Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 5431 1 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 11:15

"ҚҰРМЕТТІ РЕКТОР" УНИВЕРСИТЕТТІ ҚҰРТЫП ЖІБЕРМЕЙ МЕ?

Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті сонау кеңес заманында іргесі қалғанған елдегі іргелі оқу орындарының бірі. Оның ат шаптырым 60 гектар өзіне тиесілі жері болып еді. Оқу орны оны күнгі кешеге дейін игі мақсаттарға пайдаланды.

Әлі де пайдалана беретін еді. Қазір оның көлемі тура отыз гектарға азайып кеткен. Бұл отыз гектарды университетке 2002 жылдан ректор болып басқарып келген Қазыбай Бозымовтің өзі иемденіп кетті. Бірер жылдан бері ректорлықты басқа адамға бергенімен, өзі сол университеттің құрметті ректоры ретінде сол оқу орнының игілігін бұрынғыша өзі пайдаланып келеді. Ол бір жылдары облыстың Теректі, Тасқала сияқты аудандарының шұрайлы жерлерінен оқу орнының өндірістік бағыттағы шаруашылығына арнайы тегін жер алған болатын. Оған университеттің студенттерін жегіп егін салады, біраз мал басын да ұстайды. Оның бәрін көктем мен күзгі уақыттарда студенттер атқарады, бірақ еңбектеріне ештеңе төлемейді. Онымен қоймай, басқа оқу орындарының студенттерін де ректорларымен келісе отырып, тегін жұмысқа тартады. Студенттер практикадан өткендеріне ғана мәз.  

Бұл Қ.Бозымовтың үстінен бұдан бірер жыл бұрын облыстық қаржы полициясы 38 миллион теңгеге қатысты алаяқтық бойынша іс те қозғаған. Бұл істің ақыр аяғында ол ректорлықтан ғана түсіп қалды. Миллиондаған қаржы жымқырылса да, тек сондай «жазамен» ғана құтылды. Бұл оқиға былайша өрбиді. Бозымов БҚАТУ-де ректор болған кезінде әлде әдейі, әлде шынымен де табыс табуды көздеп, Алина Хакало деген әйгілі алаяқ құрған қаржы пирамидасына алғашқыда  66 миллион теңге ақша аударған. Одан кейін тәртіп бойынша жетпіс күн күтіп, сосын осы қордан бизнесті дамытуға грант ақша алуы тиіс еді. Қ.Бозымов ол мерзімді күтпей Хакаломен екінші келісімшарт жасасып, әлгі қорға тағы 66 миллион теңге аударады. Содан кейін ғана қордан грант есебінде 44 миллион теңге алады. Арада кішкене уақыт өткенде, дәлірек айтқанда 2013 жылдың ішлде айында Алина Хакаломен тағы да келісімшарт жасасып, бұл жолы да 66 миллион теңге аударады. Содан 2013 жылдың тамыз айында ректордың қолына 44 миллион теңге грант тиеді. Бізге түсініксіз операциялар осылай жалғаса береді де жылдың аяғында барып, Қ.Бозымовтың ақшалай алған гранты 160 миллион теңгені құрайды. Ал оның әлгі қорға аударған ақшасы 198 миллион теңгеге жеткен. Соның салдарынан мемлекеттік жоғары оқу орны 38 миллион теңге шығынға батады. Бұл туралы кезінде біраз басылымдар шулап жазғанымен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. 

Қ.Бозымов облысқа жаңадан келген құқық қорғау органдары басшыларын міндетті түрде қонаққа шақырып, қонақасы береді. Бірден жақын танысуға тырысады. Ол да тегін жай емес-ау...

Асқар Қуанбай, Орал қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 960
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 811
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 626
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 674