Жұма, 26 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 8772 0 пікір 18 Мамыр, 2016 сағат 12:21

ТАЙФ ТӘУКЕЙҰЛЫ. КӨШ

Сағат Зақанқызының «Көш туралы аңыз бен ақиқат» кітабын оқыған соң, қазіргіден 25 жыл бұрынғы көш туралы жеке ой толғамдарымды білдіргім келді. Себебі, бүгіндері көшті мен бастадым деген батырлар шыға бастады. Әрі көш ұғымын бұрмалаушылық немесе біржақты сипаттаушылық та белең алды. Мәселе көшті кім бастағаны да маңызды  емес. Көшуге себеп болған әсер не еді дегенде ме деймін. Мысалы, «жұттан көшкен құтылады, жаудан қашқан құтылады» деген тәмсіл бар. Өйтсе Ата жұрт Қазақ еліне басталған көш жаудан емес, жұттан көшкенге көбірек ұқсайды. Анық айтқанда, рухани жұттан.

Болашақта әр қазақ өзінің өмір сүрген елінде түбінде жұтылуы, рухсыздануы, ділсіз, тілсізденуі заңды құбылыс емес пе?. Дәлірек айтсақ миллиардтан астам Қытайға 2 миллион қазақ, 3 миллион мұңғылға 150 мың қазақ, 30 миллион өзбекке миллион шамалы қазақтар жұтылмауы мүмкін бе? Шын мәнінде әрбір ұлт үшін жалғыз ғана отан болуы заңды. Өйтсе қазақ халқы үшін қайда жүрсе де тәуелсіз Қазақ елі ғана нағыз ұлттық отаны болмақ.

Осынау қазақ атты қайсар да ержүрек халықтың жер бетінен жойылып кетпей 21 ғасырға аман жетуі де осы көштің, осы көштерді бастаған нағыз ерлердің арқасы ма дейсің.

Көшіп қону көшпелі қазақ тарихында мәңгілік ұғым. Мәңгілік айтылатын жыр. Тек бір мысал: Шығыс Түркістаннан Түркияға ат басын тіреген Қалибек Кәкім, Құсайын Тәйжі, Солтаншәріп, Бөке батыр, Елісхандар бастаған жанкешті көштер айтуға оңай болғанымен, көшушілердің қасіретін түсіну тіпті қиын. Оны қойып, Қабдеш Жұмаділовтың «Соңғы көші» де қазақтың ең соңғы көші бола алмады. Осы көштің сорабы өте бере, жарты ғасырға жетпей көш тасқыны сонау Монғол елінен қайта басталды. Осының бәрі қазақ халқының көшпенділігінен емес, өз ұрпағы, олардың болашағы үшінгі күресінің сипаты болмақ.

Мен 1986 жылдан бергі уақытта Қазақстанға әредік келіп жүрдім. Қазақ азаматтарымен үнемі кеңесіп, ашық, жабық әңгімеден соң-ақ ата жұртқа деген сағыныш үдеп, ерекше ынтызарлық пайда болушы еді. Әрине, ол кезде Қазақстан Кеңес елінің шеңгелінде екені белгілі. Туыстық жолмен келіп кету де ауыр болатын. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі өте сала, Шығыс Қазақстан облысы, Катон-Қарағай ауданындағы қайын жұртыма келуге виза алу үшін Мәскеуден екі жыл жауап күттім. 1989 жылы Алматыда өтетін халықаралық ақындар айтысына келу үшін РСФСР-дың шекарасынан асырмай үш күн далада қонғанымыз сірә ұмытылар ма?

Осылардың барлығы Қазақстан қашан ғана дербес ел болар екен деген арманға жетелеуші еді. Осы асыл арманымыз 1991 жылы орындалып, «Тәуелсіз Қазақстан» деген атау тарих сахнасында алтын әріппен жазылып, аты әлемге паш етілді. Кешікпей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шет елдегі қазақтарды ата жұртқа шақырды. Енді не сөз бар. Тарих саған мүмкіндік бере бере ме? Осы күнді зарыға күткен Монғолия қазақтары он ойланып, тоғыз толғанып, ырғалып-жырғалмай-ақ түп қопарыла қозғалды. Егер қазақ елінде нарыққа көшу бес-он жылға кешіксе Моңғолияда қазақ қалмауы да мүмкін еді.

Дәл осы кезде мен өзім басқаратын «Мұрагер» фольклорлық ансамблімнің толық құрамымен астанамыз Ұлан-батырда айтыс-концерт өткізуге барып жатқан кезім еді. Бұл кезде Монғол елі нарықтық даму жолына түсіп қойған-ды. Ақшаңды аямасаң бәрі бітеді. Сондықтан Астанадағы ең үлкен ойын ордасы -мың жарым адамдық Ақ сарайын жалдап алдым, билет те сол кезде жоқ жоғары бағамен сатылды. Көрермен залы толатынына сенімді едім. Өйткені, Мұрагердің атағы қазақтар үшін баяғыда таныс болған-тын. Орталық теледидар және «Үкілі хат» (Зар бичиг) газеттері арқылы жарнама бердім. Өзім апта бойы театр кассасында отырып билет саттым. Көшеге, көрнекті жерлерге афиша жапсыруды, қосымша билеттер сатуды, ресми шақыруларды жеткізуді сол кезде ауыл шаруашылығы институтында оқитын Ақеділ Тойшанұлы бастаған студенттер  мойындарына алды. 150 жеке шақыру билеті сорпа бетіне шығар қазақ зиялыларына берілді. Жарнамалар тек қазақ тілінде жазылды. Мұрагерлерге Тоқтамұрат ақын бас-көз болып, жан-жақты дайындық жасатып, ойынға қатысатын барлық ақындарды келтіріп, олармен жұмыс жасап жатты. Біздің негізгі тұрағымыз Налайхандағы (Ұлан-батырдан 50 шақырым жерде) «Қазақ» қоғамы болды. Бұлар баяғыда-ақ Ұлан-батыр-Алматы, Ұлан-батыр Талдықорған бағытына жеке вагондар жалдап көшіп кетуге дайындық үстінде екен. Бір күні Хадыс досым  оңашада: «Бүгін мені Президент Очирбат жеке қабылдап, маған мемлекеттік жоғары атақ бергелі отырғанын әрі көшті тоқтатуға ықпал етуімді білдірді, деп менің пікірімді білгісі келді. Мен: «көшті тоқтату мүмкін емес. Беретін еңбек ерін алып ал да, сәл кейінірек көш, жалпы біз кейінірек қозғалғанымыз дұрыс» - дедім. Ол: - «Атақты маған да басқаларға да берсе бұрын қайда қалған, соңында қалғым келмейді», деп шорт кесті. Еңбек ері болмаса да соған таяу, «Еңбек сіңірген даңқты шахтер» атағын алып, омырауына алтын белгі қадап, бір топ қазақ шахтерлерін бастап Қарағандыға келді. Көптеген кедергі, қиыншылықтарды жеңіп осы кен орнынан зейнеткерлікке шықты. Қазір Павлодар облысы, Шарбақты ауданында тұрып жатыр.

Сөйтіп, көктемнің жайма-шуақ күні межелі уақытта айтыс-концертті бастадық. Жердің шалғайлығына қарамай жеке автобус жалдап, әр түпкірден қазақтар ағылды-ай келіп. Ойынымызды жеке операторларға ақша төлеп түгелдей таспаға жаздырып алдым. Тіпті концерттен соң да Сүхбаатар атындағы орталық алаңға сахналық киімдерімізбен түсірттім. Қазір жеке архивімде сақтаулы, анда-санда көріп өткенді еске алып шүкіршілік етіп отырамын. Оны дискіге қазір Астанада тұратын атақты балуан Айдаубайұлы Тұрат досым жасап берді.

Көрермендердің ықыласы жоғары екені айтпаса да түсінікті болар. Айтыскерлер негізінен қазақ мәселесін тілге тиек етті. Әнші Далабай мен Айгүлдің терме, толғаулары көрермендер көңілін дөп басты деп ойлаймын. Кең байтақ монғол елінің түпкір-түпкіріне тарыдай шашырап кеткен жастар ұлттық тіл, салт-дәстүрден мақұрымдап бара жатқанын да айтыскерлер жасырмады. Қызды-қыздымен студент қыз Амангүлмен айтыста Сүйеніш:

«.. Ішінде он миллион біз де бармыз,

Туымыз жығылмайтын ел болайық!», - деуі мұң екен көрермендер тура айқайға басты. Ойын жүргізіп отырған өзім де керемет тебіреніс күй кештім. Сол көшті ұйымдастырып жүргендердің бірі Сағат Зақанқызы қарындас сахнаға шығып Сүйенішті құшақтап бетінен сүйді. Ашылар ұрлық ашылған соң Тоқтамұрат ақын Мүтаймен (Мүтай қазір Уланбатырда тұрады, мамандығы дәрігер) айтысында көші-қонға қайта оралып, бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайтынын, туып-өскен Монғол елінен ешкім жамандық көрмегенін, қуып жатпағанын, жеті өлшеп бір-ақ рет кесетін тарихи шешім екенін еске салды. Шын мәнінде бізді елді көшіруге астыртын үгіттеушілер деп кейбіреулер ұқса керек.

Концерт басталардан жарты сағат бұрын қолында фотоаппараты бар біреу маған келіп: «Қазақтар  осы театрда бас қосатын болыпты» дейді, осы рас па, деп біраз бопсалады. Онымен қоймай сіздің суретіңізді алып, қазір дереу шығарып әкеліп берейін, деді. Мен: - бұл ансамблді өкімет қаржыландырмайды, сондықтан тек ақша табу үшін жүрген ерікті топпыз, онсыз да билетің бар екен, қажет болса суретімді концерт барысында түсіргенің дұрыс болар еді – дедім. Сөз ырғағынан қазақ тілін білетін азамат екені білініп тұрды. Тек бұл жолы ғана емес, біздің концертке әрбір жерде күдікпен қарайтындар бар екенін жоғарыда айтқанмын. Келісілген екі сағат уақыт асуға тақады. Залдан Өнерхан деген жігіт сахнаға шығып келіп бізге өлеңмен рахмет айтты да Қазира ақынды айтысқа шақырмасы бар ма! Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойғыза алсақшы. Нағыз қыз бен жігіт айтысына айналып, бір жағынан көрермендердің қолпашы мен көтермелеуі бар, екінші жағынан екі ақын да шабыттары шарықтап тізгін тартуға келмей, тебінгіден тер төккен жүйріктей көсілді-ай дерсің!

Жалпы мен концерт жүргізгенде әркез көрерменнің ауанын бағушы едім. Өйткені біздің бағдарламамыз халықтың байырғы өнер түрі болғандықтан, бір ғана қалыптан шығармай ұстауға келмейді. Әрбір өнерпаз кәсіби әртіс болмағандықтан, оларға шамалы еркіндік те қажет болады.

Осы концерт біздің Ұлан-батырдағы, тіпті Монғолиядағы ақырғы шарамыз болуы мүмкін екенін ескеріп, сахнадан қуылып шыққанша жалғастыруды ниет еттім. Милиция келіп, сахнаны босатуымызды талап еткен кезде ғана бақандай үш сағат болыпты. Көрермендерге көш көлікті болуын айтып, алла қаласа тамызда Талдықорғанда жолығып қалуымыз мүмкін екенін айтып қоштастық. Өйткені тамыз айының 25-де Талдықорған облысында өтетін Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдық мерей тойында өтетін халықаралық айтысқа Қазира мен Сүйенішке шақытру келіп қойған еді.

 

***

Ұшып аймаққа келсек, мұнда да гу-гу, көші-қон саясатының қазаны қайнағанда қақпағын аспанға атады.

Айтпақшы, астанаға аттанардан бұрынырақ бөлімшенің басшылары ауысып, кейбір ақынсымақтар Мұрагерді өзінің бас пайдасына айналдырмақ болды. Оған мен жол бермедім. Сонда да олар әнші Шерікбай мен ақын Қабдыжәлелді алдап шығарып алып, кейін лақтырып тастады. Әрине, бұлары Мұрагерді құлату, іштен ыдырату еді. Бірақ біз ансамблді сақтап қалдық, қатарымызды жас әнші Тәшкен қызы Айгүл, жас ақын Сүйенішпен толықтырдық.  

Кешікпей Талдықорған облысына аттандық. Мұнда бізді қарсы алған облыстық қазақ тілі қоғамының басшылары көштің алды келіп қойғанын хабарлап үлгерді. Айтыс ақыны Жапархан мені ертіп Киров ауданына көшіп келгендермен жолықтырды. Қоштасқалы бірер ғана ай болған Хэнтий аймағының Қоянды (Чандаган) сұмынының адамдарымен жылап көрістік. Ішінде мемлекеттік саңлақ шопан М. Жанәбіл бар. Екі-үш жыл бұрын Бэрх шахтасында тұратын қазақтарға бара жатып Жәкең жібермей, Мұрагерліктерге арнап ақсарбасын сойып бір күн ерулеткені бар. Үй мүліктерін артқан пойыз әлі келмепті. Үйлері келгендерін қырға малға шығарып жіберіпті. «Жетісу» қонақ үйіне келе жатқан жолда көштің тағы бір бөлігімен кездестік. Бар дәулетін бір шабадан немесе сыртын бояған ағаш қобдиға салып, аузын монғол құлыппен бекітіп, жаяу шұбырып, азып-тозған жұртты көргенде ішің езіліп, еңіреп жылағың келеді. Жапархан ел азаматы ғой, ұялып кетті. Айтақын Бұлғақов пен Жапархан екеуін мен бір жыл бұрын Өлгейге арнайы шақырып, кездесу айтыс өткізіп, шамамызша сый-сияпат жасап, орыстың шекарасынан асырып салып қайтқанмын. Жапыкең тек тұрмай бастыққа барайық деп үлкен дарбазасы бар бір үйге ертіп келді. Шамасы бастықтың әйелі болуы керек бір әйел адамға сөйлескен соң мені шақырды.

Әйел: - Бастық салқын душ қабылдап жатыр, әнеу жерде күте тұрыңдар деп алысырақ ағаш сәкіні нұсқады. Аздан соң ұзын сүлгі орамал мен сүртінген, қозы қарны бұлтиған бастық ентігін аздап басқан соң салқындатқан қарбызды кертіп жей отырып шаруамызды Жапарханнан естіп:

«Осылардың алды келгелі бір ай болды, малға шығыңдар басқа жұмыс жоқ десем, баспанамыз әлі келген жоқ, далаға қалай жатамыз деп міз бақпайды. Дәл мен шақырып келгендей. Осылардың бабын таба алмай-ақ қойдым» - дегені. Солай бауырым, елге ел қосылып жатыр ғой деген титтей түйсік болса ғой, талай тоңмойындарды көрсем де дәл мынадай бастықты кездестірмеген секілдімін.

...Бұлар ең алғаш ата жұртқа көш бұйдасын жеткізіп, маңдайы тасқа тисе де қайыспай еңбек ете жүріп, ұрпақтарын оқытып, бұл күндері аңсаған армандарына жеткен нағыз көшбасшы, еңіреген ерлер болатын. Көшкен жұртында қорасымен қойлары, өрісінде үйірімен жылқысы қалса да еңбекқорлығының арқасынла көше жүріп орныққандар. Осылардың көбі қазір Астана төңірегінде, Қараөткел, Қоянды ауылдарында, баяғыдағы Кировтың директорының үйінен он есе әдемі, салтанатты үйлер салып алған. Чандгандықтар мен қатар Ұланбатордан келген ақын Қамайұлы Жүкелдің Жетісу қонақ үйінде «Көше-көше бұл Керей жұртта қалды» деп жыламсырағаны да әлі есімнен шыққан жоқ.

Ертеңінде айтысты негізгі ұйымдастырушы қазақ тілі қоғамының бастығы (атын ұмытыппын) бізді облыстық партия комитетінің 2 әлде 3 хатшысы қарындасымызға таныстырып мән-жайымызды білген соң осы өлкеге көшіп келген туыстарың болса апарып келейік, тартынбай айтыңыздар, деген соң мен Кербұлақ ауданына, Қазира ақын Қапал арасанына жол тартты.

Менің қарындасым Шаймар мен күйеу балам Көкей Хажу-улаан деген көмір шахтасынан көшіп Кербұлаққа келіпті деп естіген едім. Шамасы екі жағы 500 шақырымдай жол жүріп қыз-күйеуді екі күнге сыйыстырып көріп қайттым. Хажу улаанда алып БелАЗ машинасымен көмір тасып тұрған екі шофер бірге көшіп келіп, бірі атпен бірі көк есекпен қой бағады екен. Үй дейтін баспана жоқ. Екі адам әрең сыятын, темірден тоқып жасаған, күрке секілді бірдеңеге түнейді екен. Сұқпыттарын көріп қорланып қайттым. Бастықтары апарып тастап, қайтып бас көрсетпепті. Бұлардың үй-күйлері пойызда тоналып, киім-кешексіз қалыпты. Айтулары бойынша қыстауға 250 шақырым жол жүріп қойды айдап апарамыз деседі. Олар келесі, 1992 жылы қашып Саяққа келіп тоқтапты. Сол жылы тағы да барып қайтқан едім. Бұрынғы жылдағыдай емес, бос қалған көп қабатты үйлерге орналасып, мамандықтары бойынша жұмыс жасайды екен. Қазір де сонда, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, ақ сақалды,  сары тісті салиқалы жасқа келген қариялар мен әжелер болып зейнеттік ғұмыр кешуде.

Қазира менен бір күн бұрын келіпті. Оны шет елден келген үлкен бастық екен деп естіп жергілікті басшылар жол бойына шашлық пісіріп, духовой оркестр ойнап қарсы алыпты. Ол да туысын көріп емен-жарқын болып келді. Ертеңгі күні Мәскеуде тамыз төңкерісі болғанын естідік. Кешінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теледидардан сөйлеп, халықты ешбір алаңдамай тыныштық сақтауға шақырды. Барлық газеттерде оқиға сырын ашық білдірген хабарлар жазылды:

Мысалы, орыстың Жоғарғы кеңесінің басшысы Янаев мынадай мәлімдемесінде бүй дейді:

Горбачевтің денсаулығына байланысты ары қарай жұмысқа жарамсыз болғандықтан барлық билікті өз қолыма алдым. Төмендегі міндеттерді тиісті мекеме, министрліктер мен ведомстволар мүлтіксіз орындасын:

  1. Шекара түгел жабылып, сырттан ешкім кірмесін, сыртқа ешкім шықпасын.
  2. Көшеге топтанып, митинг өткізуге тыйым салынсын. т.б. 8 түрлі қатаң ескерту берілді.

Газетті оқығанда, әйел адам ғой, Қазира елге қайта алмайтын болдық-ау деп жылап жіберді. Мен: - онсыз да көшіп келгелі отырмыз ғой, одан да күйеуің, Бұланыңды шақырып алсаңшы дедім, қалжыңдап. Расында үрейлі хабар еді.  Үшінші күні армия генералы Язов атылып өліп, Ельцин Горбачевті Қырымдағы қамауынан босатып алып, қылмыскерлер әшкере болып дегендей ақыры қайырлы аяқталды.

Сонымен, хош, Талдықорғаннан 300 шақырым қашықтықтағы Үйгентас деген жерге айтысқа бардық. Онда да көшіп келушілер қаптап жүр. Қояндының Съезхан ақыны, мұғалім әрі әнші, әрі ақын Шынасыл, Налайханнан балуан Сақидың ұлы Балтабай өз шамаларынша бірі өлең оқып, бірі зодог, шудаг киіп күресіп дегендей, тойға өз үлестерін қосты. Айтыстың бас жүлдесін Оралдық Қатимолла иеленіп, біздің ақындар да, арнаулы сыйлыққа ілініп, көңіл хош тарастық.

Осы сапардан қайтқан жолда мен қайын жұртыма соғып, Өскеменде бір аптадай аялдап, Қатон-Қарағай ауданының мәдениет үйінің директорымен екі елге кезектесіп біріккен концерттер өткізіп тұруға келісіп едім. Шығыс Қазақстан облысы бізге ең жақын шекаралас жер. Мен бұдан бұрын да бір рет келіп кеткем. Талантты айтыскер ақын әрі әнші Абаш Кәкенов те осында болатын. Оны көптен танимын, үнемі кездесіп жүреміз.

Және жеке басымның шаруасы ретінде орта мектепті алтын медальмен бітірген ұлым Есжанды ел көрсін, жер көрсін деп әдейі ертіп жүргенмін. Ыңғайы келсе Өскеменнің Университетіне тастап кетейін деген мақсат та бар еді. Ол оқу орнының проректоры қазақ жігіт жөн білетін азамат екен. Бір төрті жоқ аттестатын көрген соң: - қайда тұрып оқиды? – деді. Мен: осында туған нағашысы бар, ол үйден келіп оқиды, тек мектебіңізге алып қалсаңыз болды, өзім келесі жылы көшіп келемін дедім. Проректор әлдекіммен телефон арқылы сөйлесті де: «қазір шетел адамын оқытатын заң жоқ екен, әуелі көшіп келіңіз, содан соң ұлыңызды бөгетсіз қабылдаймыз» - деп сендірді. Елге аман-есен жетсек, жыл шыға атажұртқа ат басын бұруға өзіме-өзім серт беріп елге қайттық.

1992 жылы көш мәселесі шегіне жетті. Ішкі өлкеден жол таппағандар аймақтағы туыстарына жетіп қосылып көшу жағын қарастырып, әркім өзінше бағыт іздеп сандалды. Дәл сол кезде Амантай Тойшыбайұлы бастаған жастардың «Аттан» жасырын ұйымы көшкен елдің Қазақстанның дәл қай өлкесіне орналасуы керек екенін ескертіп, жеткен соң жастар неден сақ, алыс болуын қадап айтумен болды. Оны өздерінің астыртын дайындаға үнпарақтарын көшенің көрнекті жерлеріне жапсыру арқылы іске асырды. Енді ойласам ол жастар Қазақстанның «Азат» қозғалысымен байланыста болғанға ұқсайды. Бір күні аймақ әкімшілігінің үлкен залында көш туралы келелі жиын өтті. Жиынды аймақ басшысының орынбасары Қабыл жүргізіп, көптеген зиялылар өкілі қатысып, қазіргідей бет-бетімен көшуге болмайтынын, халық иесіз емес, көштің соңы тозғын болады десті. Әсіресе Сайран Қадырұлы: - Қазір Қазақстан шын мәнінде орыстың ықпалынан толық шыққан жоқ. Арада бөлек елдің шекарасы бар, адамдардың барғаннан кейінгі өміріне, олардың қауіпсіздігіне ешбір кепілдік жоқ. Сондықтан бей-берекет көшуі дұрыс емес, деп орынды уәж айтып, ұсыныс жасап еді, елірген халық Сайран қажыны түтіп жеп қоя жаздады (Сайран Қадырұлы халықаралық қатынас жағынан мағұлматы бар, Сауд Арабиясында елші болған азамат). Сен көшке қарсысың, деп шүйлікті. Сөйтіп халық бір түйінге келе алмай, ақыры әр ауылдан қоныс шалушылар тарту-таралғыларын алып Қазақстанға қарай ағылды. Сол кездегі МХР-дың Президенті Очирбат халықпен кездесу жасап, бүй деді: «Сіздер монгол жерінде туып өстіңіздер, ақысыз білім алып, әркім мамандығына сай әр салада еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып келесіздер. Сіздерді ешкім қуып отырған жоқ. Жеке ұлттық аймақсыздар, осында өсіп өркендедіңіздер, жылы орындарыңызды суытпаңыздар. Бұрынғы көшкендерден көрген тарихи ащы сабақ бар. Жақсылап ойланыңыздар, Халықаралық адам құқығы туралы конвенцияға қарсы келмейміз, ал Қазақстанға көшем деушілерге бөгет те бола алмаймыз. Алайда, малдарыңыз Монғол елінің дәулеті болғандықтан, қорасымен айдатып сыртқа мал жібермейміз» деп кесіп айтқаны есімде.

Осы Очирбатпен 2014 жылы жазда елге барғанымда кездейсоқ кездесіп, өткендегі көші-қон жайында пікірлескенім бар-ды.

Моңғолдарда діни наныммен табынатын он әлде он екі атақты тауға елбасы жарлығымен жылына біреуіне бір рет тәу етіп тұратын шешіміне орай 2014 жылы Батыс Монғолиядағы Бесбоғда тауына тәуап ету ұйғарылыпты. Бұл атақты тау Қазақстан, Қытай, Монғолия үш елдің шекарасының түйіліскен жері. Қазіргі Баян-Өлгей аймағының аумағына кіреді. Осылайша қазіргі Президент Элбэгдорж, Монғолияның тұңғыш Президенті Очирбат, аймақ басшысы Дәрмен, атақты балуан Сүхбат, екі реткі мемлекеттік сыйлық иегері сазгер Жанцанноров, Президент әкімшілігінің басшысы Цагаан, Ұлы хурал депутаты Бәкей қатарлы, ұзын саны 19 адамның құрамымен Бесбоғдаға тәу етіп келген үшінші күні тікұшақпен менің туған жерім Цэнгэл сұмынының Сырғалы жайлауында отырған менің әкемнің үйіне қонаққа келді. Дәл осы күндері мен әкемнің қара шаңырағында отырған інім Халифа Тәукейұлының үйінде әйеліммен демалып жатқан кезім еді. Дәл уақыты 7-айдың 9-10 күндері. Елбасы Элбэгдорж 1990 жылдары Монголдың төңкерісшіл партиясын құлатып билікке келген жаңашыл демократиялық партияның лидерлерінің бірі болатын. Тек толық бір тәулік бірге болып, әкемнің дастарханында қатар отырып естелік ретінде суретке түскенімді айтсам да жеткілікті. Оларға үш киіз үй арнайы тігіліп, қазақи дәстүрмен қонақасы беріліп, ел басына інім өзінің құла қасқа жүйірігін мінгізді.

Ал Очирбат гуай екеуіміз шамалас болғандықтан құрдас адамдарша еркін сөйлестік. Ауылдан аттанар алдында Сырғалымның әсем табиғатына, айнадай жарқыраған көл бетіне қарап тұрып: - Мынадай жер жаннатын қалай тастап кеттіңдер? – деді. Мен, біз тастап кеткеміз жоқ. Бұл жер біздің ата-бабамыздың байырғы мекені, мүмкін, кейінгі бір уақыттарда ұрпақтар қайтып келіп мекен етпесін кім болжай алады, - дедім де: - егер сол  кезде біздерді жібермейміз десеңіз бар билік қолыңызда еді ғой, адамға емес малға таласқаныңыз есіңізде ме? – деп қалжыңдаған болдым. Иә, солай, құрдас, ол бір тарих қой өзінше, деді де, одан да естелік болсын сурет алдырайық деп менімен фотоға түсті. Дегенмен сол бір жиналыста айтқан Очекеңнің бір сөзі тағы да есімде қалыпты: «мұнда балаларымыз монғол болып кетеді деп Қазақстанға көшіп барған кейбіреулердің балалары орыс тіліндегі мектептерде оқиды екен. Қазақша оқымаған соң қандай айырмашылық бар?» деген еді. Расында мұндай жағдай орыстанған ауылдарда болғанын несін жасырамыз. Намысқа тиетін сөз емес пе?! Экономикалық ахуал ауыр, нарыққа көшкен, ел басына күн туған сол бір кезеңдерде қатарынан 2 рет президенттік таққа отырып, Монғол елін тығырықтан алып шыққан Очирбаттың беті темірден де қалың деп келемеждеген жас демокарттарға ырық бермеген, бүгін сол кездегі демократтарға атқосшы болып жүрген Очиржав гуай осы кісі.

... Жыл шыға соңғы рет Наурызда аламан айтыс жүргізген соң жұмыстан өз өтінішіммен босадым да көшуге дайындалдым. Ағайын туысым, қайын жұртым, құданың құдасы дегендей 72 отбасына қоныс іздеп жолға шықтым. Орысқа жолатпа, тек қазақы жер болсын деген соң тура Торғайға тарттым. Қазақы жерден Семейдің Абыралысына барғандардың кейбірі қашып-пысып қайта барғаны құпия емес-ті. Енді біреулер «қаңғып қалдық, жеткізіп алыңдар» деп зарлай бастаған. Сондықтан менің Торғайға тура тартуым содан еді. Арқалықта халық ақыны, айтыскер Қонысбай Әбіловті сырттай арқа тұтқаным да рас еді. Тура осы жігітті тауып, жөнімді айтқан соң, ісім оңына басып жүре берді. Өзі бас көз болып қадағалап отырды. Сөйтіп Арқалық ауданына 30 отбасы, Амантоғай ауданына 42 отбасы орналасатын болып, адамдар тізімін, мамандығын егжей-тегжейлі тапсырып, совхоз директорларына бетпе-бет сөйлесіп, келіскен соң, елге барып буынып-түйініп отыруға уағдаласып қайттым. Келіскен уақытта Торғайдың камаздары да жетті. Баспаналарымызды тиеп беріп, әр совхоздың баратын үйлерінің жүктеріне жауап беретін адам қосып, өзіміз ұшақтың кезегін күттік. Мен өз ағайындарыммен Алуа кеңшарына 20 отбасына шарт жасап, отыратын үйіне, тіпті адам басының жұмысына дейін келісіп, Айтжанов деген директормен уағдаласып қайтқам. Алуаға баратын 20 отбасының жүгіне 5 жігіт ертіп жібергенім ақыл болыпты. Бір ай бұрын барып, отыратын үйлерімізге жөндеу жасап, жүктерімізді үйге кіргізіп, жұмысқа орналасып, елдің, жердің ыңғайын біршама біліп үлгіріпті.

7-айдың 12 күні «АН-24» ұшағымен Өскеменге 4 сағат аялдап, жан-жақты тексеріліп болған соң «ЯК-40» ұшқыр ұшағымен түн ортасы ауа Арқалық әуежайына қондық. Ай бұрын жүздесіп кеткен облыс, ауданның басшы қызметкерлері салтанатпен күтіп алды. Шағын концерт ойнап, қошаметтеп қасиетті Торғай топырағына, Ақаң, Жақаңдарды, Амангелді Жангелдинді, Әбдіқапар ханды, Кейкіні, бергісі Нұрқан ақынды, Сырбай, Ғафуды, Қайнекейді, одан бергі атақты сатирик Сейітті, Қонысбай Әбілді, Сараны, Жадыра Орманшинаны, бүгінгі аймаңдай ақын, Торғайым деп шырылдағын Айбек Қалиевтерді туғызған қасиетті өлкеге осылайша аяқ басып, қарашаңырақтың төрінен бірақ шықтық. Бұл жақтың қазағының түрі де, тілі де, адамдарының, әсіресе әйел затының ибалығына тәнті болдық. Тез сіңісіп кеттік. Еңбекке жарамды барлық адам тұрақты жұмысты болды. Мектебі ауданды қойып облысқа әйгілі екен. Директоры Марат Төкенов 4-5 адамды мектептен жұмысты болдырды. Бізден 80-ге жуық жұмыс күші қосылып кеңшар жұмысына үлкен үлес болды. Тиесілі көмектерін де алдық.  Оның өтеуін еңбегімізбен қайтардық деп ойлаймын. Төрт жылдан соң Торғайға келген оралмандарды Балталыға жинайтын облыс әкімінен шешім шықты. Балталы Қима ауданына қарайтын кеңшар екен. Ысқақ ағай музыка мектебіне, мен Мәдениет үйінің режиссерлігіне облыстың шешімімен тура нұсқалдық. Біздің алаңсыз еңбек етіп сіңісіп кетуімізге облыс әкімі аппаратынан бастап, көші-қон комитетінің дұрыс көзқарасы, жергілікті ел азаматтарының ыстық ықыласы зор болды. Әсірес, қандай да бір қиындық басымызға түскен кезде рухани жәрдем беріп, кейбір озбырлардан есемізді қайтарған Қонысбай Әбілді, сатирик-жазушы Сейіт Кенжеахметовті, Мәдениет басқармасының бастығы Нұрикамал Сейітжанова қарындасымызды күні бүгін құрметпен еске аламын. Аяғы ауыр келген келіндерден туған Алуа, Торғай, Арқалық, Кейкібатыр, Еламан, Жақсылық, Ауған есімді ұл-қыздарымыз бұл күні отау иелері болып кетті. Аудан, ауылымыздың әр салалы шаруашылығына шамамызша үлес қостық. Ағамыз Сақит ұлы Қабдын ағай құран қари діндар адам еді. Халықты имандылыққа шақырып, ықпал етсе, малшылардың баққан малы, қысы-жазы қоңды болды. Екі-ақ жылда 12 шофер, 8 механизатор бізден шығып кеңшардың шөп бригадасын өз мойнына алды. Мектепте үш адам мұғалім болдық. Барлық балалар оқып келген мектептерін ары қарай жалғастырып, лезде сіңісіп, жерсіне бастадық. Біртіндей нарықтық экономикаға көшкендегі ел жағдайы онсыз да белгілі, алдымен облыс, содан соң аудан таратылған соң ішкі көші-қонға біз де іліндік. Не көрсек те халықпен бірге көрдік. Жаңа Астананы сағалап, жұмыс іздеп жастар кетті дегендей. Мен Қима ауданында қалып Мәдениет үйінде режиссерлік істеп тұрып, алдымен орным қысқарып, соңынан 600 теңге зейнетақыны қанағат етуге тура келді. Ер кезегі үш рет демекші үшінші рет те Атбасар ауданының Амантай ауылына келіп 6 жылдай Мәдениет үйіне сырттай еңбек етіп, сарайдың бастығы Татьяна Самародовна ханыммен бірігіп Абылайдың 300, Балуан Шолақтың 150 жылдығына орайластырылған мәдени шараларға режиссерлік жасап, концерттік бағдарламаларға қатысып, өнер көрсетіп, көптеген байқаулардың дипломанты атандым. 2008 жылы «Оралмандардың 15 жылдығы» Қояндыда белгіленіп, Астананың Жастар сарайында болған концертте өзімнің негізгі репертуарым Ілияс Жансүгіровтың «Қойшы мен айырплан» әңгімесін орындадым. Сахнаға соңғы шығуым өткен жылы Жеңістің 70 жылдығына арналған концерт болды-ау деймін. 2015 жылдың қысында денсаулығыма байланысты Қояндыдағы отауларыма келдім. Соңғы жылдары жазған жыр топтамаларым «Сырғалым» деген атпен Улаан-батор қаласындағы «Китаби» баспасынан шықты. Өмірім мен еңбек жолымды баяндайтын естелігімді жазу үстіндемін. Ғұмыр жетсе мақсат көп-ақ. Күні бүгін туған халқыма өнеріммен қызмет етудемін. Азды-көпті еңбегімді МХР-да елеусіз қалдырған жоқ.

  1. МХР-дың өнеріне еңбек сіңірген қайраткер.
  2. Кентей (Хэнтий) қаласының құрметті азаматы.
  3. МХР мен Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының мүшесімін. Біраз орден, медальдарым бар.

Өлгей қаласындағы қазақ радиосының алтын қорында балаларға арналған ертегілер топтамасы, үлкендерге арналған көркемсөз жиынтығы, барлығы сағаттан астам репертуарларым бар.

Бес баланың әкесімін. Ата жұртта бір қыз ұзатып, екі келін түсірдім. Ұрпақтарым жаңа астана – Астананы көркейтіп, өркендетуге өз үлестерін қосып, ел қатарлы өмір сүруде.

Астанадағы Қазақ радиосының шет елдерге хабар тарататын «Шалқар» арнасымен сырттай шығармашылық жасап, Моңғолия қазақтарының өнер, мәдениет саласының көрнекті өкілдерін насихаттайтын материалдар дайындап беремін.

Ендігі арман Қазақ елінің толық тәуелсіздігін көрсем деймін.

Тайф Тәукейұлы

2016 жыл. Астана. Қоянды.

Abai.kz

0 пікір