Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 6365 0 пікір 24 Ақпан, 2016 сағат 12:36

«ҚАЗАҚ ҮШІН ОТАНЫН ЕМЕС, РУЫН ҚОРҒАУ МАҢЫЗДЫ»

 «Караван» газетіне берген сұхбатында ресейлік саясаттанушы Александр Собянин деген біреу осылай дейді. Аталған газеттің тілішісімен Қазақстанның ішкі-сыртқы мәселелерін сараптап сөз еткен Собянин қазақ президентінің білгірлігіне, көрегенділігіне, көсемдігіне, қайраткерлігіне  шын ықыласымен оң баға береді. Сұхбат барысын Собянин мынандай сөздерімен бастайды:

 – У действующего Президента есть преемник, и его имя – Нурсултан Абишевич. Это не юмор. Транзит власти произойдет с сохранением капитана. В Казахстане очень грамотная и ответственная элита – и политическая, и управленческая, и научная, которая понимает, насколько серьезные события происходят в мире, - дейді. Яғни: Қазіргі президенттің мұрагері бар. Оның есім-сойы – Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл әзіл емес. Қазақстанда жауапкершілігі жоғары, бүгінгі әлемде не болып жатқанын жақсы түсінетін ғылыми, саяси әрі басқаруға ыңғайлы  элита бар.

Осыдан кейін «Караван» газеті қиылып сұхбат алып отырған адам Қазақстан үшін қауіпті қауым діндарлар екендігін ескертеді. Діндар болғанда басқа емес, мұсылман жамағаты. Жамағатты Собянин еш қысылып, қымтырылмастан – Ислам деп атайды (сұхбат берушінің Исламды мына заманның сұмдықтарымен қатар атап отырғанын «Караван» газеті де ескертеді). «Ислам – терроризмнен де қауіпті құбылыс» дегенді меңзей келіп: Исламшылдықтың шаңырақтағыларды (Алматы қаласы, Алатау ауданындағы Шаңырақ елді-мекені), өзге де кедей ауданның тұрғындарын, ауылдағы қазақтар мен қырғыздарды, өзбектерді  көшеге алып шығуы мүмкін екендігін, исламшылдықтың бүгінгі билікті төңкеріп тасайтын бірден бір құрал екендігін, исламшылдардың «байлыққа бөккен алматылықтар мен астаналықтарды тонайық, халифат – біздің жүрегімізде, бақытты өмір –халифатта ғана!» деп ұран көтеруі ықтимал екендігін құлаққа құйып қояды.

«Қазақ халқы төзімді ғой, бұлай ете қоймас?» - деген тілші сұрағына Собянин енді жалт бұрылып басқаша жауап береді. Былай деп (еркін аударма):

- Орыс халқы да  ұзақ төзуге бар. Бірақ, тез көндігеді. Қазақ та ұзақ төзеді, сөйтеді де бір күні көшіп кетеді. Бұл екеуі екі басқа тәрбие. Қазақ үшін Отанын қорғау емес, руын, шыққан тегін қорғау маңызды: көшіп, ауып кетеді – тегін сақтап қалады. Ал, орыс адамы үшін жерін сақтау бәрінен қымбат. 

(Бұра тартты демесін, енді Собяниннің газет тілішісіне берген сұхбатын сөзбе-сөз келтірейік:Русские тоже долго терпят, но быстро запрягают. Казахи долго терпят и быстро откочевывают. Это же разное поведение. Для казахской семьи исторически было важнее сохранить не родину, а род: откочевал – род сохранил. Для русского человека важнее сохранить землю).

Қазақтар туралы түсінігі әлгіндей саясаткер президент Назарбаевтың саяси болашағы туралы кемел ойда жүргенін сұхбат соңында тағы аңдатып өтеді.

Еуразия одағының (ЕАЭО-ны айтса керек. - ред) Үлкен елге айналатындығына күмәнсіз ол бұл елді Назарбаев билейді дейді. Путин, шамасы, аталған Үлкен елдің үкімет басшысы болады. Назарбаев бас хатшы болатын Үлкен елде әділдік орнайды.

«Үлкен еліңіз баяғы КСРО емес пе?» - деп сұрайды тілші. «Жоқ, ол емес, - деп жауап береді саясаткер. Путин айтқандай, КСРО-ның күйрегеніне жаны ауырмаған адамның жүрегі жоқ. Ал оны қайта қалыптастырамын дейтін адамның, басы болғанымен миы жұмыс істемейді. Бұзылған дүниені бүтіндеудің қажеті қанша? Бұл басқа ел болады».

Айтпақшы, Собянин Қазақстандағы орыстілді қауымның «төртінші жүз» болып табылатындығына қуанып елдің нағыз патриоттары осылар дейді.

Редакциядан: Александр Собянин дейтін біреудің (ол өзі халықаралық геосаяси, геоэкономикалық мәселелер жөніндегі маман көрінеді) қазақққа баяғыдан қырын қарайтын «Караван» газетіне берген сұхбатын жария етпей-ақ қоюға да болатын еді. Бірақ, мына дүниеде кімнің не ойлап, не айтып жүргенін қазақ білсін дедік. Ал, біліп жүргеннің еш артығы бола қоймас...

 

Abai.kz  

0 пікір