Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Судың да сұрауы бар... 4274 0 пікір 6 Сәуір, 2016 сағат 09:56

НҰРӘЛИ ҺӘМ ОФШОРЛЫҚ ТІЗІМ

Ресейдің Бас прокуратурасы ресейлік "жеке және заңды тұлғалардың" офшорлары туралы мәліметтің анық-қанығын анықтау үшін тексеру жүргізетінін хабарлады.

3 сәуірде журналистік зерттеулердің Халықаралық консорциумы (ICIJ) әлемнің бірқатар еліндегі билік өкілдерінің жемқорлығы туралы мәліметтерін жария етті. Бұл зерттеудің басым бөлігі Ресейге арналған. Онда Путинге жақын адамдардың "Россия" банкі мен панамалық офшорлық компаниялар арқылы 2 миллиардтан астам долларды заңсыз иемденгені көрсетілген.

Бұл дүбірлі жайт қазақ елін айналып өткен жоқ. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 31 жастағы немересінің қымбат яхтасы мен Кипрдегі есепшоты жария болды. Нұрәли Әлиев Орталық Азия бойынша офшорлық есепшоты жария болған жалғыз адам.

Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу Орталығының (OCCRP) бірнеше басылыммен бірлесіп жасаған әшкерелеу ісінде  31 жастағы Әлиевтің Британдық Виргиния аралдарындағы кем дегенде екі компанияға қатысы бары белгілі болған.

Құжат бойынша, Нұрәли Әлиев офшорларға алғаш 2008 жылы компания тіркеген. Бұл оқиға оның әкесі, Рахат Әлиев қазақ билігіне жақпай қалған соң болған. Сол кезде болашақ мультимиллионер Британдық Виргиния аралдарында тіркелген Baltimore Alliance Inc. компаниясының акцияларын иемденеді. Сол жылы осы компания Британдық Виргиния аралдарында тіркелген Mossack Fonseca компаниясы арқылы ұзындығы 23 метр болатын Nomad яхтасын сатып алады. Құжаттарда оның бағасы көрсетілмеген. Алайда зерттеу авторлары мұндай кеменің нарықтағы құны 1,8 миллион долларға жуық екенін айтады.

Журналистер тапқан Әлиевтің екінші офшорлық компаниясы – Alba International Holdings Ltd. Кипрдегі банк есепшоттарын жүргізумен айналысады. 2014 жылдан бері компанияны Invigorate Group басқарады.

2013 жылы қазақстандық Forbes тізімінде 27 жастағы Нұрәли Әлиев Қазақстанның 50 бай адамының ішінде 32-ші орында болған.

Біздің бас прокуратура бұл мәселеге Ресейдегідей бас қатыра ма, жоқ па, белгісіз...

Қош! Вnews.kz сайтының жазуынша, Панаманың Бас прокуратурасы да офшорлық компанияларға қатысты қылмыстық істі тергеуді бастамақшы.

«Тергеу «панамалық құжаттар» деген атаумен бүкіл әлемге жария болған деректер негізінде жүргізіледі», - делінген Панаманың бас прокуратурасы таратқан ресми хабарламада.

Панама президенті Хуан Карлос Вареланың пікірінше, билік құпия ақпараттарға қатысы бар әрбір елмен байланыс орнатып, тергеу жұмыстарын бірге жүргізуге ниетті.  

«Біз ақпаратты беруге дайынбыз. Әрі Панаманың қаржы жүйесін қорғау мақсатында тергеу амалдарын жүргіземіз, ол қылмыстық мақсатта қолданылмау қажет», -  дейді Хуан Карлос Варела.

Жария болған құжатта 72 елдің басшысына қатысты дерек бар. Тіпті, олардың кейбіріне өз елін тонады деген айып тағылған, - деп жазды BBC.com.

Mossack Fonseca компаниясының негізін қалаушы заңға қайшы ешқандай әрекет жасамағанын мәлімдеп, құпия құжаттардың жариялануын қылмысқа теңеді.

Шәріпхан Қайсар

(материал интернеттегі мәліметтер негізінде дайындалды)

Abai.kz

0 пікір