Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Деп жатыр 4714 0 пікір 6 Сәуір, 2016 сағат 11:11

ЖАП-ЖАҢА ДЕПУТАТТАР ТӘУЛІГІНЕ 120 МЫҢ ТЕҢГЕ ТҰРАТЫН ҚОНАҚ ҮЙЛЕРДЕ ТҰРЫП ЖАТЫР

Жаңадан сайланған депутаттар тәулігіне 120 мың теңге тұратын қонақүйде тұрып жатыр. Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы ресми жұмыстарын бастады. Жаңадан сайланған мәжіліс алғашқы жалпы отырысына қызу дайындалуда. 107 депутат жеке кабинеттеріне жайғасып та үлгерді деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазір парламент әкімшілігі халық қалаулыларының құжаттарын жинап, қызметтік пәтерлерін де әзірлеуде. Ал, уақытша баспанасыз жүрген мәжілісмендер Астанадағы бесжұлдызды қымбат қонақүйде тұрып жатыр.

Мәжілістің дәлізінде таңнан бері абыр-сабыр. Жұмысқа жаңадан кірісіп жатқан депутаттар жеке кабинеттеріндегі жиһаздарды ауыстырып әлек. Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланған Наталья Жұмаділдаеваға экс-мәжілісмен Оразкүл Асанғазының кабинеті бұйырыпты.

"Кабинетте жұмысқа керек негізгі заттың бәрі бар. Қазір мен жалпы отырысқа қызу дайындалудамын. Демалыссыз заң жобаларымен танысып жатырмын. Жеке ұсыныстарымды дайындап та қойдым", - дейді мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева.

30 жыл педагог болған Наталья Жұмаділдаева киім үлгісін де ауыстырмаймын деп отыр.

Өмірі күрт өзгерген ең жас депутат Геннадий Шиповских да жеке кабинетін көрсетіп мақтанды.

"Менің жеке кабинетім. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осы қазіргі таңда жұмыс барысына кірісіп жатырмыз. Бұл жерде құжаттар, документтеріміз жұмыс барысында дайындалып жатқан", - дейді мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских.

Машинистің көмекшісі болып жүрген жерінен мәжілістен бір-ақ шыққан Геннадий Шиповских өзімен бірге қазақ тілінде жазылған кітапты ғана ала келіпті. Уақыты өте тығыз, кеудесіне депутаттық төсбелгісін тағып, партияның алғашқы фракциялық отырысына асықты. Ал, қайта сайланған ескі депутаттар сол бұрынғы жұмыс орындарында отыр. 80-ге таяп қалған коммунистер көсемі қайтып келетініне сенімді болса керек, 5-ші шақырылым тарағанда кабинетіндегі жеке заттарын жинастырмаған да.

"Қонаевтың портреті. Димаш Ахметұлына 100 жыл толғанда тапсырыс беріп салдыртқанмын", - дейді мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Косарев кабинетінде тұрып, биыл ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін жаппай сатуға шығарғалы жатқан үкіметке қарсылық білдіретінін айтты. Кейін қызметтік пәтеріне қонаққа шақырып, кофе әзірлеудің құпиясымен бөлісті.

Бұрынғы депутаттардың барлығы "Нұрсаядағы" баспаналарында тұрып жатыр. Мәжілісмендердің қызметтік көліктері де дайын. Кез-келген уақытта жүргізушіні шақырта алады.

Ал, жаңадан сайланған депутаттар әзірге қызметтік пәтерлерге жайғасып үлгерген жоқ. Аймақтардан көшіп келгендері Астанадағы бесжұлдызды қытайлық қонақ үйде мемлекет есебінен тұрып жатыр. Элиталық қонақүйде бір күн түнеп шығу 120 мың теңге. Бюджетке шығын болмасы үшін, мұндағы халық қалаулыларының құжаттары дайын болғанда, олар да тегіс "Нұрсаяға" көшеді.

Еске сала кетейік, депутаттардың қымбат қонақүйге жайғасатынын біз бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.

Abai.kz 

 

0 пікір