Жұма, 3 Мамыр 2024
Қоғам 8175 0 пікір 4 Қаңтар, 2016 сағат 09:38

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАР «МИНИСТРДІ КӨРДІМ» ДЕП МАҚТАНА АЛМАЙДЫ

...Кім ұлтқа тас лақтырса, сол билікке ұнай ма?

Ұлтын сүймеу, қарсы шығу емес пе бұл Құдайға?

Енді біздің көнбіс қазақ оңға, солға ойқастап,

Өз халқының іштен шыққан жауларымен шайқаспақ.

Рухын тартыс тоқтысы еткен қаптап кетті көкпарлар,

Бұл қорлықты көрген сайын намысыңды от шарлар.

Қызметінің ыңғайымен ұлт мүддесін сатқандар,

Сендерге де есеп берер күн келеді, тоқтаңдар...

                                                                      М. Шаханов

 

Иә, қазақтың біртуар аяулы арысы Мұхтар ағамыз айтуындай айтып келеді есі дұрыс жандарға. Бірде қу тілді бір жігіт: «Билікке  жағыңғың келсе, Шахановты жаманда» деген еді. Сол ретпен келгенде «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысында Шаханов туралы пікір білдіріп қалған ақын Ауыт Мұқибектің де қызметі жуырда өсетін шығар деп ойлаймын http://abai.kz/post/view?id=6063 .

Мұхтар Шаханов – қазақ әдебиетінде, қазақ мәдениетінде, жалпы, өркениетінде мүлде оқшау, өзгеше құбылыс. Тас жарған табиғи дарыны қаншама ақын жазушылардың ішін өртеп қызғаныш деген қызыл итін қыңсылатты. Ақиық ақын, наркескен азаматтың  қаламынан туған кез-келген шығармасын: мейлі сезім буған лирикалық өлеңдерін, мейлі ой толғатқан әлеуметтік поэмаларын, шер толқытқан философиялық балладаларын, астарлы да асқарлы монолог-драмаларының қай-қайсысын да алып қарасаңыз, мүлде өзгеше. Жазу тәсілінің өзі ешқандай стандартқа, қалыпқа сай келмейді. Ол: 

   « ...- Кеңес Одағының озбырлық саясаты ұмыттырып жіберген Наурыз мейрамын қайта тірілтті;

- Арал апаты асқынып тұрған тұста оған әлем назарын аударып, Орта Азия мемлекеттеріне Аралды сақтауды міндеттеп өткізді;

- Мәскеу мен жергілікті билік, қазақты қорлап, жастарды қан-жоса қылып қырып, қуғынға ұшыратқанда, Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын қасқайып тұрып жалпақ дүниеге жария етіп, жазықсыздарды арашалап, қылмыскерлердің бетін ашты;  

-  Қазақ, орыс тілдеріне қатар Мемлекеттік мәртебе әперген заң қабылданып кеткенде алған бетінен қайтпай алабөтен мінез көрсетіп, ана тілінің мәртебесі үшін ақырына дейін айқасты;

- Қазақ ұлтын «қазақстандық ұлт» дейтін, тілі, діні, рухы, салт-санасы, әдет- ғұрпы, ұлттық реңі жоқ  «әлем ұлтына» кіргізіп, қазақты жер бетінен жою саясатына бірден-бір қарсы тұрып қорғап тұрған да -  Мұхтар Шаханов. Осылардың бәріне Шаханов басын бәйгеге тігіп, ара түспегенде, не болар едік? Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бет-келбеті, бәлкім, бүгінгіден де басқаша қалыптасар ма еді? Ең ақыры, кім үшін жазып жүргендерін білсе де, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысына ат ізін салмайтын қаламдастарымыз баяғыдай ұлттық мүдде жолында бас біріктіруден қалып бара жатқаны, «қазақстандық ұлт» идеясына кейбір зиялылардың үнсіз бас шұлғығаны - бәрі-бәрі бір азаматты емес,бар қазақты ойлантуы тиіс дегіміз келеді»деп жазады 2009 ж. «Ана тілі» газетіне Дағжан Белдеубайұлы.

Шахановтың бүкіл саналы өмірі қазақ ұлтын сақтау үшін күреспен өтіп келеді. Шахановтың әрбір айтқан ойы, сөйлеген сөзі, істеген ісі, жазған өлеңі тек ұлтына арналады. Өз өмірін ұлтынан төмен қойған ардақты азаматтың еліне, халқы үшін жасаған бес ерлігі тарихымызда, ұлттың санасында мәңгі сақталады. Ал, ақындығы бір төбе. «... Мұхтар Шаханов  поэзиясының көркемдік қуаты, әлеуметтік - философиялық маңызы, идеялық өміршеңдігі, қазақ оқырманын былай қойғанда, халықаралық деңгейде танылған, мойындалған айқын құбылыс болса да, мені таңқалдыруын қоймайтын бір нәрсе бар. Ол – ақынға деген халықтың өлшеусіз ықыласы. Кездесу сайын өлеңдерін оқырмандары, жасынан кәрісіне дейін, жаттап алып оқитын әрі сахнаға шығып, жатқа оқу үшін топырлап кезекке тұратын осындай құрмет иесі – ақынды өз басым кездестірген жоқпын. Сонымен қатар тек Қазақстанда ғана  емес, шет елдерде, Гете, Шиллер, Гейне секілді әлемдік поэзия алыптарының шығармаларымен талғамдары қалыптасқан неміс елінде Мұхтармен болған кездесулерге қатысу үшін бүкіл отбасымен қала-қаланы аралап, оның соңынан еріп жүретін оқырмандардың болуы мен үшін таңқаларлық оқиға екені рас...» -деп жазады шын ниетімен ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы ағамыз Төлен Әбдікұлы ағынан жарылып.

Тумысынан өзгеше болып жаратылған Мұхтар Шахановтың алты күнде жазылған «Танакөз» поэмасы алты алашқа мәлім болды. Қазақтың кәрі-жасы жатқа оқыды. Өкінішке орай, Шымкенттен Алматыға ауысқанда ақын-жазушылармен тіл табысып кете алмады. Өйткені, айнала тамыр-таныстық, жағымпаздық, КСРО көсемдеріне арнап жазған ода мен әндерін жоғары марапаттап, бір-бірінің бетіне өтірік күлу жайлаған. Рухани жұтаң мұндай орта Мұхаңды жирендірді әрі адалдыққа, ұлтына деген кіршіксіз махаббатқа тәрбиеледі. Атақты деген ақын -жазушылардың өлеңін, романын ешкім оқып жатпаса да кәрілері мемлекеттік сыйлыққа, жастары комсомол сыйлықтарын алу үшін ар-ождан, ұлттық мүддесінде сатып жіберетініне көзі жетті. Әсіресе, олардың өз ара топ-топқа бөлініп, өзгені кекетіп, мұқатып бір жиналғанда өздерінің айтқанымен жүрмеген адамның үстінен домалақ арыз ұйымдастыру қалыпты жағдай болатын. «...Соңғы жылдардағы поэзия кештері мен кездесулерде М.Шаханов өлең оқығанда, қалың жұрт неге қол соғып тұрып алады? Мұның әзірге ешкім аңдамаған өзіндік сыры бар. Шаханов ел ерекше назар аударар жиындарға өз ағайын-туғандарын, достарын, таныстарын шақырып, солар арқылы “ду қол шапалақтау” ұйымдастырады. Бұл – ежелгі римдіктер қолданған тәсіл. Орталық Комитет тарапынан Шаханов поэзиясының қолдан жасалып жатқан осындай культіне үзілді-кесілді тыйым салуы қажет деп білеміз!”* деп жаза салу күншілдерге түкке тұрмайды. Сондықтан да дара, саяқ жүрген ақын Мұхтар, қос талант Төлеген мен Шәмшіні бауыр тұтты. Даралығы емес пе, 1958 жылы алғашқы өлеңі жарық көргеннен, Кеңес Одағы құлаған 1991 жылға дейін бірде - бір рет «Ленин, компартия, көсем немесе коммунизмге» арнап төрт шумақ болса да бір өлең жазбапты. Оны айтамыз-ау, Қазақстан Ленин комсомолы, Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алып тұрып, «комсомолға» бір ауыз өлең арнамау ол заманда қылмыс жасаудан кем емес еді. 33 жыл Кеңес Одағының ауасын жұтып, нанын жеп, жұмысын істеп, сол ортада өмір сүріп өзін сақтай білу, жан-дүниесін жамандықтан қорғау миллионнан бірдің қолынан келмейді. Мүйіздері қарағайдай болып мемлекет қайраткері атанып жүргендер: «Ол кезде заман солай еді. Солай істемесең өмір сүру мүмкін емес еді»  деп тәуелсіздік алғаннан кейін де сол зұлымдықтарын жалғастырып келеді. Енді заманды емес, өзгелерді кінәлі санайды. Міне, осындай адами құндылықтардан ада жандардың Мұхаңа жапқан жаласы мен жасаған қысастықтарының ара-жігін ертеңгі ұрпақ ажыратып, ақтап алады...

 Ал, Ауыттың «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысында; «...Бірақ оларды кім қабылдайтынынын немесе олар кімдермен көбірек кездесетінін айтайын ба?! Мұхтар Шахановпен! Мұхаңның әлем ақыны екенінде дауым жоқ! Бірақ, шеттен келушілерге Қазақстан туралы не айтатынын өздеріңіз жақсы білесіздер! Мырзатай Жолдасбековке жолықса, «Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар!» деуі әбден мүмкін!...» депті. Сонда шетелден келген қазақтарға Шаханов не айту керек? Шахановты бір «сүзіп» өтпесе ауырып қалатын Ауыттың есегінен ауып қалған Қожанасырға ұқсап не айтқысы келгенін түсініп алыңыз. Бақыт Сұлтанов, Елжан Біртанов, Аслан Сәрінжіпов, Ерболат Досаев, Владимир Школник сияқты министрлер оларға (Атажұрттың тыныс-тіршілігімен танысуға келетін немесе келіп қайтуы ықтимал сырттағы қазақ жастары туралы айтады. - ред) уақыт бөліп кездессе мұрнымды кесіп берейін. Әлде осыларға кездестіру үшін міндетті түрде Шаханов пен Жолдасбековты жамандау керек пе? Қытайдағы бір жарым миллион қазақ Шаханов десе ішкен асын жерге қояды. Олар үшін, Шаханов – қазақ, Шаханов – қазақ елі. Қытайдағы қазақтар: «Анау министрді көрдім, мына министрді көрдім» деп мақтана алмайды. Өйткені ол бүгін министр болса, ертең жемқор аталып сотталып кетуі де мүмкін. Жемқормен ол қалай мақтанады. Ал, Шахановпен кездесу – тарихи оқиға, бала-шағасына үлгі-өнеге. 

Бірде үлкен банктің төрайымы мынадай әңгіме айтты: «Банктің қатардағы қызметкері етіп Шахановтың бір туысын жұмысқа алғанмын. Ол жігіт тек қазақша жазады, қазақша сөйлейді, басқалардан қазақшаны талап етеді. Менің орынбасарым – орысша оқыған қазақтың әйелі, екі күннің бірінде: «Шахановтың туысы қазақша сөйле» деді, «іс-қағаздарын қазақша жаз» деді», - деп оны жамандап келе берді. Бір күні мен оған: «Осыдан жүз жыл, екі жүз жыл өткесін бе бізді біреулер еске алатын болса; «Шахановтың дәуірінде өмір сүрген кісілер» деп Шахановтың арқасында ғана тарихта аталатын боламыз», -  деп едім, аузы аңқиып, көзі бақырайып аңырайған бойы орынан тұрып кете берді. Екінші қайтып ол жігітті жамандамайтын болды,  – деп бір рахаттанып, сылқ-сылқ күлген еді. Сол кісі айтпақшы, жүз жылдан соң Ауытты біреулер еске алса, «Шахановтың дәуірінде» өмір сүрген демей «министр Школьниктің кезінде Ауыт ақын өмір сүрді» деп еске алмайтын шығар. Мүмкін «Шахановты бір мұқатып қалған ақын» деп те тарихта қалатын шығар. Мұхтар қазақ халқының жанашыры болса, Мырзатай Жолдасбеков қазақ мәдениетінің, руханиятының жанашыры. Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университетіне қан жүгірткен, қазақы реңк берген, қазақтың тамаша ақын, жазушы, ғалымдарын, талантты, дарынды айтыскер ақындарын  жинаған абзал жан. Ол қазақ халқына тиісті ұшан-теңіз мәдени, рухани мұраларды жинап, жыршылар мен термешілерді жарыққа шығарып, қамқоршы болып жүрген жалғыз жан.

Мырзатай ағаның: «...Сол сияқты Қытайдан да үдере көшудің қажеті жоқ. Алтай, Іле, Тарбағатай ол қазақтың жері. Бабаларың жатқан жер. Мәселен Қытайдан үлгі алмайсыңдар ма? Сол Қытай қазір Америкадан өздерінің кварталдарын ашып тастады. Мен сендерге келмеңдер деп отырғаным жоқ, қате түсініп қалмаңдар. Келе беріңдер. Түгел көшіп, ата жұртты тастап кетпеңдер» деп айтқанын  Ауыт теріс айналдырып келеке етіп отыр. Ал, Мырзатай аға Иран қазақтарына Шымкент облысынан арнайы бос жерден «Достық» деп аталатын үлкен ауыл салынып, олардың көшіп келуіне ықпал етті. Алғаш тәуелсіздік алғанда қазақтың басты идеологына айналған Мырзатай ағамыз осындай қуатты елге айналуымызға да үлес қосқан қайраткер. Айта берсек бір кітапқа симас еді. «Нұр Отанда» отырған азаматтар да бұл екеуін қадір тұтады. Ауыт қазақтың екі арда ұлын осылай күстәналағанда қандай мақсат тұтты екен?

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 731
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 547
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 453
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 468