Жұма, 3 Мамыр 2024
Билік 5296 0 пікір 19 Қаңтар, 2016 сағат 10:53

ӘЗІМБАЙ ҒАЛИ: ҰЛТ МЕКТЕПТЕРІНІҢ ХАЛ-КҮЙІ ҚАНДАЙ?

Қазақстан КСРО-ға (Ресейге) отар кезінде ұлт мектебі қалыптасты, жасыратыны жоқ біраз жетістіктерге жеттік. Айталық, бүгінгі күні әлемде сауатсыздықты әлі де жеңе алмай келе жатқан елдер бар екенін айту керек. Мәселенки, Индияда, Пәкістанда, көптеген араб елдерінде әлі сауатсыз, не шала сауатты адам көп. Индияда сауатсыздар үлесі - 30%, Пәкістанда - 45%, Бангаладеште - 42%.

Көптеген араб елдерінде сауатсыздық биік деңгейде және сауатсыздық қайтадан өсіп келеді. Ал Джибути, Йемен, Ирак және Мароккода сауаттылық араб мемлекеттерінің орта денгейінен де төмен. Өткен жазда мен Шарм-Аш-Шейхте жергілікті отельдің мысырлық қызметкерінен араб сөзінің жазылуын сұрап едім, кешегі кетпеншінің тым төмен сауатты екенін байқадым. [1] Бізде болса сауаттылық 99%, әрбір төртінші қазақтың жоғары білімі бар. Сансыз ғылым докторларымыз шетелде ағылшынша пікірталасқа жарамайды, олардың көбі мақала жарияламақ түгіл, дербес пайым айтпауға шорқақ, тойда тост қана айта алады. Сонымен бірге ғылыми атағы болмаса да қазақтың зиялы қауымы болып жүрген топ бар. Олардың қатарына діндарлық интеллигенция, дін саласының интеллектуалдары, сондай-ақ елдің руханиятының сақталуына көп септігін тигізіп келе жатқан азаматтарды айтса болады.

Ұлттық мектепте оқушылар динамикасы (мың адам есебімен)

Оқу жылдары         1985/86   1987/88     1990/91      1995/96       2003/04        2006/07             2007/08

Қазақ тілінде           936.5       908.9         1008.1        1358.4       1662.5         1567.3              1553.5

Орыс тілінде            2047.1      2009          2027.2        1584.9       1207.3         1029.1              957.3

Ұйғыр тілінде            13.5          11.0          13.8            20.7            20.3            16.4                 15.4

Өзбек тілінде            60.4          58.0          64.8            69.1             86.5           81.8                  80.3

 

Оқу жылдары           2008/09      2009/10       2010/11      2011/12      2012/13      2013/14       2014/15

Қазақ тілінде           1542.8         1551.0         1573.7          1590.7      1617.6        1649.1         1716.1

Орыс тілінде             903.9          868.5           843.4            819.5       805.4          779.7          802.1

Ұйғыр тілінде             15.4           14.7             14.4              …            …                14.4           14.7

Өзбек тілінде             79.2          79.1            78.9             …                    …           77.9           79.0

Бірінші тұжырым, 1985/86 - 2014/2015 оқу жылдары арасында орыс тілінде оқушылар саны азайды: 2047.1 мыңнан 802.1 мыңға дейін. Яғни орыс тілінде оқушылар саны мөлшері 2.5 есе кеміді. Бұл өзгерістердің бас себебі – еліміздің егемендік алуы. Тоталитаралық КСРО құлағаннан кейін еліміздің әрбір ұлт өкілдері қалағанынша төл мектебіне балаларын беретін болды.

Екінші тұжырым, Егемен Қазақ республикасы басқа ұлт тілінде оқушылар санының өсуіне мүмкіндік берді. Сол себепті түрлі ұлт мектептеріндегі оқушылар саны өсті. Айталық, қазақ тілінде оқитындар саны: 1985/86 оқу жылында - 936.5 мың болса 2014/15 жылы - 1716.1 мыңға дейін өсті, өзбек тіліндегі оқушылар: 1985/86 оқу жылы - 60.4 мың оқушы болса, ал 2014/15 - 79.0 мың оқушыға жетті, ұйғыр тілінде оқушылар саны: 1985/86 оқу жылында - 13.5 мың оқушы болса, 2014/15- 14.7 мың оқушыдан асты. Сол сияқты тәжік мектептері пайда болды.

Үшінші тұжырым, ұлт мектеп тағдыры демографиялық өсім мен миграцияларға тәуелді болды. Орыс тілінде оқушылардың санының азайуы себебтерінің бірі орыс, украин, неміс эмиграциясы. Орыс – Ресейге, неміс – Германияға, украиндер – Ресей мен Украинаға аттана бастады. Мәселенки, 1990 жылы КСРО әлі де бар кезде республиканың 16 млн. 300 мың жұртшылығы болды. Сол жылы табиғи өсім 233.5 мың, республикаға көшіп келгендер саны - 180 мың, республикадан көшіп кеткендер саны - 272.4 мың адам болды. Сонда 1990 жылы миграциялық сальдо минус 92.4 мың адам. Қазақтың басқа республикалардан және мемлекеттерден қайтуы 1934 жылдан кейін (ашаршылық аяқталағаннан кейін) басталып бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ал орыс, украин, белорустардың Қазақстаннан көшуі 1970 жылдан басталып, әрі де тоқтамай тұр. Сондықтан «жергілікті қазақтар славян тектілерді сыйдырмай қуып жатыр» деген сөз бекер. КСРО-ның отарларды колонизациялау саясаты 1970 жылдан бастап өз пәрменін көрсетті. Келесі фактор славян халықтары мен татарлардың туу деңгейі тым төмен болды, ал 1992 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін орыс, украин, белорус, татарлар ішінде депопуляция үрдісі байқалды. Яғни өлгендердің саны бұл этностарда туғандардың санынан артық. Аталған ұлт өкілдерінің саны күн санап азайып жатыр. 1994 жылы елімізден 477 мың адам көшіп кетті де, 70 мыңдай адам көшіп келді. 1990 жылдан бастап келгендердің басым көпшілігі оралмен еді. Мөлшерлеп алағанда оралмандардың 60% - Өзбекстаннан,12% - Қытайдан, 10% - Моңғолиядан, 8% - Түркменстаннан, 4% - Ресейден екен. Жалпы Қазақстанда 1 миллион оралман ағайын қоныстаныпты. Оралмандар негізінен балаларын қазақ мектебіне берді.

Төртінші тұжырым, бұрын қалада қазақ мектебін, тіпті класын ашу қиын болды. Біз КСРО кезіндегі Шона Смаханұлы, Мұхтар Қазыбекұлының ерлігі мен белсенділігін айтып отырмыз. Бүгінгі таңда қазақтың жартысынан көбі, 57% қалада тұрады.

Бесінші тұжырым, бүгінде еліміздегі мектептердің оқушыларының 73% - қазақтар, 14% - орыстар, 4% - өзбектер, 1.5% - ұйғырлар, 1.3% - украиндер. Қазақ балаларының 87% қазақ мектебіне барады және бұл көрсеткіш өсіп келеді.

Алтыншы тұжырым, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында қазақ оқушылар саны қысқаруда: 2013 жылы - 21116 оқушы (139 мектепте) қазақ тілінде оқыса, 2014 жылы 20813 оқушы (136 мектепте) қазақ тілінде оқыды. ҚР Білім Министрлігі, Президент Әкімшілігі біз көрсеткен осы келеңсіздікті саралап, дұрыс шара қолданады деп есептейміз.

Жетінші тұжырым, қазақтың үлесі 70% жақындады. Қазақ биік қарқынмен өсіп келеді. Егерде 1989 жылы қазақтың саны - 6 млн.534 мың, 1999 жылы - 7млн. 985 мың, 2009 жылы - 10 млн. 096 мың, ал 2015 жылдың 1 қаңтарына есептелген мемстат агенттігінің болжамы бойынша - 11 млн. 497 мыңға жетіппіз. 1989-2015 жылдары қазақтың жалпы өсімі - 5 млн. (нақтырақ айтсақ 4 млн.963 мың) болыпты. Бізге ұлтық бірегейлік керек. [3]Ол – қазақстандық ұлт емес, Үлкен қазақ ұлты. Басқа ұлт өкілдеріне әкімшілік кедергісіз қазақ болып жазылуға мүмкіндік беру (қазақша білген жағдайда). Егер оралман бауырымыз: «Мені жат жерде өзбек, қарақалпақ, қырғыз, т.б. ұлт өкілі ретінде әкімшілік жолмен жазып жіберді, бірақ мен қазақпын» дегенге азаматтықты да, қазақтықты да беру керек. Сол сияқты идентификацияны өзгерту құқығы жеке ұлт өкілдеріне де берілу керек. Бұл біздің еліміздің КСРО тоталитарлық жүйесінің озбырлығынан бас тартқанымыз болады. Қазақстанның егемендігі басқа ұлт өкілдеріне де өз жақсылығын тигізу керек деймін. Олай десек орыс болып жазылып кеткен украиндер, еврейлер, татарлар төл ұлттылығына оралады.

Сегізінші тұжырым, мәселенки, өзбек, ұйғыр, тәжік мектебін бітіріп, одан кейін не іске, не оқуын жалғастыруға жарамай, жағдайы жайсыз жүрген азаматтарды қайтеміз. Сол сияқты орыс мектебін бітірген орыс балалары тіпті университеттің орыс бөлімін бітіріп, қазақша білмегендіктен офис қызметіне де жарамай жатыр. Өзбек,тәжік мектебінің түлегі шетінен кетпенші мен дүкеншіден аса алмай жүр. Орта мектеп пен университет әлеуметтік өсуге, карьера жасауға жол ашуы керек емес пе?. Сондықтан аз ұлттар (орыс мектебі соның ішінде) мектебін жаппау керек шығар, бірақ ол мектептерде 80% сабақ қазақ тілінде өту керек, сонда ғана ұлттық азшылықтар мектебін бітіргендер өз талабы мен талантына сәйкес Қазақстаннан өз орнын табады, тіпті тәуір қызметтік карьера жасайды.

Тоғызыншы тұжырым, Жалпы тілдер локалдық тілдер, өлкелік тілдер және дүниежүзілік тілдер болып бірнешеге бөлінеді. Тілдік конъюктура және тілдік диверсификация. Испан, араб, орыс, француз тілдері өлкелік тілдер. Неміс тілі мен жапон тілі локалдық тіл қатарында. Бірақ бұл тілдер озық технология мен ғылым тілі. Хинди, урду, суахили, бахаса – пәлендей дамымаған елдердің тілі өлкелік тілдер сапына жатады. ІЖӨ көлемі бойынаша Индия әлемде төртінші орында, бірақ ол маңызды емес. Тілдік конъюнктура және тілдік диверсификация талабы бізге бір-екі тілді ғана таңдауды дұрыстайды. Солардың ішінде ең маңыздысы ағылшын тілі мен қытай тілі. Біздің Президент прогрессист, озық адам, заман талабы мен жаңалықтың лебін уақытында сезеді. Мектеп пен Жоғары оқу жүйесіне ағылшын тілін енгізу негізінен орыс тілі есебінен болу керек. Егерде орыс тіліне қайтадан үстемдік берсек, қазақ тілі тағы да шегінуге мәжбүр болады. Егерде біз ағылшын тіліне ерік беріп қазақ тілін қорғасақ, ағылшын тілі орыс тілін өзі ығыстырады. Мен өзім Университетте ағылшын тілінде тарих пәнінен сабақ беремін, менің біраз студенттерімнің орысшасынан ағылшыншасы тәуір. Ресей экономикалық, технологиялық бағытта кенжелеп келеді, бізге орыс тілін қолдау саясаты қажет емес.

Біздің Ғылым, Мектеп пен Жоғары оқу орны жүйесінің бір елеулі кемшілігі – ол ағылшын тілінің жетіспеушілігі. Мықты деп жүрген ғалымдарымыз ағылшынша тіл қатпайды, яғни оқымайды. Егерде әлемдегі Ғылым мен Білім жүйесі ағылшын тілінде десек, онда көп ғалымдарымыз әлемдік үрдістен тыс жүрген «қарағымдар». Бізге шет тілдер диверсификациясы керек. Біз орыс тілімен оңаша қалдық. Қытайдың әлемдегі экономикалық қуатын есепке алып отырып біз қытай техологияларын жерсіндіру және игеру мамандығын игергеніміз абзал. Сол сияқты Қытай қазақтары атамекенге жетуден бұрын сол мемлекеттердегі технологиялық мамандықтарды игергені жөн. Бұрын француз, неміс факультеттері бар болатын, олар ғайып болды. Енді қытай тілін оқытуды да мемлекет шындап қолға алу керек. Бұл маңызды бағытты өзімен өзін жіберуге болмайды.

Әзімбай Ғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 881
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 741
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 572
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 579