Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Мәйекті 5297 0 пікір 21 Сәуір, 2016 сағат 10:00

АCТАНАДА ҚАРА ХАЛЫҚТЫ ҚАРАША ҮЙІНЕН ҚУЫП ЖАТЫР

Астана қаласында құрылыс жұмыстары дүркіреп жүріп тұрғандықтан, қаражұмыс іздеп нәпақа табуға келген қарапайым халықтың көп екені белгілі. Құрылысшы қауымның орташа еңбекақысы жүз мың теңгенің о жақ бұ жағында. Бұл орайда құрылыс басындағы бастықтарды айтып отырғаным жоқ, кәдімгі екі қолға күрек ұстап, кірпіш қалап жүрген еңбекші халықты айтамын.

Осынау еңбекші адамдарға үй-жай беріп қамтамасыз етіп отыр десеңіз қателесесіз. Ешқандай қазақстандық құрылыс компаниялары құрылысшыларына баспана бермейді. Құрылысшы өз баспанасын өзі қамдауға мәжбүр. Астана қаласының аспанмен таласқан жайлы пәтерлеріне жайғасу олар үшін орындалмас арман. Сатып алуды былай қойғанда, мұндай пәтердің жалға алу құны құрылысшының еңбек ақысынан екі есе қымбат. Бірақ халық амалын тауып қала маңындағы ескі саяжай үйлерін сағалауда. Саяжайдағы үйлер түтіндетіп пеш жағатын, жазғы жауында көшесі аяқ алғысыз балшыққа батып жатса-дағы, шағын отбасын жайғастырып, күделікті күйбең тірлігінде бір демалып жатуға жарап жатыр. Бағасы да қалта көтерерлік. Шағын үйшіктерді 20-25 мың теңгеге жалдауға болады. Олардың арасында Астананың удай қымбат учаскелеріне қарағанда анағұрлым арзан саяжай учаскесін сатып алып, өздеріне лайықтап үй салып алғандар да жетерлік. Бірталай құрылысшылар солай істеді де. Бірақ, жер астынан жік шықты... 

Астана қаласы Есіл ауданының әкімі ханым Сабила Мұстафина 2016 жылдың басында халықпен кездесуінде елдің көкейінде жүрген сауалдарға таңқаларлық жауап берген. Саяжайдың балшық жолдарын, ауыз су мәселесін көтерген қауымға берген жауабы мынау болды:

«Саяжайдың әлдеқашан саяжай болудан қалғанын білеміз. Ол жерде қара халық жатақханалар салып, қып қызыл бизнес жасап отыр. Жатақхана соққандармен күресеміз», - деді ол.

«Шұбар мөлтек ауданындағы жер үйлерді газдандыру қажет. Бұл туралы не айтасыз?» деген сауалға да әкім өз деңгейінде жауап берді:

«Шұбар ауданындағы үйлердің құны миллион-миллион доллар тұрады? Жылайтын жөндеріңіз жоқ», - деді.

Сабила ханым дәл осы тұста өзінің қалтасы мен халықтың қалтасын шатастырып алған сияқты. Ел алдында әкімдік міндеті елдің қалтасындағы ақшаны санау емес, ел үшін қандай да бір жайлы жағдайлар жасау екенін білмейді-ау шамасы. Халыққа қызмет етуге келген әкімнің халықтың жағдайына терең үңілмей жатып, табысын есептеуге асыққаны қызық екен. Астана халқының көпшілігі бүгінде баспанаға зәру екенін, тұрғын үй бағасы қанша шарықтағанмен оларды тек қалталылар алып, қара халыққа удай бағаға жалға беріп отырғанын білмейтін сияқты.

Жыл басындағы әкімнің жауабынан халық шошыса-дағы, артынан қайырын берсін деп қайтқан болатын. Алайда Сабила ханым саяжай тұрғындарына шындап тексеру жүргізе бастады.

Көктем шыға Астана қаласының Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасынан мемлекеттік инспекторлар келіп, саяжайға жаңадан салынған үй-жайларды тексеріп, «жерді өз мақсатында пайдаланылып жатқан жоқ» деген акті толтырып, жер иелеріне айыппұл салып кетті. Үш айдың ішінде жерді мақсатты пайдалау үшін мына жерді тұрғын үйге айналдырмай, жер қазып жұмыс істеулерін талап етеді.

Шындап келгенде, дәл осы әкімшіліктің қоқан-лоққысы мүлде орынсыз. Заң аясында да, адамгершілік аясында да миға сыймайтын сорақылық!

Жер қатынастары туралы Заңда «жер учаскесінің иесі жердің асты мен үстін өз қажетіне қарай пайдалануға әбден құқылы» деп анық жазылған. Саяжайдың үйлерінде тұруға болмайды деген шектеу мүлде жоқ. Сонымен қатар саяжайдағы үйлердің өлшемі, не егілетін егістік көлемі туралы қандай да бір нормалар көрсетілмеген.

Адамгершілікке саятын болсақ, мына өз қолымен үй-жайын салып алған қара халықты қай жаққа қаңғытып жібергісі келіп отырғанын түсініксіз. Жыл сайын мемлекеттік жеңілдікпен қос-қостан пәтер алатын бай-батшалар ұялмай-қызармай сол пәтерлерін удай ақыға жалға береді. Ол үшін мемлекетке бір тиын салық төлемейді. «Тұрарға үйім жоқ» деп рәсімдеп алынған үйлерге өздері тұрғысы келмей, пәтер жалдаушыларды жібереді. Мемлекеттік жеңілдікпен алынған үйлердің 80 пайызы жалға беріледі десем, өтірік айтқаным емес. Сөйте тұра Сабила ханым, сол шынымен жалға берілетін пәтерлерден салық жинамайды, ал саяжайдағы пәтер жалдауға шамасы жоқ қара халықты қалаға қуғысы келеді. Бұл дегеніңіз, онсыз да халықтың қазынасын жеп отырған бай-батшалардың тағы да қара халықтың қайғысынан ақша жасасақ деген арам ниеті емес пе!

Қаншама ұлт пен ұлыс сыйған қазақтың жеріне қазақтың өзі сыймай жатқаны жаныңызды күйдірмейді ме?!

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2021
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2437
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2022
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1587