұласып кетпей ме? Қай елдер жаһандық және өңірлік державалар жүргізіп отырған «прокси-соғыстардың» келесі құрбандығына айналуы мүмкін?» деп алаңдаушылық білдіре отырып, әлемді ядролық соғыс қаупінен құтқару үшін жаңа бастамалар көтеруде.

Таяуда, 29 тамыз күні Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференцияда ол жаңа, тың ұсыныстар айтты. 

Мемлекетіміз басшысының: «ядролық соғыс қатерінен арылтудың парасатты баламасы жоқ»; «барлық ядролық державалар Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы шарт қалыптастыру бойынша келіссөздерге кірісуі керек»; «ядролық державалардың атом қаруына ие болудан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, ядросыз мәртебесіне ие мемлекеттерге кепілдіктерінің заңдық тұрғыда міндеттейтін жүйесін дамытуы қажет»; «ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін қалыптастыру керек»; «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше, ядролық қарудың ең үлкен арсеналына ие мемлекеттерге бүкіл әлем алдында айрықша жауапкершілік жүктелуі керек»; «ядролық қауіпсіздікті күшейтуге, ядролық қаруларды сынауға және жетілдіруге қарсы кең ауқымды қоғамдық қозғалыс ядролық қатерден арылу ісіне жаңа серпін беруі тиіс» деген пікірлері мен ұсыныстары әлемдік адамзат қауымдастығы тарапынан тиісті бағасын алады деп ойлаймыз.

Қорыта келе айтарымыз: әлемдегі ең қуатты ядролық сынақтар полигонын өз еркімен жауып, ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан Қазақстан мен оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем жұртшылығы алдында тың бастамалар көтергені, көш бастауға толық саяси, моральдық құқы бар екені –  әлемнің әділетті жұртшылығы толық мойындаған құндылық және ақиқат.  Бүгінгі күннің тарихи, саяси шындығы осындай.

Нәубет ҚАЛИЕВ,

Л.Н.Гумилев

атындағы Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, саяси ғылымдар докторы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 496
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 260
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 284
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 281