Сәрсенбі, 27 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9304. Жазылғандар — 4746. Қайтыс болғандар — 37
Шынның жүзі 3755 0 пікір 27 Сәуір, 2016 сағат 08:42

АДАСҚАН БАУЫРЫМА ХАТ

Адасқан бауырым! Сөзімді аяғына дейін мән беріп оқып шық. Біз сені жек көріп қараламаймыз. Қателескеніңді  бетіңе баспаймыз. Сені өзіңнің дұрыс деп тапқан жолыңнан тайдырып адастырмаймыз. Құдай мейірімді, біз білеміз сен білместікпен адастың. Исламда негізгі мән беретін нәрсеге емес ұсақ-түйекке зейін қойып қоғамнан бөліндің. Ұлтыңның ұлттық құндылықтарын аяққа таптап, ата-анаңа қарсы шықтың. Өзіңнің туған бауырларыңнан жерініп, отаныңды тастап белгісіз жиһадқа аттандың.

Қасиетті дініміз Исламда отан сүйгіштікке ерекше мән береді ғой. Бір сахаба пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Расулаллаһ, ең абзал амал не?», – деп сұрағанда Алла елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – дегенін естімеп пе едің?. Естісең неге осы хадисті тәрк еттің. Сен хадистерді түрлі топтарға бөліп кейбір хадистерді жоққа шығарасың. Саған құраннан аят келтірейін. Нахыл сүресінің 90-шы аятында «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», – деп ашық әрі түсінікті етіп жазылған. Бұл аятты сен түсіну үшкін үлкен хикметтің қажеті жоқ шығар.

"Біз құран хадиспен жүреміз, мазһаб пен жүру бидғат" деп қоғам арасында бүлік тудырып жүрсің. Нәтижесінде түрлі айтыс-тартыс пен мұсылмандар арасына іріткі салып түрлі топтарға бөлдің. Сондағы мақсатың не? Мұсылмандарды жікке бөліп әлсірету ме, әлде қазақ қоғамын бір біріне айдап салып елдің берекесін алу ма? Егер исламнан хабарың болса, адам өлтіруден де жаман нәрсе мұсылмандар арасында фитнә тудыру екенін білер едің. Жұрт назарынан ерекшеленіп жарасымсыз сақал қойып, балағыңды ақ шұлығың айқын көрінетін жерге дейін қысқарттың. Біз мұсылмандар атынан сенің сақал қойғаныңа қарсы емеспіз. Өзге дін өкілдері мен ислам дініне бет бұрған ниеттілерді шошытып алмай өскенін қырқып, ретке келтіргеніңді қалаймыз. Шариғатқа салсаң сақал қою сүннет болса, ата-анаңа құрмет көрсетеу парыз екенін ұмытқаның ба? Сүннетің сауабын аламын деп жүріп парызды орындамай Алла алдында қаһарға ұшырамақпысың? Қоғамда көріп жүрміз: сақал қойған жас жігіттердің көбісінің ата-анасы баласының сақал қоюғанына қарсы. Себебі, қазақтың шариғатқа қарсы келмеген дәстүрі бойынша әкесі тірі кісі ешқашан сақал қоймаған. Сен кейбір ағаларымыздың айтқан сөздеріне елітіп сақалыңды орыстың шіркеу қызметшісіне ұқсатып кеудеңе түсірмексің. Сен сөзіне елітіп жүрген ағаларымыз қырықтың қырқа беліне шығып ел ағасы жасына жеткен кісілер. Аталған азаматтарымыздың қай қайсысын алсаң да  сақалдары кешегі Абай, Исатай, Махамбет, Кенесары секілді қаба сақал, шоқша сақалдан әрі аспайды. Яғни сақалы кеудесіне түсіп, яки ешкі сақалданып селдіреп тұрғаны жоқ. Бірі батырдың жүзіне айбат бітіріп тұрса, бірі ойшылдың кемеңгерлігін тұспалдайды. Ал сенікі қай сақал, кімдікіне ұқсайды? Орыстың шіркеуіндегі патриарх пен радикалды-экстремистік топтарға ұқсамай ма? Адасушылардың жолында жүріп қазақтың дәстүрін қор санадың, атаңды мүшірік, бауырыңды бидғатшыл дедің. Таза исламды ұстайтын араб халқы, Мекке тұрғындары деп санап араб дәстүрін ислам шарттары етіп қабылдадың. Егер рацоналды түрде  Сауд корольдері Абдалла, Файсал, Саудтардың бейнесіне қарап шықсаң сенікіне ұқсаған селдіреген теке сақал емес екенін көрген болар едің. Корольдерінің ұстанымы сенің ұстап жүрген жолыңнан гөрі қазақтың дәстүрлі ұстанымы ханафи мазһабына қатты ұқсайтынын көрер едің.

Сенің өзің тектес бауырларыңа айтамын! "Еркектің сақал қоюуы табиғи шарт, тіпті ешкі малының текесінде де сақал болады" деп сақалды қырмақ түгілі ұшында қырықпайсыңдар. Табиғаттың мысалы осы болса төрт түлік малдың ішінде ең тазасы һәм бағалысы жылқы малының еркегінде сақал болмайтынын білмейсіздер ме? Ойланып көрші өзің.

 Өзіңді таза ислам жолында жүрмін деп өзге мұсылман бауырыңнан (ханафилерден) өзіңді  үстем ұстайсың. Бауырым, сен мына нәрсені біл: сен нағыз мұсылмандар арасына іріткі салушылардың жолында жүрсің. Себебі сен жүрген жолдың ұстанымы ислам әлемі мойындаған жүйелі төрт мазһаб иелерін мойындамайды. Шариғатқа қарсы келмеген қазақ дәстүрін жоқ етіп араб халқының дәстүрін дін еткісі келеді. Бұл сенің ұлттық намысың мен ерекшелігіңе нұқсан келтіреді деп ойламайсың ба?

Сонымен сен кім болдың? Қандай мұсылмансың? Ойлан, бауырым, сыртқы сипатыңа қара, жан дүниеңе қара. Ата-анаңа қарсы шықпа. «Адаушының айыбы жоқ, егер өзі білмесе» дейді қазақ. Ата баба жолына түс, дәстүрлі ханафи мазһабына қайта орал. Сен үшін, қазақтың бірлігі үшін тура жол осы.

Ойлан!

Марат Қайратұлы

Abai.kz

0 пікір