Жұма, 3 Мамыр 2024
Құсни хат 4572 0 пікір 24 Желтоқсан, 2015 сағат 10:27

САНТА-КЛАУСҚА ХАТ

«Ассалаумағалейкум, ата! Дақпыртыңызға қанықпын. Мені білмейтін шығарсыз. Жай ғана ҚМУ-дың студентімін. Ана бір жолы «Костанайские новости» газетінен «Казахстанские дети смогут отправить письмо Санта-Клаусу» (http://kstnews.kz/news?node=10424) дегенді көріп қалдым. Басында жылағым келді, кейін хатымды оқытатын адам тапқаныма қатты қуандым. Сіздің «жасанды» адам екеніңізді көбі біледі. Еш қуыстанбай-ақ қойыңыз. Біздің қалада да «жасанды іс-әрекеттер» жиі орын алып отырады. Бұған біздегі «жасанды шырша» да дәлел. Қазір өзі бәрі жасанды болып кетті ғой, ата... Менің мына жазбаммен танысып шығыңызшы. Жауап бермесеңіз де болады. Ааа, ата, сосын бар ғой: жігіт болсаңыз келесі жылы Қазақстанға келмей-ақ қойыңыз... Сол!» 

Мен «тұңғыш президент» мерекесіне арнап мақала жазған жоқпын. Тіпті «тәуелсіздік күніне» де арнап қалам тартып үлгермедім, сонда да болсын осы мерекелерден 1 ай мерзімнен кейін келетін жаңа жыл тақырыбына түртпектеп отырған жайым бар. Әсте, жаңа жыл осындай да құдыретке ие ме деп таңданудың қажеті жоқ. Екі бірдей мемлекеттік мерекенің алдын орап кете беретін «новый год-қа» деген өзімше наразылығым ғой. Өз елімнің азаматы ретінде «тәуелсіздік күніне» аса мән бергенді жөн көрем. Бұл деген тәуелсіздік күнін жыл сайын асыға күтем дегенді білдірмейді. Маңыздысы «лайықты аталып өте ме, мән-маңызын түсініп жүрміз бе?» деген ой. Тіпті кей қыз-жігіттер бұл күнді «мереке» деп санаса, енді бір бөлігі «қаралы күн» деп ойлайды. Мемлекет тарапынан бұл күнді «айтулы дата» деп қана қарастыратын секілдіміз. Сосын да болар 16 желтоқсан күні келмей жатып, Республика бойынша қала, аудан, ауылдарда қылтиып шыршалар қылаң беретіні; сосын да болар дәл 16 желтоқсан күні Қостанайдың түңгі клубтарында жылдың басқа мезгілінде бола бермейтін «ерекше шоу» болатындығы. Жарайды, жеке кәсіпкердің өз еркі өзінде дегеннін өзінде, сол күні сол клубқа жүгіретін қазақ бауырларымыз бен бойжеткендеріміздің ісін қалай ақтап аламыз?! 1986 жылы Алматыдағы алаңда жиырманын арғы жақ-бергі жағындағы жастар дәл бұлай жүгірмеген шығар! Бостандықтың құнын неге білмейміз, осы?!

Қарашаның бел ортасынан басталатын дайындық Қостанайда "что-то" кеш басталды, биыл. Сонда да болсын жынымды құрыстырып үлгерді. Базарда жаңа жылдық тауарлар... Ей тауары құрсыншы... Дәл облыс әкімдігінің алдында құрылып жатқан шыршаға ренжідім. Басқа кімге өкпелейміз?! Қала әкімдігіне ме? Жалынғанмен өтінішімізді қанағаттандыратынына күмәнім бар. Әуелі тәуелсіздікті өткізіп алайық, шыршаны кейін де орнатармыз деген ой оларға келмеді дейсіз бе?! Келген ондай ой. Әйтпесе билікке ақымақ адамды қоя ма?! Тек ондағылар енжарлық танытады. Қазақ деген жетекші ұлттың ойымен санасқысы жоқ (көбінің орыс тілді екені тағы бар). Мұны тек Қостанай қаласына, басшылығына қатысты айтып отырғаным жоқ! Қазақстанның қай қаласын алсаңыз да осы. Шаруаға жауапты кәсіпкерлер әртүрлі сылтау айтып басшылардың бұйрығын алысымен іске кіріседі. Бар ойы желтоқсанның ортасындағы аяз бен суыққа ұрынбай ертерек шыршаны құру. Арнайы бөлінген ақшадан еңбегінің өтеуін алу. Сосынғы шаруа әрі бері өткенде шыршаға масаттана қарау. Бар болғаны осы. Қарапайым халықтың еліктеушілігі де осы жерде оянады. Жаныңа барып суретке түседі. Кейін әлеуметтік желілерге суретін орналастыра салысымен «Қостанайда алып шырша бой тіктеді» деп жарияға жар салады. Өстіп жүргенде желтоқсанның 16-да өте шығады.  

Сонда тәуелсіздік мерекесі қалай тойланады? Жалпы қалай атап өту керек?

Мәселен 1 қаңтарды мен де қарсы аламын. Достарыммен, отбасыммен болуға тырысам. Сосын да «бұл күнді тойламаңдар» деп айта алмаймын. Бірақ жоғарыдағыдай дүниелерді байқағанымда «жаңа жылды» жек көріп кетемін. 18-інен кейін жылтырағын іліп, шыршасын жарқыратып қойса кім «қой» деп жатыр. Менің мұртымды балта шаппайды. Келіп-кететін пайда да жоқ. Тек желтоқсан құрбандарының елеусіз қалғанына қорқам... Олар біз үшін өмірін қиды ғой. Өтеуі жоқ па оның?! Әлде би билеп, шыр көбелек айналу тәуелсіздікке тәу ету боп саналатын болған ба?! 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ, А.Байтұрсынов ат. ҚМУ-дың журналистика мамандығының студенті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 618
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 367
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 362
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 367