Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 4737 0 пікір 9 Маусым, 2016 сағат 05:39

98 ЖЫЛ САҚТАЛҒАН ҚАНДЫ ЖЕЙДЕ

Алматының іргесіндегі Өтеген батыр кентінің қала жағында тарихтағы белгілі тұлға Әлмерек абыздың үлкен күмбезі барын көп адам біледі. Сол күмбездің жанына өткен жылы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заман» кітабының бас қаһарманы Ұзақ батырға арнап ескерткіш қойылып, ас берілген еді. Қызыл түсті гранит тастан жасалған биіктігі 3 метрлік ескерткіш бұдан бұрын орнатылған ескерткіштің Күншығыс жағынан орын тепті. Оны Ұзақ батырдың шөберелері қойды. Игілікті істің басы-қасында жүрген Ұзақ батырдың шөбересі Асылбек қажы Інкәнұлын  (суретте) сөзге тартқанымызда, «көңілімде жүрген анамның аманатын орындадым» деп сөзін бастады ол.

– Мен Ұзақ батырдың Оман деген баласынан туған Інкәнның ұрпағымын. Атам Оманның тәрбиесін көріп өстім. Бала күнімде атамның көп әңгімесін естідім. 1916 жылғы Қарқарадағы Албан көтерілісі Ұзақ бабамыздың әулетіне оңай тимепті. Ел жақсыларын қырғыздың Қарақолында қырса, Ұзақ бабамыз да сонда атылған. Қырғынның арты елге де жайсыз тиіп, ақ патшаның жазалаушы отряды жазықсыз елді аяусыз қырған. Ел қорқып, тау-тасты паналап, көбі Қытайға ауған. Ұзақтың баласы Оман, Дәуленқан, Тәліп те елмен бірге кеткен. Оман атамның ағасы Әбенді жазалаушы казак отряды Бөрібасы деген жерде толғатып жатқан әйелінің көзінше атып, өлмегенін білгеннен кейін мылтықтың ұшындағы пышағымен әлденеше жерден түйреп кетіпті. Әбен қиналып жатқанда жас сәби дүниеге келген екен. Жас нәрестені қолына алған Әбен «қанға боялып туғанды бағып алыңдар» деп жүріп кетіпті. Содан кейін Ұзақтың бар балалары Қытайға ауып, кейін ел тынышталғанда қайта оралған. Хан Тәңірінің сай-саласына тығылып аман қалған Ұзақ атамның ағасы Тұңғатар әжі қайта келген ағайынға қолынан келген көмегін беріп, малын да үлестіріпті. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін байдың тұқымы деп тәркіленіп, атам Оманды Орал жаққа жер аударыпты. Жазасын өтеп келген атам тағы қуғындалып, Ұзақтың бар балаларын отбасымен Жаркенттің түрмесіне қамайды. Түрмеде Ұзақтың бір орыс танысының көмегі тиіп, олар аман-есен шыққан. 1932 жылдың ашаршылығы мен қуғын-сүргінде Қытайға кеттік деп атам айтатын. Қытайда 1965 және 1970-жылдары кеңестік жүйенің тәсілімен байдың, зомагердің тұқымы деген айып тағып, Ұзақтың ұрпақтары тағы қуғындалып, халықтың ортасына түскенін көзіміз көрді. Істеп жүрген қызметтері шектелген кез де болды. Ол бертінге дейін жалғасты. Кейін ғана ел іші тынышталып, тұрмысымыз түзелді. Осындай ауыр күндерді бастан кештік.

– Ұзақ батырға арналып екі ескерткіштің тұруының сыры неде?

– Менің шешем 1995 жылы қатты ауырып, Текестегі ауруханада жатты. Сырқатынан айықпасын білген соң үйге келді. Аурудың беті бері қарамайтығынын білген шешем бір күні мені оңаша шақырып алып: «Саған бір аманатым бар. Сол аманатты орында.  Және де ешкімге айтпа, ешкім білмесін, бауырыңа да айтпа. Ол атаң Оманнан келе жатқан дәстүр. Атаң қайтыс болар алдында әкең екеумізге осыны айтып, аманат етіп тапсырған. Енді соны саған аманаттаймын. Сенің қолыңнан келеді. Сен де солай істеуің керек. Ол Екенің қанға боялған жейдесі. Өзіңнен кейін сен де сенімді бір балаңа тапсыр» деді. Анамның Еке деп отырғаны Ұзақ бабамызды біздің әулет солай атайтын. Анам ауырып жатса да сандығын ашып, кішігірім ораулы бір нәрсені шығарды. «Мұны ашушы болма. Біз де ашқан жоқпыз. Атам мен енем де солай істеген. Екенің қанға боялған жейдесінің сыртын ақ болатнаймен, одан кейін ұсақ гүлді қашқар матасымен және ши жуан қоңыр шибарқытпен ораған. Сыртын тебенмен жөргеп тіккен. Әр орамның арасына аршаның бүрі салынып оралған. Шамаң келгенше осы күйінде сақта. Ешкімге айтпа. Аманатым осы» деп оралған дүниені берді. Оның қалыңдығы шамамен 3,5 сантиметрдей, көлемі бір қарыстан сәл асады. Шешеміз содан кейін он-он бес күннен кейін өмірден өтті. Анамның маған тапсырған аманаты жайлы ешкімге тіс жармадым. Кейін біз атамекеніміз Қазақстанға оралдық. Ойымнан шешем берген аманат кетпеді. Оман атам оны 1916 жылдан 1961 жылға дейін сақтапты. Әкем Інкән болса 1982 жылы өмірден өтті. Одан кейін Екенің қанды көйлегін шешем 1995 жылға дейін өзінде сақтап келген. Атам мен шешемнің осынша уақыт Екенің қанды жейдесін сақтауында үлкен мән барын кейін ұқтым. Бабамыз Ұзақтан бастап, талай қиыншылықты бастарынан өткізіп, әр нәрсеге үлкен сақтықпен қараған. Ол атам Оманнан басталса керек. Батыр бабамыздың 1916 жылғы қанды жейдесін біреу білсе, оның әңгімесі көп болады деп ойлаған атам оны өзі өлгенше сақтап, ешкімге айтпаған.

– Сонда қанды жейдені отбасына кім әкелген?

– Анамның айтуынша, Ұзақ бабамның жан серігі, абақтыда бірге болған Әубәкір әкеп берген. Абақтыдан қашып шыққан бабамыздың бір аяғының өкшесін оқ жұлып әкеткенде Әубәкір батырдың жейдесін шешіп, аяғын байлаған. Сол жейдені бабамыз «сен мұны менің отбасыма апарып бер. Мен мұндағы бір ағайынның үйіне барамын, сен елге тез жет» деп беріпті. Сол үркіншілікте біреуді біреу біліп болмаған заманда Оман атам басынан көп қиыншылықты өткізе отырып сақтаған. Кеңес өкіметі, одан кейін Қытайдағы қиыншылық, Қытайдың жаңа үкіметін көзімен көрген атам әр нәрсенің байыбына барып, болашақ ұрпағының келешегін ойлап, ешкімге тіс жармапты. Әкесінің қанды жейдесін өзі сақтап, өзінен кейінгі сенімді деген баласына аманаттаған. Отбасымызбен атамекенге оралғаннан кейін, анамның аманатын қалай орындаудың жолын іздедім. Бұл аманатты менен басқа бауырларым, ағайындарым біле ме деп олардан сыр тарттым. Ешкім білмейтін болып шықты. Бірде өзімнен кейінгі інілерім Әділбек, Сәрсенбектен «сендер Екенің қанды жейдесін білесіңдер ме?» деп сұрадым. Олар бұдан хабарсыз болып шықты. Шешем отбасындағы үлкені деп, Екенің қанды жейдесін маған тапсырғанын ұқтым. Бірде Ұзақ бабамызбен бірге Қарақол абақтысына түсіп, бар қиыншылықты бірге бөліскен серігі Әубәкірдің баласы Баукеймен кездесіп әңгімелескен едім. Баукей қария Қытайдағы Үш аймақ көтерілісіне қатысып, әскери командир болыпты. Үлкен әскери қызмет істеп, құрметке де ие болған. Елге оралған соң, қарапайым тіршілік еткен. Әкесі Әубәкір 1929 жылдары Қытай жерінде абақтыдан қашқанда тиген оқтың зардабы алып тынған. Баукей қария кейін әкесінің басына белгі қойғандығын айтты. Осы әңгіме мені біраз ойландырды. Бабам Ұзақ Қарақолда өлгенін Оман атам айтып отыратын. Бірақ қай жерде екенін анық білмеген. Тек жан серігі Әубәкірге берген қанды жейдесі ғана біздің қолда қалды. Бабадан қалған басқа белгі жоқ. «Оны құры сақтағаннан не пайда. Бір нәрсе істеуім керек?» деген оймен 2011 жылы Ұзақ бабам атылған Қарақол қаласына бардым. Қаладағы мұсылман мешітіне кіріп, Құран оқыдым. Мешіт 1907 жылы басталып, 1910 жылы біткен екен. Ағаштан шегесіз салынған мешіттегі қарияларға шаруамды айтқанымда: «Ол оқиғаны білетін үлкен кісілер қалмады. Бірақ біздің естігеніміз 1916 жылғы қанды қырғыннан қырылған адамдарды жардан құлатып көмген. Ол кезде ақ пен қызыл болып соғысқанда талай адам жазықсыз өліпті. Кейін қырғыз үкіметі өлген адамдарды жардан құлатқан жерін тегістеп, 15-20 метрлік ескерткіш тұрғызды. Қырылғандардың ішінде талай жазықсыз қырғыз, қазақ, өзбек жатыр. Ауыл-ауылымен қырыпты деп үлкендер айтып отыратын. Осы маңның бәрі мүрде. Сенің бабаңның жатқан жері жар десең, сол ескерткіш орнатылған жер» деді бір үлкен қария. Ойым сан саққа жүгірді. Мұсылман мешітінің салынуына қырғыз бен қазақ көмек беріпті. Бабам Ұзақ бұл жерге талай келген және мешітке көмегін берген болуы керек деген оймен мешіт тұрған жердің ауласынан бір уыс, қалың адам қырылған мүрденің орта тұсынан тағы бір уыс топырақ алдым. Жардың үстіндегі ескерткіштің төменгі жағына түсіп, етегінен топырақ алып, дорбама салып, үйге келдім. «Не істеу керек?» деген сұрақ тұрды. Ұзақ бабамыздың балаларынан тарайтын ұрпақтарымен, яғни шөберелерімен ақылдасу керек. Ұзақтың Әбенінен тарайтын – Қанатбек және Дәуленқаннан тарайтын Жанәбіл ағаларыма, Тәліптің баласынан туған Қайратқа барып, «бабамызға ескерткіш тұрғызсақ» дегенімде олар мақұл десті. Қанатбек ағам Райымбек ауданындағы Сарыбастауды таңдады, ал Жанәбіл ағам Кегендегі Түменбай ауылына деп ұсынысын айтты. Олардың айтқан ұсыныстары да жөн. Сарыбастау –  Ұзақ батырдың мекендеген жерінің бірі. Ал Түменбайға Ұзақ шөбере болып келеді. Түменбай Албан мен қырғыздың Бұғысына белгілі би болған адам. Сүйегі Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылының жанындағы Түменбай ауылында жатыр. Екі ағамның ұсынысына келіспедім. «Орнатсақ, әулие, абыз Әлмерек атаның қасына орнатайық. Ұзақтың арғы атасы Әлмерек. Әлмеректен тарайтын Құрмандардың бәрі жауға және бәйгеге «Әлмерек!, Әлмерек!» деп шапқан. Аты Алты алашқа кеткен абыздың қасына ескерткіш орнату лайық» дедім. «Әлмерек елдің елдігін, бірлігі мен біртұтастығын сақтап қалу үшін қалмақпен соғысса, Ұзақ та сондай батыр. Елдің қамы, ұрпақтың болашағын ойлаған. Абыз, әулие Әлмерекке ел келсе, Ұзақ батырдың барын да ұмытпайды. Екеуі де елім деп өткен ерлер. Ұзақ батыр ескерткіші осында болуы болашақ ұрпақ үшін керек. Үйде 98 жыл сақталған Ұзақтың қанды жейдесін, Қарақолдан әкелген топырақты жер қойнауына тапсырып, басына ескерткіш тұрғызсақ» дегенім де, ағам да, інім де ісімді оң көрді.

– Сізде бабаңыздың қанды жейдесі барын Қанатбек пен Жанәбіл ағаларыңыз білді ме?

– Мұны Жанәбіл ағаға 2014 жылы ғана айттым. Себебі Жанәбіл аға Қытай жерінде қуғындалып, «атасы Ұзақ бай, зомагер, шешесі Ұлбай Жәмеңкенің балаларының қызы» деп қызметтен шектелген. Ол ағамыз да елге оралған. Ал Қанатбек аға болса, ертерек 1960 жылдары келген еді. Аға Екенің қанды жейдесі барын ескерткішті орнатамыз дегенде ғана білді. 2014 жылы 98 жыл сақталған бабамыз Ұзақтың қанды жейдесін және Қарақолдан әкелген топырақты Әлмерек абыздың қасынан жер алып, жер қойнауына тапсырып, ескерткіш тұрғыздық. Біткеннен кейін ағайын-туыстарды шақырып, ас беріп, Құран оқыттық.

– Кейін тағы да екінші ескерткішті тұрғызыпсыздар. Мұның себебі не?

– Себебі біріншісі – сәл кіші болып қалды. Не үшін орнатылғаны жазылмай да қалған еді. Кейін осыны ескеріп, екінші рет қайтадан қоюыма тура келді. Бабамызға арналған соң оның биік болғаны дұрыс және не үшін орнатқанымызды екінші құлпытасқа жазғыздым.

– Ескерткіштің артындағы жазудың соңына Бәти деген есімді оқыдық. Ол кісі кім?

– Ұзақтың Әбен, Оман, Дәуленқан және Тәліп, Мышан деген балалары болған. Олардан ұрпақ бар. Сол ұрпақтары осы ескерткішке үлестерін қосты. Ал Бәти – Ұзақ батырдың немере қызы. Оманның бел баласы. Оманнан екі ұл, тоғыз қыз болса, соның бірі. Бәти апамыз  қазір Алматыда тұрады, жасы 81-де. Жасы келсе де, осы ісіміздің басы-қасында жүрді. «Асылбек, ананы істе, мынаны істе» деп қашанда қасымызда болды. Азынаулақ зейнетақысын да керегіңе жарат деп ұсынды. Бізге батасын беріп, үлкендігін, қариялығын көрсетті.

– Ескерткіш алдында 24 шұқыр қазылыпты. Бұл ненің белгісі?

– Қарақарадағы Албан көтерілісінде елдің бетке ұстарының бәрін Қарақол түрмесіне қамап, кейін қырғаны тарихтан белгілі. Соларға арнап, гүл шоқтарын отырғызсам ба деп дайындағанмын. Биыл ол жерге гүлдер отырғызамын,– дейді Асылбек қажы.

Иә, сонымен, Әлмерек абыздың қасына 1916 жылғы Қарқара жәрмеңкесіндегі албандар көтерілісінің бас қаһарманы Ұзақ Саурықұлына 2014-2015 жылдары бір емес, екі ескерткіш орнатылғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл тарихты құрметтеудің белгісі екені рас. Батырдың ұрпақтары осындай игілікті іс істеп, бабаларын дәріптеуі көпке үлгі десек те артық емес. Ал сол ескерткіштің дәл қасында Ұзақтың жан серігі Әубәкірдің баласы Баукей қарияға да топырақ бұйырған. Мұны көрген біз «бір мүдделес жандар қайда жүрсе де бірге екендігін тағдырдың өзі жазған-ау» деп ой түйдік.

Әңгімелескен

Жексен АЛПАРТЕГІ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 780
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 587
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 484
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 497