Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Әдебиет 4561 0 пікір 4 Шілде, 2016 сағат 12:47

МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ. ҚАЗАҚТАР - АБОРИГЕНДЕР!

Кім бізде байлық аз деген,

Кеңпейіл қазақ – атағым.

Сауда істеп мұнай, газбенен

Арзанға бәрін сатамын.

 

Арбалап тасып, арқалап,

Ресей жалғыз қысқан-ды.

Сорыңдар енді анталап,

Майшелпек Қазақстанды!

 

Арзанға бәрін беремін,

Күн-түні ашық есігім.

Келсін де алсын керегін,

Бар қандай «Интер-нэшнлің?»

 

Басқалар түгел жерінген

Дін болса жатқан жолдағы.

Беремін орын төрімнен

«Инвестор!» десең болғаны.

 

Келіңдер байлық жетеді,

Жер, суды түгел сорыңдар!

Сендерге арнап өтеді

Жиындар, саммит, форумдар!

 

Сенбесең көзбен келіп көр,

Шекарам ашық, келе қал!

«Самсунг», «Панасониктер»,

«Шеврон», «Бритиш», «Дженерал»!

 

Өзен, көл, орман, тау, әні!

Сатпаған нәрсе қалмайды.

Сатар ем су мен ауаны,

Лас деп ешкім алмайды.

 

Халқым бар аңқау баладай,

(Құлдықтың қамытын кигендер).

Шыдайды үй-жай қаламай

Қазақтар – аборигендер!

 

Жаңадан шыққан сөздері -

«Мәңгі ел», «130 ұлтым бар».

Өз тілін білмей, өзгені

Пір тұтқан надан жұртым бар.

 

Келіңдер әлі, әлі де,

Демейміз алтын, мысты алдың.

Жетеді әзір бәріңе

Байлығы Қазақстанның.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір