Жұма, 3 Мамыр 2024
Не көріп жүрсіз? 22823 1 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 12:12

МӘЛІМ ДЕ, БЕЙМӘЛІМ ӨЗБЕКСТАН (басы)

 

Дерек пен дәйек

Ресми атауы:  Өзбекстан Республикасы (O'zbekiston Respublikasi)

Тәуелсіздік күні:  31 тамыз 1991 жыл (КСРО-дан)

Астанасы: Ташкент

Ірі қалалары:Ташкент, Самарқанд, Ферғана, Әндіжан, Наманган, Бұқара, Карши, Нүкүс, Қоқан.

Халқының саны:31 576 400  адам.  (әлем бойынша 41-орын)

Ұлттық құрамы:өзбектер (75,8%), онан басқа орыстар (6%), тәжіктер (4,8%), қазақтар (4,1%), татарлар (2,4%), қарақалпақтар (2,1%), т.б.

Жер аумағы:447 400 шаршы  шақырым  (55-орын)

Мемлекеттік  тіл:Өзбек тілі

Әр тұрғынға ЖІӨ :  US $ 6343.5

Ұлттық Валютасы:сум (UZS, код 860)

Басқару түрі:Президенттік республика

Ұраны: «Күш әділеттілікте!» («Kuch adolatdadir»)
Әнұраны:«Serquyosh hur o'lkam» («Менің күн сәулелі және еркін елім»)

Телефон  коды     +998

Интернеттік  домен:  .uz

Алғашқы президенті:Ислам Каримов
Премьер-министрі: Шавкат Мирзияев 

 

Соңғы кездері еліміздің ақпараттық кеңістігінде көрші Өзбек елі туралы тақырыптар жиі қозғалатын болып жүр.Олардың туризм мен жеңіл өнеркәсіптегі жетістіктері,  төл руханиятын сақтауы мен мемлекеттік тіл мәртебесін тиісті деңгейінде қолдануы үлгі ретінде мысалға жиі алынады. Ал соңғы жазғы  олимпиадада ерекше ұлттық намыспен, спорттық әлеуетінің артуымен көзге түсіп,тіпті Қазақстанның алдын орап, жалпы есепте 21-орын алуы оларды зор қуанышқа кенелткенін несін жасырайық.  Жуырда олар өзінің тұңғыш президентін ақтық сапарға шығарып салды...Ислам Каримовтың өз елі үшін жасаған жақсылығы көп пе, әлде зардабы мол ма деген сауал төңірегінде пікірталастар әлі де толастар емес. Шындығында көрші, әрі бауырлас ұлттың елі Өзбекстан туралы не білеміз, ал нені білмейміз? Осы жолсапар күнделігін оқу барысында бұл сұраққа жауап аласыз деп үміттенемін.


     Кеденнен өту немесе алғашқы әсер

Өзіміз білетін Өзбекстан. Бұл елдің атын атағанда, көзкөрген, қора-қопсысы қатар жақын көршімізді айтып жатқандай, жайбарақаттықты сезінетініміз рас. Расында да Өзбек елі біздің қабырғалас жатқан құдайы көршіміз, ал өзбек ұлты – түбі бір түркі елінің бір тармағы болып өркен жайған тете бауырымыз. Тамыры ортақ болғанмен, өңі өзгеше, түбі бір болғанмен, тілі өзгеше бұл ел туралы не білеміз?Жақын көршімізді жақсы танимыз ба? Міне, осы сұрақтар толғандырып, Наурыз мерекесіне орайластырып, Өзбекстанға сапарға шықтық.

Астанадан Өзбекстанға екі жол арқылы баруға болады. Біріншісі – әуемен, екіншісі – жермен. Әуе жолының түр-түрін көріп жүрміз ғой, бауырлас елдің төбесінен «топ» етпей-ақ, асықпай, жермен барайық деп, Шымкент қаласы арқылы баратын кеден бекетін таңдадық. Халық арасында «Черняевка», ал ресми атауы «Жібек жолы» деп аталатын бұл кеден бекетіне жету үшін Шымкент әуежайынан таксиге отырдық. Қаладан зырылдатып алып шыққан жеңіл тұлпармен келе жатқан біздер, Қазығұрттан аса бере айқыш-ұйқыш қисалаңдаған жолға түстік. Шопыр жігіттің айтуынша, «жол жөнделіп жатыр» екен. Дегенмен, бөлінген қаражат жол болып төселем дегенше,  қайта-қайта «түрлі кедергілерге» тап болып, «жоғалып кете береді» екен де, соның салдарынан қарапайым халық елдігімізге жараспайтын сұрықсыз жолмен салдырлатып жүруге мәжбүр.(«Батыс Қытай-Батыс Сібір» халықаралық автожолының Оңтүстік Қазақстанға қарайтын бөлігінің кешігіп аяқталғанын және жасалған бөлігінің өзі аса сын көтермейтін дәрежеде екенін ескерсек, бұл мемлекетаралық маңыздағы жолдың әзір біте қоймауына ренжімеуге де болатын шығар.)

Сонымен, шекара бекетіне келіп жеттік. Жүз елу метрдей жер қалғанда шопырымыз«ары қарай жүруге тыйым салынған» деп көлігінен түсіріп, кетіп қалды. Айнала қап-қараңғы. Шамдар алыстан ғана мұнартып тұр. Отағасы екеуміз екі жол сөмкемізді алып, кеден бекетіне дейін жаяу тарттық. Кіреберісте жылы шырайлы өзіміздің кеденші құжаттарымызды бір қарап шықты да, ішке кіргізді. Адам көп екен. Бұл жерде бірнеше қатар болып бақылау пунктіне мөр  басатын терезелерге кезекке тұрдық.

Айналамызда бес литрлік сұйық май мен бес келілік ұн арқалаған апалар көп. Мультфильм кейіпкеріне ұқсайтын бір кішкентай сабалақ ит жәймендеп сөмкелерімізді иіскеп қойып, адамдарды аралап жүр. Кеденші мырза оған сыбырлап «тапсырма беріп» қояды. Бір кезде иттің егесі бір жолаушының қасына келіп: «Сен тағы жүрсің бе? Бұл жолы қандай паспортпен келдің?..» деп еді, әлгі өзбек күмілжіп, көзінің астымен жер сүзе қарады... Құжатын тексерген соң, оны  ары қарай алып кетті. Қанша уақыт бойы осындай жерде қызмет еткен адамның күдіктіні айнытпай тани алатындай көзі өткір боларына тағы бір рет көз жеткіздім. Хош, сонымен екі ел аралық «бейтарап аймақты»басып өтіп, Өзбекстан бөлігіндегі кеден бекетіне адымдадық.

Қабақтары қатулы сарбаздар. Қолдарында автомат. Құжатты кезек-кезек, қайта-қайта қараудан жалықпайды екен. Шалыс бассаң атудан тайынбайтын, мұздай қаруланған бұндай әскерді біздің елде жиі көрмейтініміз қандай жақсы.

Кезекке тұрдық.Мөр басатын Кедендік қызметкердің түрі қазақтан айнымайды екен. (Бір кездері Лениннің алдында Ташкентті қай елдің меншігі етеміз деген мәселе көтерілгенде, қай ұлт көп,сол ұлттыкі болсын деп шешім шығарып, соның желеуіменҚазақ хандығының астанасы болған бұл қаланың жергілікті мыңдаған қазағын «өзбек» етіп тіркеп алуға келістірген сасық саясаттың орын алғаны туралы әкем марқұм айтып отырушы еді. Одан кейінгі қолдан жасалған ашаршылық кезінде бір-бірінің етін жеуге мәжбүр болып, туған ауылдарынан безіп, тарыдай шашылып, осы және көршілес өзге елдерге өтіп кеткен жүз мыңдаған қазақ секілді, оның нағашылары Ташкенттің түбінен пана тауып, аман қалған. Сондықтан, әкемнің бала кезінен бастап өле-өлгенше ең жиі келіп-кетіп тұратын елі болатын, бұл. Одан бөлек, Хрущев кезінде«жүректерге жол тапқан» жылмақай басшылардың табанды еңбегінің арқасында, «ауылшаруашылығы мақсатында» деген желеумен,1956 және 1962 жылы «ерікті» түрде зорлықпен өтіп кеткен Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысының жүз мыңдаған гектар жері бірнеше ауданның құрамында кеткенін ескерсек,  төлқұжатымен де, дүниетанымымен де өзбек болып кеткен қаншама қандасымыз бар екенін елестету аса қиын емес...) Кеденші төлқұжатымызға ұзақ үңілді. «Осы елдердің бәрінде болыпсыздар. Жайша бардыңыздар ма?» деп сұрады, ол бізден... Көзінде сұрақтан гөрі басқа дүние көрініс тапқан: таң қалып, қызығып тұрған көзқарас. «Саяхатпен барғанбыз». «Сонда мамандығыңыз не?..» «Журналистпін».

Ары қарай өттік. Тағы тексеру. Құжатты да, сөмкені де қайта ақтардық. Осымен үшінші рет. Амал жоқ. Тәртіпке бағыну керекпіз. (Осыдан бірнеше жыл бұрын ноутбугінде сол елдің заңына сәйкес келмейтін ақпарат бар деген желеумен, шекарадан өтіп жатқанқазақ азаматын түрмеге тоғытқаны көпшіліктің есінде болар. Сондықтан, ақырын жүріп, анық басуымыз керектігі анық).

Дерек пен дәйек

Өзбекстан-көпұлтты республика, мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Әкімшілігі жағынан бір автономиялық республикаға (Қарақалпақстан) және 12 облысқа бөлінеді. Солтүстігінде Қазақстанмен, батысында Түркіменстанмен, шығысында Қызғызстан және Тәжікістанмен, оңтүстігінде Ауғанстанмен шектеседі. Жері табиғи ресурстарға бай. Бүкіл Орта Азиядағы газ конденсатының 74%-ы осы елдің үлесіне тиеді. Алтын қоры жөнінен ол әлемде 4, жез қоры жөнінен 11, уран қоры бойынша 7 – 8-орынды иеленеді. Табиғи өсудің жоғары болуы себепті және басқа ұлттардыңреспублика аумағынан тыс жерлерге қоныс аударуының, күшті ассимиляцияның нәтижесінде өзбек халқының саны артып келеді. Қазіргі кезде өзбектер ел халқының 3/4 бөлігін құрайды. Олардан басқа ресми мәлімет бойынша орыстардың 7,4% тәжіктердің 4,7%, қазақтардың 4,1% үлесі бар. 2001 жылдың өзінде Өзбекстаннан Қазақстанға 15 861 адам қоныс аударды, олардың негізгі бөлігін тарихи Отанына оралған қазақ халқының өкілдері құрайды.

Тағы бір-екі тексерісті аман-есен өткеріп, ғимараттан шықтық. Амансың ба, Жолбарыстай ханыма жота, Төле биіме тұғыр, Мұстафа Шоқайдай арысыма мекен болған, Ташкентім!...

Түнгі он болып қалыпты. Жарық әр жерден қойылған түзу көшенің басында тұр екенбіз. Бір өзбек дереу жанымызға келіп, өзінің такси қызметін ұсынды. Бірден бағаны аспандатып айтатынын сұрастырып біліп келе жатырмыз, сондықтан саудаласуға тырыстық. Шопыр бала теңгемен есептесуімізді өтінді. «Қазақтар  - бай» деген ұғым тек Ресей немесе Украинада емес, тиіп тұрған Өзбекстанда да қалыптасқалы қашан. Қаланың ішіне жеткізіп салғанына әуелде5000 теңге (44 000 сум) сұраған сабазымыз ақыры3000 теңгеге (26 000 сум)  келісіп, көлігіне отырғызып алды. «Nexya» маркалы әппақ автокөлікке отырып алып, «Өзбекстан» қонақүйіне қарай тартып кеттік.

Бұл елдің заңы бойынша автоинспекция қызметкерлері көліктерді  еш себепсіз, қалаған жерінде тоқтатып, машинаны тінти алады екен. Оған жолда бірнеше рет көзіміз жетті. Терезенің арғы жағында тұрып, лазерлі шамын дәл көзімізге түсіріп тұрып қарағанда, жайсыздық деген қандай болатынын тағы бір ұққандай болдық...

Біздің атақты «Қазақстан» қонақүйінің  замандасы - «Өзбекстан» қонақүйіне де келіп жеттік-ау! Бізге алдағы бірнеше күнде пана болатын мекен осы. Қонақүйдің интерьері өткен ғасырдың 80-90 жылдарында қалып қойғандай екен. Тарихқа саяхат десе, саяхат болғалы тұр...

 

Бүгінгі күнге аман жеткен ежелгі Ташкент

Біздің саяхатымыз таң ата қонақүйге келген гидпен басталды. «Аня», деп таныстырды ол өзін. Бет- әлпеті өзбекке ұқсас... Алайда шашын сарыға бояп алған келіншеккүн көзілдірігін тағып алған кезде, еуропалықтан айнымай қалады екен. Көп ұзамай бәрін де анықтадық: Анна ханымның әкесі эстон, ал анасы өзбек, яғни өзі метис екен. Көлік жүргізушісі жас жігіт екен, есімі – Хамидулла. Көлікке отыра салысымен, Аня өз қызметіне кірісіп кетті.

 Шетелдіктерге өздерін жүздеген жылдық тарихтан сыр шертетін көне ғимараттар мекені ретінде танытып үлгерген Өзбекстанда туризм бізден әлдеқайда жақсы дамыған. Күніне мыңдаған туристі қабылдап, шығарып салып жатқан оларда көп дүние жолға қойылып, сағаттай сырғып жататынына көз жеткіздік.

«Таныстыруымызды ескі қаладан бастаймыз,  - деді бізге, Аня орыс тілінде әңгімесін бастап. – Оған дейін ел мен қала тарихынан аз-маз ақпарат бере отырайын. Ташкент – республиканың солтүстік шығысындағы Шыршық жазығында орналасқан қала. Біз жүріп келе жатқан көше Шараф Рашидов  атында. Бұл 1959 жылдан 1983 жылға дейін Өзбек елін басқарып, көп еңбек сіңірген тарихи тұлға. Орыстарға Ленин, сіздерге Қонаев қандай сыйлы болса, бізге Рашидовтың еңбегі солай сіңген. Ал мына көшемен кезінде «Тас-учя» деп аталатын алғашқы трамвайлар жүрген.  Біз терең  тарихымызбен мақтанамыз.Еліміз Самарқандтың 2750 жылдығын, ал Ташкенттің 2200 жылдығын атап өтті. «Ташкент» сөзінің шығу төркініне байланысты бірнеше нұсқа бар. Соның ішінде «тас мінезді елдің қаласы» деген ұғым ең лайықтылардың бірі...»

Дерек пен дәйек

Б.э.д.II-I ғ.ғ. Ташкент қаласы— Шаш-тепа, Чач-тепа деп аталған.  XI ғасырдан бастап «Ташкент» деп атала бастаған. Тас қала.  (өзбекше «tosh» — «тас»). Ең көне Қытай деректерінеде Ташкенттің атын «Ши» (қытайшадан аударғанда – «тас» деген мағына), «Чжэши» және «Юэни» деп атаса, ортағасырларда  — «Чач», «Шаш» және «Джач» деп аталған. Әйгілі «Мың бір түн» хикаясында кездесетін Шаш қаласы дәл осы Ташкент болса керек.  XIV-XV ғасырларда  Ташкент  Әмір-Темір әмірлігінің құрамынада болса,  15 ғ-дың соңы мен 16 ғ-дың басында Орта Азияны Мұхаммед Шайбани ханның көшпелі өзбек тайпалары басып алды. Көшпелілердің жергілікті тұрғындармен сіңісуі нәтижесінде “өзбек” этнонимі орныға бастайды. 1630 жылы Ташкент Қазақ хандығының Астанасы болып жарияланып, Қарт Әбілхайыр хан, Жолбарыс хан билік етеді. 1784  жылы Жүніс Қожа  тәуелсіз Ташкент мемлекетін құрса, 1807 жылы Қоқан хандығының құрамына енеді.  1865 жылы Ташкент Ресей империясының құрамына кіріп, Сырдария облысы мен Түркістан генерал-губернаторлығының басты қаласы болады.

Анна ханымның сөзіне жүгінсек, Өзбекстанның облыстары жағдайы «жақсы» және «онша емес» деп шартты түрде екіге бөлінеді екен. Жағдайы тәуірлеу қалалар: Бұқара, Самарқанд, Ферғана, Ташкент болса, жағдайы «мәз» емес елдімекенер: Кошқандария, Сурхандария, Гермес.

Тарихи себептерге байланысты, қала шартты  түрде ескі және жаңа қала болып екіге бөлінеді екен. Ескі қала қолөнер мен сауда-саттықтың орталығы болса, жаңа қала – бір кездері бау-бақша мен егістіктер болған жерлерге салынған өнеркәсіп орындарымен ерекшеленетінін айтты.  Мәселен,  «Чорсу» базары –   XVIІІ ғасырдан бері жұмысын тоқтатпаған көне базар.

Ташкент қаласының ескі бөлігін алдымен XV-XVI ғ.ғ.салынған Хазірет Имам атындағы мәдени кешеннен бастадық.«Бұл кешеннің осылай аталуына себеп болған жан Хғасырдағы мұсылман әлемінің танымал имамдарының бірі – Әбубәкір Мұхаммед, ал халық оны «Хазреті Имам», яғни қасиетті имам деп атап кеткен», -  деді Анна ханым. Біз Хазірет Имам алаңын, Кафаль ал-Шаш мавзолоейін, Барақ хан медресесін, Намазгох мешітінжәне Тиля-Шейх мешітін аралап шықтық. Бұл ескерткіштерең алдымен, әрине осы өңіргеислам дінін әкелгенараб басқыншылығынан соң бой көтерген дүниелер. (Айтпақшыдай, Алтын орданы  1423-1428 жылдары басқарған Барақ хан –  біздің де бабамыз. Өйткені оның кіші ұлы Жәнібек хан мен жиені Керей Қазақ хандығының негізін салған хандарымыз). Бұл тарихи-архитектуралық ансамбль өз кезінде Орта Азия мен Қазақстанның да діни басқармасы болған деген дерек бар. Кешеннің шығыс бөлігінде жаңадан салынған ғимараттардың бірі – Өзбекстанның діни басқармасы болса, екіншісі Имам Бухари атындағы Ислам институты. Бірнеше мешіт пен күмбезді мазарлардан тұратын бұл кешен бүгінгі күндегі бет-бейнесін сақтап қалу үшін, Өзбекстандағы жүздеген архитектуралық ескерткіштер сияқты, үлкен реконструкциядан өткен. Ең соңғы жөндеу жұмыстары Өзбекстандағы Ислам жылы болып аталып өткен 2007 жылы жүргізіліпті. Дәл сол жылы  үкімет халқына арнап 5000 адам сыятын жаңа мешіт салып берген.

Ақшыл сарғылт түсті кірпіштер мен аспан түстес өрнекті суреттер Ташкент сәулетшілік- қолөнерлік мектебінің  жарқын үлгісіндей. Сол қолданбалы сән өнерінің бүгінгі өкілдері мавзолей маңындағы жағалай орналасқан шағын дүкендерінің алдына жайғасып, бірі қамыстан сурет салып, екіншісі ағаштан ою ойып жатты. Сондай бір колөнерші жігіт біздің Қазақ елінен келгенімізді біліп, Мәдина Сәдуақасовамен таныс-біліс болғанын айтып бір мақтанып алды. Дұғай сәлем айтты.

Келесі қолөнер дүкеніне кіргенде, бізге өзбектің ежелгі ұлттық киімін киіп көруді ұсынды. Әйелдері басына киген бүркенішінің бет жағы аттың қылынан жасалады екен. Сырттан ештеңе көрінбейді, ал іштен қарағанда, айналаңның бәрі анық көрінеді. Осындай киім киген әйелдің киіміндегі шашақтар оның тұрмысқа шыққан-шықпағанын, неше баласы бар екенін білдіретін астарлы әшекей жіптермен көмкерілетінін білдік.  (Кейін анықтағанымдай, ол сарт әйелдерінің ұлттық киімі екен).

«Мына биік минаретке мініп азан шақырып, намазға үндеген. Алайда оған тек  соқыр адам көтеріле алатын болған,  - деді Аня. Оның себебі: соқыр адам төбеден қарағанда көрші тұрған мына махәлладағы (мешіттер кешеніне таяқ тастам жерде тұрғынүй алабы орналасқан) үйлердің ауласында еркін жүрген қыз-келіншектерді көре алмайды және биіктікке көтерілгенде басы айналып қорықпайды».

Келесі бағытымыз –ескі қаладағы махәлла.Сабан мен батпақтан салынып, бір-біріне жағалай, жапсарлай орналасқан, жеке-жеке биік қоршалған ауласы бар үйлерден тұратын мөлтек ауданды араладық. Үйдің дарбазасының есігі қиялай ашық тұрса, бұл үйдің азаматы дәл қазір үйінде, ішке қарайеркін кіре берсеңіз болады деген белгі екен. (Біз аралап жүргенде, бірнеше үйдің сыртқы есіктері солай ашылып тұрды). Бұл махәлланың көшелері осыдан 200-300 жыл бұрын салынғандықтан, өте тар, әрі ирелеңдей орналасыпты. Тұрғындарының жүзі жылы, жаныңнан өткендеықыласпен сәлем беруді ұмытпайды екен.

«Қаланың бұл ескі бөлігінде ұрлық жоққа тән. Адамдары солай тәрбиеленгендіктен, ислам қағидаттарын ұстана отырып,санасына мықтап бекіткен». Сонымен қатар,қала уақыт ағымынан біршама кейін қалып қойғандай көрінеді екен:  жаңалыққа ұмтылыс көрінбейді. Сол бірнеше ғасыр бұрынғы бет-бейнесін сақтап қалған. Тіпті махәлла ішінде «Гәп» атты тек ер азаматтардың әңгіме-дүкен құруына  арналған кішігірім кездесу орындарының сақталуы да соның белгісі болса керек.

Біз махәлланы аралап болам дегенше, күн кәдімгідей ысыды. «Өзбекстан – күн сәулелі мемлекет, сондықтан бұл елдің жазы өте ыстық болып келеді. Астанамыз Ташкентте «чилла» (шілде) кезінде өрт қаупі қатты жоғарылайды. Маусымнан бастап тамызға дейінгі 60 күннен астам аптап ыстық болғанға да жергілікті халық әбден бейімделген», деді Анна ханым. Бұдан әрі шілденің ыстығынан туған өзбектің бірнеше салт-жоралғыларына кешенді аралай, нақты мысалдарды көрсете жүріп тоқталды. Мәселен, Өзбекстанда кісі қайтыс болса, салт бойынша сол күні күн батқанша жер қойнына тапсыру керек екен. Әйел кісілер 30 жастан асқан соң, ер азаматтар 40 жастан асқан соң үйлерінде «кенеттен келіп қалуы мүмкін» ажалға дайындық жасап, кебінге деп ақ мата сақтаулы тұруы шарт екен. «Тіпті өзге қаладан, өзге елден ұл-қызының келгенін күтпейді. Ал кей жағдайларда базар жабылып қалған кешқұрым кезде үзіліп кеткен адам үшін туған-туыс, көрші-қолаңның үйінде тұрған ақ матаны  сұрауға дейін тура келеді», - деді. «Әр елдің салты басқа» деген осы болар...

 

Кешегі күнде қалып қойған қазіргі Ташкент

Осылайша, ортақ тарихымыздың мәлім де беймәлім беттерін бір парақтап шығып, Ташкенттің жаңа бөлігіне өттік. Жаңа қала деген аты болмаса, аса бір жаңалықтың табын сезе қою қиындау ма дедім.Өз басым бұл қаланы 1990-2000 жылдардағы Алматы қаласына ұқсаттым.«Алдымыздағы қиылыс – Абай көшесі», деді Анна ханым.  Бізде Әлішер Науаи көшесі, бұларда Абай көшесі. Өзара құрмет. Жөн-ақ. «Орта Азиядағы ең жаңа үлгідегі мешіттердің бірегейі – Ақ мешітке қош келдіңіздер! Өзбекстанның барлық мешіті бір стильде десек, ал бұл мешітіміз ерекше бөлек стильде екенін аңғара аласыздар».

Көліктен шығып, биік құрылыс нысанына беттедік. Жаңа ақ мешіттерінің сырт бейнесі, ақ түсі біздің Әзірет Сұлтан мешітіне келіңкірейді екен. Мешіттің аты «Минор» болса да, көпшіліктүсіне қарап, «Ақ мешіт» атап кетіпті. Салыстыру үшін: 2014 жылдың Құрбан айт мерекесінде ашылған бұл мешіттің сыйымдылығы  2400 адам болса, 2012 жылы ашылған біздің  Әзірет Сұлтан мешітінде бір мезетте 5000  адам намаз оқи алады.

«Бұл мешітке әйелдерді кіргізбейді», деді Анна ханым.  «Неге?.. Тиісті киімін кисе де, арнайы әйелдер бөлмесіне кіруге рұқсат жоқ па?» «Жоқ». «Қызық екен. Мешіт – Алланың үйі. Ерлерге де, әйелдерге де ортақ емес пе? Біздің мешіттерге әйелдерді кіргізеді». Анна үнсіз қалды. Меніңше, ол жартылай ғана өзбек болғандықтан, мешітке келмейтін сияқты. Сондықтан мешітке келудің әдебін білмегендіктен, «кіргізбейді» деп жылы жауып қоя салу оңай болып тұр. Гүлзарлармен көмкерілген әдемі ауланы көзбен сүзіп шықтым. Мешітке кіріп бара жатқан әйел кісіні кездестіргім келген. Алайда көзіме ешкім түспеді...

Келесі аялдама – Науаи ескерткіші. Оның ескерткіші бұл қалада көп. Бұл – ең үлкендерінің бірі. Көптеген тепкішектермен жоғары қарай өрлеп барып, ескерткіш жаққа көтерілесіз. (Дегенмен дәл жанына жақындай алмадық. Жолақтармен қоршап қойған. Негізі, Ташкенттің қай ескерткіші болсын, осындай қоршаулардан тұрады екен... Себебін түсінбедік. Тек алыстан, етегінде отырып суретке түсе аласыз. )

Дерек пен дәйек

Әлішер Науаи – өзбек әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі, түркі халықтарына ортақ ұлы ақын, философ, мемлекет қайраткері. XV ғасырда өмір сүрген Әлішер Науаи «Хамса» тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1483), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) сынды  шығармалардың, жалпы алғанда  30-ға жуық жинақтың авторы. Оның заманына дейін қазіргі  өзбек елінде  басқа империялар өмір сүріп, мемлекеттік тілі  тәжік және парсы тілдері болған деседі.  Науаи шығармалары 15 ғ. өзінде Мауреннахр мен Хорасанды ғана емес, Иран, Әзірбайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына да тарады.Әлішер Науаидың шығармашылыған құрмет ретінде Өзбекстанның барлыққалаларынан бөлек, Мәскеу мен Токиода да ескерткіш орнатылған. 

Науаи ескерткіші «Шахидлар Хотираси»  кешенінде орналасқан.  2000 жылы ашылған бұл мемориалда бірнеше тарихи орындар бар. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражай. Зобалаң жылдарындағы қым-қиғаш тағдырдың бейнесіндей болып ирелеңдеп ағып жатқан канал. Осы маңайда 1920-1940 ж.ж. қуғын сүргін кезінде ішінде Кадыри, Фитрат, Чулпон, Хамза сынды қоғам қайраткерлер бар 13 мың адам атылған деген дерек бар. 17 гектар жерді алып жатқан бұл кешеннің айналасы қазір саябақ, мүлгіген мұңды тыныштық. 

Келесі барған жеріміз – Ерлік мемориялы. Оны «Еске алу алаңы» деп те атайды екен. Біздіңше айтқанда, «Мәңгілік алау» паркі ғой. Ұлы Отан  соғысына арналған саябақ кешеніндегі ескерткіште  кеудесімен оқты қарсы алған Кеңес әскері емес, жас сәбиді қорғап қалған сарбаз да емес, ақ орамалды апа бейнеленіпті. Иә, кәдімгі ақ жаулықты,мұңайып төмен қарап, соғысқа кеткен баласын сағынып отырған ана... Біздің қоғам екіге жарылып, «Ұлы Отан соғысы» немесе «Қызыл қырғын» деп баға беріп, бір бітімге келе алмай жатқан сол бір зобалаңға өзбектер осылай өз көзқарасын салмақтап білдіріпті...Майдан даласынан оралмаған батырларының есімін еске алу кітабына алтын әріптермен ойып жазыпты.

Дәл осы саябақта ерекше әдемі сап-сары гүлдерін жайқалтып тұрған бұталы ағаштарды көрдім. Анна ханымнан сұрап білдім. Гүлдің аты – форзиция екен. Еуропаның біраз жерін аралап жүрсек те, мұндай әдемі талды кездестірмеген едім. Сөйтсем, бұл өсімдік негізінен Азияда өсетін, шығыс аруы екен.

Алдағы аялдама – зілзала құрбандарына арналған мемориал. Мұндай мемориалды кез келген елден кездестіре алмайсыз. Сондықтан, ол қандай ескерткіш екен деп, көргіміз келгені рас. Жерсілкініс құрбандарына қойылған бұл белгі шын мәнінде жүрек тебірентерлік. Аяғының астына, қақ бөлініп жатқан жерге үрейлене қарап, апатқа қарсы тұрып, жан жарын қорғап қалғысы келген ер азамат бейнесі.  Расында да, өзбек елі үшін бұл өте үлкен трагедия. 1966 жылдың 26 сәуірі, сағат таңғы 05.23-ті көрсеткенде Ташкентте алапат жер сілкінісі орын алған. «Ресми деректерде 7 балл деп айтылса да, шын мәнінде 8-9 балл болған деседі, көз көргендер. Салдарынан Ташкент қаласы қатты қираған еді»,- деді Анна жолбасшымыз. (Бір таң қаларлығы, араға  тура 20 жыл салып,  дәл сол күні тағы бір дүлей апат –  Чернобыль радиациялық жарылысы орын алады). Жерсілкініс салдарынан Ташкенттің орталық бөлігі түгелдей қирап, 2 миллион шаршы метр тұрғын үй, 181 оқу орын жарамсыз деп табылған. 78 мың отбасы баспанасыз қалғанмен, араға тура 3,5 жыл уақыт салып, Одақтас республикалар атсалысып (оның ішінде Қазақстанның да үлесі ерекше), барлығын қалпына келтірген.

Саябақтан шыға берісте полиция тоқтатты. Мұнда қай жерде жүрсең де, әр талдың түбінде бір тәртіп сақшысы. Көзімен тінтіп тұрады. Бізді тексермегеніне бірнеше сағат өтіп кеткенін сезді ме, кім білсін, алдымыздан шыққан формалы азамат сөмкемізді ашуымызды өтінді. Барлық қалтаны, ой-шұқырды түгелдей қарап шыққан соң, «жаны жай тауып», жайымызға жіберді...

Мустакиллик алаңы – посткеңестік  елдердің бәрінде болған, өз кезінде төрінде Ленин «баба» тұрып, кейін бостандық ала салысымен,«Тәуелсіздік» атын алған алаңдардың бірі. В.Ленин атындағы бұрынғы алаңдарын 1992 жылы «Мустакиллик майдони»деп атау туралы шешім қабылдап, «күн көсемнің»  орнына  Отан-ананы білдіретін әйел бейнесі және планетаны білдіретін шар іспетті жаңа ескерткіш орнатылыпты. Біз барғанда бұл алаңда Наурыз тойы «тойланып жатты». Соның арқасында ерсілі-қарсылы үлкен нөпірмен жүрген жарты Ташкенттің халқын көрдік-ау, шамасы. Түрлі-түсті киімнің әралуандығы көздің жауын алардай. Ал қыз-келіншектер мен үлкен апалардың барлығының ортақ нәрсесі – сұға салып кете беретін, жүрген сайын дыбыс шығаратын «слансы» іспетті аяқ киім. Алайда, біздің көшелердегідей жартылай жалаңаш, «етегін ит тартып кеткен» киім киген кейбір қыз-келіншекті бұл жақтан майшаммен іздеп таппайсыз. Осы жағы қазаққа үлгі боларлықтай екен.

Мереке демекші, адам көп жиналған мұндай жерлерде ұлттық ән мен би көрсетіліп, концерт қойылатын шығар дегенбіз. Осылайша өнерпаздарды тамашалармыз деп ойлағанбыз. Бірақ күткеніміз болмады. Аннаның айтуынша, осыдан 4-5 жыл бұрын керемет концерттерден бөлек, ұлттық киім үлгісін замануи сарында насихаттайтын түрлі сән апталықтары ұйымдастырылып тұрған екен. Алайда оның бәрінің басы-қасында жүрген ел басшысының үлкен қызы қазір шектеулерге тап болған... Думандату жағынан алдына жан салмайды деп есептеп жүрген өзбек өнерпаздары қазір жаңа, бізге түсініксіздеу тәртіпке бағынған сияқты...

Осылай жүріп, күніміздің қалай сырғып өте шыққанын аңғармай қалыппыз. Оның үстіне, біздің елмен салыстырғанда бір сағат айырмашылығы бар. Отағасымен бірге кешіккен кешкі асымызды ішсек деп қонақүйге жақын маңдағы дәмханалардың біріне бас сұқтық. Біздің қонақүй қаланың дәл орталығында орналасқанын ескерсек, дәмханалар да нағыз астаналық сипатта, жоғары деңгейде болар деп күткенбіз... Дегенмен шеткері бір аудандағы ең шағын кафеге барғандай әсерде болдық. Интерьері де, ас мәзірі де мәз емес. Бәрі тозыңқыраған. Тамаққа тапсырыс бермек болып, даяшыны шақырдық. Таңдаған асымыздың ешбірін тапсырысқа қабылдай алмайтынын айтты. «Неге?» деп шошып кеттік. «Білесіздер ме, бізде сағат 11-де барлық қоғамдық орындар жабылады. Қазір сағат 10. Сіздер тек 15-20 минутта дайын болатын тұшпараға ғана тапсырыс бере аласыздар». Жақсы, бұған да шүкір дедік. Тамақтары қымбат емес екен. Мәселен салаттардың орташа бағасы 4000 сум. Бұл біздің теңгеге шаққанда 450 теңге. (Мейрамхана бизнесімен айналысатын елдегі бір таныс кісі салаттардың орташа құны 200-300 теңге болатынын, бірақ 5-7 есе үстемелеп баға қойылатынынайтқан еді. Сол рас болып тұр...)

Қайтар жолда әдеттегідей әр талдың жанында қарайып тұрған полицейлердің сұлбасынан басқа онша ешкім көрінбеді. Жоласты өткелінің алдында да біреуі тұр екен. Тоқтатып, тағы да сөмкемізді қарады.  Бұған да үйрене бастайды екенсің. Жалпы, полицейлердің мұнша көп болуының бірнеше себебін түйдім. Біріншіден, Өзбекстан Ауғанстан, Тәжікстан сынды заңбұзушылық дәрежесі жоғарылау, мазасыздау елдермен шекаралас. Түрлі есірткінің партиялары транзит ел ретінде өту ықтималдығы жоғары. Екіншіден, Иран, Сирия сынды елдерден әлемге ағылып жатқан діни экстремизммен «ауыратын» түрлі келімсектер әр түрлі лаңкестік жағдайын орнату қаупі тағы бар. Үшіншіден, бұл жақта жұмыс табу өте қиын шаруаның бірі, ал тәулік бойы бірнеше ауысыммен күзетте тұратын полицейлердің айлығы өте жоғарылардың санатында екенін Анна жолбасшымыз біз сөзінде айтқан болатын. Сондықтан, беделі жоғары, жалақысы көп, қоғамға пайдалы деп саналатын жұмыс жасауға әр азаматы ынталы болары түсінікті.

(жалғасы бар)

Алма Сайлауқызы, журналист

abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 657
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 436
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 393
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 393