Жұма, 3 Мамыр 2024
Деп жатыр 6617 0 пікір 5 Ақпан, 2016 сағат 11:24

«ӘН САЛАТЫН ДАМБАЛДАР» немесе БАЯН ЕСЕНТАЕВАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕ?

Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па – қазақ эстрадасының «жұлдыздары» мен атақты спортшыларды «Нұр Отан» өзінің партиялық тізіміне енгізуден тура 25 күн бұрын «Forbes Kazakhstan» порталының қосымшасында әйгілі продюсер Баян Есентаеваның сұхбаты жарияланған екен. Ел біткеннің бәрі желі біткен түгелдей саясат пен қоғамдық басқару мәселесінен хабары жоқ «сарыауыздардың» депутаттыққа құштарлығын сөз етіп жатқан кезде тақырыпқа тұздық іздестіру барысында осы сұхбатқа кез болдық.

Баян ханымның сұхбатта айтқанын оқып отырып, «депутат болсам, ән айтуды қоямын» дейтін «жұлдыздар» «қалай туатынына», олардың «атақты адамға қалай» айналатынына қаныққандай болдық. Тақырыптың уақыт үндестігіне сай келгенін ескеріп, біз сол сұхбаттың қазақша нұсқасын жариялап отырмыз. Сіз де оқып көріңіз, құрметті оқырман, біраз мән-жайға қанығарыңыз хақ.

Редакция

Продюсер, тележүргізуші, актриса және нағыз әдемі әйел Баян Есентаева «Forbes Kazakhstan»-ның шоу-бизнес пен спорттағы топ-бестігіне үш жыл қатарынан енді. Сарапшылардың бағасы бойынша, егер ол 2013 жылы $480 мың, 2014-те – $850 мың тапса, ал 2015 жылы оның кірісі $1 миллион шамасында болды. «Shine Production» компаниясының басшысы бүгінде ең әйгілі «КешYou» қыздар-брендін қосқанда, жеті бірдей музыкалық ұжымға продюсерлік етеді. Жанар Дұғалованың «Turkvision-2014» байқауынан алған жеңісі де оған дем берді.

– Баян, сіз продюсердің жұмысын қалай анықтайсыз? Сіз өз тәлімшілеріңізге бастықсыз ба, тәрбиешісіз бе, әлде әріптессіз бе?

– Мен ешқашан бұл туралы ойламаппын... Бәрінен бұрын маған ешбір тәжірибесіз, піспеген қыздар мен жігіттер келетінін ескерсек, ұстаз шығармын. Олар музыкалық әліппені ғана білетін бірінші сыныптағылар сияқты болғандықтан, мен оларға: «Сәлеметсіңдер ме, бүлдіршіндер! Енді біз былай істейміз», – деймін. Оқытуға, тәжірибе бөлісуге, өздерін сахна мен өмірде қалай алып жүрулері керектігін көрсетуге тура келеді.

Әрине, жұмыс істейтін жалғыз мен емеспін: нәтижеге жету үшін – кәсіби хореографтар, стилистер, визажистер, вокал оқытушылары, дыбыс режиссерлері бар – үлкен команда еңбек етеді. Бірақ қорытындысында жоба қалай болу керектігіне продюсер бағдар береді.

– «Бірінші сыныптықтар» оқуға қалай қарайды?

– Өмірде әртүрлі жағдайлар болады: біреулері жалқаулыққа бой алдырады, енді бірінде психологиялық қиындық болады, тағы бірі жұмыс кестесіне шыдай алмайды. Себебі бұның соңғысы қатаң ғана емес, кейде тіпті қатыгез болады, өйткені продюсердің нәтижеге жету жолындағы уақыты тым тапшы. Егер адам мектепте 10 жыл, университетте – 3-5 жыл оқитын болса, біз оқытуға бірнеше ай ғана кетіре аламыз.

Менде тіпті ұжымды екі аптаның ішінде аяғынан тік тұрғызып, рекорд жасаған кез болды. 2015 жылдың басында мен «КешYou»-дің ескі құрамын тараттым да, кілең жаңа қыздарды іріктеп алдым. Гастрольдік кесте жасалып қойғандықтан, «Сендерде репертуарды жаттап

алуға және оны қайтадан дыбыстауға, хореографияны игеруге екі апта ғана беріледі» деп айтуға тура келді. Белгіленген кестеде топ гастрольге шықты, бірақ шикіліктері болған еді.

– Сіз жаңа жобаларды қалай жасайсыз?

– Егер продюсерлік қадамымның алғашқы кезін еске алар болсақ, 2006 жылы мен нені және қалай жасау керектігін түк түсінбейтін едім. Маған «КешYou»-дің үш қызы келді де, өздерін қанатыма алуды сұрады. «Несі бар?» дедім де, ақша іздеуге, клип түсіруге кірістім.

Ал қазір ең алдымен адамда талант бар ма деп қараймын. Менің кәсіби қателіктерім болған. Мысалы үшін, қыздарды «концепцияда жұмыс істеуге» алатынмын: нарыққа дуэт керек болса, оны сол «қуысты» толтыру үшін құратын едім. Бірақ одан ештеңе шықпады, себебі ол жүрекпен емес, механикалық жолмен жасалатын. Содан кейін мен жүрексіз ештеңе жасауға болмайтынын түсіндім.

Жетістік формуласы бүгінге дейін мүлтіксіз істеп тұр: жобаға ғашық болғаныңда, қолыңнан бәрі келеді.

– Пайда әкелу үшін жобаға қанша жұмсауға тура келеді?

– Егер «КешYou» туралы айтар болсақ, 10 жыл ішінде бұған $2 миллионға жуық жұмсалды: бұған костюмнің, әннің, теледидар мен радиодағы ротацияның, клип түсірудің, пиар және басқа да көп шығындардың ақысы кіреді. Маған продюсер ретінде алтыншы жыл дегенде ғана топ кіріс әкеле бастады (2014 жылы – $689 мың). Бұған дейін ең жақсы жағдайда нөлмен шығатын едім. Бірақ мен жобаға сендім. Сонымен бірге осы бес жыл бойы: «Бұдан ештеңе шықпайды, бұлар бары-жоғы «дауысы бар дамбалдар», ертең жабылып тынасыңдар» деп айтқандар маған күшті мотивация берді.

Ешқашан «дамбалдарға» продюсерлік жасағым келмеген, енді қазір «КешYou» туралы ешкім ештеңе дей алмайды, себебі бұл кәсіби үштік. Олардың нарықта жүргендеріне 10 жылдан асты, бұл герлз-бренд үшін көп уақыт және бәрін дұрыс жасап жатқанымыз сөзсіз.

– Қазақстандық орындаушылар немен табыс табуда?

– Егер жоғары табыс табатын артистердің топ-ондығына қарайтын болсақ (сөз жоғарғы өнер емес, поп-музыка туралы), оларға 80% кірісті той-бизнес әкеліп отыр. Мен бұған көп уақыт қарсы болдым, бірақ нарық өз дегенін істейді, кім оның талабына бағынбаса, банкрот болып қалады. Мен бизнеспен айналысатын және сөз ақша туралы болғандықтан, менің жобама қатысушылар да тойларда ән айтады.

Қалған 20%-ды концерттік қызмет әкеледі. Артистер өздерін артист ретінде сезіну үшін, біз өз бастамамызбен концерттер ұйымдастырамыз. Себебі үлкен сахнаға шығып, үлкен мемлекеттік шараларға қатысу өнерге қуат береді.

– Неліктен той-бизнеспен айналысқыңыз келмеді?

– Әріптестер арасында: «Сен тойшылсың, ал мен тойшыл емеспін, мен жоғарғы өнер үшін, ал сен олай емессің» деген дау мен түрткілеу жиі туады. Бірақ 10 хиттің тоғызы үш нотадан тұратын той әні болғандықтан, тепе-теңдік сақтауға тура келеді. Менің жобама қатысушылар жақсы дүниелерді орындап, тойдан да, концерттен де табыс табады.

Неліктен мен жыл сайын «Forbes Kazakhstan»-ның рейтингіне ілінемін? Себебі нарықтың демі мен ырғағын сеземін, бұл жаман емес. Бұл заман да бір кездері түгесіліп, халық концерттерге барып, біз осы жылдар бойы орындап жүрген сапалы музыкаға оралады деп ойлаймын.

– Сізге қазіргі дағдарыс әсер етті ме?

– Өкінішке орай, иә, шақырулар сиреп кетті. Бұл құлдырауды барша шоу-бизнес 2007 жылғыдан да қатты сезіне бастады. Кіріс тұрақсызданды, сондықтан біреулер өз жобаларын жауып жатыр, басқалары жағдайдан шығудың жолын іздеуде.

– Жобаларыңыздың қандай да біреуін жабу ойыңызда жоқ па?

– Жабуды ойламаймын. Бір адамды шақырып алып, оған: «Арманымызды жүзеге асыру үшін бірге жұмыс істейік» деп айтып алып, дағдарыс жағдайында онымен қош айтысу – маған

бұл қылмыс сияқты көрінеді. Сондықтан біз жалақымызды, пәтерлердің жалдау ақысын қайта қараймыз – жалпы бәрінен үнем жасаймыз.

Сонымен бірге бір жағдайда дағдарыс та жаман емес. Егер бұрындары студиялық жазу $500 тұрса, қазір – $300, оператор өз жұмысына $3 мың сұраса, бүгінде – $1 мың алады.

Дағдарыс – белсенді жұмыс істеу, жаңа жобалар ашу уақыты деген сөз, сондықтан жуықта жаңа бойз-бренд жобасын таныстырам. Квартетке қатысушыларды өзім продюсерлік еткен «Жанды дауыс» музыкалық шоуы кезінде іріктеп алдым.

– Ресейлік басылымдардан продюсерлер көп ретте орындаушыларды тығырыққа тірейді дегенді жиі оқимыз. Бұл жағдай Қазақстанда қалай?

– Білсеңіз, бұл арада пресса дұрыс айтады: ақшаның үлкен бөлігін продюсерлер алады. Бұның айыбы да жоқ, себебі продюсердің тәуекелі көп: егер жоба жүрмей қалса, ол шығынын қайтара алмайды. Артист ештеңесін жоғалтпайды, өзінің талантымен қала береді.

– Кірістер қалай бөлінеді?

– Әркімнің жағдайы әртүрлі. Артистермен келісім-шарт жасаспайтын, мысалы, әр концерттен кейін өз шамалауымен ақша төлейтін продюсерлер бар. Менде сондай келісім-шарт жасаспаған есепсіздік болды: артист үшін ақша жұмсадым, ал ол рахмет айтпай, менен кетіп қалған кездер кездесті. Сондықтан қазір бұған мұқиятпын және ай сайын жалақы төлеймін. Сонымен бірге артистке тегін пәтер, костюмдер, әндер және, әрине, шоу-бизнеске іздеп келген мақсатына сай даңқ беріледі. Жұмыс беруші ретінде жақсы жағдай жасаймын деп ойлаймын.

– Ал орындаушылар бұған разы бола ма?

– Уақыт өте келе әдетте 10 артистің тоғызы ойлана бастайды: «Неге мен тыраштана берем, ал продюсер менен көп табады?» деп. Олар бұрын қалай, қандай болғандарын өте тез ұмытады.

Маған жатақханада тұрған және өздерінің үлкен әпкелерінен қалғанды киетін қыздар келген. Кешірерсіз, олардың беті безеу, өкшелері таза емес болатын. Бірақ Золушканы принцессаға айналдыруға болатынын, олардың болашақ мүмкіндігін көрген соң, оны қаржыландыра бастайсың: косметологқа, стилистке, спортзалға апарасың, қалай дұрыс тамақтану, өзін қоғамдық ортада қалай ұстау керектігін және тағы басқаларды үйретесің.

Міне, содан бір жыл өткенде, тон киген, шаш қойысы тамаша, маникюрі, ақысын сен төлеген қымбат әшекей бұйымдары бар принцесса сенің алдыңда тұрады. Бірақ сыртқы тұрпатымен бірге кейде санасы да өзеріп, сенің көзіңе тіке қарап тұрып: «Сіз маған не жасадыңыз, мен осылай туғанмын, сіз менің арқамда ақша тауып жатырсыз», – дейді. Осы жерде екеуара қарым-қатынас аяқталып, сен жаңа қыздар мен жігіттерді іріктей бастайсың.

– Олай болса, бұның сізге не керегі бар?

– Мен өз кәсібімді ұнатамын, шығармашылықты, музыканы сүйемін. Хирург сәтсіз ота жасағанда, ол өз тәжірибесін тастамайды ғой – жұмысын жалғастыра береді. Иә, парықсыз артистер бар, бірақ рахмет айтатындары да жоқ емес.

– Өткен жылы сіз «Хабар» арнасы үшін «Махаббатым жүрегімде» сериалының екі бөлімін түсірдіңіз. Ал биылғы жылдың ерекшелігі қандай болмақ?

– Проблема – бюджетте. Мемлекет өндіріске аз ғана қаржы бөледі, ал ол сапаға әсер етеді. Бізді нашар түсіресіңдер, Ресейдің сериалдары жақсы деп ұрсатындар бар. Оларда бір серияға $50 мың бөлінеді, ал бізде бірнеше есе кем.

– Мемлекеттен садақа сұраудың қажеті қанша? Жеке инвесторларды тартса болмай ма?

– Мемлекеттік телеарнаға сен сериалды сата алмайсың, себебі олардың министрлік бекіткен сатып алу бағасы бар. Құдайдың құлағын ұстап отырсаң да, саған бір серияға $5-6 мыңнан артық бермейді. Ал жеке меншік арналардың бюджеті шектеулі.

– Толықметражды фильмдерді сіз өз ақшаңызға түсіресіз бе, әлде инвесторлар іздейсіз бе?

– Әрқалай. «Коктейль для звезды» деген бірінші фильмді 2010 жылы «Shine Production» өз ақшасына түсірді. Біз $350 мың шығардық, ал прокаттан картина $1 миллион жинады, оның 40 %-ы кино жүйелеріне кетті. Яғни, шығынды жауып, үстінен $250 мың таптық. Сол жылдарда бұл ерекше жағдай болып саналатын.

2011 жылы инвесторлар «Коктейль для звезды-2» фильміне $650 салды, түсім «нөл» болды. 2014 жылы «Осторожно, корова» фильмінен біз инвесторлармен бірге өзіміздің $500 мыңымызды қайтарып алдық.

– 2010 жылы сіз «Қазақ аруы» байқауын өткіздіңіз. Бұл табысты жоба болды ма?

– Имидждік жоба болды. Біз үш жыл бойы $100–120 мыңға жуық өз ақшамызды шығарып, осы жобаны жасадық. Маған әлеуеті бар болып көрінген жүлдегерлер «Shine Production» компаниясымен келісім-шарт жасасып, кейіннен жұлдыз атанды. Мәселен, «Қазақ аруы-2014» байқауында жеңімпаз болған Гүлназ Жоланова бүгінде өте танымал актриса, «Махаббатым жүрегімде» сериалына түсті...

Татьяна ТРУБАЧЕВА,

«ForbesWoman»

Түпнұсқадағы бас тақырып: «Как Баян Есентаева превращает «поющие трусы» в знаменитостей».

Орысшадан аударған –

Айман ОСПАНОВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 778
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 585
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 483
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 497