Сейсенбі, 21 Мамыр 2024
Әдебиет 6332 0 пікір 7 Маусым, 2016 сағат 14:16

БЕКЗАТ

Басқаша болса, Құдай кешірсін, бірақ маған ең таза, ең адал студенттер филология мен журналистика факультетінде оқитын сияқты болып көрінеді.

Бұларды тіпті танымайтын ақындар үшін қырықпышақ болып айтысып: «Пәленше – ұлы ақын!», «Түгенше – ақын емес!» – деп кесіп айтатын да осы екі факультеттің жүгермектері. Ақындардың туған күндерін өз туған күндерінен артық тойлайтындар да солар. «Пәленше ағамызды іздеп барамыз…» деп республиканың кез келген түкпіріне алаңсыз тартып кететін әпенділерді де осыннан табасыз. Жер-жердегі жас таланттардың Алматыға келгенде жамбаспұлсыз түсетін «қонақүйлері» де – осы факультеттердің жатақханалары. 

Ал бұл екі факультеттің «вешірлері» – нағыз поэзия кештері. Мұқағали, Тө­леген, Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Мұх­тар, Мейірхан, Есенғали, Ұлықбек, Ты­ныш­тықбек, Гүл­нәр­лар­дың өлең­дері – «музыкалық сәлемге» айналады. Сосын әлгі «дүрлердің» өз өлеңдеріне кезек ке­ле­ді. Кейде ақындардың жұрт біле бер­мей­тін өлеңін өз атыңнан оқып жіберу мұ­н­да қылмысқа жатпайды. Тек тігісін жат­қыза білсең болды…
Жақсы өлеңнің жазылуы бұлар үшін – ұлы оқиға. Міндетті түрде атап өтіледі. Ер­теңіне күллі курс жатқа оқиды. 
Тоқсаныншы жылдарда, біз оқыған тұс­та да, осы екі факультеттегі дәстүр са­бақ­тастығы үзілген жоқ. Ағаларымыз сал­ған соқпаққа біз де түстік…
…Каникулдан келген бетіміз. Сымсыз бай­ланыс «Сәндібек Жұбаниязов керемет екі өлең жазыпты…» деген хабар таратты. Сән­дібек – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ау­данынан келіп, журфакқа түскен сақа жігіт. Көп сөйлемейді. Гүлнар Салықбайға арнап жазған «Жасыл өлең» дейтін өлеңімен атағы шығып тұрған кез. 
Дереу Сәндібектің бөлмесіне жеттік. Сәкең бәлсінген жоқ. Дәптерін ашып, оқи жөнелді:

ЖАРЫССӨЗ

 
Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,
Төрағасы емеспін.
Олай-былай барған кезде, әрине,
Мәшинемен алып жүрмес мені ешкім.

Жазу, сызу – маған қонған бақ, талап,
Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».
Әттең, әкем халық жауы болмапты,
Жазар едім бір поэма... ақтап ап...

Қозы бақтым. Үйрек бақтым. Қаз бақтым.
Ғашық болдым – тарттым сонда аздап мұң.
Диссиденттік маған қайдан бұйырсын –
Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.

Жаза қояр дерек таппай мүлде мен
Қиналамын. Жиналыста үндемен.
Алматыдан кетіп қалғам ертерек – 
Желтоқсанда танысқам жоқ түрмемен.

Брежнев, асыл задам, құрметтім,
Сізді... және Қонаевты үлгі еттім.
Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,
Мен – күріштің қасындағы күрмекпін.

Жиналыста көбеңсиді көңілім,
Маған назар аудармайды көп інім.
...Жарыссөзде айта салар ерлігі
Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.
Гу ете қалдық. «Ақыл» деп аталатын екін­ші өлеңі тіпті керемет екен. Әскерден ке­ліп, жұмыс істеп жатқан жас жігіт аға­ларының: «Комсомол комитетінің хат­шы­сы бол...» – деген ұсынысын қабыл алар-алмасын білмей әкесімен ақыл­даса­ды. Әкесі: «Бір күні орныңнан түсіп қа­лып, ұят болар, өлеңіңді жазып жүре бер­сейші...» – депті. Бала әке ақылын тың­даған...
Мына екі өлең бізге қатты әсер етті. Ең бастысы, мұнда сол тұста «мода» бол­ған қара бояу мүлде жоқ еді. Есесіне, бір­ден баурап әкететін әдемі юмор, жеңіл ыр­ғақ бар. Сәндібекке қызыға қарадық. Ор­нықты, жай ғана жымиып қойып оты­ра беретін жігіттің ішінде небір асыл қа­зы­на жатыр екен ғой, шіркін. Қарай гөр өзін, әскерде сержант болыпты тағы... 
Екі өлең студенттердің арасына тез та­­рады. «Вешірлерде» де алдымен сол өлең­дер оқылады. «Сержант» Сәндібектің ата­ғы дүркірей бастады. Тек...
...бір күні әлгі екі өлең «Қазақ әде­бие­ті­не» шыға келгені. Астында, негедүр, Сән­дібек Жұбаниязов емес, Ертай Ашық­баев деген пәмиле тұр. «Е, әлгі Ақтөбедегі ақын ғой, бірақ мұнысы несі, інісінің өлең­дерін иемденіп...». Басыма бірінші кел­ген ой – осы. Сәндібектің бәріміздің «ау­зымызды ұрғанын» кейін білдік қой. «Сержантымыз»: «Ертай ағамның өлең­дері шығыпты...» – деп мәз. 
Енді Ертай ақынның өлеңдерін іздеп жүре­тін болдық. 1994 жылы «Жас қазақта» «Ұя» атты өлеңі шықты. Аяқалысы мүлде бө­лек. Қазыбек Құттымұратұлы әкелген га­зет қолдан-қолға көшті. 
Алға озып кетіп айтайын, кейін Ере­кең­нің «Ұя» атты кітабы шыққанда сол Қа­зыбек ғажап мақала жазды. «Жылап оты­рып жаздым...» дейді...
...Ақтөбе облысы, Темір ауданына қа­рас­ты Бабатай деген ауыл бар. Ауыл ірге­сі­нен сылдырап Бабатай өзені ағады. Осы кіш­кентай ғана ауылда даңқты Жиеналы қа­зірет, қазақтың есінде атақты «Мешін-Тауық» әнімен қалған Қызыл ақын, ге­не­рал Жансен Кереевтер дүниеге келген. Ер­тай Ашықбаевтың кіндік қаны да дәл осы топырақта тамған. Бабатайдың бойында асыр салды. Есенбайдың, Мұх­тар Құрманалиннің өлеңдерін, Идош Асқардың мақалаларын осы ауылда жүріп оқыды. Оныншы класты сол жылдардың ең «модный» киімі күпәйкемен бітірген жас талапкер әуелі аудандық газетте жұ­мыс істеді. Келесі жылы бір ағаларының ақылымен білім іздеп, Торғай асты. Барса, Арқалық пединститутында гуманитарлық пәндерді оқытатын факультеттер жоқ екен. Аңғалдық қой, алдын ала сұрап, зерт­теп алу деген ойына да келмепті. Ал ма­тематика мен физикаға шамасы кел­мейтіні өзіне мәлім. Аттың басын кері бұру ұят, Табыл Құлыяс ағасының үйінде жатып, облыстық газетке жұмысқа тұрды. Жазу-сызуды меңгерді. Одан әскерге кет­ті. Керзі етікпен Венгрияның көшелерінде ой­қастады. Ерекеңнің Алматыдағы «Хан Тәңірі» баспасынан шығарған қос том­дығының 1-томы «Әскерден келген сту­дент» атануы тегін емес. ҚазМУ-дің жур­налистика факультетінің студенті атан­ды. 
Әлқисса, бұл кісінің қандай студент болғанын курстасы, белгілі ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың «Қазақ әдебиетінің» биыл­ғы 17-санында жазған мақаласынан оқып аларсыздар, «Алматы жақта туған қыз» туралы да білетініміз аз, сондықтан біз оның Ақтөбеге келген кезінен бастап әң­гімелейік. 
1982 жылы Ертай Ашықбаев Ақтө­бе­сі­не оралды. Сыбай-салтаң. Ақын аты ғана бар. Бір жақсысы, облыстық газет­те­гілер мұны жақсы біледі екен. Бас ре­дак­тор Нұрқайыр Телеуов таныстырған кез­де ағаларының бірі: «Өй, бұл жігіт бізге кел­меуі керек еді. Ақын ғой, Алматыда қал­ғаны жөн болар еді», – деді. «Е, Ақтө­беге де ақын керек емес пе?» – деді тағы бірі. Ең бастысы, ұжым құшақ жая қарсы ал­ды. Мәдениет бөліміне жұмысқа қа­был­данған бозжігіттің мақалалары тастай еді. 
Осы күні біз көп жамандайтын сәбет өкіметінің жас маманға деген ықыласы алабөтен еді ғой. Жаңа ғана жұмысқа тұр­ған Ерекеңнің алғашқы жалақысына қоса жәрдемақысы, көтермеақысы, қаламақы­сы бар біраз қаржы тиді. Бұрын бұндай көп ақша ұстап көрмеген оның басында аб­дырап қалғаны да рас. Сосын ҚазМУ-дағы ашқұрсақ студенттер есіне түсті. Де­реу поштаға барып, Светқали Нұржанға 25 сом ақша салып жіберді. Ол кезде бұл – әжептәуір ақша. Аяқастынан мол бай­лық­қа кенелген Светқали бұның не «бат­панқұйрық» екенін түсіне алмай бас қа­ты­рыпты. Сол кезде Жұматай Жақыпбаев келе қалады. 
– Жұмаға, Ақтөбеден Ертай 25 сом жі­беріпті. Неге салғанын түсінбей отыр­мын. Өткенде бір кітаптарды сұрап жүр еді, соны алып, беріп жібер дегендегісі ме екен? – дейді Светқали.
– Ол ақшадан бірдеңе қалды ма?
– Тұтас қолымда тұр. 
– Ендеше, әуелі жаратайық та. Сосын Ертайға телеграмма салып жібер.
– Не деп?
– Былай де: «Получил денежный пере­вод. Не понял. Повтори, пожалуйс­та...» Ол кезде жеделхаттар тек бір тілде жө­нелтілуші еді ғой...
Нән шаһардағы сайран күндер, «Ал­маты жақта қалған қыз...» да, «бұдан Ал­ма­тыны алып қалған М.Талдыбаев пен М.Ізімұлы» да бірте-бірте ұмытыла бас­та­ды. Жаңа ортаның қызықтары да же­тер­лік еді. Редакцияда сол тұста жаңа ғана ҚазМУ-ды бітіріп келіп, жұмысқа кіріс­кен Нұрмұханбет Дияров, Сатыпалды Сәуір­баев, Әлімбай Ізбай секілді жас жі­гіттер ылғи бөлек қыдыратын. Бәрінің де жаңа отбасылы болған кездері. Ылғи пә­тер жалдап жүретін жас перілерге қа­лалық ішкі істер бөлімінде істейтін, ақын Бауыржан Құрманқұлов кәдімгідей «кө­ке» болды. «Вешір» біткен негізінен со­ның үйінде өтетін. 
Жас ақынға Алматыны ұмыттыра бас­таған құдірет жаңа орта ғана емес еді. Сек­ретариатта істейтін сымбатты қара торы қыз бірден көзіне түскен. Әсіресе, әдемі қос меңін көргенде: «Мен Шираз­дың пәк сұлуын Тәңіріме теңер ем, Бір меңі­не Самарқан мен Бұқараны берер ем...» – деген Хафиз атасының өлеңін іш­тей күбірлей берген. Сол күбір ақыры қа­ғазға өлең боп құйылды:
ЕКІ МЕҢ
Көкірегім күпінгенде күшті еді, 
Арман қуып Ақтөбеге жетіп ем.
Көзіме де ең алдымен түскені,
Ай сәулелі жүзіңдегі екі мең.

Санамдағы сұлуларды шегерем,
Салтанатпен жария етем досқа да.
Екі меңге мен төрт қала берер ем,
Бір мең үшін берсе Хафиз қос қала.

Қолы жетпей қиналған соң асылға,
Арманнан да асқақ ұстап мұратын.
Жазушылар одағы жоқ ғасырда,
Бір мең үшін болды Хафиз ұлы ақын.

Кеудесінің кең сарайын күйдірген,
Бір мең құнын Хафиз солай өтесе.
Екі меңі бар сұлуды сүйдім мен,
Артық жырлау керек маған екі есе.
Уай, дүние-ай, Хафиздің атақты өлеңін естігенде Әмір Темір қатты ашу­ла­нып­ты деседі. Ал Ертайдың өлеңі тасқа ба­сылып шыққанда, селк еткен ешкім бол­мады. Елдің басшысы түгілі, жергілікті жер­дегі шенеуніктер де тырс еткен жоқ. Мем­лекеттің «территориялық қауіпсізді­гін» ойлап, ақын Есенқұл Жақыпбеков ғана шыр-шыр етті:
Ақын-көңіл қашан, сірә, қартайған?!
Сүйгенінің меңін көріп марқайған.
Ақтөбе, Орал, Атырау мен Ақтаудың,
Горкомдары, сақтаныңдар Ертайдан! 
...Өлеңде айтылғанның бәрі өмірде жү­зеге аса бермейді, әрине. «Берер ем...» деген — «берем» деген сөз емес қой және. «Төрт қала сыйлануға тиіс» қос меңді ару көп ұзамай ақынның жалдамалы пәте­рі­нің босағасын аттады. Барлық қатарлас­тары секілді қаланың түкпір-түкпірін «ара­лады». Сөйтіп жүріп, ерінің қонағын күтті. Азамат, Әлихан атты ұлдарды өмірге әкел­ді. Есесіне «Қос мең» тарихта қалды. Ере­кеңнің тұңғыш кітабы солай аталды.
«Қос мең» бірден оқырманның на­за­ры­на ілікті. 1988 жылы осы кітабы үшін Ер­тай Ашықбаев Қазақстан Жазушылар ода­ғы Шәкәрім Құдайбердиев атындағы сый­лығын иеленді. Қарағандылық сұра­пыл ақын Серік Ақсұңқарұлы «Қазақ әде­­­­биеті» газетінің бетінен: «... «Жалын» бас­пасынан тұңғыш кітабын шығарған Ер­тай Ашықбаевты алыңыз: әдебиетімізге әлемдік мәдениетті поэзияның қадір-қасиетін бойына әбден сіңірген, ешкімге ұқсамайтын Жаңа Ақын келді!» – деп күллі оқырманнан сүйінші сұрады. 
Секең бір жылдан соң «Лениншіл жас» газетінде шыққан «Көктемнің иісі аң­қыған гүл» атты мақаласында: «Ашық­баев – ақын. Бұл – факт» деп және нық­та­ды. 
1989 жылы өткен жас ақын-жазу­шы­лардың кеңесінде Ғафу Қайырбековтің: «Біздің топта Қазақстанның 5 облысын қамтыған он ақын болды... Ақтөбеден кел­ген ақын Ертай Ашықбаев есімі өлең­сүйер қауымға белгілі. Бұл осы кеңеске дейін көрінген талапкер. Мен оны осы топтың басы деп айтар ем. Ойы есейген, қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Күрделі ойды көп қуатын жас...» – деуі де жас ақын­ға берілген жоғары баға еді. 
...Тоқсаныншы жылдардың екінші жартысындағы аласапыран біраз ақынға қаламын тастатты. Кітап шықпайтын, өле­ңің баспасөз бетін көре бермейтін жыл­дар, үмітсіздік қатты шаршатты. Ере­кең де біраз уақыт өлең жазған жоқ. Есе­сіне газеттің қара жұмысына жегілді. Же­ті-сегіз айлап жалақы алмаған кезде де об­лыстық газеттен қол үзген жоқ. Мен бұл кісімен, міне, осы кезде жолықтым.
2000 жылы Мейірхан ағам Ақтөбеден «Алтын орда» атты тәуелсіз газет ашқанда, «Жас Алаштағы» Дәурен Қуат екеуміз ере кел­дік. Ең әуелгі шаруамыз Ертай ақынға сәлем беру болды. Ағамыз жылы шы­рай­мен қарсы алды. Біраз әңгімелестік. Одан кейін сәлеміміз түзу болғанымен, қоян-қолтық араласып кете алмадық. Кейін біз «Ақтөбеге», бұл кісі «Алтын ордаға» ауыс­тық. Тек 2005 жылы ғана бір ұжымда тізе қосып, жұмыс істей бастадық. Содан бері жұ­бымыз жазылған емес. Үйлеріміз жа­қын болғасын, жұмысқа бірге барып, бір­ге қайтамыз. Қазан-табағымыз да ара­ла­сып кетті.
Мен осы жылдар ішінде Ерекеңді жақ­­сы тани түстім. Көп жерде ол мені аран­­даудан аман сақтап қалды. «Біреуге жақсылық жасай алмасаң да, жамандық жасама». Бұл кісінің өмірлік ұстанымы – сол екен. Қатты ашуланғанда айқайлап алып, сосын мүлде үнсіз қалатыны бол­ма­са, біреудің соңына түсіп алып, жауласу бұған мүлде жат әдет. Кейде біреуді «көре алмай» қалған пендешілігін де артынан күліп отырып айтады. 
Танымайтын адамға Ерекең томаға-тұйық жан болып көрінеді. Шынында да ол көп кісіге ашыла бермейді. Сөз тың­дамайтын жерлерде көбіне үнсіз қалады. Өз ортасын тапқанда ғана сөйлейді.
Сыпа. Үстіне қылау жұқтырмайды. Киім­ді өте ұқыпты киеді. Топылиы үнемі жар­қырап тұрады. Баскиімінің астыңғы жа­ғы желініп қалмасын деп жұмыстағы шкафына арнайы банкі әкеліп қойып, құлақшынын соған «кигізеді». 
Үстелінің үсті де жылан жалағандай тап-таза. Артық қағаз, шашылып жатқан газет көрмейсің. Бөлмесінде сағат пен күн­тізбенің болуына, олардың орналасуы­на қатты мән береді. Алдында міндетті түр­де бірнеше түсті қаламсап пен ұш­тал­ған қарындаш, өшіргіш, сызғыш болады. Ма­териал оқығанда, қолына қалам мен сызғыш алып оқиды. Тақырыптың астын қарындашпен сызады, қатені қызыл түсті қаламсаппен белгілейді, уақыты мен кү­нін қояды, сөйтіп, тап-тұйнақтай етіп ұсы­нады. Ал өз материалдарын үйде жазып әкеледі. 
Өте кіді. Кейде таңертең қатты айқай шық­қанда, бірдеңе болып қалды ма деп жетіп барсаң, кезекші не корректор бір үтірдің орнын өзгертіп, не алып тастаған болып шығады. Басқа адам болса, бұған мән де бермеуі мүмкін, ал бұл кісі үшін – трагедия. Содан біраз уақытқа дейін кір­жіңдеп жүреді. 
Өз принциптері бар. Жеке шаруасы­мен біреудің алдына бара бермейді. Туған-туыс, жора-жолдас, бала-шағаның шаруа­сы дегенді тіпті айтпаңыз. Әркім өз мә­се­лесін өзі шешуі керек деп есептейді. Ай­наласындағылар да бұның сол мінезіне үйренген, артық әңгіме айтпайды.
Ал енді жұмыста осындай мәттаһам Ер­тайыңыз үй тірлігінде аса пысық еркек емес. Көп шаруаны Күләй апамыз өзі тындыра береді. Тоқсаныншы жылдардың ортасында үш бөлмелі үй алғанша, пәтер із­деп табу, оған көшу деген «мәселелерді» өзі шеше беретін болыпты. Ерекең те­ле­фонмен айтылған адреспен үйді тауып бара­ды екен. Бүгінде де отағасының ша­ғын Ақтөбе қаласының түкпір-түкпі­рін­де­гі ағайын-туыстың үйлерін тауып ба­рардағы «компасы» — келіншегі. Күләй бар­да ештеңеге басын ауыртпайды. 
Әпенділігі де жетеді. Ақтөбеде «Кол­хоз­ный» деп аталатын базар бар. Үлкен деп айтуға келмейді. Сәл әсірелеп айтсақ, бер­гі шетіндегі қатынның айқайын арғы шеттегі қатын еститіндей-ақ аумақ. Құдая тоба, сол базарға кірген Ерекең адасыпты. Шығатын есікті таба алмайды. Қатты сасады. Мұндайда адам жан-жағынан жөн сұрайды ғой. Ал бұл кісі бірден телефонға жармасады. «Күләй, қайдасың ойбай, адасып қалдым...». «Қай жерде тұрсың?». «Мынадай жерде. «Апельсин» деген жазу бар....». «А, ендеше, сол жерден кері бұрыл да, тура жүре бер...». Ерекең содан кейін әлгі базарға кірмейді...
Бұл кісіні баяғы феодал шалдардың жұрнағы десе де болады. Бірде Күләй қатты ауырып, түн ішінде жедел жәрдем шақыртады. «Шұғыл ауруханаға жатқызу керек...» депті дәрігерлер. Апамыз Ерекеңе бұрылады: «Бірге жүр, мені орналастырып келерсің...» «Қойшы, ұят емес пе?» депті бұл кісі. «Өй, несі ұят, мен сенің заңды әйелің емеспін бе?». «Жоқ, ұят, бармаймын...». Ақыры апамыз жалғыз кетеді...
Күлекең бұндай әңгімелерді айтқанда, ішегің түйіледі. Күйеуі де әңгіме мүлде басқа біреу туралы айтылып жатқандай, күліп отырып тыңдайды. 
...Адамның басында неше түрлі жағдайлар болады ғой. Кейде тастүнек қараңғыда отырып, бойыңды үмітсіздік билегенде әлдеқайдан бір жарық сәуле түседі. Өлмеген құлға Тәңірінің берері көп. Анабір жылдарда бұл кісі де біраз торықты. Жұмыстан шығып қалған сәттер де болды. Өзін қоғамға керексіз сезінген де шақтар өтті бастан. Сол тұста Ақтөбедегі «Нобель» баспасының ди­рек­торы Нұрлан Жұмағалиев өзі іздеп келіп, ақынның «Ұя» атты жинағын шығарып берді. Ұядай әдемі, шағын кітап Ашық­баевтың көңілін сергітті, қолына қаламын қайта ұстатты. Сол жылдың (2004 жылы) аяғына қарай Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Ғашықтар мектебі» атты жинағы шыққанда төбесі көкке сәл ғана жет­пей қалды. Тынысы ашылды. Бұл өлең­ді, өлең бұны сағынып-ақ қалған екен. 
2007 жылы қазақ әдебиетінің тари­хында осыған дейін фольклорлық тұлға саналып келген Қарақыпшақ Қобы­лан­ды­ның тарихи болмысы нақтыланды. Бұл – ел тарихындағы бірінші рет болған жайт. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында батырға арналған зәулім кесене бой көтерді. Ұлан-асыр той жасалды. Бір кезде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұландар армандаған іске осылай нүкте қойылды. Міне, осы оқиғаға арнап, Ертай Ашықбаев «Қобыландының қо­ны­сы» атты поэма жазды. Арғы заман мен бүгінгі күннің арасын жалғаған, Қобы­лан­ды дәуірінің асқақ рухы мен «ая­ғымызда шідер болмаса да, жіліншігіміз қақсай беретін» (Есенғали Раушанов, — Б.Б.) бүгінгі кейпімізді дәл суреттеген поэ­ма, автор жазғандай, ақынның «өзі жайлы бір үзік дастаны» еді. Формасы жағынан ерекше, тілі құнарлы, салмағы атан түйенің белін қайқайтатын дас­тан­ның бағасын болашақта әдебиеттану­шы­лар береді деп ойлаймын. Айтпақшы, сол поэма «Жұлдыз» журналына жария­лан­ған­да, қазақ әдебиетінің классигі Есен­ғали Раушановтың: «Ертайдың поэмасын оқып жатырмыз...» деп маған звондағаны бар. Мен оны кірпияз ақынның дастанды ұнатқаны деп түсіндім. 
Өлең – ақынның айнасы. Бірақ айна да кейде кісіні зорайтып көрсетеді. Өлеңін­­де жалаңтөс батыр, өмірде көптің бірі болып шығатындар аз емес. Ал менің ағамның өлеңдегі бейнесі өмірдегісінен аумайды. Өтірік күшену деген бұл кісіде жоқ. Қашанда бекзат қалпынан айны­май­ды. Тіпті әңгіме айтқанда да, бірдеңені қо­сып айту деген ғадетінде жоқ. Белгілі пуб­лицист, «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Жанболат Аупбаев «SOS белгісі» атты мақаласында Ерекеңнің жо­ғарыда айтылған «Жарыссөз» атты өлеңін тұтас келтіре отырып: «...Сондықтан да кей­біреулеріміз: «Сол кезден-ақ «күрес­кер едік» деп көпіріп жүргендей емес, Ер­тай Ашықбаев айтқандай, момын ұрпақ­тың өкілі болғанымызды мойын­дауы­мыз керек...» — деп ағынан жарылға­ны бар. Айтпақшы, көргендердің айтуын­ша, «Егеменнің» бас редакторының үсте­лінің үстінде Темірхан Медетбектің «Көк түріктер сарыны» мен Ертай Ашық­баев­тың «Ұясы» жатады екен...
«Айтпа, достым, тақырыптың тарлы­ғын, Меніңше, ол — жарлы ұғым. Мен жал­ғыз-ақ туған жерді сүйемін, Сол арқы­лы сүйемін мен барлығын...» — дейді Тө­ле­ген. Сол айтпақшы, Ақтөбе өңірінде Ертай өлеңге қоспаған тұлға, ауыл аз. Оның өлеңі бірде Құдайберген Жұбанов болып күңіренсе, бірде Әлия Молдағұлова болып ерлікке үндейді, енді бірде Қазанғаптың күйі болып төгіледі, Әжібай мен Арал би болып аруақ шақырады, Ыбырайым ахун боп жоқтайды. Тіпті Ақтөбенің «Сантехник Алпамысы» мен «Фототілші Хайреденіне» дейін «өлеңге кіріп» кетеді.
Алдарына келген жас талапкердің Ақ­төбеден екенін естігенде астаналық не­ме­се алматылық қаламгерлердің: «Е, Ертай­дың ауылынан екенсің ғой...» – дейтінін жиі естиміз. Демек, қалам ұстаған қауым үшін Ақтөбе, ең алдымен, Ертайдың ауы­лы!
Өлеңдерінен Ақтөбе облысы аумағын­да өсетін барлық өсімдіктің исі аңқитын Ертайдың шығармашылығында Ойыл мен Қиылдың, Ырғыз бен Торғайдың, Жем мен Сағыздың, Қобда мен Бабатай­дың, Елек пен Қарғалының жылы ағысы бар. Ашықбаевтың он кітабы қазақ әде­бие­тінің дариясына осы он өзен болып қо­сылды. Ендеше, Ақтөбенің «Ертайдың ауылы» екеніне, оның есімі әдеби орта үшін өңірдің төлқұжатына айналғанына таңғалуға болмайды. 
2000 жылы Ақтөбеге осы өңірдің тума­сы, ірі ақын, көрнекті публицист Мейір­хан Ақдәулетұлы келгелі облыстың мәде­ни өмірінде біраз өзгерістер болды. Мә­­кеңнің мұрындық болуымен осы елде туып-өскен арғы-бергі жыраулардың, ақын-жазушылардың шығармалары топ­талған «Жәдігер» атты антология, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығына арнап фо­тоальбом мен қос томдық, Ахмет Жұ­ба­новтың 100 жылдығына арналған бір том­дық, «Ақтөбе кітапханасы» сериясы­мен әзірге 24 кітап жарық көрді. Осының бәрін құрастырып, редакторлық еткен – Ертай Ашықбаев.
Осы өңірдің даңқты перзенттерінің ме­рейтойларын түгендеп мақала жазатын да, кітапханалар ұйымдастырып жататын түрлі шаралардың қонағы болып, өңірдің ғана емес, ұлттың мақтанышына айналған тұлғаларды тынымсыз насихаттайтын да – осы Ашықбаев. 
Ертай Ашықбаевтың тағы бір ерекше­лі­гі – балалар әдебиетіне қомақты үлес қос­қандығы. Біздің осы салада жазатын қа­­ламгерлеріміздің бір кемшілігі, сол бая­ғы өзі бала күнгі жайттарды, сол шақтар­да­ғы сезімдерді қағазға түсіреді. Ком­пью­тер ғасырының баласы оны түсіне бер­­мейді. Ал Ерекеңнің өлеңдерінде дәл бүгін­гі күн, баланың күнделікті өмірі бар. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіні...» де со­дан болса керек.
Ертай Ашықбаев қазақ тілінде «сөй­леткен» Хуан Рамон Хименес, Ярослав Сей­ферт, Стефан Георге, Герман Гессе, Пауль Целан, Райнер Мария Рильке, Збиг­нев Херберт, Уильям Батлер Иетс, Джон Китс сияқты әлем әдебиетінің клас­сиктерінің шығармалары ұлттық әде­биетіміздің көкжиегін кеңейтіп, сан түрлі бояу қосты. Ал оның қатарластары тура­лы жазған мақалалары топтастырылған кі­­та­бын ең кіді оқырманның өзі жылы қа­былдады. 
Ертай – өнімді жазатын ақын. «Шір­кін, баршылыққа не жетсін...» деп Қадыр ағам айтпақшы, өлеңі де, әдебиет туралы мақалалары да жетерлік. Сол көп өлеңнің бәрі өзіне ұнай бермейді. Соны үнемі айтып жүретін. Биыл қыста суық тиіп, қат­ты ауырғанда үш мың жолға жуық өлеңінің көзін құртыпты. Үйдегі қағаз күйін­дегісін ғана емес, демалыс күні жұ­мысқа келіп компьютердегі нұсқасын да то­лық жойыпты. Бұл да көп адамның қо­лынан келе бермейтін ерлік! 
Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда Ғафу Қайырбеков, Марфуға Айтқожина, Зейнолла Серікқалиев, Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан секілді дүрлер пікір білдіріпті. Тіпті ана жы­лы Ақтөбе өңірінде жасаған ірі істе­рімен елдің есінде қалған осы топырақтың қадірлі перзенттерінің бірі Елеусін Са­ғын­дықов облысқа әкім болып бара жат­қанда Фариза апай: «Ана Ертайды ұмыт­паңдар...» — деген көрінеді. Елеусін Нау­рызбайұлы сол аманатқа қиянат жа­саған жоқ...
...Иә, жылдар жылжып барады. «Ме­шін жылы Бабатайда туғалы...» да алпыс жыл зулап өте шығыпты. «Өмірім де өлеңі­м­нің өзіндей, Бірде жақсы, бірде жаман шумағы...». Рас қой. Тек сол « бірде жақ­сы, бірде жаман» өмір жолы ұзара бер­гей.

Бауыржан  БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе қаласы

Дереккөзі: Аikyn.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2198
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2583
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2520
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1683