Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
46 - сөз 5084 0 пікір 4 Қаңтар, 2016 сағат 19:35

ҚАЗІР БӘЛДУ-БӘЛДУ БӘРІ ӨТІРІК

Жарас екеуміз кезекті бір "вешірден" шығып, журфактағы соның бөлмесіне келіп қисайғанбыз. Түс ауса да, тұра алмай жатырмыз. «Тамақ істеп берейін бе?» — деді Жәукең бір кезде тұрып. Басымды изедім.

Плитаны токқа қосты. Қазанға күріш салды. «Өййй...» — дедім мен, — май салмаушы ма еді алдымен?». «А, айтпақшы, қазір саламын...». Бұл кезде күріш шатырлай бастаған. «Аспазекең» оны бір жағына үйді де, екінші жағына тоң майдың бір кесегін салды. Май еріген сәтте күрішпен үстін жаба салды. Сосын су құйды. Сірә, сәбіз, картоп, пияз дегендердің реті болмаса керек. Сәлден соң: «Қап, жаңа күрішті жумаппын ғой...» — деді Жәукең...

Енді тамаққа отыра бергенде, есік қағылды. ЖенПИ-дің қыздары екен. Біздің өлеңдерімізге ән шығарыпты. Ортада «фирменный блюдамыз», жарты нан, басқа ештеңе жоқ. «Алыңдар, алыңдар...» — деп қоямыз. Әй, бір қасық батырған біреуі болсайшы. Біз де беттемейміз... 

Сөйтіп отырып тыңдап едік бұл әнді. Сосын бізге, филфакқа кеттік. «Баукеңнің сөзіне жазылған әнді мен жуып берем!» — деп Кенже досым біраз шабылды...

Кейін "вешірлердің" бәрінде біздің әндеріміз шырқалатын болды. Қомпиып жүрдік кәдімгідей.
Жазушылар одағындағы бір кеште осы әндердің тұсауы кесілген. 
«Бауке, сенің сөзіңе жазылған әнді насихаттап жүрмін...» — дейтін марқұм Оразәлі бауырым кездескен жерде еркелеп. Кейін Ажар сахнаға алып шықты. 
Ой, дүние-ай! Қазір бәлду-бәлду бәрі — өтірік.
Айгөлек, рахмет! Қай-қайдағының бәрін еске түсірдің.

Бауыржан Бабажанұлы

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір